"Қазақстан Республикасының "жасыл" экономикаға көшуi жөнiндегi тұжырымдама туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 17 мамырдағы № 496 қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
«Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуi жөнiндегi тұжырымдама туралы» Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi С. Ахметов
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы
Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуi жөнiндегi тұжырымдама туралы
Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу: қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының «жасыл»
экономикаға көшуi жөнiндегi тұжырымдама (бұдан әрi - тұжырымдама)
бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспарын
бекiтсiн;
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар
облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi:
1) өз қызметiнде Тұжырымдаманы басшылыққа алсын және оны iске
асыру жөнiнде қажеттi шаралар қабылдасын;
2) мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң қабылданатын құжаттардың
Тұжырымдамамен үйлесуiн қамтамасыз етсiн.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2013 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН
Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуi жөнiндегi тұжырымдама
1. Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуiнiң пайымы
Халықтың өмiр сүру деңгейi жоғары, болашақ ұрпақтың мүддесiнде табиғи ресурстар ұқыпты әрi ұтымды пайдаланылатын және ел қабылдаған халықаралық мiндеттемелерге сәйкес табысты экономика ретiнде айқындауға болатын «жасыл» экономикаға көшу Қазақстан үшiн пайдалы және әлемнiң неғұрлым дамыған 30 елiнiң қатарына кiру жөнiнде елдiң алдына қойылған мақсатқа жақындауға мүмкiндiк бередi. Есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл» экономика шеңберiндегi өзгерiстер жалпы iшкi өнiмдi (бұдан әрi - ЖIӨ) 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 000-нан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсiп пен көрсетiлетiн қызметтердiң жаңа салаларын қалыптастыруға және халық үшiн неғұрлым салауатты әрi тең құқылы өмiр сүру шарттарын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Өзгерiстердi жүзеге асыру үшiн орта есеппен жыл сайын ЖIӨ-нiң 1 пайызы мөлшерiнде мемлекеттiк және жеке меншiк инвестициялар қажет.
1. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазақстанның экономикалық дамуында шикiзат ресурстарының маңызды роль атқаруы жалғасатынына қарамастан, елдiң «жасыл» экономикаға көшудi iске асыруының пайдасына бiрқатар экономикалық, экологиялық және әлеуметтiк салмақты дәлелдер бар. Жасыл экономикаға көшудiң алғышарттары ретiнде мыналарды бөлiп көрсетуге болады:
1) бiрқатар бағалау бойынша энергетикалық ресурстар мен жер
ресурстарын тиiмсiз пайдалану 2011 жылғы бағамен Қазақстанға жылына ЖIӨ-нiң кемiнде 4-8 пайызына шығын келтiредi;
2) көршiлес мемлекеттер экономикаларының өсуi аясында
трансшекаралық су ағындарының азаюы межеленiп отырғандықтан,
Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төнедi;
3) жер және су ресурстарының одан әрi сарқылуы мен сапасының
нашарлауы өңiрлiк дамудағы баланстың бұзылуына алып келедi, бұл ең алдымен Қазақстанның неғұрлым аз қамтамасыз етiлген өңiрлерiне әсерiн тигiзедi;
4) Орталық Азия өңiрiндегi орнықты дамуға жәрдемдесу үшiн әлемдiк қоғамдастық Қазақстанның нысаналы жобаларды сәттi iске асыруына үмiт артып отыр: «Болашақтың энергиясы» атты ЭКСПО-2017 көрмесi мен «Жасыл көпiр» әрiптестiк бағдарламасы. Қазақстанның әлемдiк қоғамдастық қолдау көрсеткен тағы бiр бастамасы Жаһандық Экологиялық Стратегия болатын. Амбициялы әрi қажеттi бастамалармен шығып қана қоймай, оларды сәттi iске асыра алатынын елiмiз өзiмiзге де, әлемге де көрсетiп, басқа елдерге үлгi болуға, өңiрдегi экономикалық дамудың жасыл бағытына көшудегi пионерге айналуға тиiс;
5) бүгiнгi күнi Қазақстан экономикасы сыртқы шикiзат нарықтарындағы бағаның күрт құбылуының әсерiне тәуелдi. Екiншi жағынан, Қазақстанның аса iрi мұнай-газ кен орындарындағы өндiру 2030 және 2040 жылдар аралығындағы кезеңде шарықтау шегiне жетедi. Әзiрге елiмiз мұнай-газ секторынан тұрақты табыс алып тұрған кезде экономиканы әртараптандыру және оның орнықтылығын арттыру жөнiнде неғұрлым батыл шаралар қажет.
2. Тұжырымдаманы қабылдау қажеттiгiнiң негiздемесi
Экономикалық өсудiң жасыл бағытына көшу мақсатында Тұжырымдаманы қабылдау бұрынғыдан да өзектi болып отыр.
Бiрiншiден, таяудағы 20 жыл iшiнде Қазақстанда инфрақұрылымды айтарлықтай жаңарту және дамыту жүргiзiледi: аталған активтердiң жалпы көлемiнен ғимараттардың 55 пайызы мен электр станцияларының 40 пайызы 2030 жылға қарай жаңадан салынады. Сондай-ақ автокөлiк паркiнiң 80 пайыздан астамы 2030 жылға қарай жаңа болады. Ел үшiн ресурстарды тиiмдi пайдаланатын жаңа инфрақұрылым құрудың бiрегей мүмкiндiгi туындайды. Олай болмаған жағдайда, қандай да бiр iс-әрекет жасалмаса, ел жуық арада ескiрген әрi бәсекеге қабiлетсiз инфрақұрылым проблемасымен бетпе-бет келедi.
Екiншiден, «жасыл» технологиялардың бәсекеге қабiлеттiлiгi жылдам өсуде және баламалы энергетиканың көптеген технологиялары таяудағы болашақта дәстүрлi көздермен салыстырғанда электр энергиясы өндiрiсiнiң неғұрлым шығынсыз тәсiлдерiн ұсынады.
Соңғысы, бүгiнгi күннiң өзiнде мемлекеттiк саясат саласында өзгерiстердiң жоғары қарқыны белгiленген. Стратегия-2050 амбициялы мақсаттар қояды:
1) электр энергетикасында: баламалы және жаңартылатын электр
энергиясының үлесi 2005 жылға қарай 50 пайызға жетуге тиiс;
2) энергия тиiмдiлiгiнде 2010 жылғы бастапқы деңгеймен салыстырғанда, 2015 жылға қарай ЖIӨ-нiң энергияны қажетсiнуiн 10 пайызға және 2020 жылға қарай 25 пайызға азайту жөнiндегi мiндет тұр;
3) су ресурстары бойынша 2020 жылға қарай халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және 2040 жылға қарай ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу жөнiндегi мiндет тұр;
4) ауыл шаруашылығында 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығы алқаптарының өнiмдiлiгiн 1,5 есе көтеру мiндетi тұр.
Бұл мақсаттарға қол жеткiзу Қазақстан экономикасын дамытудың қазiргi траекториясын айтарлықтай өзгертудi талап етедi, соның нәтижесiнде 2030 жылға қарай ел су және жер ресурстарын қалпына келтiрiп, табиғи капиталды пайдалану тиiмдiлiгiнiң орташа көрсеткiштерi жағынан негiзiнен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (бұдан әрi - ЭЫДҮ) қатысушы елдермен және басқа да дамыған елдермен теңесе алады.
3. Дамудың жалпы параметрлерi
Жалпы тұжырымдама мен iс-шараларды iске асыру жоспарлары негiз қалаушы мынадай алты параметрге сай келедi:
1) ресурстардың өнiмдiлiгiн арттыру: ресурстардың өнiмдiлiгi (су, жер, энергетика ресурстарының бiр бiрлiгiне, парниктiк газдар шығарындыларының бiр бiрлiгiне және т.б. шаққандағы ЖIӨ ретiнде айқындалады) орталық экономикалық көрсеткiшке айналуға тиiс, өйткенi бұл параметр ресурстардың қолданыстағы базасын пайдалана отырып, елiмiздiң құн жасау қабiлетiн бағалайды;
2) ресурстарды пайдалану үшiн жауапкершiлiк: ресурстарды тұтынуды мониторингiлеу мен бақылау үшiн үкiмет деңгейiндегi жауапкершiлiктi арттыру қажет. Бұл мемлекеттiк шешiмдердiң негiзгi ресурстарға әсерiн талдауға мейлiнше ыждаһатты қарауға мүмкiндiк бередi (су, жер ресурстары, энергетикалық ресурстар немесе ауа сапасы);
3) неғұрлым тиiмдi технологияларды пайдалана отырып, экономиканы жаңғырту: ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердiң кейбiреуiне қарағанда, Қазақстан шамамен таяудағы 20 жылда ЖIӨ-нi, өнеркәсiптiк өндiрiс көлемiн және инфрақұрылым объектiлерiнiң санын екi еселейдi. Бұл өзгерiстер экономикада мүлдем жаңа шешiмдердi қолдану мүмкiндiгiн ашады: бұл жаңа технологиялар, өндiрiстiң тұйық циклiмен интеграцияланған жүйелер немесе электр энергиясын өндiрудiң «Үшiншi индустриялық төңкерiс» шеңберiндегi инновациялық тәсiлдерi болуы мүмкiн;
4) ресурстарды тиiмдi пайдалану жөнiндегi iс-шаралардың
инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету: ресурстарды тұтынушы
салаларды субсидиялау, көбiнесе, оларды тиiмсiз тұтынуды
ынталандыратындықтан, мұндай субсидиялауды қысқарту мақсатында
ресурстар нарықтарында әдiл баға белгiлеудi қамтамасыз ету қажет;
5) бiрiншi кезекте рентабельдi iс-шараларды iске асыру: экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар экономикалық пайда алуға қол жеткiзуге мүмкiндiк беретiн бастамаларға басымдық берiледi. Тұтастай алғанда, «жасыл» өзгерiстер Қазақстан экономикасына қолайлы әсерiн тигiзуге тиiс;
6) халықты оқыту және экологиялық мәдениеттi қалыптастыру: ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау туралы бiлiм беру бағдарламаларын әзiрлеп, оларды бiлiм беру және кадрлар жүйесiне енгiзу қажет. Халық арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетiн таратуды ынталандыру керек.
4. Мақсаты мен мiндеттерi
Қазақстан ұлттық даму бойынша жоғары мақсаттар қойды: ел 2050 жылға қарай әлемнiң заманауи әрi сараланған экономикасы бар неғұрлым дамыған 30 елiнiң қатарына кiрудi жоспарлап отыр.
Ел алдында тұрған басым мiндеттердiң арасында:
1) негiзгi ресурстарды, оның iшiнде, су және жер ресурстарын
пайдаланудың қарқындылығын төмендету;
2) жеткiлiктi түрде дамымаған және ескiрiп бара жатқан
инфрақұрылымды, атап айтқанда, электр энергетикасында жетiлдiру;
3) халықтың әл-ауқатын арттыру және қоршаған ортаның ластануын азайту;
4) шекаралас елдердiң су ресурстарына тәуелдiлiктi азайту есебiнен ұлттық қауiпсiздiктi жоғарылату.
2. Негiзгi қағидаттар мен жалпы тәсiлдер
Тұжырымдама ресурстарды пайдалануға байланысты секторлардың бәрiндегi үйлестiрiлген саясатты қамтиды.
1. Су ресурстарын тиiмдi пайдалану
Бүгiнгi таңда Қазақстан ауыл шаруашылығының өсуiне және қоршаған ортаға су беру көлемiне ықпал ететiн су ресурстарының тапшылығымен бетпе-бет келiп отыр, мұның өзi көлдердiң, өзендердiң және экожүйелердiң бүлiнуiне, балық саласындағы шығындарға әкеп соқтырады.
Қазақстанның су ресурстары - жанды, бiрегей және осал жүйе, басқа елдерге қарағанда, ол сыртқы қауiптерге көп ұшырайды:
1) ағынсыз бассейндер және көл бетiнiң булануының жоғары деңгейi оларды ұстап тұру үшiн судың айтарлықтай жұмсалуына әкеледi;
2) Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан басталатын трансшекаралық өзендерге тәуелдiлiк, ол жер үстi сулары ағынының 44 пайызын құрайды және көршiлес елдердiң экономикалық және әлеуметтiк дамуының жеделдеуi салдарынан жылдам азаяды. Болжамдарға сәйкес трансшекаралық өзендердiң ағыны 2030 жылға қарай 40 пайызға азаюы мүмкiн;
3) Қазақстанның су ресурстары жаһандық жылынудың әсерiн сезiнiп отыр, мұздықтардың еруiнiң уақытша ұлғаюы су ресурстарының келешектегi көлемiне әсер етедi;
4) оның үстiне, экономикалық өсу су ресурстарының қолжетiмдiлiгiн үнемi ұлғайтып отыруды талап етедi;
5) суға деген сұраныстың жылдам өсуi және судың орнықты қорларының азаюы нәтижесiнде 2030 жылға қарай 14 млрд. текше метр мөлшерiнде су тапшылығы күтiлiп отыр, егер түбегейлi шаралар қабылданбай, даму қазiргi траектория бойынша жүретiн болса, 2050 жылға қарай тапшылық 20 млрд. текше метр құрайды (су ресурстарына қажеттiлiктiң 70 пайызы).
Бұл тапшылықты жою үшiн мынадай iс-шараларды iске асыру қажет.
Ауыл шаруашылығында:
1. 2030 жылға қарай су тұтынуды жалпы 2 есеге қысқарту.
2. 2030 жылға қарай егiс алқаптарының 15 пайызына тамшылатып суаруды және басқа да қазiргi заманғы су үнемдеушi технологияларды енгiзу, суды жiберiп суаруды суарылатын алқаптардың 80 пайызынан 5 пайызына дейiн азайту.
3. 2030 жылға қарай жабық топырақ алаңдарын 1700 гектарға дейiн ұлғайту.
4. Күрiш пен мақтаның егiс алаңдарын бiртiндеп 20-30 пайызға азайтып, 2030 жылға қарай оларды су ресурстары көзқарасы тұрғысынан неғұрлым үнемдi көкөнiс, майлы және жемшөп дақылдарына алмастыру.
5. Iрi инфрақұрылым объектiлерi - арналарды, су қоймаларын қалпына келтiру, меншiк құқығын және оларды күтiп ұстау үшiн жауапкершiлiктi айқындау.
6. Су алуды өлшеу және барлық түпкi және аралық су
пайдаланушылардан деректер жинауды бақылау жөнiндегi iс-шараларды iске асыру. Су есептеуiштердiң болуын ауыл шаруашылығында кез келген
мемлекеттiк қолдау көрсетудiң мiндеттi шарты ретiнде белгiлеу қажет.
Өнеркәсiпте:
1) энергетикалық, өндiрушi және металлургия салаларында су үнемдеу технологияларын енгiзу және сарқынды суларды қайтадан пайдалану мен сумен айналдыра жабдықтау есебiнен 2030 жылға қарай жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарда су пайдалануды жалпы 25 пайызға қысқарту;
2) жаңа өнеркәсiптiк кәсiпорындар үшiн суды тарту және тазарту
стандарттарын еуропалық деңгейге дейiн жоғарылату.
Коммуналдық шаруашылықта:
1) Үйлер мен коммуналдық желiлердегi судың ағып кетуiн жою, тарату тораптарындағы судың қысымын бақылау, тұрмыстық техника мен сантехниканың суды үнемдеу стандарттарын жоғарылату есебiнен 2030 жылға қарай су пайдалануды жалпы 10 пайызға азайту.
2) Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және болашақта тапшылықты жою мақсатында:
Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен екiжақты келiсiмдердiң қолданыстағыларын қайта қарау және 2015 жылға қарай сарқынды судың 20 пайыздан аспайтын көлемде құйылуына кепiлдiк беретiн жаңаларын жасасу;
2015 жылға қарай су ресурстарының картасын және 2017 жылға қарай бассейндер деңгейiнде инфрақұрылымға салынатын инвестициялар бойынша жоспарлар жасау;
су тасыған кезде сарқынды суды ұстай тұруға және жыл бойы вариативтiлiктi өтеуге арналған су қоймалары мен резервуарлар салу;
су ресурстары, сондай-ақ бүгiнгi күнi қол жетiмсiз деп танылған ресурстары көп бассейндер есебiнен аумақтардың тапшылығын қамтамасыз ету үшiн су аққылары мен арналар салу. Қолжетiмсiз су ресурстарын айналымға қосудың қосымша әлеуетi 10-нан 14 млрд. текше метрге дейiнгiнi құрауы мүмкiн;
сарқынды суларды тазарту станциялары мен ащы және тұзды суды тазарту қондырғыларын салу;
ағаш отырғызуды, қайраңды қалпына келтiрудi, лай тұнбасынан тазартуды және экожүйенi көрсетiлетiн қызметтер тұжырымдамасын әзiрлеу есебiнен бассейндiк жүйелердi қалпына келтiрудiң кешендi тәсiлi.
Су ресурстарын республикалық және бассейндiк деңгейде басқаруды күшейту үшiн 2013 жылдың соңына дейiн Су ресурстарын басқаруды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын бекiту қажет. Бағдарламаның негiзгi iс-шаралары мыналарды қамтуға тиiс:
1) республикалық комитеттер мен табиғи экожүйелердiң жай-күйiн
мониторингiлеу жөнiндегi қызметтердi деректердiң бүкiл көлемiн жинау және бағалау үшiн қажеттi ең заманауи материалдық-техникалық базамен және технологиялармен жасақтау;
2) қолжетiмдi су ресурстары мен су тұтыну туралы деректердiң, әрбiр бассейн деңгейiнде шешiм қабылдауға арналған жедел жұмыс құралдарын құру үшiн талдамалық деректердiң тiзiлiмiн жасау;
3) бассейндiк инспекцияларға бiртiндеп атқару және бақылау
функцияларын, бассейндiк инспекциялар деңгейiнде қабылданған шешiмдердi орындау мүмкiндiгiн беру;
4) барлық инфрақұрылым объектiлерi үшiн аудит жүргiзу, басым
инвестициялық жоспарды жiктеу және жасау, меншiк құрылымын айқындау, қажет болған жағдайда, инфрақұрылымды меншiк иелерi пайдалануының кешендi тәсiлiн iске асыру үшiн қолданыстағы заңнамаға өзгерiстер енгiзу.
Сондай-ақ су басу, су тасу және төтенше жағдайлар қаупiн бiрiздендiру әрi жою жөнiндегi жұмысты жалғастыру талап етiледi.
2020 жылға қарай су ресурстарын үнемдеудi ынталандырудың тиiмдi режимiне көшу мынадай мәселелердi пысықтап, зерделеудi көздейдi:
1) суды үнемдеушi технологиялардың енгiзiлуiн ынталандыру үшiн
субсидияларды түзету және ынталандырушы функциясы жоқ субсидияларды
жою;
2) су ресурстарының тапшылығын және экономикалық басымдықтарды көрсететiн лимиттердiң ашық тетiгiн енгiзу;
3) инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ететiн тарифтерге көшу;
4) су пайдаланудың барынша жоғары экономикалық тиiмдiлiгiне қол жеткiзу үшiн судың бағасы суға деген сұранысты көрсететiн суды пайдалану квоталарын саудалаудың нарықтық жүйесiн енгiзу, мұнда мемлекет нарықтық өзара iс-қимылдың қатысушысы болуға тиiс.
5) Қазақстан су ресурстарының тапшылығынан басқа, өнеркәсiптiк кәсiпорындар тарапынан да, сарқынды суларды коммуналдық қызметтердiң жеткiлiктi тазартпауының салдарынан да судың ластану проблемасына ұшырап отыр. Экологиялық заңнаманы шығарындылардың еуропалық стандарттарына сәйкес келтiру бөлiгiнде оларды жетiлдiру алғашқы қадам болуға тиiс. ЕО-ның осы салада реттеу жөнiнен ұзақ тарихы бар және ол заңнаманы, бақылау шараларын жасау және нақты технологияларды енгiзу бойынша үлгi бола алады. Су ресурстарын пайдалануды басқарудың интеграцияланған тәсiлiн қамтамасыз ету үшiн сумен жабдықтауды және су бұруды қадағалау функцияларын бiр мемлекеттiк органның қолына шоғырландыру қажет. 2030 жылға қарай су ресурстарын ластаудың еуропалық деңгейлерiне көшу және 2050 жылға дейiн тарихи ластануды тазартуды қамтамасыз ету қажет.
2. Өнiмдiлiгi жоғары ауыл шаруашылығының жетiстiгi
Қазақстанның ауыл шаруашылығы ұлан-байтақ жер ресурстары мен ауыл шаруашылығы өнiмiнiң мойындалған сапасының арқасында елеулi түрде өсу әлеуетiне ие. Жерге құнарлылығын қайтарып, жұмысқа орналасуға жаңа мүмкiндiктер жасайтын және тағам өнiмдерiн импорттаудан неғұрлым айқын тәуелсiздiктi қамтамасыз ететiн орнықты ауыл шаруашылығына көшу арқылы сектордың әлеуетiн iске асыру қажет.
Бүгiнде 2,2 миллион адам немесе Қазақстанның еңбек ресурстарының 26 пайызы ауыл шаруашылығы секторында жұмыс iстейдi және суды ұлттық тұтынудың 2/3-сi ауыл шаруашылығының еншiсiнде. 2010 жылы елдiң ЖIӨ-не ауыл шаруашылығының қосқан үлесi бар болғаны 4,5 пайызды құрады, бiрақ өзiнiң жұмысқа орналастыру, әсiресе, ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыру тұрғысынан маңыздылығы, Қазақстанның су балансына тигiзетiн әсерi және болашақтағы азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудегi рөлi негiзiнде ауыл шаруашылығы басым сектор ретiнде жалпыұлттық мәнге ие.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторы бiрқатар маңызды проблемаларға тап болып отыр. Қаржыландыру көздерiне қолжетiмдiлiктiң шектеулi болуы - неғұрлым айқын сезiлiп отырған проблемалардың бiрi. Еуропа Қайта құру және Даму Банкi мен Дүниежүзiлiк банктiң бағалауына сәйкес ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын қоса алғанда, фирмалардың 56 пайызы өздерiнiң Қазақстанда дамуы үшiн қаржыландыру көздерiне шектеулi түрде қол жеткiзетiндерiн айғақтайды. Ауыл шаруашылығы жабдықтарының 80 пайызынан астамы ескiрген, ал неғұрлым ұзақ мерзiмдi қаржыландыру үшiн шешiмдердiң жоқтығын және қазiр үмiтсiз борыштар үлесiнiң көп екенiн ескеретiн болсақ, қазiргi заманғы жабдықтарға инвестициялар тарту қиындық туғызады.
Қаржыландыру көздерiне қолжетiмдiлiктiң шектеулi болуы тыңайтқыштар мен сапасы жоғары тұқымдарды пайдалану мүмкiндiгiн де шектейдi. Қазақстанның фермерлерi Ресейдегi бiр гектарға (бұдан әрi - га) жұмсалатын 45 килограммен (бұдан әрi - кг) және АҚШ-тағы 145 кг/га-мен салыстырғанда бiр гектарға бар болғаны 4-15 кг тыңайтқыш пайдаланады. Қазақстанда су ресурстарын пайдалану тиiмдiлiгiнiң аса төмен болуына, бiрiншi кезекте, суарудың ескiрген әдiстерiн пайдалану және ауыл шаруашылығын жүргiзудiң тиiмдi практикалары себеп болып отыр. Қазақстандағы кейбiр су бассейндерi қазiрдiң өзiнде су ресурстарының айтарлықтай тапшылығын сезiнiп отыр және Қазақстандағы егiстiк жердiң басым бөлiгi қуаңшылыққа ұшыраған. Келесi екi он жылдық iшiнде су ресурстары тапшылығының айтарлықтай өсетiнi күтiлiп отыр, мұның өзi су тұтынудың тиiмсiз әдiстерiн қолданатын шаруашылықтардың күйзелуiне әкеп соғады.
Жайылым алқаптары елдi мекендердiң маңындағы жерлердiң тапталуы және шалғай учаскелерде жөндi баға алмаудан зардап шегiп отыр, бұл 20 млн. га жайылымның шектен тыс мал жаю салдарынан бүлiнуге ұшырауына алып келдi. Топырақтың бүлiнуi ретiнде айқындалатын, шөл жерге тән жағдайлардың қалыптасуына әкеп соғатын шөлейттену алаңдаушылық туғызу үшiн елеулi себеп болып табылады және Орталық Азия елдерiнiң жер ресурстарын басқару жөнiндегi бастамасына (САСILМ) сәйкес Қазақстанның жалпы жер алаңының 66 пайызға жуығы шөлейттенуге ұшыраған.
Қолайсыз климаттық жағдайлар және жоғарыда сипатталған проблемалар салыстырмалы түрде төмен еңбек өнiмдiлiгiне және өнiмнiң аз шығуына негiз болады. Қазақстанда бидайдың шығымдылығы жылына 7-16 центнер/га аралығында немесе орта есеппен жылына 11 центнер/га-ны құрайды, мұның өзi Қазақстанда, әсiресе, оның солтүстiк облыстарында жауын-шашынның аз болуымен сипатталатын климаттың күрт континентальды болуына байланысты, сондай-ақ жер өңдеудiң тиiмсiз тәсiлдерiн пайдалану және жер мен инфрақұрылым жағдайларының қолайсыз болуы салдарынан белгiлi бiр дәрежеде жоғары шығымдылыққа қол жеткiзудi шектейдi.
Ауыл шаруашылығы секторы тап болған проблемаларды шешу үшiн Қазақстанның Үкiметi ауыл шаруашылығы секторының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатында «Агробизнес - 2020» Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту жөнiндегi 2013 - 2020 жылдарға арналған пәрмендi бағдарламаны әзiрлеп шықты. Бұған қоса, орнықты егiншiлiкке көшу үшiн мынадай негiзгi бастамаларға көңiл аудару қажет:
1) қаржыландыру көздерiне қолжетiмдiлiктi ұйымдастыру жөнiндегi шараларды мемлекеттiк қолдау:
басқа елдерде ауыл шаруашылығына ұзақ мерзiмдi кредит беру жөнiндегi халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, фермерлердiң капитал салымына деген сұранысын қанағаттандыру үшiн қажеттi ұзақ мерзiмдi кредит беру өнiмдерiн әзiрлеу және жасау үшiн халықаралық және жергiлiктi даму институттарын, сондай-ақ екiншi деңгейдегi қазақстандық банктердi тарту;
Қазақстанда орнықты ауыл шаруашылығын құру үшiн жердi жаңадан өңдеуге арналған техниканы қолдану, тамшылатып суаруға арналған жабдық пен инфрақұрылымды, энергия үнемдеушi көлiк құралдары мен жабдықтарды пайдалану, фермерлердiң көлiктiк шығындарын азайту үшiн жол инфрақұрылымын жаңарту және т.б. сияқты неғұрлым қолайлы шешiмдер қабылдау мақсатында халықаралық және жергiлiктi сарапшыларды тарта отырып, ауыл шаруашылығы секторындағы iс жүзiнде жұмсалған шығыстар мен капитал салымдарының құрылымын зерделеудi жүргiзу;
орнықты ауыл шаруашылығының қағидаттары мен практикасын ынталандыру және енгiзу үшiн кепiлдiктер, субсидиялар және өзге де экономикалық ынталандыру шаралары нысанындағы ауыл шаруашылығын ұзақ мерзiмдi қаржыландырудың ықтималы құралдарын үкiметтiк деңгейде қарау;
2) фермерлердiң бизнес-жоспарлау дағдыларын дамыту, сондай-ақ екiншi деңгейдегi коммерциялық банктер және кредиттiк ұйымдар сияқты қаржыландыруға жауапты ұйымдардың дағдылары мен бiлiмдерiн олардың ауыл шаруашылығы секторын жақсы түсiнуi мақсатында дамыту тетiктерiн қайта қарау және жақсарту. Бұл мақсатқа қол жеткiзу үшiн қажеттi төмендегi шаралар мыналарды қамтиды:
ауыл шаруашылығы секторын дамыту тетiктерiн түсiнуге қатысты фермерлер арасында бизнес-жоспарлау бiлiктiлiгiнiң тапшылығы мен қаржы ұйымдары арасындағы бiлiктiлiк тапшылығын және нарықта қолжетiмдi қаржы өнiмдерiн анықтау;
шаруашылықты бизнес-жоспарлау дағдылары мен практикасын iлгерiлетуге және таратуға арналған құралдар ретiнде өнiмдi сатып алушылармен ұзақ мерзiмдi келiсiмдер жасасу (contract farming) қағидаты бойынша жүргiзетiн жергiлiктi озық фермаларды қандай дәрежеде пайдалануға болатынын анықтау;
екi жақтан да бiлiктiлiк тапшылығын жою үшiн фермерлер мен қаржы ұйымдарының дағдыларын дамытудың жетiлдiрiлген бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
3) фермерлiк шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сатып алушылар арасында ұзақ мерзiмдi шарттық қатынастар жасасу (келiсiмшарттық фермерлiк) қағидаты бойынша модельдiк шаруашылықтар құру үшiн шетелдiк инвесторларды тарту көптеген елдерде өзiн ынтымақтастықтың табысты тетiгi ретiнде көрсеттi. Қазақстанда осы модельдi өзiне пайда түсiре отырып тиiмдi түрде пайдалануға жеткiлiктi жағдай бар. Мұндай ынтымақтастықтың артықшылықтарының қатарында: а) меншiктi қаржы ресурстары және қаржылық шешiмдерi бар iрi инвесторларды тарту мүмкiндiгi; б) ауыл шаруашылығын жүргiзудiң заманауи технологиялары мен үздiк әлемдiк практикасын тарту мүмкiндiгi; в) ресурс үнемдеуге негiзделген орнықты және "жасыл" ауыл шаруашылығын жүргiзетiн инвесторларды тарту мүмкiндiгi. Осыған байланысты шетелдiк инвестицияларды тартудың артықшылықтарын iске асыру үшiн бiрқатар шаралар қабылдау қажет, оның iшiнде:
бүгiнде халықаралық практикада қолданыстағы келiсiмшарттық фермерлiк әрқилы балама модельдерiн бағалауды жүргiзу және Қазақстан үшiн неғұрлым оңтайлы моделiн таңдау;
Қазақстанға инвестицияларды жүзеге асырудың әкiмшiлiк шығасыларын барынша азайту мақсатында "жалғыз терезе" қағидаты бойынша бiрыңғай сарапшылық орталық құру арқылы ынтымақтастықтың осындай нысанын жасау үшiн жергiлiктi фермерлер мен шетелдiк инвесторлардың қызығушылық және қажеттiлiк дәрежесiн айқындау;
келiсiмшарттық фермерлiктiң таңдап алынған моделiн енгiзу және жобаға қатысушыларды қолдау шараларын iске асыру үшiн экономикалық және құқықтық база құру;
ауыл шаруашылығы нарығына халықаралық iрi қатысушылар үшiн Қазақстанда бизнес жүргiзудiң мүмкiндiктерiн таныстыру үшiн роуд-шоу деп аталатын инвесторларға арналған көшпелi таныстырылым өткiзу;
шетелдiк инвесторларды тартуды ынталандыру бойынша жер ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз ететiн алымдарды немесе баждарды азайту, қолдануға болатын кездерде салықтық перференциялар ұсыну және жердiң оңтайлы құнын айқындау сияқты тетiктерiн қарау;
4) суарудың қазiргi заманғы әдiстерiн пайдалануды және жылыжай
шаруашылығының дамыған секторын қалыптастыруды қамтитын су ресурстарын үнемдеу жөнiндегi iс-шаралар кешенiн iске қосу, мыналар оның негiзгi элементтерi болып табылады: а) суды көп қажет ететiн ауыл шаруашылығы дақылдарын алмастыру; б) суару технологиясын жетiлдiру; в) су тасымалдау кезiнде шығасыларды қысқарту;
5) жылыжай өндiрiсiн дамыту жоспарын әзiрлеу, ол мыналарды қамтиды: қажеттi iс-шаралар мен капитал инвестицияларын жақсы жоспарлай бастау үшiн қазiргi жылыжай алаңдары жөнiндегi деректердiң жағдайын жақсарту;
қолжетiмдi жылыжай технологияларын бағалап, Қазақстан үшiн неғұрлым тартымды басым шешiмдердi айқындау;
мынадай екi факторға: а) жылыжай секторы өндiрiсiнiң ықтимал көлемiне және б) суды үнемдеудiң ықтимал көлемiне баса мән бере отырып, жылыжай өндiрiсi нарығының көлемiн нақтылау;
жылыжай құрудың жергiлiктi фермерлер мен халықаралық инвесторларға тартымды болуы үшiн ынталандыру тетiктерiн әзiрлеу.
3. Энергия тиiмдiлiгiн арттыру
Елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн өсiрудегi, өнеркәсiп пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты технологиялық жаңғыртудағы, энергетикалық және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi басты бағыттардың бiрi энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру болып табылады.
Қазақстан Республикасын үдемелi индустриалдық-инновациялық дамытудың 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы елдiң iшкi жалпы өнiмiнiң энергияны қажетсiнуiн 2015 жылға қарай кемiнде 10 пайызға төмендету бойынша мiндеттер қойды.
Сонымен, энергия үнемдеу бiр мезгiлде энергетикалық және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi әдiсi бола тұра, мемлекеттiң стратегиялық мiндеттерiне жатқызылды. Энергия үнемдеудiң стратегиялық мақсаты - бұл энергияның тиiмдiлiгiн барлық салаларда, барлық өңiрлер мен тұтастай алғанда ел бойынша арттыру.
Халықаралық энергетикалық агенттiктiң деректерi бойынша, Қазақстан Республикасының iшкi жалпы өнiмiнiң энергияны қажетсiнуi ЭЫДҰ-ға кiретiн елдердiң орташа деңгейiнен шамамен жетi есе жоғары және Ресейдiң орташа деңгейiнен 25 пайызға жоғары. Негiзгi себептер:
1) ЖIӨ көлемiндегi энергияны қажетсiнетiн өндiрiстердiң жоғары үлесi бар экономика құрылымы;
2) көмiр электр станцияларына негiзделген электр энергетикасының шоғырландырушы қуаттары;
3) көмiр мен жылу энергиясын көп тұтынуды талап ететiн қатаң климаттық жағдайлар;
4) негiзгi салалардағы негiзгi және қосалқы жабдықтың елеулi тозуы (энергетика 60-80 пайыз, түрлi-түстi металлургия 30-40 пайыз және т.б.) және оларды жаңартудың төмен коэффициентi;
5) автомобиль көлiгiнiң 80 пайызы 10 жылдан астам пайдаланылып келедi, iрi қалаларда жеке меншiк автомобильдер көлiк ағынының 70 пайыздан астамын құрайды;
6) ғимараттардың қазiргi заманғы талаптарға сай келмейтiн жылу техникалық сипаттамалары;
7) қолданыстағы қазандықтардың тиiмдiлiгi 65-70 пайыздан аспайды, ал жаңа қазандықтарды пайдалану тиiмдiлiктi 85-90 пайызға дейiн арттыруға мүмкiндiк берер едi;
8) жылу энергиясын жылу желiлерi бойынша беру кезiндегi
жоғалтулардың үлкен көлемi (25-40 пайызға дейiн), сол кезде халықаралық тәжiрибе бұл көрсеткiштi 10 пайызға дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн айғақтайды.
Энергия тиiмдiлiгiн арттыру бөлiгiндегi негiзгi қосымша шаралар болып мыналар табылады:
ТКШ мен жылыту жүйесiнде:
1. Ескi әрi тиiмсiз қазандықтарды жаңғырту немесе ауыстыру.
2. Жылумен жабдықтау жүйесiн кеңейткен немесе оған өзгерiстер
енгiзген кезде жылу мен электр энергиясын аралас өндiрудiң қолжетiмдi
мүмкiндiктерiн барынша тиiмдi пайдалану мүмкiндiгiн бағалау қажет.
3. Ескi құбырларды оқшауланған жаңаларына ауыстыру; бұл ретте бүкiл құбыржол желiсiнiң 60 пайыздан астамы тиесiлi, ал шығындар жылу таратудың бүкiл жүйесiн жаңғыртуға салынатын инвестициялардың жалпы көлемiнiң төрттен бiрiн құрайтын, шығасылардың ең көп бөлiгi тиесiлi шағын диаметрлi жылу желiлерiн жөндеуге неғұрлым басымдық берiлуге тиiс.
4. Энергия үнемдеу элементтерiмен күрделi жөндеу өткiзген кезде
қолданыстағы ғимараттарды жылу тұрғысынан жаңғырту. Жаңа ғимараттарды
жылуды қорғаудың соңғы стандарттарына сәйкес салу.
5. Ғимараттар қорының энергия тиiмдiлiгiн арттыру үшiн тұтынушы мен өндiрушi үшiн:
1) жылу тарифтерiн экономикалық тұрғыдан ақталатын деңгейге дейiн жеткiзе отырып;
2) есептеуiштер орната отырып, қосалқы жылу станцияларын құра
отырып және төлемдердi iс жүзiнде тұтынылатын жылу үшiн жинау жүйесiне көше отырып;
3) халықтың әлеуметтiк осал топтарына нысаналы атаулы көмек түрiнде қолдау көрсету жөнiндегi шараларды әзiрлей отырып;
4) жылу желiлерiн, өндiрiстiк қуаттарды және ғимараттарды жаңғыртуды қаржыландыру отырып, бiрқатар қолайлы факторлар жасау талап етiледi.
6. Жаңа құрылыс стандарттарының қолданылуын пәрмендi бақылауды енгiзу.
7. Құрылыс саласында және жылу энергетикасында энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шаралардың iске асырылуын ұдайы мониторингiлеудi енгiзу.
8. Жылыту саласындағы iс-шаралардың iске асырылуын қолдау үшiн тиiмдi басқаруды әзiрлеу (мысалы, жылумен жабдықтайтын ұйымдармен және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен бiрлесiп жұмыс iстей отырып, мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк арқылы).
9. Ақпараттық және насихат науқандарын ұйымдастыру арқылы түтынушыларды үйрету, заңдар мен қаулыларды жетiлдiру және орындалуын қамтамасыз ету.
10. Мемлекеттiң туындайтын проблемаларды қадағалау немесе оларды пайда болу шамасына қарай шешу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету үшiн деректердi тиiмдi жинау.
11. Энергиялық тиiмдi саланы қалыптастыру үшiн, әсiресе жылу
сақтайтын материалдарды, зауыттық жылу сақтағышы бар терезелер мен
құбырларды өндiру бойынша ұлттық салаларды дамыту жолымен мемлекеттiк
қолдау көрсету.
Өнеркәсiпте:
1. Өнiмнiң бiрлiгiне энергия ресурстарын тұтынуды төмендету үшiн өнеркәсiптi жаңғырту;
2. Энергия тиiмдiлiгiн арттыру бойынша инновациялық технологияларды енгiзу;
3. Кәсiпорынды жаңғырту үшiн қаржылық жағдайлар жасау;
4. Энергия үнемдеу саласындағы кадрлармен қамтамасыз ету;
5. Жабдықты жаңғырту және сақтағыш өндiрiстi құру үшiн ғылым мен өндiрiстiң өзара iс-қимылы.
Көлiк секторында:
1. Энергиялық тиiмдi көлiк инфрақүрылымын дамыту;
2. Темiржол көлiгiнiң энергия тиiмдiлiгiн арттыру;
3. Жергiлiктi қоғамдық көлiктi таза отынға (газ және электр) көшiру есебiнен оның энергия тиiмдiлiгiн арттыру.
Электр энергетикасы
Қазақстанда электр энергиясына өсiп отырған сұранысты қанағаттандыру және ескi электр станцияларын пайдаланудан шығару едәуiр жаңа қуаттарды салуды талап етедi: тұрақты емес көздер ретiнде қаралатын жаңартылатын энергия көздерiнiң (бұдан әрi - ЖЭК) белгiленген қуатын ескермегенде, энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде қабылданып жатқан шараларға байланысты 2030 жылға қарай шамамен 11-12 гигаватт (бұдан әрi - ГВт) (бұл 2012 жылға белгiленген қуаттың шамамен 60 пайызына сәйкес келедi) және 2050 жылға қарай шамамен 32-36 ГВт.
Қазiргi уақытта энергетикалық қоржынның құрылымын айқындайтын кейбiр сыртқы факторларға қатысты белгiсiздiк орын алып отыр. Мысалы: 2030 жылға дейiн отандық газдың қандай көлемi электр энергетикасы үшiн қолжетiмдi болады? Мұндай газ қандай бағамен сатылатын болады? Әлемде және Қазақстанда жел мен күн электр станцияларына арналған күрделi шығындардың азаю серпiнi қандай болады? Әлемдегi және Қазақстандағы көмiрсутек бiрлiгiнiң құны қандай болады?
Мұндай белгiсiздiктерге қарамастан, Тұжырымдама қандай жағдай болса да iске асырылуы қажет iс-шараларды қамтиды:
1) қолданыстағы станциялар бойынша:
жаңғырту кестесi мен шоғырландырушы активтердiң қалған қызмет ету мерзiмiн айқындау үшiн 2020 жылы колданыстағы электр станцияларының бәрiнiң техникалық жай-күйiне аудит және энергия аудитiн жүргiзу;
зиянды заттардың шығарындылары бойынша заманауи стандарттарға қол жеткiзу мақсатында қолданыстағы көмiрмен жұмыс iстейтiн электр станцияларын жаңғырту, бұл жиынтығында 2020 жылға қарай 8,3 ГВт дейiнгiнi құрайды, яғни 2020 жылдан кейiн пайдаланылатын қолданыстағы көмiрмен жұмыс iстейтiн электр станцияларының бәрiн жаңғыртып, ең алдымен, шаң, күкiрт қостотығы мен азот тотығы шығарындыларын ұстап қалу үшiн шаң-газ тазартқыш жабдықтарды орнату;
2) жаңа жылу станцияларын отынды пайдалану тиiмдiлiгi мен
экологиялық параметрлерi жағынан үздiк әлемдiк технологияларға сәйкес
тұрғызу қажет.
3) энергияны генерациялау газға ауыстырылатын үлкен қалаларды
қоспағанда, көмiрмен жұмыс iстейтiн ескi қуаттарды заманауи жаңа көмiр станцияларына бiртiндеп ауыстыру қажет.
4) жел және күн электр станцияларын (бұдан әрi тиiсiнше - ЖЭС және КЭС) салу арқылы жаңартылатын энергетиканы дамытуды бастау қажет:
2020 жылға қарай электр энергиясын өндiрудiң жалпы көлемiндегi ЖЭС пен КЭС үлесiн 3 пайызға жеткiзу;
2030 жылға қарай электр энергиясын өндiрудiң жалпы көлемiндегi ЖЭС пен КЭС үлесiн 10 пайызға жеткiзу;
дәстүрлi көздермен салыстырғанда бәсекеге қабiлеттiлiктiң қолайлы деңгейiне қол жеткiзгеннен кейiн ЖЭК-тi толық ауқымда енгiзуге көшу, бұған 2020 және 2030 жылдар арасындағы кезеңде қол жеткiзу межеленiп отыр;
электр энергиясын өндiрудiң жалпы көлемiндегi жел, күн, гидро және атом станцияларын қоса алғанда, баламалы және жаңартылатын энергия көздерi үлесiнiң 50 пайызына қол жеткiзу;
5) атом энергетикасына инвестиция салу есебiнен, оның iшiнде секторда адал бәсеке құру және уран өндiрушi өнеркәсiптiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету үшiн энергетика секторын әртараптандыру, мұнда атом электр станцияларының (бұдан әрi - АЭС) белгiленген жалпы қуаты 2030 жылы 1,5 ГВт құрап, 2050 жылға қарай ол 2,0 ГВт дейiн өседi. Атом генерациясын дамыту кезiнде қауiпсiздiк жөнiндегi бастамаларды iске асыру қажет, ол мыналарды көздейтiн болады:
Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң Атом энергетикасы комитетiн күшейтiп, оған атом энергетикасындағы қауiпсiздiктi және қауiпсiздiк стандарттарының сақталуын бақылау бойынша ерекше өкiлеттiктер беру;
АЭС пайдаланудан шығарылғаннан кейiн қоршаған ортаны ластанудан тазарту жөнiндегi қызметтерге ақы төлеу үшiн АЭС операторы қаржылай қаражат аударуға мiндеттi қор құру жөнiндегi талаптарды қоса отырып, уран қалдықтарын тиiмдi басқаруды режимдiк бақылауды енгiзу;
қалдықтарды орналастыру және сақтау үшiн қауiпсiз жер табуға кепiлдiк беру үшiн уран қалдықтарын басқару стратегиясын әзiрлеу;
6) елдiң солтүстiк, шығыс және оңтүстiк өңiрлерiнде газ инфрақұрылымын құруға инвестициялар қажет. Бұл барлық iрi қалалардағы көмiрмен жұмыс iстейтiн ЖЭО-ларды газға көшiруге мүмкiндiк бередi, бұл, ең алдымен, жергiлiктi шығарындылардың деңгейiн азайтады және атмосфералық ауа сапасын жақсартады, сондай-ақ тұрақты емес жаңартылатын энергия көздерiн қолдау үшiн икемдi резервтiк қуаттың болуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Газ инфрақұрылымын дамыту үшiн мынадай шешiмдер қабылдау қажет:
газ электр станцияларына және тұтастай алғанда, қажеттi қосалқы газ инфрақұрылымына инвестицияларды ынталандыру үшiн газ қуаттарының 2020 жылға қарай энергия балансы құрылымында белгiлi бiр үлеске жетуi бойынша мақсат қою;
экономикалық тұрғыдан тиiмдi және экологиялық тартымды болған жағдайда, жаңа электр станцияларына газ жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн қажеттi инфрақұрылымды салу жөнiндегi жоспарды келiсу;
7) көмiрмен жұмыс iстеп тұрған, ең алдымен iрi қалалардағы (Алматы, Астана, Қарағанды) ЖЭО-ларды газға көшiру, сондай-ақ осы қалалардағы экологиялық ахуалды жақсарту үшiн 2020 жылға дейiн газбен жұмыс iстейтiн жаңа станциялар салу. Көмiрмен жұмыс iстеп тұрған ЖЭО-ларды газға көшiрудi жүзеге асыру техникалық жағынан қиындық туғызса, көлемi мен бағасы жағынан газдың қолжетiмдiлiгi ескерiле отырып, мұндай станцияларды газбен жұмыс iстейтiн станцияларға ауыстыру арқылы оларды бұзу жүргiзiлетiн болады.
Ауаның ластануын азайту
Ауаны ластайтын заттардың негiзгi түрлерi - бұл қатты бөлшектер, күкiрттiң қостотығы және азот тотығы. Сол сияқты ауаға сынап, озон, қорғасын, улы газ қосындылары мен диоксиндер шығарылады. Шаң, күкiрт қостотығы мен азот тотығы шығарындыларының негiзгi көлемi Қазақстанның үш негiзгi секторына келедi: қазба отын пайдаланылатын электр энергетикасы, өңдеушi және тау-кен өндiру саласы, көлiк.
Шаң, күкiрт қостотығы мен азот тотығы шығарындыларының қомақты бөлiгiн электр энергетикасы, сондай-ақ қазандықтар, яғни табиғи отынды жағу көздерi шығарады. Олар атмосфераға ластаушы заттардың жиынтық шығарындыларына неғұрлым елеулi үлес қосады - шығарындылардың жалпы көлемiнiң 40 пайызы, қатты бөлшектер шығарындыларының 50 пайызы, күкiрт қостотығы шығарындыларының 47 пайызы және азот тотығы шығарындыларының 60 пайызы. Шығарындылардың елеулi бөлiгi сапасы төмен көмiрдi пайдалануға және электр станциялары мен аудандық жылу орталықтарында ластануды бақылауға арналған тиiмдi жабдықтың болмауына негiзделген.
Ауаның ластануы - Қазақстанның қалалық аймақтарындағы, әсiресе, өндiрiстiк кәсiпорындар орналасқан орталықтарға айналған және индустрияландырылған облыстарда орналасқан өнеркәсiптiк аймақтардағы маңызды экологиялық проблема. Қазақстанның облыстарындағы шығарындылардың негiзгi көлемi қалалық аймақтарға тиесiлi. Ауа сапасының төмен болуынан қала халқының қомақты бөлiгi зардап шегетiндiктен, дәл қалалық аймақтардағы ахуалды жақсартуға ерекше көңiл бөлу қажет.
Соңғы жылдары Қазақстанда ауаның ластану деңгейiнiң айтарлықтай ұлғайғаны байқалды. Ауаны ластайтын заттар аурудың жиiлеуiн ұлғайтуға ықпал етедi және осының салдарынан ұлттық экономикаға денсаулық сақтау қызметтерiне шығындар және еңбек өнiмдiлiгiнiң азаюы нысанында тiкелей және жанама залал келтiруге әкеп соқтырады. Жеделдетiлген экономикалық өсудiң келеңсiз әсерiне қарсы тұру үшiн 2007 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан үкiметi жаңа Экологиялық кодекстi қабылдады. Кодекс қоршаған ортаға әсер ететiн процестердiң барлық аспектiлерiн, атап айтқанда, газдар мен басқа да ластаушы заттардың атмосфераға шығарындыларын реттейдi. Кодекс Қазақстандағы өнеркәсiптiк шығарындыларды бақылау және реттеу үшiн пайдаланылатын жалпы заңдар мен нормаларды қамтиды. Бұған қарамастан, шығарындылар бойынша республика нормативтерi еуропалықтардан айтарлықтай асып түседi. Сондықтан да, Қазақстандағы ауа сапасын жақсарту үшiн шаң, күкiрт қостотығы мен азот тотығы шығарындылары бойынша мейлiнше қатаң стандарттар белгiлеу қажеттiгi орын алып отыр.
Қазақстандағы өнеркәсiп пен электр және жылу энергиясын шоғырландыру объектiлерiнен шығарылатын шығарындылардың ағымдағы деңгейiн талдау негiзiнде мынадай шараларды iске асыру қажет:
1) 2014 жылдың соңына дейiн электр энергиясын, жылу энергиясын
өндiрушiлермен және өзге де iрi индустриялық компаниялармен бiрге
шығарындылар бойынша еуропалықтарға жақындатылған жаңа стандарттарға
көшудiң қағидаттары мен жол картасын әзiрлеу;
2) 2015 жылдың соңына қарай ЕО стандарттарына қарай жақындатылған стандарттарды әзiрлеу және енгiзу;
3) iрi қалаларға таяу орналасқан генерация және өнеркәсiп объектiлерiнде шаң-газ тазарту жабдығын жаңғырту және орнату әрi шығарындылар бойынша көрсеткiштердi әзiрленген жол картасына сәйкес қолданыстағы нормативтерге дейiн жеткiзу;
4) қолжетiмдi инфрақұрылым бар болса, көмiрмен жұмыс iстеп тұрған электр станцияларын газға ауыстыру;
5) көмiрмен жұмыс iстейтiн электр станцияларының iрi қазандықтарын, бiрiншi кезекте, шаң, күкiрт қостотығы мен азот тотығы шығарындыларының деңгейiн бақылайтын заманауи жабдық орната отырып жаңғырту қажет. Электр энергиясына сұранысты қанағаттандыру үшiн қуаты аз қазандықтардың қызмет ету мерзiмi аяқталғанға дейiн оларды қалдыруға болады;
6) iрi станциялардың, қазандықтар мен өнеркәсiптiк кәсiпорындардың атмосфералық шығарындылардың сапасын үздiксiз өлшеп тұруға арналған жабдықты орнатуы;
7) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi
уәкiлеттi органы тарапынан ластаушы заттар мен парниктiк газдар
шығарындыларын үздiксiз мониторингiлеу мен қадағалаудың жүзеге
асырылуы;
8) көлiк секторында мынадай iс-шараларды iске асыру қажет.
көлiк құралдарын пайдалану әдiстерiн жетiлдiрумен, отын балансы мен операциялық қызметтiң тиiмдiлiгiн арттырумен қатар, заманауи көлiк паркiн енгiзу;
2016 жылғы шiлдеден бастап еуропалық нормативтерге сәйкес автомобиль көлiгiнен атмосфераға шығарылатын шығарындылар бойынша нормативтердi белгiлеу;
қазiргi бүкiл автомобиль паркiнiң бiржолғы аудитiн 2020 жылға дейiн аяқтап, пайдаланылған газ сапасы тұрғысынан автомобильдерге жыл сайын үнемi инспекция жүргiзу;
газ ресурстарына және газ бағасын субсидиялау туралы шешiмдердiң қабылдану шамасына қарай 2020 жылға дейiн Алматы қаласының қалалық көлiгiн компримацияланған газға көшiру; басқа да iрi қалалардағы (Астана, Қарағанды, Шымкент) қалалық көлiктi газға ауыстыру.
Қалдықтарды басқару
1. Қалдықтарды қайта өңдеу саласына кейбiр инвестициялар түсетiндiгiне қарамастан, Қазақстанға қалдықтарды басқарудың кешендi жүйесi жетiспейдi. Қалдықтар бағалы фракцияларды, энергияны, қорданы шығарып алу, сондай-ақ қайталап өңдеу және байыту үшiн қолдануға болатын маңызды ресурс болып табылады.
Қазақстан қазiргi проблемаларды жеңуi және қалдықтарды басқарудың сапалы жаңа деңгейiне шығуы қажет.
2. Тарихи өнеркәсiптiк қалдықтар мұрасы. Ауыр өнеркәсiп,
агроөнеркәсiптiк кешен және пайдалы қазбаларды өндiру жұмыстары
жүргiзiлген жылдары қалдықтарды басқарудың кешендi саясатының болмауы қараусыз қалдықтардың тарихи қомақты көлемдерiнiң жинақталуына алып келдi, олардың басым бөлiгi уытты, ал кейбiреуi радиоактивтi.
3. Тұрмыстық қалдықтардың өсiп келе жатқан көлемi. Қала аудандарында тұрмыстық қалдықтардың көлемi (жылына бiр тұрғынға 330 килограмм) негiзiнен жан басына шаққанда салыстырмалы ЖIӨ бар елдер бойынша салыстыратын көрсеткiштерге сәйкес келедi. Жан басына шаққандағы ЖIӨ толығымен жан басына шаққандағы қалдықтар көлемiн жеткiлiктi дәл болжайтындықтан, келесi жылдары тұрмыстық қатты қалдықтар (бұдан әрi -ТҚҚ) көлемiнiң өсуi болжанған, бұл ретте 2025 жылға дейiн оның 50 пайыздан астам ұлғаюы күтiледi.
4. Өнеркәсiптiк қалдықтардың жаңадан түзiлген көлемi өсiп келедi. Тау-кен өнеркәсiбiнiң, қайта өңдеу салаларының және ауыр өнеркәсiптiң дамуына байланысты Қазақстан өнеркәсiптiк қалдықтардың қомақты көлемiн шығарады, бұларды ең үздiк халықаралық практикаға сәйкес басқару қажет.
5. Халыққа қызмет көрсетудi ұйымдастыру стандарттарға сәйкес
келмейдi. Iрi қалалардан тыс орта есеппен халықтың тек төрттен бiрiнде ғана тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жөнiнде көрсетiлетiн қызметтерге қолжетiмдiлiгi бар. Сондай-ақ қызмет көрсетумен қамтудың өңiрлiк маңызды айырмашылықтары бар.
6. ТҚҚ тасымалдау және кәдеге жарату тәсiлдерi стандарттарға сәйкес келмейдi. Тұрмыстық қатты қалдықтардың 97 пайызы өңделмей және құнды қайталама ресурстар алынбай, санитариялық талаптарға жауап бермейтiн бақыланбайтын үйiндiлер мен полигондарға шығарылады.
7. Қалдықтарды жинауға, қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға арналған инфрақұрылым дамымаған. Технологиялар мен инфрақұрылым экономикалық ынталандырулардың, сондай-ақ ынталандырушы басқа да аспектiлердiң болмауы себебiнен талаптарға сай келмейдi - мысалы, кейбiр нормалар мен талаптар бар, бiрақ мемлекет тарапынан бақылаудың жеткiлiксiз болуынан оларды орындау деңгейi төмен. Сонымен қатар, қалалық қалдықтардан қайта өңдеу және қордалау немесе энергия алу жолымен қосылған құнды алу деңгейiн жоғарылату мақсатында қалдықтарды кәдеге жарату секторында жергiлiктi органдар мен бизнес үшiн ынталандыру шаралары жеткiлiксiз қолданылған. Қайта өңдеу көлемдерi тұрмыстық қатты қалдықтардың жалпы көлемiнiң 5 пайызынан кем.
8. Тұрмыстық қатты қалдықтар проблемасын шешу үшiн мынадай iс-шараларды iске асыру қажет:
1) ТҚҚ үлкен үйiндiлерiнiң бәрiнде мұқият аудит жүргiзу және оларды қопсыту жөнiндегi шараларды айқындау;
2) ТҚҚ қайта өңдеу және кәдеге жарату және қайта өңдеу жөнiнде мемлекеттiк бағдарлама әзiрлеу, ол мынадай аспектiлердi қамтиды:
2050 жылға қарай 50 пайызға дейiнгi көлемде ТҚҚ қайта өңдеудiң және 2050 жылға қарай үлесi 100 пайызға дейiн өсуге тиiс экологиялық және санитариялық талаптарға сай келетiн полигондарда ТҚҚ-ның қалдық көлемiн жинақтаудың нысаналы деңгейiн айқындау, яғни елдегi полигондардың бәрi 2050 жылға қарай ең заманауи экологиялық және санитариялық талаптарға сай келуi тиiс;
тұтынушылардан тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгiзу;
қайта өңделген материалдардан алынатын пайданы ескере отырып, рентабельдiлiк нормасы айқындалған операциялық шығындар мен осы салаға инвестицияларды жабуға кепiлдiк беретiн тарифтi есептеу әдiстемесiн айқындау;
ораудың, электрондық және электрлiк жабдықтардың, көлiк құралдарының, жиһаздың және басқа да тауарлардың пайдаланылғаннан кейiнгi қалдықтарын жинауға және кәдеге жаратуға жүмсалатын шығыстардың бiр бөлiгiн жабу мақсатында өндiрушiнiң кеңейтiлген жауапкершiлiгi қағидатын енгiзу;
саланы дамыту үшiн бюджет ресурстары есебiнен инвестициялар тарту тетiгiн, мысалы iрi қалаларда мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк арқылы және шағын елдi мекендерде муниципалдық құрылымдар деңгейiнде тарту тетiгiн әзiрлеу;
аумақтарды кеңiнен қамти отырып, тұрмыстық қалдықтарды бәсекелi негiзде басқаруға келiсiмшарттар жасасу;
ТҚҚ жинау мен кәдеге жаратуға тарифтердi белгiлеу кезiнде халықтың әлеуметтiк осал топтарына арналған мемлекеттiк қолдау шараларын айқындау;
3) анаеробика, компостинг немесе биогаз сияқты жаңа технологияларды пайдалана отырып, ТҚҚ қайта өңдеу мен сақтау стандарттарын жаңарту;
4) 2015 жылға дейiн ТҚҚ жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеудi, кәдеге жаратуды және сақтауды бақылау үшiн нормативтiк-құқықтық база жасау;
5) ТҚҚ-мен жұмыс iстеу саласындағы нысаналы көрсеткiштерге қол
жеткiзудi мониторингiлеу үшiн статистикалық ақпаратты жинауды, өңдеудi және берудi жетiлдiру.
Өнеркәсiптiк қалдықтар көлемiн барынша азайту үшiн мынадай бастамаларды iске асыра отырып, тарихи және қазiргi өнеркәсiптiк қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаны әзiрлеу қажет:
1) пайдалы заттардың болуы тұрғысынан, сондай-ақ қалдықтардың
экологиялық қауiпсiздiк стандарттарына 100 пайыз сәйкес келуi тұрғысынан осы қалдықтардың iрi полигондардың бәрiне түгендеу жүргiзу;
2) осы қалдықтарды жiктеу қағидаларын пысықтау және қалдықтардың шынайы көлемi мен полигондар орналастырылған жерлердiң жай-күйiн көрсету үшiн оларды Еуропа стандарттарына сәйкес келтiру;
3) қалдықтарды қайта өңдеудiң экономикалық орындылығын айқындау үшiн, сондай-ақ оларды стандарттарға сәйкес келтiру үшiн қажеттi инвестицияларды айқындау үшiн аталған қалдықтардың iрi полигондарының бәрiнде техникалық-экономикалық зерттеу жүргiзу;
4) 100 пайыз қалдықтар үшiн қауiптi және уытты қалдықтарды қайта өңдеу/көму нұсқаларын айқындау;
5) экономикалық және экологиялық әсерiн бағалау негiзiнде одан әрi өңдеу үшiн аталған қалдықтарға басымдық беру және 100 пайыз байыту қалдықтарын қайта өңдеу әрi қауiпсiз сақтау жөнiндегi жобаларды iске асыруды ынталандыру үшiн қажеттi қаржыландыру көздерi мен тиiстi ынталандыруды айқындау;
6) өнеркәсiптiк қалдықтарды қайта өңдеу бойынша инфрақұрылым мен кәсiпорындар қалыптастыру және олардың орнықты жұмыс iстеуi үшiн ынталандырулар енгiзу;
7) саясатты әзiрлеу және өнеркәсiптiк қалдықтарды қадағалауды жүзеге асыру үшiн әртүрлi министрлiктер, ведомстволар арасындағы өзара iс-қимыл жасаудың айқын тетiгiн әзiрлеу.
4. Оқыту және хабардар болуды арттыру
Тұжырымдаманы ойдағыдай iске асыру үшiн мыналар қажет:
1. Инженер-техник кадрлардың, сондай-ақ басқарушы персоналдың
жеткiлiктi санын қамтамасыз етудi қоса алғанда, кадр ресурстарының,
Тұжырымдаманы iске асыруды қамтамасыз ету үшiн дағдылар мен бiлiмнiң
жеткiлiктi болуын қамтамасыз ету.
2. Қалың бұқара арасында қоршаған ортаны қорғау бойынша жаңа эко-мәдениеттi қалыптастыру. Халық арасында энергияны, суды және басқа да табиғат ресурстарын пайдалануға үнемшiлдiкпен қараудың жауапты сезiмiн қалыптастырып, тұрмыстық қалдықтарды одан әрi өңдеу үшiн оларды бөлек жинау әдетiн сiңiру қажет.
Бұған қол жеткiзу үшiн iске асырудың мынадай төрт негiзгi модулi бар бағдарлама әзiрлеу қажет:
1) инженерлердiң жеткiлiктi санын қоршаған ортаны қорғау және ресурстардың өнiмдiлiгi мәселелерi бойынша оқыту. Елдегi инфрақұрылымдық объектiлердiң көп бөлiгi қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi талаптарды ескере отырып құрылуға тиiс. Бұл электриктер баламалы энергетика технологияларымен жұмыс iстей алуы тиiс, құрылыс инженерлерi энергия тиiмдi ғимараттарды жөндеудi және пайдалануға берудi жүзеге асыруы, инженер-гидротехниктер - тазартудың заманауи технологияларын бiлуi, агрономдар тыңайтқыштар мен суаруды пайдаланудың қазiргi заманғы тәсiлдерiн түсiнуге, ал қалдықтарды басқару жөнiндегi мамандар материалдарды қазiргi заманғы басқару жүйелерiмен жұмыс iстеу принциптерiн бiлуi тиiс дегендi бiлдiредi.
Бұдан екi қорытынды шығады:
оқу жоспарында инженер мамандықтарының барлық студенттерi үшiн қоршаған ортаны қорғау және ресурстардың өнiмдiлiгi мәселелерiне елеулi көңiл бөлiнуi тиiс. ЭЫДҰ елдерiнiң көпшiлiгiнде бұл практика қазiрдiң өзiнде қолданылуда. Қазақстан экономикасы табиғи ресурстардың елеулi көлемiн тұтынатындықтан, бұл шешiм ел үшiн басқа елдерге қарағанда неғұрлым маңызды болып табылады;
инженерлердiң санын едәуiр көбейту қажет. Бүгiнгi таңда бiлiктi инженерлер жетiспейдi және осы кадр олқылығын толтыру үшiн бiлiм беру мекемелерiнiң тиiстi факультеттерiндегi орын сандарын ұлғайту қажет;
2) қазiргi инженерлердi, басқару органдарының өкiлдерi мен фермерлердi өндiрiстiк оқыту. Энергия тиiмдiлiгiн арттыру, ауыл шаруашылығы және ресурстарды басқару саласында Қазақстан бүгiнгi таңда жұмыс iстейтiн мыңдаған басқарушылардың, инженерлер мен фермерлердiң дағдыларын дамыту мүмкiндiгiн қарастыра алады, себебi Қазақстан өзiнiң жақсару әлеуетiн қаншалықты тез iске асыра алатындығы олардың ұжымдық шешiмдерiне байланысты. Мұндай оқуды ұйымдастырудың бiрнеше нұсқалары бар. Көптеген елдер «ашық университеттермен» жұмыс iстейдi, олар бiлiктiлiгi бар
қызметкерлерге өзiнiң кәсiби қызметiмен шұғылдануды жалғастыра отырып
(мысалы, кешкi сыныптар), бiлiм беру мекемесiне оралуға мүмкiндiк бередi. Басқа елдерде Үлыбританиядағы «Карбон Траст» (Carbon Trust) сияқты мемлекеттiк ұйымдар құрылған, олар компанияларға энергия тиiмдiлiктi жеңiлдетiлген бағамен (оның iшiнде олардың қызметкерлерiн оқыту арқылы) арттыруға көмектеседi;
3) қоршаған ортаны қорғауға байланысты тақырыптарды бастауыш
мектептердiң және мектепке дейiнгi мекемелердiң оқу жоспарына толыққанды енгiзу. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды ұтымды пайдалану тақырыптарына жеткiлiктi назар аударуды қамтамасыз ету үшiн олар бойынша бастауыш мектептер мен мектепке дейiнгi мекемелерде оқу жүзеге асырылатын оқу жоспарларын қайта қарауды ұйымдастыра алады. Бұл өскелең ұрпақтың табиғи ресурстарға ұқыпты қарау мәдениетiн тәрбиелеуге мүмкiндiк бередi және балалар алған бiлiмiн өздерiнiң ата-аналарына айтатындықтан, қосымша пайда әкеледi;
4) кең ауқымды коммуникациялық науқан және бiлiм беру
бағдарламалары. Халықтың ресурстарды пайдалану мәселелерi мен
экологиялық проблемалар туралы хабардар етiлуiн арттыруда кең әлеует
жатыр. Атап айтқанда, жылыту және мұздату жүйелерiн пайдалануға,
қалдықтарды кәдеге жаратуға және су пайдалануға қатысты мiнез-құлық
модельдерiн өзгерту елдi алға қойылған мақсаттарға жету үшiн айтарлықтай жақындата берген болар едi. Көптеген елдер осы мiндеттi орындау үшiн бiлiм беру бағдарламаларын мемлекеттiк телевизия мен радиодан таратуды ұйымдастырады. Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесi, «Жасыл көпiр» әрiптестiк бағдарламасы және басқа да ақпараттық-насихат науқандары қолайлы коммуникациялық құралдар бола алады.
3. Тұжырымдаманы iске асыру болжанып отырған нормативтiк құқықтық актiлердiң тiзбесi
Мынадай:
1) негiзгi ресурстарды, оның iшiнде, су және жер ресурстарын
пайдаланудың қарқындылығын азайту;
2) жеткiлiктi түрде дамытылмаған әрi ескiрiп бара жатқан
инфрақұрылымды, оның iшiнде электр энергетикасында жетiлдiру;
3) халықтың әл-ауқатын арттыру және қоршаған ортаның ластануын азайту;
4) шекаралас елдердiң су ресурстарына тәуелдiлiктi азайту есебiнен ұлттық қауiпсiздiктi арттыру жөнiндегi мiндеттердi iске асыру мынадай стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарлары мен заңдарды iске асыру арқылы 2050 жылға дейiн орындалатын болады:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;
2) «Қазақстан 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты;
3) «Қазақстан - 2030. Барлық қазақстандықтардың гүлденуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы»;
4) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары;
5) «Агробизнес - 2020» Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту жөнiндегi 2013 - 2020 жылдарға арналған бағдарлама;
6) Қазақстан Республикасында энергия тиiмдiлiгiн арттырудың 2012 — 2015 жылдарға арналған кешендi жоспары;
7) «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы;
8) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар, Мұнай және газ, Бiлiм және ғылым, Қоршаған ортаны қорғау, Өңiрлiк даму, Ауыл шаруашылығы, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiктерiнiң стратегиялық жоспарлары.
Достарыңызбен бөлісу: |