Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесi туралы



Дата03.03.2016
өлшемі148.56 Kb.
#36277
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесi туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 18 маусымдағы N 827 Жарлығы


Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., N 30, 259-құжат


Қазақстан Республикасы Президентi
мен Үкiметi актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс         

      Мемлекеттiк жоспарлаудың тұтас және тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:


      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесi (бұдан әрi - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi) бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi жергiлiктi атқарушы органдармен және Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдармен бiрлесiп 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейiн қолданыстағы стратегияларды, тұжырымдамаларды, доктриналарды, мемлекеттiк, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламаларды осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, мемлекеттiк бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын әзiрлеу, iске асыру, мониторинг, бағалау және бақылау жүргiзу ережесiн 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейiн белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне енгiзсiн;
      2) Әлеуметтiк-экономикалық даму, салалық бағдарламалардың болжамын әзiрлеу ережесiн 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейiн бекiтсiн;
      3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың 2-тармағын iске асыруға байланысты
бағдарламаларды әзiрлеудi қоспағанда, Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары бекiтiлгенге дейiн мемлекеттiк, салалық бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын әзiрлеуге тыйым салу енгiзiлсiн.
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 


Президентiнiң     
2009 жылғы 18 маусымдағы
N 827 Жарлығымен    
БЕКIТIЛДI       

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесi

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi - мемлекеттiк жоспарлау принциптерiнен, құжаттарынан, процестерiнен және оған қатысушылардан тұратын, елдiң ұзақ мерзiмдi (5 жылдан аса), орта мерзiмдi (3-5 жыл) және қысқа мерзiмдi (3 жылға дейiн) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететiн өзара байланысты элементтер кешенi.


      2. Мемлекеттiк жоспарлау мемлекеттiк билiк органдарының және елдi дамыту процесiне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiн көтеруге, азаматтардың әл-ауқатын өсiруге және ел қауiпсiздiгiн нығайтуға бағытталған қызметiн қамтиды.

2. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң принциптерi

      3. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi мынадай принциптерге негiзделедi:


      1) бiрлiк және тұтастық - мемлекеттiк жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiн ұйымдастыру және оның жұмыс iстеу принциптерiнiң бiрлiгi, мемлекеттiк жоспарлау процесiн жүзеге асыру тәртiбiнiң бiрлiгi;
      2) iшкi теңгерiмдiлiк - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының даму мақсаттары, мiндеттерi және нәтижелер көрсеткiштерi бойынша бiр-бiрiмен келiсiмдiлiгi;
      3) нәтижелiлiк және тиiмдiлiк - мақсаттарды, мiндеттердi және нәтижелер көрсеткiштерiн таңдау барынша дұрыс (нәтижелi) болуға, ағымдағы ахуалды терең талдауға және ресурстарды барынша аз жұмсай отырып, қойылған нәтижелерге қол жеткiзу қажеттiлiгiне негiзделуге тиiс;
      4) мiндеттердi шешу жолдарын таңдау дербестiгi - мемлекеттiк жоспарлау процесiне қатысушылардың мақсаттарға қол жеткiзу жолдары мен әдiстерiн таңдаудағы және өз құзыретi шегiнде елдiң даму мiндеттерiн шешудегi дербестiгi;
      5) мемлекеттiк жоспарлау процесiне қатысушылардың жауапкершiлiгi - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретi шегiнде мiндеттердi шешудiң тиiмсiздiгi және күтiлетiн нәтижелерге қол жеткiзiлмегенi үшiн жауапкершiлiктi қамтамасыз ету;
      6) айқындық (ашықтық) - мемлекеттiк құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелердi қоспағанда, Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарын мiндеттi түрде жариялау;
      7) шынайылық және нақтылық - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарында белгiленген даму мақсаттарына қол жеткiзудiң негiзделген мүмкiндiгi, сондай-ақ мемлекеттiк жоспарлау процесiнде пайдаланылатын нәтижелер көрсеткiштерiнiң негiздiлiгi;
      8) үздiксiздiк, сабақтастық және дәйектiлiк - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, мiндеттерiне, нәтижелер көрсеткiштерiне кол жеткiзудiң сәттiлiгi төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, мiндеттерiне, нәтижелер көрсеткiштерiне кол жеткiзудiң сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс iстеуiнiң үздiксiз тетiгi;
      9) ресурстық қамтамасыз етiлу - қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының негiзгi бағыттары бойынша қаржыландыру көздерi мен көлемiн, адами, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.

3. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттары

      4. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарына мыналар жатады:


      1) Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы;
      2) Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары, елдiң аумақтық-кеңiстiктiк дамуының болжамдық схемасы;
      3) 5-10 жылға арналған мемлекеттiк бағдарламалар;
      4) 5 жылға арналған әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы;
      5) аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламасы;
      6) мемлекеттiк органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
      7) 10 жылға арналған даму стратегиясы және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық басқару холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың 5 жылға арналған даму жоспарлары;
      8) салалық бағдарламалар;
      9) 3 жылға арналған республикалық (жергiлiктi) бюджет.
      5. Қазақстан Республикасының Президентi елдегi жағдай мен Қазақстан Республикасының iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнайды. Мемлекет басшысы Жолдауының ережелерi Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарын түзету үшiн негiз болып табылады.
      Жолдаудың ережелерiн iске асыру мақсатында тиiстi жалпыұлттық iс-шаралар жоспары әзiрленедi.
      6. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуден бұрын тұжырымдамалар (доктриналар) әзiрленуi мүмкiн. Тұжырымдама (доктрина) белгiлi бiр саланы дамытудың жалпы пайымы, тиiстi мемлекеттiк саясатты өзгерту қажеттiлiгiнiң негiздемесi, аталған саланың проблемалық мәселелерiн шешудiң ұсыныстары мен жолдары көрiнiс табатын құжат болып табылады.
      Тұжырымдаманы (доктринаны) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi не тиiстi консультативтiк-кеңесшi орган бекiтедi немесе мақұлдайды.
      Тұжырымдаманы (доктринаны) әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмi бойынша айқындайды.

3.1. Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы

      7. Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы Қазақстан Республикасы дамуының жаhандық көрiнiсi мен стратегиясын, елдiң экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының ұзақ мерзiмдi бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжат болып табылады, оны iске асыру мақсатында Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттары әзiрленедi.



3.2. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары

      8. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарлары Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясын iске асыру мақсатында 10 жылға арналып әзiрленедi және тиiстi он жылдық кезеңдегi елдiң әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының стратегиясын, мақсаттарын, мiндеттерiн, басым бағыттарын, олардың көрсеткiштерiн, кезең-кезеңдiк мақсатты индикаторларын көрсете отырып, күтiлетiн нәтижелерiн нақтылайды.


      9. Қазақстан Республикасының алдағы кезеңге арналған мемлекеттiк даму жоспарының жобасын әзiрлеудi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган елдiң мұның алдындағы стратегиялық даму жоспарын iске асырудың тоғызыншы жылынан кешiктiрмей жүзеге асырылуы мүмкiн.
      10. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      11. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарының iске асырылуына мониторинг пен оны бағалауды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүргiзедi, олардың негiзiнде түзету жүзеге асырылуы мүмкiн.
      12. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын iске асыруды бақылауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
      13. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
      14. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын iске асыру мақсатында елдiң тиiстi кезеңге арналған Аумақтық-кеңiстiктiк дамуының болжамдық схемасы әзiрленедi. Болжамды схема - бұл елдiң тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшiн өндiрiстiк күштердi, көлiк-коммуникациялық, әлеуметтiк және басқа инфрақұрылымды оңтайлы орналастыру және ел халқын өңiрлер тұрғысынан таратып орналастыру жүйесi.
      15. Елдiң аумақтық-кеңiстiк дамуының болжамдық схемасын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

3.3. Мемлекеттiк бағдарламалар

      16. Мемлекеттiк бағдарламалар Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын iске асыру мақсатында 5-10 жылға арналып әзiрленедi.


      Мемлекеттiк бағдарлама - бұл белгiлi бiр қызмет саласын дамытудың стратегиясын, стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, мiндеттерi мен қажеттi ресурстарды көрсете отырып, күтiлетiн нәтижелерiн айқындайтын жалпыұлттық, салааралық сипаттағы құжат.
      17. Мемлекеттiк бағдарламаны мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмiмен тиiстi мемлекеттiк орган әзiрлейдi.
      18. Мемлекеттiк бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      19. Мемлекеттiк бағдарламалар жобаларының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      20. Мемлекеттiк бағдарламаны iске асыруға мониторинг пен оны бағалауды мемлекеттiк орган - әзiрлеушi, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган және Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi жүргiзедi. Iске асыру мониторингi мен оны бағалау нәтижелерi бойынша мемлекеттiк бағдарлама мен оны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары түзетiлуi мүмкiн.
      21. Мемлекеттiк бағдарламаның iске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
      22. Мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

3.4. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы

      23. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары, мемлекеттiк бағдарламалар және Қазақстан Республикасы Президентiнiң жолдаулары ескерiле отырып, стратегиялық, экономикалық және бюджеттiк жоспарлаудағы өзара байланысты орнату мақсатында жыл сайын жылжымалы негiзде бес жылдық кезеңге әзiрленедi және мыналарды:


      1) мемлекеттiк басқарудың орталық деңгейiнде - макроэкономикалық көрсеткiштер болжамын, әлеуметтiк параметрлер болжамын, Қазақстан Республикасы әлеуметтiк-экономикалық дамуының үрдiстерiн, басымдықтарын, жылдар бойынша бөлiп көрсете отырып, мақсатты индикаторлары мен көрсеткiштерiн;
      2) мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi деңгейiнде - жылдар бойынша бөле көрсете отырып, өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының болжамын, үрдiстерiн, басымдықтарын, мақсатты индикаторлары мен көрсеткiштерiн;
      3) 3 жылға арналған бюджет параметрлерiнiң болжамын қамтиды.
      Сандық және сапалық нәтижелердi айқындау үшiн шешушi бағыттар (салалар) бойынша мақсатты индикаторлар мен көрсеткiштер белгiленiп, оған қол жеткiзу үшiн бес жылдық кезең iшiнде Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық саясаты бағытталуға тиiс.
      24. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган мақұлдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиiс.
      25. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

3.5. Аумақтарды дамыту бағдарламасы

      26. Аумақтарды дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы негiзiнде бес жылдық кезеңге арналып әзiрленедi.


      Аумақтарды дамыту бағдарламасы, олардың көрсеткiштерi, қажеттi ресурстар көрсетiле отырып, өңiрдi дамытудың негiзгi бағыттарын, мақсаттарын, мiндеттерiн, күтiлетiн нәтижелерiн қамтиды.
      27. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмiмен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органы әзiрлейдi.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын облыстық мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмiмен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
      28. Аумақтарды дамыту бағдарламасын жергiлiктi өкiлдi орган бекiтедi.
      29. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасының iске асырылуына мониторинг пен оны бағалауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органы мен мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүргiзедi.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасының iске асырылуына мониторинг пен оны бағалауды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органы жүргiзедi.
      30. Iске асыруға мониторинг пен оны бағалаудың нәтижелерi бойынша аумақтарды дамыту бағдарламасы түзетiлуi мүмкiн.
      31. Аумақтардың дамыту бағдарламасының iске асырылуын бақылауды тиiстi жергiлiктi өкiлдi орган жүзеге асырады.
      32. Аумақтарды дамыту бағдарламасын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

3.6. Мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарлары

      33. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының негiзiнде жыл сайын жылжымалы негiзде бес жылдық кезеңге арналып әзiрленедi.


      Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары мемлекеттiк орган қызметiнiң стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, мiндеттерiн, нәтижелер көрсеткiштерiн айқындайды, қаржыландыру көлемi бар бюджеттiк бағдарламаларды қамтиды.
      34. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмiмен тиiстi мемлекеттiк орган әзiрлейдi.
      35. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Президентi немесе ол уәкiлеттiк берген лауазымды тұлға бекiтедi.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымына кiретiн  мемлекеттiк органныңстратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Парламентi Шаруашылық басқармасының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының стратегиялық жоспарларын аталған мемлекеттiк органдардың басшылары Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң келесiмiмен бекiтедi.
      Жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспарын жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
      Жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары тиiстi жоғары тұрған салалық мемлекеттiк орган келiсiм бергеннен кейiн бекiтiледi.
      36. Стратегиялық жоспарды iске асыру үшiн мемлекеттiк орган жыл сайын операциялық жоспар әзiрлейдi.
      Операциялық жоспар мемлекеттiк органның ағымдағы қаржылық жылдағы стратегиялық жоспардың мақсаттарына, мiндеттерiне және нәтижелер көрсеткiштерiне қол жеткiзу жөнiндегi iс шаралардың ресурстарымен, жауапты орындаушыларымен және жүзеге асыру мерзiмдерiмен байланысқан нақты iс-қимылын қамтитын құжат екенiн бiлдiредi.
      37. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарының iске асырылуына мониторингтi әзiрлеушi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
      38. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бағалауды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымына кiретiн орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бағалауды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттiк және бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
      39. Жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспарының iске асырылуын бағалауды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Мәслихаттың тексеру комиссиясы жергiлiктi атқарушы органның стратегиялық жоспарларының және бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
      40. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бақылауды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымына кiретiн орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
      Жергiлiктi мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бақылауды тиiстi жергiлiктi атқарушы орган жүзеге асырады.
      41. Мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

3.7. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен жоспарлары

      42. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының негiзiнде 10 жылға арналып әзiрленедi.


      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен қызметтерi нәтижелерiнiң көрсеткiштерiн айқындайды және акциялары ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке тиесiлi заңды тұлғалардың даму стратегиялары ескерiле отырып әзiрленедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында баяндалған мақсаттар мен мiндеттерге, және Әлеуметтiк-экономикалық даму мен бюджет параметрлерi болжамында көрсетiлген бюджеттiк параметрлерге сәйкестiгi тұрғысында мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмiмен, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға арналған даму стратегияларын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      43. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары олардың даму стратегияларын iске асыру мақсатында 5 жыл мерзiмге арналып әзiрленедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары - акциялары ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке тиесiлi заңды тұлғалардың даму жоспарлары ескерiле отырып әзiрленедi және олардың мақсаттарын, мiндеттерiн, көрсеткiштер нәтижелерi мен қаржы-шаруашылық қызметiнiң негiзгi шоғырландырылған, инвестицияларды, кiрiстердi, шығыстарды, қарыздарды, дивидендтер мен басқа мәлiметтердi қоса алғанда, көрсеткiштерiн қамтиды.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында баяндалған мақсаттар мен мiндеттерге, және Әлеуметтiк-экономикалық даму мен бюджет параметрлерi болжамында көрсетiлген бюджеттiк параметрлерге сәйкестiгi тұрғысынан мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмiмен, директорлар кеңестерi (қадағалау кеңестерi) бекiтедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      44. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының iске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының iске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен директорлар кеңестерi (қадағалау кеңестерi) жүзеге асырады.

3.8. Салалық бағдарламалар

      45. Салалық бағдарламалар салалық мәнi бар маңызды мiндеттердi шешу, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк емес сектор ұйымдарының iс-қимылдарын ведомствоаралық үйлестiру мақсатында Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының iске асырылуы үшiн орта мерзiмдi және қысқа мерзiмдi кезеңге әзiрленедi. P040231


      46. Салалық бағдарламаларды әзiрлеу мен оларға мониторинг жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

3.9. Республикалық (жергiлiктi) бюджет

      47. Республикалық (жергiлiктi) бюджеттi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган Әлеуметтiк-экономикалық даму мен бюджет параметрлерi болжамы мақұлдаған Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының негiзiнде жыл сайын үш жылдық кезеңге арнап әзiрлейдi.


      Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде айқындалған түсiмдер есебiнен қалыптасатын және орталық мемлекеттiк органдардың, оларға ведомстволық бағыныстағы мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттiк саясаттың жалпы республикалық бағыттарын iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
      Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен бекiтiледi. Z080096
       48. Жергiлiктi бюджет Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде айқындалған түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), сондай-ақ аудандық деңгейдегi (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi мемлекеттiк органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге және тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте мемлекеттiк саясатты iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
      Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерi тиiсiнше облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының шешiмдерiмен бекiтiледi.
      49. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
      Жергiлiктi бюджеттер жобаларын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

4. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң процесi және процесiнiң қатысушылары

      50. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң процестерi оның құжаттарының әзiрленуi мен бекiтiлуi, iске асырылуы, оған мониторинг, бағалау, түзету жүргiзiлуi, iске асырылуын бақылау болып табылады.


      Мониторинг - бұл Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының iске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және тұжырымдау.
      Бағалау - бұл Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының iске асырылуына қол жеткiзу деңгейiн, оның нәтижелiлiгiн және тиiмдiлiгiн айқындайтын аспап.
      Бақылау - бұл Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының толықтығына және уақтылы орындалуына, соның iшiнде заңбұзушылақтарды анықтау, жою және оларға жол бермеу мақсатында жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жолымен талдауды жүзеге асыру.
      51. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi процестерiнiң қатысушылары мемлекеттiк билiк органдары, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, қоғамдық, ғылыми және жекеше ұйымдардың өкiлдерi, жеке тұлғалар болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет