Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі
екі мемлекеттің арасындағы тату көршілік, әріптестік қарым-қатынастарды, сондай-ақ олардың арасында әртүрлі салада, оның ішінде заңсыз көші-қонға және трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес оның аумағындағы немесе оның аумағы арқылы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың заңсыз көші-қоны үшін жауаптылықты белгілеу бойынша Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының егеменді құқығын құрметтей отырып,
осы Келісім 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясынан және басқа да халықаралық шарттардан, атап айтқанда, 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындардың мәртебесі туралы конвенциядан және 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамадан, 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіден, 1984 жылғы 10 желтоқсандағы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциядан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелеріне зиян келтірмейтінін атап көрсете отырып,
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон процестерін айқын регламенттеудің өзекті қажеттілігіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімде төменде келтірілген анықтамалар мынадай мағынаны білдіреді:
«реадмиссия» – шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың кіруі, шығуы және болуы мәселелері бойынша ондағы қолданыстағы ұлттық заңнаманы бұза отырып, сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына кірген немесе онда жүрген адамдарды осы Келісімде көзделген тәртіппен, шарттарда және мақсаттарда сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының беруі және сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының қабылдауы;
«сұрау салушы Тарап» – адамның реадмиссиясы немесе транзиті туралы сұрау салу жіберетін Тарап;
«сұрау салынатын Тарап» – мекенжайына адамның реадмиссиясы немесе транзиті туралы сұрау салу жіберілген Тарап;
«үшінші мемлекеттердің азаматтары» – Тараптар мемлекеттерінің азаматтығы жоқ және осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттің азаматтығына тиесілі адамдар;
«азаматтығы жоқ адамдар» – осы Келісімнің 2-бабы 1-тармағының әрекеті қолданылатын, басқа Тарап мемлекетінің аумағына кіргеннен кейін бір Тарап мемлекетінің азаматтығын жоғалтқан адамдарды қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болып табылмайтын және үшінші мемлекеттің азаматтығына тиесілігіне дәлелдемелері жоқ адамдар;
«құзыретті органдар» – осы Келісімді іске асыруға жауапты Тараптар мемлекеттерінің органдары;
«Атқару хаттамасы» – осы Келісімді іске асыру тәртібі туралы хаттама;
«дербес деректер» – осындай ақпарат негізінде айқындалған немесе айқындалатын жеке тұлғаға қатысты электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық тасымалдағыштағы кез келген ақпарат;
«транзит» – үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүру жолында сұрау салушы Тарап мемлекетінен межелі мемлекетке өтуі.
2-бап Тараптар мемлекеттері азаматтарының реадмиссиясы
1. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары сұрау салушы Тарап мемлекетінің шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың кіру, шығу және болу мәселелері бойынша ұлттық заңнамасын бұза отырып, осы мемлекеттің аумағына кірген немесе онда тұрып жатқан адамдарды, егер олар сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтары болып табылатыны не сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына кіргеннен кейін өзінің азаматтығынан айырылғаны және басқа мемлекеттің азаматтығын алмағаны немесе осы адамдарға қатысты сұрау салушы Тарап мемлекетінің азаматтығын беруден бас тарту туралы шешім шығарылғаны анықталса, сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының сұрау салуы бойынша қабылдайды.
2. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары берілетін адамдарға қолданылу мерзімі берілген күнінен бастап күнтізбелік 30 күнді құрайтын олардың Сұрау салынатын мемлекеттің аумағына кіруі үшін қажетті құжаттарды береді.
3. Адамда Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтығы бар екенін айқындауға негіз болатын құжаттар тізбесі Атқару хаттамасында қамтылған.
Осы Келісім мен Атқару хаттамасы күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осындай құжаттардың үлгілерімен алмасады. Кейіннен Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы көрсетілген құжаттардың үлгілеріндегі кез келген өзгерістер туралы екінші Тарапқа дереу хабарлайды.
4. Егер осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың бірде біреуі ұсыныла алмайтын болса, сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы оның азаматтығы туралы мәліметтер алу мақсатында реадмиссияға жататын адаммен әңгімелесу өткізу туралы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдіктерімен немесе консулдық мекемелерімен уағдаласады. Мұндай әңгімелесулер өткізу рәсімі Атқару хаттамасында айқындалады.
5. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары оның реадмиссиясы үшін осы баптың 1-тармағында көзделген негіздердің жоқ екенін анықтаса, сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары оның берілген күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өздері берген адамды кері қабылдайды. Мұндай жағдайда сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына осы адамға қатысты өзіңде бар материалдарды береді.
6. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамның сұрау салынатын Тарап мемлекеті азаматының жеке басын куәландыратын жарамды құжаты болса, реадмиссия туралы сұрау салуды жіберу талап етілмейді.
3-бап
Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы
1. Егер үшінші мемлекеттің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағынан тікелей оның аумағына келгені анықталса, Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары сұрау салушы Тарап мемлекеті құзыретті органының сұрау салуы бойынша сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында осы мемлекеттің ұлттық заңнамасын бұза отырып, келген және жүрген үшінші мемлекеттің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайды.
2. Егер үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаты және мұндай адамның азаматтық немесе тұрақты тұру мемлекетінің құзыретті органының мұндай құжатты беру мүмкіндігі болмаса, онда реадмиссия туралы сұрау салуға оң жауап алынғаннан кейін сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары оған өз мемлекетінің аумағына кіру үшін құжат береді.
3. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы жүргізген тексеріс оның реадмиссиясы үшін осы баптың 1-тармағында көзделген негіздердің жоқ екенін анықтаса, сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары оның берілген күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өздері берген адамды кері қабылдайды. Мұндай жағдайда сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына осы адамға қатысты өзіңде бар материалдарды береді.
4. Мыналарға:
- сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына заңды түрде кіру сәтінде осы мемлекеттің құзыретті органдары берген жарамды визасы, уақытша немесе тұрақты тұруға арналған рұқсаты болған адамдарға;
- сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық шартқа сәйкес заңды негізде визасыз тәртіппен келген адамдарға;
- сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына кіргеннен кейін осы мемлекеттің құзыретті органдары виза, уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат берілген адамдарға осы баптың қағидалары қолданылмайды.
5. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамның сұрау салынатын Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары берген, тұруға арналған жарамды рұқсаты бар болған жағдайда, реадмиссия туралы сұрау салуды жіберу талап етілмейді. Мұндай адамдарды беру Атқару хаттамасының 9-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
4-бап
1. Адамның реадмиссиясы туралы сұрау салуды сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің тікелей құзыретті органына мұндай адамның сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына заңсыз кіруі немесе онда заңсыз болу фактісін және/немесе оның жеке басын анықтаған күннен бастап, күнтізбелік 45 күн ішінде жолдайды.
2. Егер адам сұрау салушы Тарап мемлекетінің шекарасын кесіп өткен сәттен бастап не адамның сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында заңсыз болу фактісін анықтаған сәттен бастап күнтізбелік 180 күннен асқанына бұлтартпайтын дәлелдері болса, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы осы Келісімнің 3-тармағында көрсетілген адамның реадмиссиясы туралы сұрау салуды қабылдамауы мүмкін.
3. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары бұл адамды беру үшін осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында және 3-бабының 1-тармағында көзделген қажетті шарттардың жоқ екенін анықтаса, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары адамның реадмиссиясы туралы сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде оны қабылдауға келісімін береді немесе оны қабылдаудан дәлелді бас тартады. Реадмиссия туралы сұрау салуға уақтылы жауап беру үшін кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде жауап беру мерзімі сұрау салынатын Тарап мемлекетінің орталық құзыретті органының белгіленген тәртіппен ресімделген өтініші негізінде күнтізбелік 60 күнге дейін ұзартылады.
5-бап
Реадмиссия мерзімдері
1. Егер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары әрбір нақты жағдайда өзгеше уағдаласпаса, оларға қатысты сұрау салынатын Тарап реадмиссияға келісім берген адамдарды беру сұрау салушы Тарап осындай келісімді алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады.
2. Егер адамдарды беруге объективті түрде кедергі келтіретін мән-жайлардың туындауы себебінен онда аталған адамдар сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына берілмейтін болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ұзартылуы мүмкін, бұл туралы тиісті жазбаша хабарлама жолданады.
Оған қатысты сұрау салынатын Тарап реадмиссияға келісім берген адамды беру мүмкін болмағанда, сұрау салушы Тарап мемлекетінің орталық органы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің орталық органына дереу тиісті жазбаша хабарлама жолдайды.
6-бап
Транзит
1. Егер сұрау салушы Тарап мемлекетінің орталық құзыретті органы транзит мемлекеті немесе межелі мемлекет болып табылатындығына қарамастан, осы тармақта көрсетілген адамдарға үшінші мемлекеттің аумағына кедергісіз кіруі ұсынылатынына кепілдік берсе, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің орталық құзыретті органы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының сұрау салуы бойынша сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағы арқылы үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың транзитіне рұқсат береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың транзиті мәртебесі Атқару хаттамасында айқындалатын сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары қызметкерлерінің еріп жүруімен жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Егер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары әрбір нақты жағдайда өзгеше уағдаласпаса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың транзиті туралы сұрау салуды сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы алдын ала, алайда адамның сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағына транзит мақсатында кіруінің болжанған күніне дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей жібереді.
4. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы адамдардың транзиті туралы сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 7 күн ішінде транзитке келісім береді немесе транзитті жүзеге асырудан белгіленген тәртіпте ресімделген бас тартады.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың транзитін жүзеге асыру кезінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының өтініші бойынша мүмкіндігінше көмек көрсетеді.
6. Егер:
1) межелі мемлекетте немесе басқа транзит мемлекетінде үшінші мемлекеттің азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға азаптауларға, қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне ұшырайтынына, өлім жазасына немесе нәсілдік, діни белгілеріне, ұлтына, сондай-ақ белгілі бір әлеуметтік топқа тиесілілігі немесе саяси нанымы бойынша қудалау қаупі болса;
2) мұндай адамдардың сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында болуы ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті сақтау, немесе халық денсаулығы тұрғысынан қолайсыз болған жағдайда, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің орталық органы осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарды транзиттеуден бас тартуы мүмкін.
7. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағына кірген соң оларға қатысты осы баптың 6-тармағында көзделген міндеттемелер белгіленген болса, сондай-ақ егер басқа транзит мемлекетінің немесе межелі мемлекеттің аумағына кедергісіз кіруіне бұдан әрі кепілдік берілген деп санауға болмаса, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары транзиттік жол жүруге берілген рұқсатқа қарамастан, сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына қайтаруы мүмкін.
8. Тараптар азаматтық мемлекеттеріне немесе тұрақты тұру мемлекеттеріне тікелей қайтарылуы мүмкін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың транзит жағдайларын шектеу қою бойынша екіжақты негізде шаралар қабылдайды.
7-бап
Дербес деректерді қорғау
1. Осы Келісімді іске асыру үшін қажетті дербес деректерді өңдеу Тараптардың ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
2. Дербес деректерді қорғау үшін мынадай қағидаттар қолданылады:
1) сұрау салынатын деректердің көлемі, оларды пайдаланудың мақсаты мен құқықтық негізі дербес деректерді беру туралы өтініште көрсетілуге тиіс. Сұрау салынатын Тараптың өтініші бойынша сұрау салушы Тарап берілген жеке деректерді пайдаланғаны туралы ақпаратты ұсынады;
2) дербес деректер тек осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдарға ғана беріле алады. Деректерді басқа органдарға беру тек сұрау салынатын Тараптың алдын ала жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
3) беретін Тарап берілетін деректердің шынайылығы мен дәлдігі үшін жауап береді. Қате деректер немесе берілмеуге тиіс деректердің берілгені анықталған жағдайда, алатын Тарап бұл факті туралы дереу хабардар етіледі және осы Тарап қате деректерді түзету немесе берілмеуге тиіс деректерді жою үшін шұғыл шаралар қабылдайды.
4) өтініш бойынша мұндай адамға қатысты өңделетін деректер, жоспарланатын пайдаланудың мақсаты және деректер кімге және қандай мақсатта берілгені туралы ақпарат мүдделі адамға ұсынылады.
Ақпарат беруден тек, егер бұл беретін Тараптың ұлттық заңнамасында рұқсат етілген жағдайда бас тартылуы мүмкін. Егер қате деректер немесе берілмеуге тиіс деректердің берілгені анықталса, мүдделі адам оның дербес деректерін түзетуді немесе жоюды талап ете алады.
5) беретін Тарап деректерді қорғау туралы оның қолданыстағы ұлттық заңнамасында айқындалған деректерді жою үшін мерзімдер белгілейді. Алынған деректер, егер оларды пайдаланудың мақсаты іске асырылса не сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өңделуге жататын алынған деректердің мерзімі өткен немесе берген Тарап оларды жоюды сұраған жағдайда жойылады.
6) Тараптар деректерді беретін және қабылдайтын органның және адамның атауын, сондай-ақ деректерді беру (қабылдау) және жою фактісі мен күнін қамтуға тиіс дербес деректерді берудің, алудың және жоюдың есебін жүргізеді.
3. Тараптар мынадай:
1) адам және қажет болған кезде, отбасы мүшелері туралы толық мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты, кез келген бұрынғы аттары, ол танымал болған басқа да пайдаланылатын аттары, лақап аттары, туған жері мен күні, жынысы, қазіргі және бұрынғы азаматтығы мен тұрғылықты жері);
2) паспорттың немесе басқа да жол жүру құжатының немесе жеке куәлігінің деректерін (нөмірі, берілген күні, құжатты берген орган, берген орны, қолданыс мерзімі);
3) Тараптардың бірінің немесе үшінші мемлекеттің құзыретті органдары берген кез келген визаның немесе тұруға ықтиярхаттың деректерін;
4) сұрау салушы Тараптың аумағына кіру және онда тұру қағидаларын бұзу туралы актілер тізбесін;
5) реадмиссия немесе транзит үшін құқықтық кедергілерді құрайтын актілерді;
6) бағытын көрсете отырып, реадмиссия (беру) жоспарланған күні мен орны туралы деректерді;
7) егер ол қазіргі уақытта немесе бұрын пана ұсыну немесе азаматтығы жоқ адамның немесе босқынның мәртебесін беру туралы өтініш бергені туралы мәліметтер болған жағдайда, үшінші мемлекеттің азаматтарына қатысты дербес деректерді біріне-бірі ғана бере алады.
8-бап
Шығыстар
1. Егер шығыстарды осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында және 3-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар дербес немесе үшінші тарап төлей алмайтын жағдайда, реадмиссияға және көрсетілген адамдарды сұрау салынатын Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне дейін еріп жүруге байланысты шығыстарды сұрау салушы Тарап көтереді.
2. Егер шығыстарды осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар дербес немесе үшінші тарап төлей алмаған жағдайда, көрсетілген адамдардың транзитіне және ықтимал еріп жүруге, сондай-ақ оларды ықтимал қайтаруға байланысты шығыстарды сұрау салушы Тарап көтереді.
3. Осы Келісімнің 2-бабының 5-тармағында және 3-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдарды беруге және сұрау салушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне дейін олармен ықтимал еріп жүруге байланысты шығыстарды әрекеті немесе әрекетсіздігі реадмиссия үшін негізідер болмаған адамды беруге әкеп соққан Тарап көтереді.
9-бап
Атқару хаттамасы
Тараптар:
1) құзыретті органдарға және олардың арасында өкілеттіктерді бөлуге;
2) реадмиссия немесе транзит туралы сұрау салу мазмұнына және оны жолдау тәртібіне;
3) әңгімелесулер өткізуге;
4) реадмиссия немесе транзит рәсімдеріне;
5) адамдарды еріп жүру арқылы, оның ішінде үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың транзиті жағдайларында беру шарттарына;
6) осы Келісімді орындауға байланысты өзара есеп айырысуларды жүзеге асыру тәртібіне қатысты қағиадаларды қамтитын Атқару хаттамасын жасасады.
2. Атқару хаттамасы Келісіммен бір уақытта жасалады және оның ажырамас бөлігі болып табылады.
10-бап Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру және қайта бастау
1. Тараптардың әрқайсысы екінші Тараппен консультациялардан кейін ұлттық қауіпсіздікті қорғауға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге немесе халықтың денсаулығын сақтауға байланысты себептер бойынша осы Келісімнің қолданылуын ішінара немесе толық тоқтата тұруы мүмкін.
2. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы екінші Тарап осындай шешімнің іске асырылуы басталғанға дейін 72 сағаттан кешіктірілмей дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар етіледі.
11-бап
Дауларды шешу
1. Тараптардың арасындағы қарым-қатынастарда туындайтын және осы Келісімді орындауға немесе түсіндіруге байланысты барлық даулы мәселелер олардың арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.
2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өзара уағдаластық бойынша осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелер бойынша сарапшылардың жұмыс кездесулері мен консультацияларын өткізе алады.
12-бап
Басқа халықаралық шарттардың әрекеті
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
13-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім Тараптардың Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Келісімнің 3-бабының ережелері осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 3 жыл өткеннен кейін қолданыла бастайды. Осы 3 жылдық кезең ішінде көрсетілген ережелер тек Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы реадмиссия туралы халықаралық шарттар жасасқан үшінші мемлекеттердің азаматтарына және сол үшінші мемлекеттердің азаматтығы жоқ адамдарына ғана қатысты қолданылады.
3. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның қолданылу мерзімі бір Тарап оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 60 күн өткеннен кейін тоқтатылады.
4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда Тараптар оның қолданылған кезеңінде туындаған міндеттемелерді реттейді.
__________ қаласында 20____ жылғы «____» ________ әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіннің де бірдей күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
|
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
|
Достарыңызбен бөлісу: |