258-бап. Бақылау және қадағалау жүргiзу кезiндегi
тексерiлетiн субъектiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде тексерiлетiн субъектiлер мыналарға:
1) тексеру жүргiзу үшiн объектiге келген бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарын мынадай:
жоспарлы тексерулер тағайындалған кезде алдыңғы тексерулерге қатысты уақыт аралығы сақталмаған;
тексеру тағайындау туралы актiде көрсетiлген мерзiмдер асып кеткен не өтiп кеткен, осы Кодексте белгiленген мерзiмдерге сәйкес келмеген;
осы Кодекстің 247-бабы 5-тармағының 2), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк орган белгiлi бiр мәселе бойынша, белгiлi бiр кезеңде бұрын тексеру жүргiзiлген тексерiлетiн субъектiге қатысты көрiнеу қайта тексеру тағайындаған;
егер алдыңғы тексеру кезiнде бұзушылықтар анықталмаған болса, осы Кодекстің 247-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалған;
осы Кодекстің 243, 244, 245-баптарында және 249-бабының 1-тармағында көзделген ақпарат пен құжаттар болмаған;
егер Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде өзгеше көзделмесе, жасалған не әзiрленiп жатқан қылмыстар туралы өтiнiште немесе хабарламада, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзу туралы өзге де өтiнiштерде көрсетiлген уақыт аралығының шеңберiнен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тексеру жүргiзуге тиiстi өкiлеттiктерi жоқ адамдарға тексеру жүргiзу тапсырылған;
осы Кодекстің 247-бабының 2-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, тексерудi тағайындау туралы бiр актiде тексеруге тартылатын бiрнеше тексерiлетiн субъектiлер көрсетiлген;
тексеру мерзiмдерi осы Кодексте белгiленген мерзiмнен асырып ұзартылған;
осы Кодекстің 259-бабының 2-тармағына сәйкес осы Кодекстің талаптары өрескел бұзылған жағдайларда тексеруге жiбермеуге;
2) егер жүргiзiлетiн тексерудiң нысанасына жатқызылмаған немесе актiде көрсетiлген кезеңге жатқызылмаған болса, мәлiметтер бермеуге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiге, тексерудiң нәтижелерi туралы актiге және мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
4) мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың тексерiлетiн субъектiлердiң қызметiн шектейтiн, заңға негiзделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) тексерудi жүзеге асыру үдерiсiн, сондай-ақ лауазымды адамның қызметiне кедергi келтiрместен, аудиотехника және бейнетехника құралдарының көмегiмен лауазымды адамның тексеру шеңберiнде жүргiзген жекелеген iс-әрекеттерiн тiркеуге;
6) үшiншi тұлғалардың өз мүдделерi мен құқықтарын бiлдiруi, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген iс-әрекеттердi жүзеге асыруы мақсатында оларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
2. Мемлекеттiк органдар бақылау және қадағалау жүргiзген кезде тексерiлетiн субъектiлер:
1) осы Кодекстің 249-бабы 1-тармағының талаптарын сақтай отырып, тексерiлетiн субъектiнiң аумағына және үй-жайларына бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының кедергiсiз кiруiн қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не өзге де құпияны қорғау талаптарын сақтай отырып, бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексерудiң нәтижелерi туралы актiге қоса тiркеу үшiн табыс етуге, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуiне мүмкiндiк беруге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiнiң екiншi данасында оны алғаны туралы белгi жасауға;
4) жүргiзiлген тексеру аяқталған күнi нәтижелерi туралы актiнi алғаны туралы оның екiншi данасында белгi жасауға;
5) егер осы Кодексте не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерудi жүзеге асыру кезеңiнде тексерiлетiн құжаттарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге жол бермеуге;
6) объектiге тексеру жүргiзу үшiн келген адамдардың осы объектi үшiн белгiленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлар әсерiнен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
7) хабарлама алған жағдайда тексеру тағайындалған күні тексерілетін субъектіде болуға мiндеттi.
259-бап. Осы Кодекстің талаптарын өрескел бұза отырып
жүргiзiлген тексерудiң жарамсыздығы
1. Егер бақылау және қадағалау органы тексерудi осы Кодексте белгiленген тексерудi ұйымдастыру мен жүргiзуге қойылатын талаптарды өрескел бұза отырып жүзеге асырса, тексеру жарамсыз деп танылады.
Жарамсыз деп танылған тексеру актiсi осы Кодекстің 234-бабының
2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды тексерiлетiн субъектiлердiң бұзуының дәлелi болып табылмайды.
Тексерудiң жарамсыз деп танылуы жоғары тұрған мемлекеттiк органның немесе соттың оның күшiн жоюына негiз болып табылады.
Жоғары тұрған мемлекеттiк органның тексерудiң жарамсыздығына байланысты актiнiң күшiн жою туралы тексерiлетiн субъектiнiң өтiнiшiн қарауы өтiнiш берiлген кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады.
Мұндай өтiнiштi қараудың белгiленген мерзiмi бұзылған жағдайда шешiм тексерiлетiн субъектiнiң пайдасына шешiледi.
2. Осы Кодекстің талаптарын өрескел бұзушылыққа:
1) тексеру жүргiзуге негiздiң болмауы;
2) тексеру тағайындау туралы актiнiң болмауы;
3) тексеру жүргiзу туралы хабарлау мерзiмiнiң сақталмауы;
4) осы Кодекстің 254-бабының талаптарын бұзу;
5) жоспарлы тексеру тағайындау кезiнде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралығын бұзу;
6) тексерiлетiн субъектiге тексеру тағайындау туралы актiнi табыс етпеу;
7) мемлекеттiк органдардың өздерiнiң құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша тексерулер тағайындауы;
8) тексерудi тағайындау туралы актiнi тiркеу мiндеттi болғанда, оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi органдарда тiркеместен, тексеру жүргiзу жатады.
260-бап. Бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын
мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды
адамдарының шешiмдерiне, iс-әрекеттерiне
(әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбi
1. Бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiнде тексерiлетiн субъектiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда тексерiлетiн субъектi тиiстi бақылау және қадағалау органының және (немесе) лауазымды адамның iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) осы Кодекстің
32-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттiк органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа шағымдануға құқылы.
2. Тексерiлетiн субъектiнiң мемлекеттiк органдардың қылмыстық iстi қозғаумен және тексеру жүргiзумен байланысты iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3-параграф. Инвестициялық келiсiмшарт талаптарының сақталуын бақылау
261-бап. Инвестициялық келiсiмшарт талаптарының
сақталуын бақылау
1. Инвестициялық келiсiмшарттар талаптарының сақталуын бақылауды инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мынадай нысандарда:
1) камералдық бақылау – инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган осы баптың 2-тармағына сәйкес ұсынылған есептердi зерделеу және талдау негiзiнде жүзеге асыратын бақылау;
2) инвестициялық қызмет объектiсiне бара отырып, оның iшiнде жұмыс бағдарламасын және инвестициялық келiсiмшарт талаптарын орындау жөнiндегi құжаттарды қарап жүзеге асырады.
2. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқаннан кейiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгілейтін нысан бойынша тіркелген активтердің пайдалануға берілуін, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерінің, шикізаттың және (немесе) материалдардың жеткізілуі мен пайдаланылуын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыс бағдарламасында көзделген шығындар баптары бойынша таратып жазып, инвестициялық келісімшарттың орындалуы туралы жартыжылдық есептерді жиырма бесінші шілдеден және жиырма бесінші қаңтардан кешіктірмей береді.
3. Жұмыс бағдарламасына өзгерiстер тараптардың келiсiмi бойынша жылына бiр рет енгiзiле алады.
4. Инвестициялық қызмет объектісіне бара отырып, тексеру:
1) жұмыс бағдарламасы аяқталған жағдайда, инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі біткенге дейін үш ай қалғанда аяқталатын алты ай кезеңінде;
2) кедендік баждар салудан босатылатын технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар импорты жүзеге асырылған жылдан кейінгі жылдан бастап, жыл сайын жүргізіледі.
5. Тексеру нәтижелерi бойынша инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның өкiлi мен инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғаның басшысы инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасының орындалуының ағымдағы жай-күйі туралы инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша актіге қол қояды.
6. Инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасы орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасына бұзушылықтарды көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлама жiбередi және бұзушылықтарды жою үшiн екі ай мерзiм белгiлейдi.
7. Егер инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін әкелінген және кедендік баждар төлеуден босатылған технологиялық жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар пайдалануға берілмегені не пайдаланылмағаны анықталған жағдайда, инвестициялық келісімшарт бойынша ұсынылған инвестициялық преференциялар салдарынан кедендік баждардың сомасын төлемеген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімпұлды есептей отырып, пайдаланылаған жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізаттар және (немесе) материалдар бөлігінде оларды төлейді.
8. Қазақстан Республикасының инвестициялық келісімшарт жасасқан заңды тұлғасы жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есеп ұсынады, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;
2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;
3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;
4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер.
9. Инвестициялық келiсiмшарттың бұзылуы туралы ақпарат мемлекеттiң экономикалық мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында мыналарға:
1) тиiстi шаралар қабылдау үшiн салық қызметі органдарына, кеден органдарына және қажет болған жағдайда өзге де мемлекеттiк органдарға;
2) мемлекеттiк заттай грант оларға сәйкес берiлген инвестициялық келiсiмшарттар бойынша салық қызметі органдарына, кеден органдарына, мемлекеттiк мүлiктi және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органдарға, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдарға жiберiледi.
10. Қазақстан Республикасының инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғасының инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы барысында:
1) берiлген мемлекеттiк заттай гранттың, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктiң нысаналы мақсатын өзгертуге;
2) берiлген мемлекеттiк заттай грантты, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктi иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
11. Кедендік баждар салудан босату объектілерінің мақсатты пайдаланылуын бақылау Кеден одағы комиссиясы айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
4-параграф. Техникалық реттеу саласындағы өзге де бақылау нысандары
262-бап. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылау объектiлерi
Техникалық регламенттiң күшi қолданылатын өнiм, процестер, сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар және зертханалар техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылау объектiлерi болып табылады.
263-бап. Техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар
1. Техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын бақылауды техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган, оның аумақтық органдары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сондай мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi өзге де мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жүзеге асырады.
2. Техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары, олардың лауазымды адамдары осы баптың 2-1-тармағында көрсетілген өнімді қоспағанда, өткiзу сатысындағы өнiмге қатысты техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
3. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган - тұтынушыларға өткізілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер бойынша техникалық регламенттерде және нормативтік құжаттарда белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы, сондай-ақ тамақ өнімінің оны өткізу сатысындағы қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзге асыратын мемлекеттік орган.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган және оның аумақтық органдары, олардың лауазымды адамдары өткізілетін өнімді тұтынушыларға өткізу сатысында бақылауды жүзеге асырады.
Тұтынушыларға өткізілетін өнімнің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары:
1) өздерiнiң құзыретіне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк бақылау жөнiндегi iс-шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сай келмейтiн өнiмдi өткiзудiң жолын кесу және оған жол бермеу жөнiндегi ықпал ету шараларын қолданады;
3) сәйкестікті растау жөніндегі органдарды және зертханаларды мемлекеттік бақылау жөніндегі іс-шараларды жеке, заңды тұлғалардың өтініштері және мемлекеттік органдардың, оның ішінде аккредиттеу жөніндегі органның хабарламалары бойынша ғана жүргізеді.
264-бап. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау жөніндегі бас мемлекеттiк инспекторы - техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi органның басшысы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары - техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган басшысының орынбасарлары;
3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары - аумақтық бөлімшелердің басшылары;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және қалалардың мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларының орынбасарлары - аумақтық бөлімшелер басшыларының орынбасарлары және олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және қалалардың мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары - аумақтық бөлімшелердің мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мамандары;
6) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруғ уәкілетті өзге мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және олардың аумақтық органдарының лауазымды адамдары жатады.
2. Осы баптың 1-тармағының 3) - 5) тармақшаларында санамаланған мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар өз құзыретi шегінде мемлекеттiк органдар белгiлеген тәртiппен аттестатталуға тиiс.
265- бап. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары
1. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) техникалық реттеу саласындағы объектілерге техникалық реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуы тұрғысынан бақылау мақсатында баруға;
2) жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бақылау жүргiзу үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi алуға;
3) мемлекеттiк бақылау үшiн:
өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, жұмсалған үлгiлердiң құнын және сынақ (талдау, өлшеу) жүргiзуге жұмсалған шығындарды бюджет қаражаты есебiне жатқыза отырып;
өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жұмсалған үлгiлердiң құнын және сынақ (талдау, өлшеу) жүргiзуге жұмсалған шығындарды тексерiлушi тұлғалардың есебiне жатқыза отырып, өнiмнiң сынамалары мен үлгiлерiн iрiктеп алуға;
4) егер өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растайтын сәйкестiк туралы декларацияны немесе сәйкестiк сертификатын қолдану техникалық регламенттерде көзделсе, өнiмдi өткiзу сатысында өнiмдi дайындаушылардан (орындаушылардан), сатушылардан осындай құжаттарды немесе олардың көшiрмесiн көрсетуiн талап етуге;
5) мынадай жағдайларда:
өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмегенде;
сәйкестiгi мiндеттi түрде расталуға жататын өнiмге сәйкестiк сертификаттары (сәйкестiк сертификаттарының көшiрмелерi), сәйкестiк туралы декларациялар (сәйкестiк туралы декларациялардың көшiрмелерi) болмағанда;
өнiмдi сәйкестiк белгісімен, оған құқығы болмай тұрып, таңбалағанда, техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы және (немесе) бұзылу сипаты ескерiле отырып айқындалған мерзiмде өнiмдi өткiзуге тыйым салу туралы нұсқама беруге;
6) өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес еместiгі анықталған жағдайда берiлген сәйкестiк туралы декларациялар мен сәйкестiк сертификаттары тiркелуiнiң күшiн тоқтата тұруға және (немесе) жоюға;
7) техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн өнiмдi өткiзушi тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершілiкке тартуға;
8) өнiм өткiзуге және тұтынуға жарамсыз деп танылған жағдайда, оны жою жөнiндегi комиссияларға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қатысуға;
9) дайын өнiмнiң техникалық регламенттерге сәйкес келмеуi анықталған жағдайда өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң кез келген сатыларында сәйкес келмеу себептерiн тексерудi ұйымдастыруға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Бас мемлекеттiк инспекторлардың және олардың орынбасарларының нұсқамаға қол қою құқығы болады.
Нұсқамалардың нысандары мен оларды беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары берген нұсқамаларды барлық жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi.
266-бап. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерi
Техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) мемлекеттiк бақылау жөнiндегi iс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасын қолдану жөнiнде түсiндiру жұмысын жүргiзуге, дайындаушыларды (орындаушыларды), сатушыларды техникалық регламенттер туралы хабардар етуге;
2) коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн сақтауға;
4) мемлекеттiк бақылау жүргiзу нәтижелерiнiң негізiнде анықталған қиғаштықтарды жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) осы Кодексе және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдануға болады.
5-бөлім. ЭКОНОМИКАЛЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІК
17-тарау. Бәсекелестік
267-бап. Бәсекелестікті мемлекеттік реттеу мақсаттары
Бәсекелестікті қорғау, Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы адал бәсекелестікті және тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуін қолдау және оған қолайлы жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, тауарлардың еркін қозғалысын және Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету, нарық субъектілері мен тұтынушылардың құқықтарын осы Заңда шектелген монополистік қызметтен, мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерінен және жосықсыз бәсекеден қорғау бәсекелестікті мемлекеттік реттеу мақсаттары болып табылады
268-бап. Бәсекелестікті мемлекеттік реттеу саласындағы қатынастар
1. Осы бөлім нарық субъектілері, тұтынушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар қатысатын Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы бәсекелестікке ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін қатынастарға қолданылады. Бұл ретте жеке мұқтаждығы үшін тауар сатып алатын жеке немесе заңды тұлға тұтынушы болып танылады.
2. Осы бөлімнің ережелері, егер Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде нарық субъектісі жасаған іс-әрекеттер нәтижесінде мынадай шарттардың бірі орындалса:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы негізгі құралдар және (немесе) материалдық емес активтер, не нарық субъектілерінің акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері), Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына қатысты мүліктік немесе мүліктік емес құқықтар тікелей немесе жанама қозғалса;
2) Қазақстан Республикасында бәсекелестік шектелсе, мұндай іс-әрекеттерге де қолданылады.
269-бап. Бәсекелестік ұғымы
1. Дербес жасаған іс-әрекеттері тиісті тауар нарығындағы тауарлар айналысының жалпы жағдайына олардың әрқайсысының біржақты ықпал ету мүмкіндігін тиімді шектейтін нарық субъектілерінің жарыспалылығы бәсекелестік деп танылады.
2. Бәсекелестік жарыспалылық, адалдық, заңдылық, тқтынушылар құқықтарының сақталу бастамаларына негізделеді, олар нарық субъектiлерiнiң ұйымдық-құқықтық нысаны мен тiркелген жеріне қарамастан, нарық субъектiлерiнің барлығына бiркелкі түрде, бiрдей шамада және тең жағдайда қолданылады.
270-бап. Бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясат
1. Бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлейді және монополияға қарсы орган іске асырады.
Моногполияға қарсы орган – бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
2.Мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңңдарында айқындалған өз құзыреті шегінде бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде айқындалған өз құзыреті шегінде бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.
4. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде бәсекелестіктің дамуына жәрдемдесуге және бәсекелестікке теріс ықпал ететін іс-әрекеттерді жасамауға міндетті.
271-бап. Нарық субъектiсi
Нарық субъектісі мыналар:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
2) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;
3) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлға (оның филиалы мен өкiлдiгі);
4) кәсіпкерлік қызметті өздерінің жарғылық мақсаттарына сәйкес жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар.
Достарыңызбен бөлісу: |