Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі


-бап. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды тасымалдау кезіндегі экологиялық талаптар



бет28/32
Дата09.07.2016
өлшемі1.63 Mb.
#186525
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
273-бап. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды тасымалдау кезіндегі экологиялық талаптар

1. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ережелерге және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

2. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды тасымалдау ережелері жүк жөнелтушінің, тасымалдаушының және жүк алушының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, қауіпсіздік, физикалық жағынан қорғалу шараларын, оқиғалар мен аварияларға жол бермеу жөніндегі келісілген шаралар жүйесін, буып-түюге, таңбалауға және көлік құралдарына қойылатын талаптарды, ықтимал авариялардың салдарын тұмшалау жөніндегі іс-шараларды көздеуге тиіс.

 

274-бап. Ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыру мен пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар



1. Қазақстан Республикасының Үкіметіне ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыруға қатысты ұсыныстар енгізуге жергілікті мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.

Ядролық қондырғыларды немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыру туралы мәселенің қаралуы үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әзірленген, осындай қондырғыны немесе объектіні салу қажеттігінің негіздемесі, сондай-ақ оларды орналастыруға арналған алаңдардың балама нұсқалары қамтылуға тиіс материалдарды табыс етеді.

Материалдар:

1) ядролық қондырғы немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объекті орналастырылуы мүмкін аудандағы қоршаған ортаның сипаттамасын;

2) объектілерді салу, пайдалануға беру, пайдалану, пайдаланудан шығару және жабу жөніндегі жоспарланған жұмыстардың адам денсаулығына және қоршаған табиғи ортаға әсерін бағалауды;

3) қоршаған ортаға теріс әсерді төмендететін іс-шараларды;

4) қоғамдық тыңдаулардың қорытындылары міндетті түрде ескерілген мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық сараптамалардың оң қорытындысын қамтуға тиіс.

2. Ядролық қондырғыларды және объектілерді салу туралы шешімді аумағында ядролық қондырғы және (немесе) объекті салу жоспарланатын жергілікті өкілді органдар келіскен кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

3. Ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыру үшін жер учаскелерін және жер қойнауын беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде, Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыруға қатысты шешімдер қабылдау кезінде өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралар көзделуге тиіс. Бұл іс-шараларды жүзеге асырудың көлемі мен тәртібін әрбір нақты жағдайда ғылыми-экономикалық негіздемелер негізінде жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

5. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдалануға қабылдауды мемлекеттік қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.

6. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдалануға қабылдау жобада көзделген өндірістік және тұрмыстық мақсаттағы объектілермен бір кешенде жүзеге асырылуға тиіс.

7. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдаланудан шығару және радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған қойманы жабу тәртібі атом энергиясын пайдалану саласындағы нормаларға, ережелер мен стандарттарға сәйкес жобада көзделуге тиіс. Шығыстарды қаржыландыруды ядролық қондырғының немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектінің иесі жүзеге асырады.

2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)



8. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару және радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған қойманы жабу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және аталған іс-қимылдар басталғанға дейін екі жылдан кешіктірмей пайдаланушы ұйымның немесе осы салада маманданған ұйымның назарына жеткізіледі.

9. Ядролық қондырғы немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объекті орналасқан жерлерде санитарлық-қорғаныш аймағы және бақылау аймағы белгіленеді.

Аймақтардың көлемдері мен шекаралары жобада ядролық энергияны пайдалану саласындағы нормаларға, ережелер мен стандарттарға сәйкес белгіленеді. Санитарлық-қорғаныш аймағында және бақылау аймағында радиациялық жағдайды бақылау жүзеге асырылады.

10. Параметрлері мен кімге тиесілі екеніне қарамастан, санитарлық-қорғаныш аймағында, бағбандық және бақшалық жер учаскелерін орналастыруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қоса алғанда, тұрғын үй ғимараттарын, білім беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерін, спорттық-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға (салуға) тыйым салынады.

11. Санитарлық-қорғаныш аймағында орналасқан жерлер мен су айдындарын өнімдерге радиологиялық бақылауды міндетті түрде жүргізу шартымен шаруашылық мақсатында пайдалануға болады.

 

275-бап. Құрылыс материалдарының, минералдық тыңайтқыштардың, мелиоранттар мен көмірдің жол берілетін радиоактивтілік деңгейі



1. Құрылыс материалдарының, минералдық тыңайтқыштардың, мелиоранттар мен көмірдің жол берілетін радиоактивтілік деңгейі радиациялық қауіпсіздік нормаларымен белгіленеді.

2. Көмір радиациялық қауіпсіздік нормаларында белгіленген мөлшер шегінен аспаған кезде кез келген мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Радиоактивтілігі радиациялық қауіпсіздіктің қолданыстағы нормаларында және санитарлық ережеде көзделген деңгейден жоғары көмір, радиациялық қауіпсіздік нормалары сақталу шартымен карьердің ішкі үйіндісіне жинақталып, көмілуге тиіс.

 

276-бап. Елді мекендер аумақтарындағы, тұрғын үйлердің және қоғамдық ғимараттардың үй-жайларындағы радиациялық жағдайға, құрылыс материалдарының, минералдық тыңайтқыштардың, отын-энергетикалық шикізаттың радиациялық қауіпсіздігіне және мұнай операциялары кезіндегі радиациялық қауіпсіздікке бақылау ұйымдастыру



1. Радиациялық бақылауды ұйымдастыру радиациялық қауіпсіздіктің белгіленген нормативтік шамаларынан асуына жол бермеуін, сондай-ақ халыққа дозалық жүктемені төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен енгізуді өзіне міндет етіп қояды.

2. Елді мекен пункттерінің, тұрғын үй-тұрмыстық объектілерінің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, демалыс және рекреация аймақтарының, бағбандық серіктестіктерінің құрылысына жер учаскелері бөлініп берілген кезде, міндетті іздестіру жұмыстары көлеміне бөлініп берілген учаске аумағындағы сыртқы гамма-сәуленің экспозициялық дозасының қуатын өлшеу енгізілуге тиіс. Нәтижелері құрылысқа учаске таңдау жөніндегі комиссияның хаттамасымен ресімделеді.

3. Тұрғын үй объектілері пайдалануға берілген кезде сыртқы гамма-сәуленің экспозициялық мөлшерінің қуаты - әрбір пәтерде, ал радонның шоғыры әрбір кіреберістің бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінде өлшенеді. Радонның жол берілетін шоғырлануы асып кеткені анықталған жағдайда зерттеу үйдің барлық пәтерлерінде жүргізіледі.

4. Сыртқы гамма-сәуленің дозалық қуатын өлшеу жер бетінен немесе үй-жай еденінен 1 метр биіктікте жүргізіледі.

5. Радонның баламалық тепе-тең көлемді белсенділігінің болуын бақылау халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның әдістемелік нұсқауларына және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған басқа да әдістемелерге сәйкес жүзеге асырылады.

6. Пайдалануға берілетін құрылыс объектілеріндегі өлшеулердің нәтижелері радиациялық тексеру актісі түрінде ресімделіп, оның бір данасы объектіні пайдалануға енгізу жөніндегі мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісіне тіркеледі. Өлшеулерді өткізу үшін жауапкершілік объект құрылысын жүзеге асыратын және оны пайдалануға ұсынатын ұйымға жүктеледі.

7. Үй-жайлардағы гамма-фонды және радонның мөлшерін азайту жөніндегі іс-шараларды жүргізу мүмкіндігін, қажеттілігін, көлемі мен мерзімдерін халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының өкілдерін міндетті түрде қатыстыра отырып, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының комиссиясы айқындайды.

8. Табиғат пайдаланушы құрылыс материалдары, минералдық тыңайтқыштар, мелиоранттар мен отын-энергетика шикізаты кен орнын игеруді бастағанға дейін олардың радиациялық қауіптілік деңгейі мен пайдаланылу шарттары туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға тиіс. Қорытындыны геологиялық-барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша пайдалы қазбаларды радиациялық-гигиеналық бағалау бөлімі қамтылатын, кен орындарын игеру жобасының негізінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган береді.

9. Табиғат пайдаланушының радиациялық бақылау қызметі кен орындарын игеру жөніндегі жоба талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді, радиациялық бақылау нәтижелері құжатпен ресімделеді.

10. Өнімнің радиациялық сапасы аккредиттелген зертханалар орындаған зертханалық зерттеулер негізінде мемлекеттік бақылау органдарының қорытындысымен расталады. Өнімнің сапасын растаудың тәртібі мен кезеңділігі кен орындарын игеру жобаларының сараптамасы кезінде белгіленеді.

 

277-бап. Металл сынықтарына радиациялық бақылауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптар



1. Металл сынықтарын өндірістік радиациялық бақылау:

1) дайындау ұйымына түсетін барлық металл сынықтарын оның радиоактивті ластануын не онда оқшау гамма-сәуле көздерінің болуын анықтау мақсатындағы радиациялық бақылауды;

2) металл сынықтарының тобына немесе бөліктеріне жақын жерде радиациялық фонның артуы анықталған кезде гамма-сәуле дозасының қуатын өлшеуді;

3) металл сынығының альфа- және бета-активті радионуклидтермен беткі ластануының бар-жоғын іріктеп тексеруді;

4) металл сынығы топтарын тасуға арналған бос көлік құралына радиациялық тексеру жүргізуді, сондай-ақ жүк тиелген көлік құралының үстіндегі гамма-сәуле дозасының қуатын өлшеуді қамтиды.

2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)



2. Өндірістік радиациялық бақылау жүргізу әдістемесі санитариялық қағидаларда айқындалады.

 

278-бап. Радиациялық авариялар кезінде іс-шараларды жүзеге асыру тәртібі



1. Радиоактивті материалдарды тасымалдағанда төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтардың денсаулығын, олардың мүлкін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану, халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптары және техникалық регламенттер сақталуға тиіс.

2. Авариялық рәсімдер авария болған жағдайда жүк құрамының қоршаған ортамен өзара іс-әрекеті салдарынан басқа қауіпті заттардың пайда болу ықтималдығын ескеруге тиіс.

 

279-бап. Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қадағалау мен бақылау



Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қадағалау мен бақылау Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

40-тарау. Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды,



генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру және оларды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар

 

2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 280-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)



280-бап. Ықтимал қауіпті химиялық заттарды өндіру және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар

1. Ықтимал қауіпті химиялық заттарды өндіру мен пайдалану жөніндегі операциялар барысында:

1) өндіру, сақтау, тасымалдау және пайдалану процесінде қоршаған ортаға әсер етудің шекті жол берілетін белгіленген нормативтерінің орындалуы;

2) оларды қолданудың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды салдарларының алдын алу жөніндегі шаралардың орындалуы қамтамасыз етілуге тиіс.

2. Жойылуы қиын органикалық ластауыштарды қамтитын немесе оны пайдалану нәтижесінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жойылуы қиын органикалық ластауыштар түзілетін өнімді өндіруге және импорттауға тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған химиялық заттарды өндіруге және пайдалануға шектеу қойылады.

 

281-бап. Қоршаған ортаны зиянды және бақыланбайтын биологиялық әсерден қорғау



Ықтимал қауіпті биологиялық заттарды, оның ішінде генетикалық түрлендірілген организмдер мен өнімдерді өндіру мен пайдалану жөніндегі операциялар барысында:

1) өндіру, сақтау, тасымалдау және пайдалану процесінде қоршаған ортаға әсер етудің шекті жол берілетін белгіленген нормативтерінің орындалуы;

2) оларды қолданудың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды салдарларының алдын алу жөніндегі шаралардың орындалуы;

3) генетикалық түрлендірілген өнімдердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган пайдалануға рұқсат берген тізбе шеңберінде ғана пайдаланылуы қамтамасыз етілуге тиіс.

 

282-бап. Гендік-инженерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі



1. Генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру мен пайдалану жөніндегі операциялар барысында мынадай талаптар сақталуға тиіс:

1) табиғат пайдаланушылар генетикалық түрлендірілген өнімдердің қайдан шығатынын және қайда түсетінін айқындайтын жүйелер мен рәсімдерді меңгеруге тиіс;

2) қоршаған ортаға әдейі шығаруға арналған генетикалық түрлендірілген организмдер үшін табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органына олардың ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруге тиіс;

3) тағамға, жемге немесе өңдеуге арналған генетикалық түрлендірілген организмдер үшін табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өнімде болуы мүмкін генетикалық түрлендірілген организмдердің ерекшеліктерін сипаттап, өнімнің тек тағам, жем ретінде немесе өңдеу үшін пайдаланылуға тиістілігі туралы декларация ұсынуға тиіс;

4) генетикалық түрлендірілген организмдерден алынатын тағам және жем өнімдеріне қатысты табиғат пайдаланушылар сатып алушыларды өнімнің генетикалық түрлендірілген организмдерден алынғаны туралы хабардар етуге тиіс;

5) табиғат пайдаланушылар генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру мен пайдалану туралы ақпаратты бес жыл бойы сақтауға және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органға олардың талап етуі бойынша табыс етуге тиіс.

2. Ауыл шаруашылығының табиғат пайдаланушылары өз өнімін сатып алушыға оның генетикалық түрлендірілген өнім сатып алатынын таңбалау арқылы хабардар етуге және өз өнімін ұсынатын сатып алушылардың тізілімін жүргізуге тиіс.

3. Мемлекеттік органдар барлық генетикалық түрлендірілген тағам өнімдері мен жемге арналған таңбалау туралы қолда бар ережелерді таратады. Генетикалық түрлендірілген организмдерді қамтитын немесе олардан құралған немесе алынған барлық тағам өнімдері мен жемдер таңбалануға тиіс. Таңбалаудың мақсаты тұтынушыларды өнімнің немесе жемнің нақты қасиеттері туралы хабардар ету болып табылады.

4. Генетикалық түрлендірілген организмдерді таңбалау жүйесі түпкі тамақ өнімінде генетикалық түрлендірілген дезоксирибонуклеидтерді немесе белоктарды табу мүмкіндігіне негізделеді.

 

 

41-тарау. Өндіріс және тұтыну қалдықтарына меншік құқығын анықтау кезіндегі экологиялық талаптар



 

283-бап. Өндіріс және тұтыну қалдықтарына меншік құқығы

1. Қызметі нәтижесінде өндіріс және тұтыну қалдықтары құралатын жеке және заңды тұлғалар олардың меншік иелері болып табылады және, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын айқындайтын шарттар өзгеше көзделмесе, қалдықтар құралған кезден бастап олармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін жауапты болады.

2. Қалдықтарға меншік құқығын басқа тұлға сатып алу-сату, айырбастау, сыйға беру шартының немесе қалдықтарды иеліктен шығару туралы өзге де мәміле негізінде алуы мүмкін.

3. Мемлекет мемлекеттік меншік объектілерінде немесе сот шешімі бойынша мемлекеттік меншікке түсті деп танылған объектілерде құралатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да жағдайларда қалдықтардың меншік иесі болып табылады.

2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)



4. Қалдықтардың меншік иесі қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесін немесе қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды атқаратын субъектілердің қызмет көрсетулерін пайдалануға тиіс не қалдықтарды орналастыру мен жою жөніндегі операцияларды дербес жүзеге асыруға міндетті.

2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды

5. Меншік иесінің қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөнiндегi операцияларды орындайтын субъектiлерге қалдықтарды беруі, егер тараптар келісімді өзгеше жағдайда жасамаған болса, қалдықтарға меншік құқығының бір мезгілде осындай субъектілерге ауысуын білдіреді.

 

284-бап. Иесіз қалдықтар



1. Меншік иесі жоқ немесе меншік иесі белгісіз қалдықтар иесіз қалдықтар болып табылады.

2. Жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылар өз жер учаскелерінде иесіз қалдықтарды анықтаған кезде оларды пайдалануға кірісіп не қалдықтарды өз меншігіне айналдыруды куәландыратын өзге де әрекеттер жасай отырып, осы қалдықтарды өз меншігіне айналдыруға құқылы.



Басқа иесіз қалдықтар, егер сот қалдықтарды иеленуге кіріскен тұлғаның өтініші бойынша оларды иесіз қалдық деп таныса, осы тұлғаның меншігіне түседі.

2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)



3. Өзге жағдайларда, иесіз қалдықтарды тапқан тұлғалар бұл жөнінде тиісті жергілікті атқарушы органға хабарлауға міндетті. Аумағында иесіз қалдықтар анықталған облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы иесіз қалдықтардың бар екендігі жөнінде хабарлама алған кезден бастап бір жыл ішінде бұл қалдықтарды республикалық немесе коммуналдық меншікке түскен деп тану туралы талаппен сотқа жүгінуге міндетті.

Иесіз қалдықтар табылған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы қалдықтарды республикалық немесе коммуналдық меншікке түскен деп тану туралы талаппен де сотқа жүгіне алады.

4. Жергілікті атқарушы органдар иесіз қалдықтармен жұмыс істеу және олардың қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына теріс әсерін болдырмау жөніндегі іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады.

2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда

5. Иесіз қауіпті қалдықтар сот шешімімен республикалық меншікке түседі. Иесіз қауіпті қалдықтарды басқару тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Мұндай қалдықтарды басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы ұйым жүзеге асырады.

6. Сот шешімі бойынша республикалық немесе коммуналдық меншікке түсті деп танылмаған иесіз қалдықтар оларды қалдырған меншік иесінің иелігіне, пайдалануына және билік етуіне қайта қабылдануы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелену мерзімі өткендіктен меншікке сатып алынуы мүмкін.

7. Заңды тұлғалар өңдеу үшін алған иесіз қалдықтар қалдық ретінде қарастырылмайды.

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет