Қазақстан республикасының АҚша-несие саясатының Қазіргі жағдайы э.ғ. к., аға оқытушы Баймағамбетова З. А



Дата16.06.2016
өлшемі218.16 Kb.
#139665


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

АҚША-НЕСИЕ САЯСАТЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
э.ғ.к., аға оқытушы Баймағамбетова З.А.
Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына сай ақша−несие саясатын жүргізу және оның әрі қарай даму тенденциясына әсер етуінің маңыздылығын қарастыру болып саналады. Ұлттық банк еліміздегі жалғыз ақша эмиссиясын жүргізуші болғандықтан ішкі валюталық тұрақтылықты сақтау осы органға жүктеледі. Мемлекеттің дамуы мен экономикалық өсуі тікелей елдегі жүргізілетін саясатардың дұрыстығына негізделеді және соған байланысты болады. Соның ішінде ақша−несие саясатының маңыздылығы ерекше, өйткені ол елдегі іскерлік қызметтің артуына, инфляцияның төмендеуіне және төлем балансының тұрақтылығын қамтамасыз етуіне бағытталады. Сондықтан, бұл тақырыптың өзектілігі күмән тудырмайды, өйткені мемлекеттің қалыпты дамуын, әрі экономикалық өсуін немқұрайлықпен немесе мүлдем қарастырмай кету үлкен қателік болар еді.

ҚҰБ ақша-несие саясатының басты мақсаты: ұлттық валютаның тұрақтылығын, яғни оның төлем қабілеттілігі мен басқа шетел валюталарына қатысты түрактылығын қамтамасыз етуді көздейді. Ақша-несие саясяты—бұл айналыстағы ақша массасын, несие көлемін, сыйақы (мүдделендіру) мөлшерлемесін өзгертуге жалпы банк жүйесінің қызметін реттеуге бағытталған шаралар жиынтығы [1].

Ақша-несие саясаты елдегі қаржы нарығының тұрақтылығын сақтауға, сақтандыру нарығының, бағалы қағаздар нарығының әрі қарай дамуына және банк жүйесінің нығая түсуіне, экономикалық нақты секторды банктердің несиелеуінің әрі қарай өсіру үшін жағдай жасауға, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының жетілдірілуіне мүмкіндік туғызады.

Ақша-несие саясатының макроэкономикалық деңгейдегі субъектісі — Ұлттық Банк болып табылады. Ал ақша-несие саясатының Ұлттық Банк тарапынан реттеу объектісіне экономикадағы қолма-қол және колма-қолсыз ақша массасының жиынтығы жатады.

Көптеген елдердің 2008-2009 жылдары қабылдаған бұрын-соңды болмаған дағдарысқа қарсы шараларының арқасында әлемдік экономика ғаламдық дағдарыстан туындаған рецессиядан шыға бастады. Жақын жылдары, әсіресе, 2010 жылы дағдарысқа қарсы шараларды аяқтау жөніндегі «шығу стратегиясын» іске асыру дамыған елдердің де, дамушы елдердің мемлекеттік органдарының алдында тұратын негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл ретте осы бағдарламаларды аяқтау үшін оңтайлы сәтті айқындау айтарлықтай күрделі міндет болып табылады.

Бір жағынан, мемлекеттік ынталандыруды мерзімінен бұрын аяқтау әлемдік экономикада дағдарыстың жаңа лебін туындатуы мүмкін. Экономика субъектілері ресурстарының жеткіліксіздігінен қызметін өз бетінше белсенді етуге қауқарсыз болуы мүмкін.

Екінші жағынан, дағдарысқа қарсы белсенді шараларды одан әрі жалғастыру мемлекеттің ресурстарына түсетін жүктемені ұлғайту және мемлекеттік бюджеттер дефицитінің едәуір өсуі арқылы экономиканың одан әрі дамуы үшін тәуекел қаупін тудыруы мүмкін.

Осылайша, теңдестірілген саясатты жүргізу, яғни мемлекеттің экономикаға одан әрі айтарлықтай қолдау көрсетуден біртіндеп бас тартуы баға тұрақтылығын сақтаған жағдайда экономиканың өсу қарқынын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл ретте әлемдік экономикадағы экономикалық және қаржылық жағдайлардың 2009 жылдың екінші жартысынан бастап жақсаруына қарамастан өсудің қалпына келуі баяу болады деп күтіледі.

Қазақстан Республикасының макроэкономикалық дамуында 2009 жылы да түбегейлі бетбұрыс болды. Қазақстан Республикасының экономикасындағы инфляциялық әлеует 2009 жылы ең төменгі деңгейде болды. Инфляция қарқынының тұрақты төмендеуі байқалды. 2009 жылдың қорытындылары бойынша 6,2% деңгейінде (2008 жылы желтоқсанда – 9,5%) қалыптасты [2].

Әлемдік экономиканың баяу қалпына келуі, тауар нарықтарындағы, оның ішінде қазақстандық экспорттың негізгі тауарларына қалыпты әлемдік бағалар, әлемдік қаржы нарығындағы айқын еместік Қазақстан Республикасы  экономикасының үрдісін айқындайтын  негізгі факторлар болып табылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы тепе-теңдікті  қамтамасыз етуге бағытталған айырбастау  бағамы саясатын  жүргізуді жалғастырады. Бағамдық саясат үнемі өзгеріп отыратын әлемдік конъюнктура жағдайында  отандық  өндірістің  бәсекеге  қабілеттілігіне  теріс  әсер етуі  мүмкін  ұлттық валютаның нақты бағамының біршама ауытқуларына жол бермеу мақсатында  жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық саясаты нарық ставкаларын қысқа мерзімді құралдардың ақша нарығында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ставкаларының дәлізі шеңберінде ұстап тұруға бағытталған. Жүргізілген шаралар нарық ставкаларының құбылмалылығын төмендетуді және ақша нарығының тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ  өтімділікті тиімді басқаруға ықпал етеді. Дәліздің ең жоғарғы шекарасы болып табылатын ресми қайта қаржыландыру ставкасы ақша нарығындағы жағдайды және инфляция  деңгейін ескере отырып айқындалатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде орналастырылған банктердің  депозиттері бойынша ставка ақша нарығындағы  қысқа мерзімді ставкалар дәлізінің төменгі шекарасы  ретінде  айқындалады. Бұл ретте ол болуы мүмкін ең төмен деңгейде, яғни  банктерді  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі депозиттерде  бос ресурстарды жинақтауға  қайта ынталандыруға болатындай  етіп белгіленеді.

2010 жылы экономикадағы инфляция аясының сақталуы байқалды. 2010 жылы экономикадағы инфляциялық аяның төмендемеуінің себебі сыртқы факторлардың пайда болуы болды. Мұнайдың, металдың бағаларын қоса алғанда, тауар нарықтарындағы əлемдік бағалардың көтерілуі Қазақстанның өнеркəсіп өнімдерін өндіруші кəсіпорындары бағаларының өсуіне себепші болды. Сонымен қатар, кейбір елдегі қолайсыз ауа-райы жағдайы (құрғақшылық, өрт) азық-түліктің кейбір түрлері, оның ішінде астық дақылдары өндірісінің қысқаруына алып келді. Осы жағдай Қазақстан ішіндегі инфляциялық күтулердің өсуіне себепші болды.

2010 жылы инфляцияның өсу факторлары сондай-ақ экономикадағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңсіздігіне байланысты болды. Бұл ретте халықтың ақшалай кірісінің өсуі экономикадағы жалпы сұраныстың кеңеюінің басты себептерінің бірі болды, бұл 2010 жылы тек іскерлік белсенділіктің жандануымен ғана емес, мемлекеттік бюджеттен берілетін жалақының, жəрдемақылар мен зейнетақылардың 2010 жылғы сəуірде 25% артуымен нығайды. Бұл ретте 2010 жылы Қазақстанда инфляциялық үдерістердің қалыптасуы монетарлық факторлар тарапынан ең төменгі əсер ету аясында болды. Мəселен, ақша массасының өсуі 2010 жылы 14,1% құрады, ақша базасы небəрі 5,0% кеңейді.




  1. сурет. Жылдық инфляция деңгейі.

Сондай-ақ, 2010 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық Банктің мақсатты дəлізі 6-8% шегінде қалыптасты (1-сурет).

2010 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,8% деңгейінде қалыптасты (2-сурет), бұл 2009 жылғы инфляциямен салыстырғанда 1,6 п.т. жоғары (2008 жылғы желтоқсанға қарағанда 2009 жылғы желтоқсан – 6,2%). Орташа жылдық инфляция 2009 жылғы 7,3% салыстырғанда 7,1% болды.

2-сурет. Инфляция деңгейі.


2010 жылы жылдық инфляцияның жеделдеуі азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқынының ұлғаюы аясында болды, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жəне ақылы қызмет көрсетудің бағасы бəсеңдеді. Азық-түлік тауарлары 10,1% (2009 жылы – 3,0%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,5% (8,6%), халыққа ақылы қызмет көрсету – 6,8% (8,4%) қымбаттады.

Жеміс пен көкөністің бағалары 19,1%, май мен тоң майдың 18,8%, қанттың 12,3%, ет өнімдерінің 12,1%, медициналық қызмет көрсетудің 9,8%, тұрғын үй коммуналдық қызмет көрсетудің 7,0% біршама өскенін көрсетті.

Əлемдік бағалардың біртіндеп өсуі Қазақстан өндірушілерінің өнеркəсіп өнімінің 2010 жылы қымбаттауына əсер етті. Өнеркəсіп өнімі тұтастай алғанда 2010 жылы 12,9% қымбаттады (2009 жылы 31,0% өсті).

Бұл ретте өндірілген өнім 13,4%, оның ішінде аралық тұтыну өнімі 13,8%, тұтыну тауарлары 9,7%, ал өндіріс құралдары 0,6% қымбаттады. Өндірістік сипаттағы қызмет көрсету 5,1% қымбаттады.

2010 жылы теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы Ұлттық Банктің ішкі валюта нарығында барынша аз қатысуы болған кездегі берілген дəлізде қалды. Бұл ретте ұлттық валютаның нығаю үрдісі байқалды. 2010 жылы Ұлттық Банк ішкі валюта нарығында басым түрде шетел валютасын сатып алушы ретінде болды. 2010 жылы Ұлттық Банктің ішкі валюта нарығында нетто-сатып алуы 2,7 млрд. АҚШ долл. құрады.

2010 жылы Ұлттық Банк банктерге кері РЕПО операциялары арқылы қайта қаржыландыру заемдарын берді. Қайта қаржыландыру заемдарының жалпы көлемі 2010 жылы 5,7 трлн. теңгені құрады. Осы операциялардың мерзімдері 1 айдан асқан жоқ. 2010 жылдың аяғындағы жағдай бойынша банктердің Ұлттық Банк алдындағы кері РЕПО операциялары бойынша өтемеген берешегінің көлемі 464,9 млрд. теңге құрады (3-сурет).


3-сурет. Банктерге берілген қайта қаржыландыру заемдары бойынша

өтелмеген берешектің көлемі (кезеңнің аяғында).
Ақша нарығындағы қысқа мерзімді өтімділікті реттеуді Ұлттық Банк қысқа мерзімді ноттардың эмиссиясы жəне банктерден депозиттер тарту арқылы жүргізді. Пайыздық ставкалардың ең төменгі деңгейге дейін төмендеуіне қарамастан осы құралдарға банктер тарапынан сұраныс бүкіл жыл бойы жоғары болып қалды.

2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2009 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда шығарылған қысқа мерзімді ноттардың көлемі 2,3 есе ұлғайып, 3,3 трлн. теңгені құрады. Бұл нарық қатысушыларының осы мемлекеттік бағалы қағаздарға жалпы сұранысының 94,7% құрады. Айналыстағы ноттардың көлемі 2010 жылғы желтоқсанда 2009 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 899,5 млрд. теңгеге дейін 2 есеге жуық өсті (4-сурет).


4-сурет. Айналыстағы қысқа мерзімді ноттар (кезеңнің аяғында).

Ноттар бойынша орташа алынған кірістілік 2009 жылғы желтоқсандағы 2,23%-дан 2010 жылғы желтоқсандағы 1,19%-ға дейін төмендеді (5-сурет). Ұлттық Банк 2010 жылы айналыс мерзімі 3 жəне 6 ай болатын қысқа мерзімді ноттар шығарды.

Екінші деңгейдегі банктерден 2010 жылы 17,1 трлн. теңге сомаға депозиттер тартылды, бұл 2009 жылға қарағанда 5,0% көп. Банктердің Ұлттық Банктегі депозиттері бойынша қалдықтар 2009 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 12,2% төмендеп, 2010 жылғы желтоқсанның аяғында 429,1 млрд. теңгені құрады.


5-сурет. Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары бойынша тиімді кірістілік.


Ұлттық Банктің ішкі нарықта екінші деңгейдегі банктермен операцияларының қорытындылары 2010 жылы 377,1 млрд. теңге өтімділік алу болды. 2010 жылы Ұлттық Банктің пайыздық ставкаларының дəлізі өзгеріссіз қалды. Бүкіл жыл бойы осы дəліздің жоғарғы шегі болған ресми қайта қаржыландыру ставкасы 7,0% деңгейінде сақталды. Банктерден тартылған депозиттер бойынша ақша нарығындағы қысқа мерзімді ставкалары дəлізінің төменгі шегі ретінде болатын ставка 7 күндік депозиттер бойынша 0,5% жəне 1 айлық депозиттер бойынша 1,0% болды (6-сурет) [3].

6-сурет. Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкалар.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қалыптасып отырған макроэкономикалық алғышарттарға бара-бар жылдық инфляцияның төмен деңгейін ұстап тұруға бағытталған ақша-кредит саясатын жүзеге асыруды өз қызметінің басым бағыты деп айқындайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының негізгі мақсатын баға тұрақтылығы деп айқындағанына қарамастан, инфляциялық таргеттеу ұстанымдарына көшу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясатының құралдары ретінде пайыздық ставкалардың тиімділігін көтеруге байланысты анағұрлым ұзақ болашаққа көшіріледі.

Ақша-кредит саясаты құралдарының тиімділігін жетілдіру мен көтеру және  қабылданған шаралардың ақша нарығының жай-күйіне ықпалын бұдан әрі  күшейту бойынша   жұмыс жалғастырылады.

Теңгенің айырбастау бағамы ауытқуының белгіленген дәлізінің қолданысы аяқталған соң, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарылатын өзгермелі валюта бағамы режиміне көшеді. Бұл ұлттық валютаның тұрақтылығымен байланысты, оған әлемдік нарықтағы қазақстандық экспорттың негізгі позицияларына қолайлы баға конъюнктурасы және төлем балансының жай-күйі  ықпал етеді. Орта  мерзімді кезеңде теңгенің құнсыздануы үшін түбегейлі алғышарттар жоқ. Оған қоса, экономика дамуының 2 және 3 сценарийлерін іске асыру кезінде төлем балансының оң сальдосына байланысты ұлттық валютаның нығаю мүмкіндігі жоғары.

Бұл ретте басқарылатын өзгермелі валюта бағамы режиміне көшу  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемеден босатпайды.  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шаралары үнемі өзгеріп отыратын әлемдік конъюнктура жағдайында отандық өндірістің  бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етуі мүмкін ұлттық валютаның нақты бағамының біршама ауытқуларын  болдырмауға  бағытталады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңге бағамының икемділігін көтеру  мақсатында  валюталық нарықта  өзінің қатысуын бұдан әрі  төмендетуге талпынатын  болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық саясаты нарық ставкаларын қысқа мерзімді құралдардың ақша нарығында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ставкаларының дәлізі шеңберінде ұстап тұруға бағытталған. Бұл ретте пайыздық саясатты бұдан әрі іске асыру ставкалар дәлізін  тарылтуға бағытталатын  болады.

Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі қысқа мерзімді ноталары мен  депозиттері қаржы нарығындағы сыйақы ставкаларын реттеудің, сондай-ақ банктердің артық өтімділігін айықтырудың негізгі құралдары болып қалады. 

Қысқа мерзімді ноталардың эмиссиясы мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығын қолдауға, мерзімі 1 жылға дейінгі қаржы құралдары бойынша қисық кірістілікті қалыптастыруға бағытталады. 2011 жылы ақша нарығындағы өтімділік жағдайы түбегейлі өзгермейді. Осыған байланысты  қысқа мерзімді ноталардың айналыс мерзімін қазіргі деңгейде – 3 және 6 ай ретінде қалдыру болжанып отыр.

Қажет болғанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің  қысқа мерзімді өтімділігін қолдау үшін қайта қаржыландыру заемдарын береді.  Бұл операциялардың мерзімі қысқа болады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бұл ресурстарға сұраныстың өсуін күтпейді. Сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарымен операциялар жүргізу арқылы өтімділікті беру мүмкіндігі қарастырылады.

Банктердің өтімділігін реттеу  бойынша  құралдардың тиімділігін көтеру мақсатында Қазақстан қор биржасында автоматты РЕПО секторында банктермен тікелей және кері РЕПО операцияларын жүргізуді жаңарту мүмкіндігі қарастырылатын  болады.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ең төменгі резервтік талаптар тетігін жетілдіру, оны қолданудың тиімділігін, негізінен резервтік активтердің құрамын өзгерту бөлігінде көтеру бойынша жұмысты бастайды. Банктің резервтік активтерінің базасынан шетел валютасындағы активтерді алып тастау мәселесі қаралатын болады.

Барлық сценарийлік нұсқалар бойынша инфляция бойынша мақсатқа 6-8% шегінде қол жеткізу ақша-кредит саясатының тиісті шараларымен қамтамасыз етілетін  болады. Инфляциялық қысымның күшеюіне әкелуі мүмкін артық ақша  ұсынысының  ұлғаюы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің айықтыру операцияларының өсуімен қатар жүретін болады. 

Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясаты қалыптасып отырған макроэкономикалық жағдайға бара-бар болады. Экономикадағы ақша ұсынысы экономиканың өсуіне сәйкес келетін деңгейде сақталады. Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясаты банк секторындағы өтімділікті икемді реттеу арқылы кредиттік белсенділікті қайта қалпын келтіру проблемаларын шешу үшін жағдайлар жасайтын болады. Сонымен қатар бұл шаралардың тиімділігі банк секторындағы құрылымдық қайта құруларға байланысты болады.

Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясаты, оның ішінде валюта саясаты ықтимал экономикалық пайдаларды да, теріс салдарларды да және Бірыңғай экономикалық кеңістік келісімдері шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудан туындайтын Қазақстан Республикасының экономикасы үшін тәуекелдерді ескеретін болады.

Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясаты Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамдарының орындалуына ықпал ететін болады [4].

Қазақстан экономикасында қазіргі қалыптасқан жағдайдағы ақша-несиелік реттеу мәселелерінің өзектілігі белгілі бір деңгейде ақша-несие саясатын жасау кезінде талдау және болжау әдістерін, сонымен қатар оны іске асыру механизмдерін, құралдарын жетілдіру қажеттіліктерімен анықталады.

Нарық экономикасына өту жағдайында және экономикалық дағдарысты жоюда, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуде ҚР банк жүйесі маңызды роль атқарады.

Қазақстан Республикасындағы антиинфляциялық саясатты экономикадағы диспропорцияны бірте-бірте жоймай елестету қиын. Инфляцияға қарсы саясаттың басты элементі – қаржыны сауықтыру мен халық шаруашылығы экономикасын тұрақтандыру, залалды және шамалы рентабелді шаруашылық субъектілерін қысқарту болып табылады. Оған халық тұтынатын тауарлаға бағаны көтеру жолымен емес, интенсификация негізінде және өндірістің тиімділігін көтеру арқасында қол жеткізіледі. Шетел несиелерін солай пайдаланған маңызды, оларды тезірек иесіне қайтарып, сөйтіп аса мол пайда табу. Шетел ғалымдарының пайымдауынша, Қазақстандағы аса пайдалы салаларға – түсті металлургия, ауыл шаруашылығы, мұнай өндеу өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және туризм жатады. Сондықтанда осы салалар басымдылықпен дамуы қажет. Сырткы саудамен айналысатын кәсіпорындарға толық валюталық өзін-өзі өтейтін жолға көшіру керек. Бір сөзбен айтар болсақ, тұрғындардың өмір денгейіне әсер ететін инфляцияның келеңсіздігін төмендету үшін шаралар жүйесін іске қосқан жөн.

Халықаралық тәжірибеде Орталық банктің және коммерциялық банктердің несиелері арасында тұрақты өзара байланыс байқалады. Бұндай байланыстар әртүрлі елдер бойынша ерекшелінеді, мысалы Германияда Орталық Банктің ставкалары несиелер бойынша банктік ставкалардың ең жоғарғы шегін белгілейді, ал Франция мен Италияда ең төменгі шегі белгіленеді.

Орталық банктің несиелері банктік ресурстар көзі болып табылады, соған сәйкес пайыздық саясаттың әсер етуі жалпы экономикаға таралады. Ақша-несиелік реттеудің осы құралы Қазақстандық банктік жүйені реформалау кезінде ереқше танымал болды, себебі ҚРҰБ-нын, резервтері сыртқы факторларға қарсы түру үшін жеткіліксіз болды, ал ашық нарықтағы операциялар дамымады.

Ал қазіргі кезде ақша-несие саясатының жалпы бағыты ставка деңгейлерін бақылау сақталуда, бірақ осы құралдың мәні біртіндеп азайып келеді. Бірақ, пайыздық саясаттан толық бас тарту мүмкін емес, өйткені осы құралдың инфляцияға қарсы тиімділігінің маңыздылығы зор. Мысалы, АҚШ ресми ставкаларды белгілеуден бас тартқан елдердің бірі болып саналады. Германия, Жапония, Швеция елдерінде ресми пайыздық ставка инфляцияға қарсы реттеу құралы және ұлттық валюта бағамын реттеуші ретінде пайдаланылады.

Халықаралық тәжірибеде пайыздық саясатқа жанама әсер ету шараларына көшу үдерісі байқалуда. Алайда, көптеген жағдайларда пайыздық мөлшемелерде жанама реттеу банктік резервтер келеміне әсер ететін әдістер арқылы мөлшерлемелерді тікелей белгілеуді ауыстыруды болжайды.

Нарықты экономикасы дамыған елдерде макроэкономикалық реттеу салаларында жеткілікті мөлшерде мол тәжірибе жинақталған. Бірақ осы салада басқа елдердің тәжірибесін пайдаланылуы күтілген нәтижеге қол жеткізбейді. Сондықтан макроэкономикалық реттеудің мақсаттары мен әдістерін таңдау кезінде экономиканың дамуының нақты тарихи жағдайын ескеру қажет.

Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Президенттің 2010 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жəне қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес құрылды, оның отырысы шеңберінде Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жəне жүйелік тəуекелдерді барынша азайтуға бағытталған макропруденциалдық реттеудің стратегиялық тəсілдерін əзірлеу жүзеге асырылуда. Кеңестің бірінші отырысы 2010 жылғы 30 маусымда өтті. Кеңестің барлығы 7 отырысы өтті, банк, сақтандыру, зейнетақы жəне қаржы нарығының түрлі сегменттерінің жұмыс істеу мəселелері оның тақырыбына өзек болды.

Нəтижесінде ЖІӨ-нің ағымдағы бағалармен көлемі жедел деректер бойынша 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда 21,5 трлн. теңгеге жетті, ал ЖІӨ нақты өсу қарқыны 2009 жылмен салыстырғанда айтарлықтай үдеп, 7,0% құрады.

Ұлттық Банк Басқармасының 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 116 қаулысымен бекітілген 2010 жылға арналған Тексеру жоспарына сəйкес 2010 жылы 32 аудиторлық тексеру, оның ішінде 2009 жылдан өткен 4 аудиторлық тексеру жəне 2 жоспардан тыс аудиторлық тексеру жүргізілді. Іске асырылған аудиторлық тексерудің нəтижелері бойынша Ұлттық Банктің бөлімшелеріне ішкі бақылау жүйесін, нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жəне тəуекелдерді басқару жүйесін жақсарту бойынша ұсынымдар берілді. Ұлттық Банктің жобалары бойынша жұмыстардың уақтылы жəне толық жүргізілуін бақылау мақсатында 2010 жылы екі жобаның мониторингі жүзеге асырылды: Ұлттық Банктің бөлімшелеріне жəне басшылығына жедел ақпарат ұсыну арқылы Т24 АБАЖ ендіру жəне HiPerformance жəне HiRisk бағдарламалық өнімдерді ендіру жəне техникалық қолдау. 2008 жылы жүргізілген қызметтің сапасына сыртқы бағалау нəтижесі бойынша 2010 жылға арналған Іс-шаралар жоспарына сəйкес Ұлттық Банктің ішкі аудит əдіснамасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ 2010 жылы мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттарын ендіру шеңберінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет тізіліміне енгізілген стандарттарды келісу мен бекіту бойынша жұмыс жүргізілді. Президенттің 2010 жылғы 24 ақпандағы № 928 Жарлығымен Ұлттық Банктің 3 мемлекеттік қызмет стандарты бекітілді: айырбастау пунктінің тіркеу куəлігін беру, валюталық операция туралы хабарлау куəлігін беру, валюталық операция туралы тіркеу куəлігін беру. Мемлекеттік қызметтің үлгі стандартына өзгерістер енгізуге байланысты жəне Үкіметтің «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 маусымдағы № 558 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулыларын орындау үшін Ұлттық Банк бұрын бекітілген стандартарға өзгерістер енгізді, сол сияқты Үкіметтің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысына сəйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет тізіліміне енгізілген 2 қызмет бойынша стандарттардың жобалары қосымша əзірленді: бухгалтерлік есепті автоматтандыруға жəне бас бухгалтерлік кітапқа қойылатын талаптарға жауап беретін 62 автоматтандырылған банк жүйесінің болуы туралы қорытынды беру, банк операцияларын жүргізуге арналған үй-жайлардың дайындық дəрежесі туралы қорытындылар беру.

Сыртқы берешекті қайта құрылымдау жөніндегі Қазақстан тəжірибесі банктер банкрот не мемлекет қаражаты есебінен олардың міндеттемелерін жабу кезінде мемлекет жəне жалпы алғанда қаржы жүйесі көтеретін шығасылар мен тəуекелдерді болдырмауға мүмкіндік берді.2010 жылы əлемдік қаржы нарықтарындағы қаржылық жағдайдың қалыпқа келе бастағанына қарамастан, тəуекелдер деңгейі жоғары күйінде қалды, көбіне ол Еуропа елдері тəуелсіз борышының дефолттары қаупінің əсерінде болды. Осы жағдайда сыртқы қорландыруға шектеулі қол жеткізудің сақталуы жəне сырттан ресурстар тарту үшін қолайлы жағдайлардың болмауы 2010 жылы сырттан қорландыруды іштен қорландырумен ауыстыру үрдісін нығайтты. Іштен қорландыру көздерінің өсуі, ең алдымен, клиенттер депозиттерінің ұлғаюымен қамтамасыз етілді жəне көбіне іс жүзінде банктерді мемлекет тарапынан қорландыру есебінен жүргізілді. Жалпы алғанда 2010 жылы мемлекеттік қорландырудың жиынтық көлемі банк жүйесінің жиынтық активтерінің 8-9% құрады жəне банктердің кредиттік белсенділігіне көбіне экономиканың басым салаларына қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы осы мақсаттар үшін бөлінген қаражат шеңберінде қолдау көрсетілді. Жалпы алғанда, экономикаға жəне қаржы секторына дағдарыс кезінде мемлекеттік қолдау көрсету Қазақстанның банк жүйесіне деген сенімнің сақталуына ықпалын тигізді. Мəселен, 2010 жылдың нəтижелері бойынша жеке тұлғалардың депозиттік базасының қалыпты оң өсімі байқалады. Оған қоса, сыртқы берешектерін қайта құрылымдаған үш қазақстандық банктен депозиттердің əкетілу үрдісі 2010 жылы осы банктердегі депозиттердің таза оң өсіміне ауысты.

Жалпы алғанда банктердің бөлшек портфелі сапасының аздап жақсарғаны байқалады, бұл осы заемдарды өтеу мерзімінің қысқа болуынан жəне ескі заемдарды жаңа заемдармен қарқындырақ ауыстырумен байланысты.

Қорыта келгенде, ақша-несие саясатын пайдалана отырып, мемлекет инфляция мен жұмыссыздықтың төменгі дәрежесі тән экономиканы құруға ұмтылады. Бұл міндетті орындау үшін ол ақша ұсынысына бақылау орнатуы керек. Ақша-несие саясаты ғана Ұлттық банктің инфляцияны төмендету мақсатындағы саясатына толық жауап береді және сонымен қатар, ақша-несие саясатына деген нарықтың қатысушыларының үлкен сенімін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің ақша несие саясаты даму белсенділігі қазіргі кезге дейін, әлі де елдің басты мәселерінің бірі болып табылады. Инфраструктуралық құрылымның аумағына, нарық ақпаратының өсуі және техникалылық шешімдердің белгілі прогресіне қарамастан елдің ақша несие нарығының белгілі мәселері бар, қазір ол тұрақты болды – бұл төмен өтімділік пен бағалы қағаздардың жетіспеушілігі. Қазақстанда ақша массасының көптігіне қарамастан, несие үшін берілетін пайыздық мөлшерлеме өзге елдермен салыстырғанда неге соншама жоғары. Оны реттеу үшін банк қызметінің өзіндік құнына ерекше назар аударылуы тиіс. Тұтастай алғанда, республикамызда реформа басталғаннан бері тұрақты олигополиялық депозиттер және несиелер нарығы қалыптасып келеді. Банкаралық бәсекенің алдағы уақытта қалай дамуы көп жағдайда банк жүйесін реттеу және оны дамыту жолдарын жасау мен жүзеге асыру жөніндегі өкілетті органдардың тәжірибелік қызметіне тікелей байланысты. Қазақстанды халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге енгізу қаржы саласындағы ұлттық мүддені қорғау жөніндегі шараларды қабылдауды талап етеді.

Ақша−несие саясаты келесі кезеңдерге тиімді, әрі еліміздің өсуін дамыту үшін жеткізуші құрал ретінде қарастырылуда, сондықтан жоғарыда келтірілген курстық жұмыс нәтижесінде оны одан әрі дамыту үшін мынадай ұсынымым бар:



  • Банк заңдарының бүгінгі талапқа банк жүйесін мемлекеттік басқару құралы ретінде сай келдіруі;

  • мемлекеттік экономикалық саясат элементі ретінде ақша-несие және валюталық саясат рөліне байланысты мәселелерді тез шешу;

  • банк секторындағы бәсеке мен монополизмге қатысты реттеу деңгейін көтеру;

  • тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін банк қызметі бағасын төмендету;

  • аймақтар, әсіресе, ауыл тұрғындарының банк қызметіне қол жетерліктей жағдай жасау;

  • қайта қаржыландыру жүйесінің даму шапшандығын арттыру;

  • мемлекеттің еркін валюталық бағамға ауысқанымен мемлекеттің ақшанесие жүйесіне тиімді қатысуы;

  • қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету;

  • долларландырылу процесін тоқата отырып ұлттық валюда деңгейін көтеру;

  • олигополиялық депозиттер мен несиелер жүйесін азайту мен шектеу;

  • ақша−несие саясатының варианттарын дұрыс таңдау;

  • фискалды және ақша−несие саясаттарын тиімді үлестіру;

  • пайыз деңгейін инфляция деңгейіне байланысты тағайындау;

Ақша−несие саясаты  елдегі тұрақтылық пен экономикалық өсуді қамтамасыз ететін, толық жұмысбастылыққа жеткізетін, бағаның тұрақтылығын сақтайтын, төлем балансының тұрақтылығына жауап беретін, ақша жиыны мен пайыз мөлшерлемесін реттейтін, айырбас курсы бақылайтын, банктік қызметті тиімді реттейтін, инфляциялық үрдіске қарсы бағыттылған және мемлекеттік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі орны ерекше саясат.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1 «ҚР-дағы Ұлттық банк туралы» ҚР Заңы. 31.03. 1995 ж. (2010 жылғы өзгертулер мен толықтырулармен).

2. ҚР ҰБ-нің 2009-2010 ж. арналған ақша-несие саясаты // Қаржы-қаражат – 2009 ж., №7.

3. http://nationalbank.kz ҚР Ұлттық Банкінің ресми сайты.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2010 жылғы 27 желтоқсандағы №113 қаулысымен мақұлданған ҚР ақша-несие саясатының 2011 жылға арналған бағыттары.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет