Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы
ақпарат
Мемлекет басшысының 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 29 шілдедегі № 878 қаулысымен бекітілген 2011-2013 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылорда облысы әкімдігінің 2011 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.
ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген үш жылға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын төрт бағыт бойынша жүзеге асыру көзделген:
1. «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы»;
2. «Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу»;
3. «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың әлеуеті»;
4. «Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту».
Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру мақсатында 2013 жылы бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды.
Басқарманың ұйымдастыруымен қазақ тілінде оқитын жастар арасында орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» атты байқауы, көркем әдебиетті насихаттау мақсатында көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы, Абай шығармаларын насихаттау арқылы этнос өкілдерінің арасында Абай оқулары, үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тілдарын» олимпиадасы, орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл-халық жанын танудың кілті» атты байқауы, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қазақ және орыс тілді басылымдарда насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ», мемлекеттік органдар арасында «Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте», мекемелерде, ұйымдарда қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», мемлекеттік органдар арасында «Ең үздік қазақ тілді мекеме», әкімдіктер арасында «Үздік әкімдік» облыстық байқаулары өткізілді.
Облыстық байқаулардың жеңімпаздары бірқатар республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, «Кәнеки, тілім, сөйлеші!» атты республикалық байқауда жас жыршы М. Сүгірбай Бас жүлдені, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында орыс ұлтының өкілі Е. Рыбина «Үздік телеарна бағдарламасы» номинациясы бойынша жүлделі І орынды, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауында С. Мұратова жүлделі І орынды, орыс жастары арасында өткен қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты республикалық байқауда жаңақорғандық А. Балясникова жүлделі І орынды, үш тілді жетік меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын-2013» республикалық олимпиадасында Ұ. Мұхамедова жүлделі ІІІ орынды иеленсе, көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқауда З. Кенжәлі «Үздік шеберлігі үшін» номинациясының иегері атанды.
Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін 10-20 қыркүйек аралығында атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру және оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында басқарма тарапынан акциялар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, флэш-моб және басқа да түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылып, қорытындысымен «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өткізілді.
Тіл мерекесін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бойынша аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктерінде, меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерде, білім ұйымдарында, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында арнайы іс-шаралар жоспары қабылданып, түрлі бағытта шаралар өткізілді.
Басқарма облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыс орнатып, тіл тақырыбын кеңінен насихаттап келеді.
Басқарманың ұсынысымен жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру және тіл шұрайын меңгеруге бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалдық телеойыны облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан ай сайын ұйымдастырылса, Қызылорда қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасы арқылы қазақ тілін үйренуге ынта білдірген өзге этнос өкілдері мен қазақ тілін
білмейтін басқа да азаматтар үшін «Қазақ тілін үйренейік!» атты телесабақтар айына 2 рет жүргізілді.
Осылармен қоса облыстық телеарнадан ай сайын тіл жанашырларының, филолог ғалымдардың қатысуымен мемлекеттік тілді оқыту, тіл мәдениеті, латын әліпбиіне көшу, үштұғырлы тіл саясаты сынды өзекті мәселелер «Тіл-таным» атты танымдық телебағдарламадан берілді.
Есепті мерзімде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің оқытушы-ғалымдарымен бірлесіп қазақ тілін оқытуға арналған ортақ типтік бағдарламаны қолданысқа енгізу мәселелеріне қатысты, сонымен қатар мемлекеттік тілді оқытуды жетілдіру, мазмұнын біріздендіру және жүйелеу мақсатында семинар-кеңестер өткізілді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барлық салада кеңейту, насихаттау, мақсатында облыстағы қоғамдық ұйымдармен, атап айтқанда «Нұр Отан» партиясы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалымен бірлесіп бағытты жұмыстар жүргізілді.
ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарының облыста орындалуын бақылау мақсатында Қызылорда облысы әкімдігі мен облыстық прокуратураның 2013 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес түсіндіру, бақылау жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, басқарма тарапынан Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарының кент, ауылдық округ әкімдерінің аппараттарында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының орындалуына байланысты жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жүргізілген 54 мемлекеттік мекемелердің барлығында тіл заңнамаларының дұрыс сақталғандығы анықталып, бағалау критерийлері бойынша бес жылда бір рет тексерілетін объектілер қатарына жатқызылды.
Бүгінгі таңда облыс әкімі аппараты мен аудандық әкімдіктердің шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 100 пайызды, Қызылорда қаласының әкімдігі 99,3 пайызды, облыстық басқармаларда 99,8 пайызды, ал аумақтық басқармалар мен департаменттерде 98,8 пайызды құрап отыр.
Қалалық прокуратураның ұсынысына сәйкес көрнекі ақпараттарында тіл туралы заң талаптарын бұзған 6 кәсіпкерлік нысанға жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен 1 кәсіпкерлік нысанның иесіне Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотымен ескерту түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар басқарма қызметкерлерінің қатысуымен Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының тексеру кестесіне сәйкес аймақта орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының қолданылуына тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында аталған мекемелердің қаржылық және бірқатар шығыс құжаттары әлі де болса тек орыс тілінде ресімделетіні анықталып, оларға әскери прокуратура арқылы тіл туралы заңнамалардың бұзылу фактілерін жою жайлы ескертулер берілді.
«Жас Отан» жастар қанаты» жастар ұйымының белсенді жастарынан «Таза тіл» ерікті жастар тобымен бірлесіп 5000-ға жуық кәсіпкерлік нысанға тіл заңнамаларын түсіндіріп, олардың жарнамаларын заңға сәйкестендіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Жергілікті басылымдарда «Тілбұзарға-тосқауыл» айдары арқылы көрнекі ақпараттарында, жарнамаларында тіл туралы заңнама талаптарын сақтамаған шаруашылық субъектілерінің суреттері мен мекенжайлары жарияланып, олардың заңбұзушылықтарды жоюына ықпал жасалды.
Халыққа қызмет көрсету мекемелерінде, атап айтқанда пошта, телеком, коммуналдық төлем қабылдау орталықтарында мемлекеттік тілдің қолдану деңгейін зерделеу мақсатында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде аталған мекемелердің бірқатарында тұтынушы толтыратын бланкілердің әлі де болса орыс тілінде ұсынылатыны, көрнекі ақпараттары тіл туралы заң талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болды. Басқарма тарапынан тиісті мекемелерге анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныстар берілді.
Облыс аумағындағы жалпы орта білім беретін мектептердің ағылшын, орыс тілі пәндерінен сабақ беретін мамандармен қамтылуына талдау жүргізіліп, қорытындысымен анықталған кемшіліктерді жою жөнінде аудан әкімдіктеріне ұсыныс хаттар жолданды.
2013 жылға мемлекеттік қызметшілерге және облыстық бюджеттен қаржыландыратын мекеме қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту курсына жергілікті бюджет есебінен 9876,0 мың теңге бөлініп, есепті мерзімде барлығы 216 адам, «Қазтест» – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» МКҚК арқылы оқыту кустарынан өтті.
Осындай оқыту курстарынан жергілікті бюджет есебінен Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандық әкімдіктерінің 70 мемлекеттік қызметшісі оқыту курстарынан өтті.
2013 жылғы 29-31 қазан аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлерінің «Қазтест» бағдарламасына сәйкес облыс бойынша 1200 адамнан байқау сынақтарын жүргізулері ұйымдастырылды.
Сөйлеу мәдениетін жетілдіру, жастарды сөз өнерін білуге баулу, оларды көш басшылыққа үйрету мақсатында Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы жанынан «Шешендік өнер және тіл мәдениеті» үйірмесі жұмыс жасауда.
2013 жылдың шілде айынан бері облыстық ономастика комиссиясының 3 рет отырысы өткізілді. Онда Қызылорда облысының жер-су атаулары жайлы әзірленген жинақ пен 21 білім мен мәдениет мекемелеріне атау беру мәселелері қаралып, оның 18-і қолдау тапты. Бұл құжаттар облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылды.
Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында аудандық, қалалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында 207 мақала жарық көрді.
2013 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында басқарманың тапсырысы бойынша облыстық және қалалық телеарналардан 48 телебағдарлама, 2 бейнеролик берілсе, басқарма тарапынан 1 фестиваль, 1 мәжіліс, 3 акция, 4 семинар-кеңес, 5 дөңгелек үстел, 10 облыстық байқау, 54 мекемеге жоспарлы тексеру, 6 кәсіпкерлік нысанына жоспардан тыс тексеру, 5000-ға жуық кәсіпкерлік нысанына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2013 жылғы 10 желтоқсанда жыл қорытындысымен өткен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі облыстық жұмыс тобының мәжілісінде Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарының орындалуы қаралып, тіл туралы заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |