Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесін бекіту туралы



Дата14.06.2016
өлшемі69 Kb.
#135856
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы N 873 Қаулысы


Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 36, 410-құжат


      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық Заңының 10-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің     
2007 жылғы 2 қазандағы
N 873 қаулысымен  
бекітілген     

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік


Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже»"Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық Заңына (бұдан әрі - Конституциялық Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру тәртібін айқындайды.

 2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын орналастыру

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мынадай орындарда міндетті түрде көтеріледі (тігіледі, орналастырылады):


      1) Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің хаттамалық практикасына сәйкес көлік құралдарында - ұдайы;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде - ұдайы;
      3) Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда - ұдайы;
      4) мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;
      5) егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың өкілетті өкілдерінің қатысуымен халықаралық форумдар өтетін ғимараттарда немесе үй-жайларда;
      6) ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және басқа да қозғалыс құралдарында;
      7) Қазақстан Республикасында тіркелген кемелердің бұлқынындағы ту ретінде, белгіленген тәртіппен;
      8) Қазақстан Республикасының әскери корабльдері мен кемелерінде әскери жарғыларға сәйкес;
      9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндерінде, ант қабылдау кезінде;
      10) мемлекеттік ұйымдар, органдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар өткізетін рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде;
      11) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде;
      12) Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде.

      3. Қарулы Күштердің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Туды пайдалану (тігу, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда анықталады.

      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша көтерілуі (тігілуі) мүмкін.

      5. Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс.

      6. Ұлттық аза тұтуға байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы аза тұту мерзімі ішінде ту тұғыр биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі.

      7. Осы Ереженің 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы (1 х 2 метр өлшеммен) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының сол жағында (тігіледі) орналастырылады.

      8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы өзінің мөлшеріне қарамастан, мемлекеттік стандартқа сәйкес болуы тиіс.

      9. Халықаралық форумдарды өткізу, сондай-ақ осы Ереженің 2-тармағының 5) және 12) тармақшаларында көрсетілген Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы N 201 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хаттамасында және осы Ережеде көрсетілген тәртіппен көтеріледі (тігіледі, орналастырылады).

      10. Осы Ереженің 2-тармағының 10) және 11) тармақшаларында көзделген рәсімдер және салтанатты іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы ту тұғырдан көтеріледі, ту тұғыр жоқ болған жағдайда: құрамында үш адам ту ұстаушы және екі сүйемелдеушісінен құралған ту көтеру тобының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын әкелу және әкету рәсімі пайдаланылады.

      11. Осы Ереженің 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген қозғалыс құралдарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы ту тұғырдан (мачтада) көтеріледі.

      12. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс.
      Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.

      13. Тулардың тақ санын бір уақытта көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортасында, ал жұп санды, бірақ екеуден көп туларды көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) ортадан солға қарай орналастырылады.

      14. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын бір және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада пайдаланғанда сәулеттік ерекшеліктерін ескере отырып, Мемлекеттік Тудың өлшемдері мына реттілікпен өзгереді:
      1) бір қабатты ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1 х 2 метр өлшеммен) ғимаратқа кіреберіс маңдайшада немесе төбесінде орналастырылады;
      2) 2-5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1 х 2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде орналастырылады;
      3) 6-9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1,5 х 3 метр немесе 2x4 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде орналастырылады;
      4) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (2x4 метр немесе одан жоғары өлшеммен) ғимараттың төбесі деңгейінде немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1 х 2 метр өлшеммен) орналастырылады.

 3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын орналастыру

      15. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы міндетті түрде:
      1) Қазақстан Республикасы Президенті Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Қарулы Күштердің әскери құрамаларының, бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелері басшылары резиденцияларының ғимараттарында - ұдайы;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде - ұдайы;

      3) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Конституциялық Кеңестің отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырыстары залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда - ұдайы орналастырылады.

      16. Қарулы Күштердің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын орналастыру тәртібі жалпы әскери жарғылармен анықталады.

      17. Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс.

      18. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы өзінің көлеміне қарамастан, мемлекеттік стандартқа сәйкес болуы тиіс.

      19. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.

      20. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы (диаметрі 500 миллиметр) кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға, осы Ереженің 15-тармағының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген залдарда төрағалық етуші отыратын орынның арт жағында орналастырылады.

      21. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын бір және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру негізінде сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер қолданылады:


      1) бір қабатты ғимаратта Мемлекеттік Елтаңба (диаметрі 500 миллиметр) ғимараттың жабу деңгейінде орналастырылады;
      2) 2-5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба (диаметрі 1 ден 1,5 метр) соңғы қабаттың жабу деңгейінде орналастырылады;
      3) 6-9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба (диаметрі 2 метр) соңғы қабаттың жабу деңгейінде орналастырылады;
      4) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба (диаметрі 3 метр немесе одан жоғары) соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе ғимараттың кіреберіс маңдайшасында немесе фронтонында (500 миллиметр диаметрмен) орналастырылады.

 4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Қазақстан


Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелерін, сондай-ақ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтінін 
орналастыру

      22. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі міндетті түрде:


      1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кемелерінде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады.

      23. Осы Ереженің 20-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген әуе кемелерінде, ғарыш аппараттарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі борттық айырым белгісі ретінде қолданылады.

      24. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдардың туларының геральдикалық негізі ретінде қолданылмайды.

      25. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі мемлекеттік наградалардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылады.

      26. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі міндетті түрде:
      1) Қазақстан Республикасының Президенті мен оның Әкімшілігінің, Парламенттің, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары Бюроларының, Үкіметтің және Премьер-Министр Кеңсесінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Қарулы Күштердің әскери құрамаларының, бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік ұйымдардың мөрлері мен құжаттарының бланкілерінде;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында;
      4) Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінде;
      5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;
      6) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында орналастырылады.

      27. Осы Ереженің 22-тармағының 1) тармақшасында және 26-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген веб-сайттарда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін орналастыру кезінде мемлекеттік рәміздері бейнелерінің бірдеңгейлі орналастырылуының сақталуы, сондай-ақ олардың орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болуы тиіс.

      28. Осы Ереженің 26-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мөрлер мен құжаттардың бланкілерінде, ресми басылымдарда орналастырылған Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнелері мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуы тиіс.

      29. Осы Ереженің 26-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 желтоқсандағы N 1193 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орналастырылады.

      30. Осы Ереженің 26-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген құжаттарда орналасқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуы тиіс.

      31. Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі "Қазақстан Республикасының шекаралық белгілері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 12 желтоқсандағы N 1528 қаулысына сәйкес орналастырылады.

      32. Конституциялық заңда белгіленген жағдайлардан басқа, мемлекеттік емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде және басқа да реквизиттерінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынады.

      33. Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі әскери немесе өзге де мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар үшін белгіленген айырым белгілері мен нысанды киім үлгілерінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдері мен басқа да спорттық керек-жарақтарына пайдалануы мүмкін.

      34. Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.

      35. Мемлекеттік нышандар бейнелері бар стенділер (плакаттар) салтанатты іс-шаралар өтетін көпшілік назарына қолжетімді жерлерде орнатылуы тиіс.



      36. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні мәтінінің бейнелерін стенділерге (плакаттарға) орналастырған кезде мемлекеттік рәміздер бейнелерінің бірдеңгейлі орналастырылуының сақталуы, сондай-ақ олардың орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болуы тиіс.

      37. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні мәтінінің бейнелері бар стенділер (плакаттар) әсем безендірілуі және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет