Пошта туралы



бет1/3
Дата03.07.2016
өлшемі270.5 Kb.
#175133
  1   2   3


Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ЗАҢЫ

Пошта туралы

Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, пошта қызметі және өзге де қызмет аясындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, пошта қызметi субъектілерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, пошта саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындайды.


1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:



  1. абонементтік жәшiк – пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiнде орнатылатын, адресаттар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдаланатын, құлыпталатын арнайы жәшiк;

  2. абоненттiк пошта жәшiгi – адресаттардың пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн ғимараттарда, жеке тұрғын үйлерде орнатылатын, құлыпталатын жәшіктері бар арнайы шкаф;

  3. адресат – пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы;

  4. атаулы зат – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауы, сондай-ақ пошта операторы анықтаған өзге де ақпарат көрсетілген бедерлер салуға арналған құрылғы;

  5. бандероль – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысы көрсететін қызметтерді ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, ішіне баспа басылымдары, іс қағаздары, құжаттар және басқа да заттар салынған тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі;

  6. гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа хат (пошта карточкасы) түрінде жеткізілетін электрондық хат (хабарлама) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабарлама) нысанында жеткізетін хат;

  7. гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет – пошта операторының гибридтік жөнелтілімді қабылдау, өңдеу, жеткізу немесе табыстау бойынша қызметі;

  8. Дүниежүзілік пошта одағы – халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін аумақтары біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше елдерден тұратын, мақсаты пошта байланыстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым;

  9. Дүниежүзілік пошта одағының актілері – Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар;

  10. жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;

  11. жаздырып алынатын мерзiмдi баспа басылымдарын тарату – пошта операторының бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлғасымен) жасалған шарт негізінде мерзімді баспа басылымына жазылуды, оның ішінде Интернет-ресурсты пайдалана отырып қабылдау бойынша қызметтер көрсетуі және мерзімді баспа басылымын қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және пайдаланушыға жеткізуді жүзеге асыруы;

  12. жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар – Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ресімделген, жөнелтуші алдын ала ақы төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі;

  13. жеделдетілген пошта байланысы көрсететін қызметтер – пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету режиміндегі пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;

  14. жөнелтушi – пошта жөнелтілімiн немесе ақшаны жiберу үшiн оларды пошта операторына тапсыратын, пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы;

  15. курьер – тіркелетін пошта жөнелтілімін өндірістік объектілерден тыс жерде жөнелтушіден қабылдайтын және осы жөнелтілімді пошта жөнелтілімінде көрсетілген мекенжай бойынша адресатқа немесе жөнелтушіге табыс ететін пошта операторының жұмыскері немесе пошта операторымен жасасқан шарты бар жеке тұлға;

  16. курьерлік пошта байланысы көрсететін қызметтер – курьерді пайдалана отырып, пошта жөнелтілімдерін қабылдау, тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетін қызметтер;

  17. Қазақстан Республикасының Ұлттық пошта операторы (бұдан әрі – Ұлттық пошта операторы) – уәкілетті орган айқындайтын, ұлттық басқарушы холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерiн және арнаулы байланыстың көрсетілетін қызметтерiн ұсыну жөнiндегі мiндеттемелер жүктелген акционерлiк қоғам;

  18. өндiрiстiк объект – пошта операторы көрсететін қызметтерді ұсынуға арналған және сол үшiн жабдықталған ғимарат, ғимараттағы үй-жай;

  19. пошта – Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторларының Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес көрсетілетін қызметтер кешенін ұсынуын қамтамасыз ететiн байланыс бір түрі;

  20. пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды және қызметті реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

  21. пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері – пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің уәкілетті орган белгілеген сапа көрсеткіштеріне сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;

  22. пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері – тіркелетін және тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерiн, пошталық ақша аударымдарын, гибридтік жөнелтілімдерді жiберу, мерзімді баспа басылымдарын тарату, пошта төлемі белгілерін және филателиялық өнімдерді іске асыру бойынша пошта операторының қызметі;

  23. пошта байланысының құралдары – пошта байланысы көрсететiн қызметтерді ұсыну үшiн қолданылатын техникалық құралдар, жабдықтар және технологиялар;

  24. пошта жәшiгi – тіркелмейтін хаттар мен пошта карточкаларын жинауға арналған, белгiленген түстегi, нысандағы және көлемдегi жәшiк;

  25. пошта желiсi – пошта операторы пошта байланысы көрсететін қызметтерді ұсынған кезде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта маршруттарының жиынтығы;

  26. пошта жөнелтілімiн жiберу – пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы;

  27. пошта жөнелтілімiн жеткiзу – пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекенжай бойынша апару;

  28. пошта жөнелтілімiн қабылдау – жөнелтушiден қабылданған, оның iшiнде пошта жәшiктерiнен алу арқылы қабылданған пошта жөнелтілімiн одан әрi тасымалдау үшiн пошта операторының ресiмдеуi;

  29. пошта жөнелтілімiн өңдеу – пошта жөнелтілімдерiн тасымалдауға дайындауды қамтамасыз ететін, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар;

  30. пошта жөнелтілімiн табыс ету – пошта жөнелтілімiн адресаттың жеке өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына беру;

  31. пошта жөнелтілімiн тасымалдау – пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiне дейiн апару (тасымалдау);

  32. пошта жөнелтілімдерi – пошта операторы жіберуге қабылдаған жазбаша хат-хабар, жіберілімдер, пошта контейнерлерi;

  33. пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық идентификаттау және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiлемесі;

  34. пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабарлама жазылған, тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;

  35. пошта қызметі – пошта желiлерi арқылы пошта байланысы көрсететін қызметтерді ұсыну;

  36. пошта қызметі субъектiлерi – пошта операторлары және пайдаланушылар;

  37. пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;

  38. пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы – пошта операторы ұсынатын, оның ішінде пошта операторымен өзі жасасқан шарттар негізінде ұсынатын көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;

  39. пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері және өзге де белгiлер;

  40. пошта төлемінің белгілері – пошта байланысы көрсететін қызметтерге ақы төленгенін растайтын, пошта операторы пошта жөнелтілімдеріне жапсыратын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгілер;

  41. пошта штемпелi – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, пошта жөнелтілімiнiң жөнелтілу орны, қабылданған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, межелі жері, алынған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауы, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;

  42. пошталық ақша аударымы – осы Заңға және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жөнелтушінің адресатқа ақша жіберуге арналған тапсырмасын пошта операторының уәкiлеттi орган бекiткен пошта жөнелтілімі бланкісінің нысанын толтыра отырып орындауы бойынша пошта байланысы көрсететін қызмет;

  43. пошталық құпия – пошта байланысы көрсететін қызметтерді пайдаланушылардың пошталық мекенжайы, дербес деректері, пошта жөнелтілімдері, олардың ішіндегісі мен орналасқан жері туралы мәліметтер;

  44. пошталық мекенжай (бұдан әрi – мекенжай) – пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымын жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы анықтайтын жер;

  45. пошташы – пошта операторымен еңбек қатынастарында тұратын, жөнелтушіден пошта жөнелтілімдерін қабылдауды, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа немесе жөнелтушіге жеткізуді және (немесе) табыс етуді жүзеге асыратын жұмыскер;

  46. поштомат – пошталық ақша аударымын қоспағанда, пошта жөнелтілімдерін қабылдауға, жіберуге, сақтауға, жеткізуге (табыс етуге) және алуға арналған автоматтандырылған құрылғы;

  47. жіберілім – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларына сәйкес көзделген, нәрселер, заттар мен тауарлар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі;

  48. тағайындалған оператор – пошта байланысының қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелерді орындау үшін уәкілетті орган тағайындайтын пошта операторы;

  49. тариф – пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеудiң мөлшерi;

  50. тiркелетiн пошта жөнелтілімi – жөнелтушiге пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (идентификаттық әріптік-цифрлық штрих-код) қою арқылы түбiртек беріліп, қабылданатын және адресатқа қолхат арқылы табыс етiлетiн жазбаша хат-хабар, жіберілім;

  51. тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері – жөнелтушілерге қабылданғаны туралы түбіртек берместен (пошталық тіркеу нөмірін, идентификаттық әріптік-цифрлық штрих-код берместен) пошта операторының пошта жәшіктері немесе өндірістік объектілері арқылы қабылданатын және қолхат алмай адресатқа жеткізілетін жазбаша хат-хабар;

  52. ұлттық пошта желiсi – Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жұмыс істейтін және пайдаланушыларға сол арқылы қызметтер ұсынылатын Ұлттық пошта операторының пошта желісі;

  53. үстеме төлемді пошта жөнелтілімі – беру кезінде жөнелтуші пошта операторына адресаттан өзі белгілеген ақша сомасын (үстеме төлем сомасын) алуды және оны жөнелтушінің мекенжайына жіберуді тапсыратын пошта жөнелтілімі;

  54. филателиялық өнім – коллекциялау объектілері болып табылатын, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларына сәйкес пошта айналымынан алынған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері;

  55. франкирлеу машинасы – жазбаша хат-хабарға пошта байланысы көрсететін қызметтерге ақы төленгенiн, жазбаша хат-хабардың және басқа да ақпараттың қабылданған күнін растайтын бедерлер салуға арналған құрылғы;

  56. халықаралық қайтарым купоны – Дүниежүзілiк пошта одағы айналымға енгiзетiн, Дүниежүзілік пошта одағына мүше кез келген елде пошта маркаларына айырбастауға жататын, әуе көлiгiмен жіберiлетiн, массасы 20 грамға дейiнгi жай халықаралық хаттың ең төмен ақысын білдiретiн құжат;

  57. халықаралық пошта алмасу орны – халықаралық кіріс және шығыс пошта жөнелтілімдерін өңдеу жүзеге асырылатын, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдары көрсетілген жөнелтілімдерге кедендік бақылау жүргізетін, пошта операторының өндірістік объектісі;

  58. халықаралық пошта жөнелтілімi – Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерге жiберу үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасының аумағына келiп түсетiн не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн пошта жөнелтiлімі;

  59. хат – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, жазбаша хабарламамен және басқа да ұсақ заттармен бірге жiберiлетiн, тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтiлімі;

  60. ішкі пошта жөнелтілімі – Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жіберу үшін қабылданатын пошта жөнелтілімі;

  61. электрондық абоненттік пошта жәшігі – электрондық хаттар (хабарламалар) мен құжаттарды қабылдау және жеткізу үшін Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторының ақпараттық жүйесінде құрылатын пайдаланушының домендік атауы;

  62. электрондық хат (хабарлама) – телекоммуникациялар желісін, Интернет немесе электрондық жеткізгіштерді пайдалана отырып, электрондық нысанда жіберілетін ақпарат.


2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға, сондай-ақ пошта саласында қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.


3-бап. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Пошта қызметінің негізгі қағидаттары

Мыналар:

1) пошта байланысы саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуы;

2) Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларға пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің қолжетiмдiлігі;

3) пошта операторларының көрсетілетін қызметтерді пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерiнің сақталуы;

4) пошта жөнелтiлімдерiнің Қазақстан Республикасының аумағындағы еркін қозғалысы және транзиті;

5) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну және осы қызметтiң нәтижелерiн пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгi;

6) пошталық құпияны қамтамасыз ету;

7) Қазақстан Республикасында ұлттық пошта желісінің дамуын және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

8) пайдаланушыларға пошта байланысының қызметтерін көрсету кезінде пошта операторлары үшін пошта байланысы саласындағы қағидалар мен талаптардың бiрлiгi пошта қызметінің негізгі қағидаттары болып табылады.



2-тарау. Пошта саласындағы мемлекеттік реттеу
5-бап. Пошта саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Уәкiлеттi орган:



  1. пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

  2. Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтi реттеудi жүзеге асырады;

  3. Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгiлерiнiң түрлерi мен шығарылу көлемiн бекiтедi;

  4. пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларын бекітеді;

  5. пошта төлемi белгiлерiнiң мемлекеттiк коллекциясын қалыптастырады;

  6. Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларды бекітеді;

  7. пошта саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;

  8. Ұлттық пошта операторы қызметкерлерінің нысанды киiмiнің (погонсыз) үлгiлерiн, оны киiп жүру тәртiбiн, онымен қамтамасыз ету нормасын бекiтедi;

  9. Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан және Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған өкiлеттiктер шегiнде әрекет етедi, басқа мемлекеттермен, халықаралық одақтармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезiнде Қазақстанның пошта байланысы саласындағы мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды;

  10. кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторларының өтініштері бойынша халықаралық пошта алмасу орындарын бекітеді;

  11. операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларын бекітеді;

  12. операторды тағайындайды және тағайындалған оператордың өкілеттігін кері қайтарып алады;

  13. пошта операторларының атаулы заттарды қолдану қағидаларын бекітеді;

  14. пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын бекітеді;

  15. пошта операторының пошта төлемі белгілерін келіседі және пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта төлемінің белгілерін қолдану тәртібін айқындайды;

  16. филателиялық өнім ретінде пайдалану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгісін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады;

  17. электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және пайдаланушыларды авторландыру қағидаларын бекітеді;

  18. абоненттік пошта жәшіктерін орналастыру, күтіп ұстау және олардың техникалық сипаттамалары жөніндегі талаптарды бекітеді;

  19. Қазақстан Республикасында пошта қызметін жетілдіру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;

  20. пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекітеді;

  21. пошта операторларына қызметтерді көрсетуге қажет және жеткілікті пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізілімін бекітеді;

  22. Ұлттық пошта операторын айқындайды;

  23. осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

6-бап. Пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету



1. Мемлекет әрбір пайдаланушыға пошталық құпияға кепілдік береді. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана осы құқықты шектеуге жол беріледі.

2. Пошта саласындағы құпия пошталық құпия және банк құпиясы болып бөлінеді. Пошталық құпияны және банк құпиясын сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі талаптар осы Заңда және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.

3. Пошта операторлары пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, пошта жөнелтілімдерін ашу процесіне қатысқан пошта операторларының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, пошталық құпияны сақтаумен байланысты ақпаратты жариялауға құқылы емес.

4. Пошта саласындағы құпияның бұзылуына жол берген пошта операторларының лауазымды адамдары мен басқа да қызметкерлері, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.

5. Пошта жөнелтілімдерін қарап тексеруді, алуды және тыйым салуды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана соттар, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар жүзеге асырады.


7-бап. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге

асыратын органдармен өзара іс-қимылы

  1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта қызметін жүзеге асыратын пошта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес пошта байланысы желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға пошта байланысының барлық желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдық және техникалық мүмкіндіктерін, пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды өткізу нысандары мен әдістерінің ашылуын болдырмау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

Пошта операторлары пошта желілерінде пайдаланушылар туралы ақпаратты (дербес деректерді) жинауды және сақтауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен жабдықты орнатуға міндетті. Пайдаланушылар туралы ақпаратты (дербес деректерді) сақтау мерзімдері пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындайды.

  1. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара қарым-қатынасы осы Заңмен және Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі саласындағы заңдарымен реттеледі.


8. Пошта саласында көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер

1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, пошта саласында көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді пошта операторлары негiзделген шығындар негiзiнде дербес белгілейді.

2. Пошта операторлары көрсететін, пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтеріне арналған тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) және олардың шекті деңгейін «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекітеді.



Тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын пошта операторлары көрсететін қызметтерге баға белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

3-тарау. Пошта саласындағы қызмет
9-бап. Пошта саласындағы қызмет

1. Қазақстан Республикасында пошта саласында мынадай қызмет түрлері:

1) пошта қызметі;

2) осы Заңға сәйкес пошта саласындағы өзге де қызмет қолданылады.

2. Пошта қызметіне мынадай пошта байланысының көрсетілетін қызметтері:

1) пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері;

2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімдерiн жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер;

3) пошта байланысының көрсетілетін жеделдетілген және курьерлiк қызметтері;

4) пошталық ақша аударымдары;

5) жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату және бөлшек саудада сату бойынша көрсетілетін қызметтер;

6) пошта төлемінің белгілерін және филателиялық өнімді сату бойынша көрсетілетін қызметтер;

7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;

8) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы байланыс қызметтері;

9) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерімен тығыз байланыста ұсынылатын өзге де көрсетілетін қызметтер жатады.

3. Пошта саласындағы өзге де қызметке:

1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген банк операциялары, қаржылық көрсетілетін қызметтер;

2) тауарларды (жүктерді) тасымалдау, өңдеу, қоймаға жинау және сақтау бойынша көрсетілетін қызметтер;

3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тапсырма және (немесе) комиссия шарты жағдайларында заңдық әрекеттерді жасау;

4) зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерді жеткiзу бойынша көрсетілетін қызметтер жатады.

4. Пошта операторлары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қызметті жүзеге асырады және қызметтер көрсетеді.


10-бап. Пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері

  1. Пошта операторы пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынған кезде пошта жәшіктерінен жинап алынған және (немесе) өндірістік объектілерде қабылданған және адресатқа тапсырғаны туралы қолхат алмай жеткізілетін, пайдаланушылардың тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерін жіберу жөніндегі қызметтерін көрсетеді.

Пошта операторының пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынуы уәкілетті орган бекіткен, пайдаланушылардың пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің қолжетімділігіне, сапасына және ұсынылу бағасына деген қажеттіліктерін қанағаттандыратын талаптар белгіленетін, пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.

2. Пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері мынадай көрсетілетін қызметтер түрлерін:

  1. тіркелмейтін хатты жіберу бойынша көрсетілетін қызметті;

  2. тіркелмейтін пошта карточкасын жіберу бойынша көрсетілетін қызметті;

  3. тіркелмейтін бандерольді жіберу бойынша көрсетілетін қызметті қамтиды.

3. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының аумағы бойынша, сондай-ақ оның шегінен тыс жерлерде де жіберуге қабылданады. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселер мен заттарға қойылатын талаптар пошта байланысы көрсететін қызметтерді ұсыну қағидаларында айқындалады.

4. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар арасында тіркелмейтін пошталық жөнелтілімдерді жіберуге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері түрінде жазбаша жауаптар жолдауға тыйым салынады.


11-бап. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша

көрсетілетін қызметтер

  1. Тіркелетін пошта жөнелтілімін жіберу пошта жөнелтілімінің қабылданғанын құжаттық растау, жөнелтушiге түбіртек беру және пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (идентификаттық әріптік-цифрлық штрих-код) беру, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа қолхатпен табыс ету арқылы жүзеге асырылады.

  2. Тіркелетін пошта жөнелтіліміне: хат (тапсырысты, құндылығы жарияланған), пошта карточкасы (тапсырысты), бандероль (тапсырысты, құндылығы жарияланған), ұсақ пакет (тапсырысты, құндылығы жарияланған), жіберілімдер (жай, құндылығы жарияланған) жатады.

Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметке енгізілетін пошта жөнелтілімдерінің түрлері мен санаттарының қосымша тізбесі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленеді.

Тіркелетін пошта жөнелтілімі кері мекенжайы міндетті түрде көрсетіле отырып қабылданады.

  1. Тіркелетін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының аумағы бойынша, сондай-ақ оның шегінен тыс жерлерде де қабылданады. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселерге, заттар мен тауарларға қойылатын талаптар пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет