Қазақстан Республикасының жер қоры
1. Қазақстан Республикасының жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес мынадай санаттарға бөлінеді:
1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер;
2) елді мекендердің (қалалардың, кенттер мен ауылдық елді мекендердің) жері;
3) өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;
5) орман қорының жері;
6) су қорының жері;
7) босалқы жер.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған жер белгіленген нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылады. Жердің құқықтық режимі оның қай санатқа тиесілілігіне және жерді (аумақты) аймақтарға бөлуге сәйкес рұқсатты пайдаланылуына негізделіп айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында табиғи жағдайлары бойынша мынадай аймақтар ерекшеленеді:
1) орманды дала;
2) дала;
3) қуаң дала;
4) шөлейтті;
5) шөлді;
6) тау етегі-шөлді-далалық;
7) субтропикалық шөлді;
8) субтропикалық-тау етегі-шөлді;
9) орта азиялық таулы;
10) оңтүстік-сібір таулы аймақтар.
Жерді санаттарға жатқызу, оларды бір санаттан басқасына ауыстыру
Жерді осы Кодекстің 1-бабында аталған санаттарға жатқызуды, сондай-ақ жерді оның нысаналы мақсатының өзгеруіне байланысты бір санаттан басқасына ауыстыруды мемлекеттік органдар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген, жер учаскелерін алып қою және беру жөніндегі өз құзыреті шегінде жүргізеді.
Жерге меншік
Қазақстан Республикасында жер мемлекеттік меншікте болады. Жер учаскелері осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
Жер заңдарының принциптері
Қазақстан Республикасының жер заңдары:
1) Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы, қол сұғылмаушылығы және бөлінбейтіндігі;
2) жерді табиғи ресурс, Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен қызметінің негізі ретінде сақтау;
3) жерді қорғау және ұтымды пайдалану,
4) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
5) жерді нысаналы пайдалану;
6) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің басымдығы;
7) жердің жай-күйі және оған қолжетімділік туралы ақпаратпен қамтамасыз ету,
8) жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі іс-шараларды мемлекеттік қолдау;
9) жерге залал келуін болдырмау немесе оның зардаптарын жою;
10) жерді ақылы пайдалану принциптеріне негізделеді.
Жер заңдары
1. Қазақстан Республикасындағы жер заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының осыған сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Жер қойнауын, суды, атмосфералық ауаны, орман-тоғайды және өзге де өсімдіктерді, жануарлар дүниесін, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құндылығы бар қоршаған орта объектілерін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану мен қорғау жөніндегі қатынастар Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледі.
3. Жер қатынастары субъектілерінің өздеріне тиесілі құқықтарды жүзеге асыруы табиғи ресурс ретіндегі жерге және қоршаған ортаның өзге де объектілеріне, сондай-ақ басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірмеуге тиіс.
4. Егер Қазақстан Республикасының жер, орман, су заңдарында жер қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарында өзгеше көзделмесе, жер учаскелерін иелену, пайдалану және оларға билік ету, сондай-ақ олармен мәміле жасасу бойынша мүліктік қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледі.
5. Жеке және заңды тұлғалардың заңдарда белгіленген құқықтарын мемлекеттік органдардың актілерімен шектеуге болмайды.
6. Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай міндеттер атқарады.
7. Басқа мемлекеттердің Қазақстан Республикасының аумағында жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес туындайды.
Жерді аймақтарға бөлу
1. Аймақтарға бөлу - жер аумағын оның нысаналы мақсаты мен пайдаланылу режимін белгілей отырып айқындау.
2. Жерді аймақтарға бөлуді аудандық деңгейде және облыстық маңызы бар қалаларда ұйымдастыруды аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тиісті атқарушы органдары жүзеге асырады. Жерді аймақтарға бөлу жобасын (схемасын) аудандар мен облыстық маңызы бар қаланың тиісті өкілді орган-дары бекітеді.
3. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жерін аймақтарға бөлу жөніндегі материалдардың негізінде облыстық (Астана және Алматы қалаларының) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдары қоршаған ортаны қорғау, сәулет және қала құрылысы жөніндегі жергілікті органдармен және басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, облыстық (Астана және Алматы қалаларының) атқарушы органның тапсырмасы бойынша, жерді облыстық (қалалық) деңгейде аймақтарға бөлудің нысаналы мақсат жіктемесі енгізілетін жобаларын (схемаларын) әзірлеуді ұйымдастырып, қамтамасыз етеді және оларды облыстық (Астана және Алматы қалаларының) өкілді органдардың бекітуіне енгізеді.
4. Жерді аймақтарға бөлу кезінде белгіленген, аумақты пайдаланудың нысаналы режимі осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген тәртіппен бекітіледі, жер құқығы қатынастарының субъектілері үшін міндетті болып табылады.
-
Жерді аймақтарға бөлу жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүргізіледі және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жер үшін төленетін төлемдер/Қазақстан Республикасының Жер кодекси/
1. Меншіктегі, тұрақты жер пайдаланудағы немесе бастапқы уақытша өтеусіз жер пайдаланудағы жер учаскелеріне Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жер салығы салынады.
2. Мемлекет уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) берген жер учаскелері үшін жер учаскелерін пайдалану төлемақысы алынады.
Жер учаскелерін пайдалану төлемақысын есептеу және жергілікті бюджеттің кірісіне төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.
Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттерге жер учаскесі жалға берілген кезде жер учаскелерін пайдалану төлемақысының мөлшері Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда айқындалады.
3. Жер учаскелерін мемлекеттік меншіктен жеке меншікке беру өтеулі негізде, жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша ақысы бірден төленіп не төлеу мерзімін ұзартып сату арқылы жүргізіледі, бұған:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына – тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне кондоминиум объектілеріндегі мінсіз үлесі ретінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтарына белгіленген нормалар шегінде өзіндік үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылыстары үшін;
3) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда, жер учаскесі меншікке өтеусіз негізде берілетін жағдайлар қосылмайды.
Жер учаскесіне жеке меншік құқығын өтеулі түрде беру (сату) (бұдан әрі - жер учаскелері үшін төлемақы) немесе уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын өтеулі түрде беру (сату) төлемақысы (бұдан әрі - жалдау құқығын сату төлемақысы) жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін қолдану арқылы шығарылатын кадастрлық (бағалау) құны негізінде есептеледі.
4. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншікке сатқаннан түсетін қаражат ұлттық қорға аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен пайдаланылады.
5. Өзіндік үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшін өтеусіз берілген жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда жер учаскесінің меншік иесі жер учаскесінің өзгерген нысаналы мақсаты үшін Қазақстан Республикасының заңында көзделген кадастрлық (бағалау) құнына тең болатын соманы жергілікті бюджеттің кірісіне төлеуге міндетті.
6. Мемлекеттік заттай гранттар түріндегі жер учаскелері мен жер пайдалану құқығы инвесторға осы Кодекске және Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы зандарына сәйкес беріледі.
Жер учаскесін заттай грант ретінде беру туралы атқарушы органның шешімі инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның шешімі негізінде қабылданады.
7. Меншік иесі жер учаскесін сатқан немесе жалға берген кезде, мемлекеттік емес жер пайдаланушы өзіне тиесілі жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға сатқан кезде, сондай-ақ ол жер учаскесін кейінгі жер пайдаланушыларға жалға берген кезде, жер учаскелері үшін төлемақының мөлшері, мерзімдері мен нысаны Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес сатып алу-сату немесе мүлік жалдау шарттарымен ай-қындалады.
Жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкалары және жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны
-
Жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде, мемлекет немесе мемлекеттік жер пайдаланушылар жалға берген кезде олар үшін төлемақының ставкаларын, жалдау құқығын сату төлемақысының мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Бұл ретте жер учаскелерін пайдалану төлемақысының ставкалары жер салығы ставкаларының мөлшерінен төмен белгіленбейді.
Жалдау құқығын сату төлемақысы нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау құнына қарай сараланып белгіленеді).
-
Нақты жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық орган мемлекеттің жеке меншікке өтеулі негізде беретін жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына сәйкес оған түзету (арттыратын немесе кемітетін) коэффициенттерін қолдана отырып белгілейді және жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау актісімен ресімдейді.
Астана қаласының, республикалық маңызы бар қалалардың, облыс орталықтарының маңындағы аймақта және курортты аймақта орналасқан елді мекендерде (кенттер мен ауылдық елді мекендерде) жеке меншікке берілетін жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкалары екі есе арттырылады.
-
Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке өзіндік үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін тегін берудің белгіленген нормаларынан артық берілетін қосымша жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құны бағаланатын учаскелерге неғұрлым жақын орналасқан ауылдық елді мекендердің жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына негізделе отырып айқындалады.
-
Елді мекендердің шегінен тыс орналасқан, азаматтарға және мемлекеттік емес тұлғаларға құрылыс жүргізу үшін берілген (берілетін) немесе үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендері салынған жер учаскелері бойынша, үйлердің (құрылыстардың, ғимараттардың) пайдаланылу мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, оларды кадастрлық (бағалау) құны облыстық маңызы бар қалаларда аталған мақсаттар үшін берілген (берілетін) жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларының он проценті мөлшеріне негізделе отырып айқындалады.
-
Осы баптың 3 және 4-тармақтарында аталған жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау кезінде, осы Кодекстің 11-бабының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес осы учаскелердің қызмет көрсету саласы орталықтарынан қашықтығына байланысты түзету коэффициенттері қолданылады.
Жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттері
-
Түзету коэффициенттері мен аймақтардың шекаралары аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен селолық елді мекендерде – аудандық атқарушы органның ұсынысы бойынша аудандық өкілді органның, ал облыстық маңызы бар қалаларда (Астана және Алматы қалаларында) облыстық (Астана және Алматы қалалық) атқарушы органның ұсынысы бойынша облыстық (Астана және Алматы қалалық) өкілді органның шешімімен бекітіледі.
Бұл ретте арттыратын немесе кемітетін коэффициенттердің шекті (ең жоғары) мөлшері екі еседен аспауға тиіс.
-
Мемлекет ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беретін жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау кезінде жер учаскесінің сапалық жай-күйіне, орналасуына, сумен қамтамасыз етілуіне, қызмет көрсету орталықтарынан қашықтығына байланысты түзету (арттыратын немесе кемітетін) коэффициенттері қолданылады.
-
Алқаптардың түрі мен топырақтардың үлгісі бойынша жер учаскесінің сапалық жай-күйі жер-кадастр карталары, топырақ, геоботаникалық, топырақ-мелиорация және басқа зерттеу материалдары негізінде анықталады:
-
егістік құрамында пайдаланылатын жер учаскесінің құнын белгілеу үшін оның мелиорациялық жай-күйі мен жер бетінің еңістігіне қарай мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:
жердің мелиорациялық жай-күйі:
жақсы (топырағы тұзды емес және сортаң емес, тассыз, эрозияға ұшырамаған; жер асты суларының тереңдігі: тұщы су – 3 метрден астам, минералды су – 6 метрден астам) – 1,2;
қанағаттанарлық (топырағы аздап тұзды, сортаңдау, тасы аз, аздап эрозияға ұшыраған; минералдануы төмен жер асты суларының тереңдігі 3-6 м) – 0,9;
қанағаттанғысыз (топырағы орташа және аса тұзданған, орташа және аса сортаң, тастақ, орташа және күшті эрозияға ұшыраған; 1 г/л астам минералданған жер асты суларының тереңдігі 3 метрден кем) – 0,6;
жер бетінің еңістігі:
1 градусқа дейін – 1; 1-ден 3 градусқа дейін – 0,98; 3-тен 5 градусқа дейін – 0,96; 5-тен 7 градусқа дейін – 0,93; 7 градустан астам – 0,86;
-
табиғи жемшөп алқаптары (шабындық, жайылым) құрамында пайдаланылатын жер учаскелерінің құнын айқындау үшін учаскенің сапалық жай-күйі мен жер бетінің еңістігіне қарай мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:
жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар:
көп жылдық шөп егіліп, түбегейлі жақсартылған – 1,2;
өсімдік жамылғысының түр-құрамын өзгертпей, беткі қабаты жақсартылған – 1,1;
шабындық жердің жай-күйі:
жақсы (ластанбаған, бұта-шілік баспаған, ағаш өспеген, тассыз, аймақтық өсімдіктердің белгілері жақсы байқалатын жер учаскесі) – 1,2;
қанағаттанарлық (ластанған, бұта-шілік басып кеткен, ағаш өскен, тастақ, өсімдік жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған жер учаскесі. Аталған белгілер аумақтың 40 процентіне дейінгші алаңынан көрінеді) – 0,9;
қанағаттанғысыз (ластанған, бұта-шілік басып кеткен, ағаш өскен, тастақ, өсімдік жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған жер учаскесі. Аталған белгілер аумақтың 40 процентінен астам алаңынан байқалады) – 0,7;
жер қабатының еңістігі:
3 градусқа дейін – 1; 3,1-ден – 6 градусқа дейін – 0,95; 6,1-ден – 10 градусқа дейін – 0,9; 10,1-ден – 20 градусқа дейін – 0,85; 20 градустан астам – 0,5;
жайылымдық жердің жай-күйі:
жақсы (ластанбаған, бұта-шілік (азыққа жарамайтын бұталар) баспаған, ағаш өспеген, тассыз, аймақтық өсімдіктердің белгілері жақсы байқалатын жер учаскесі) – 1,2;
қанағаттанарлық (ластанған, бұта-шілік (азыққа жарамайтын бұталар) басқан, ағаш өскен, тастақ, өсімдік жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған, қатты тапталған жайылымдары, жалаңаш сорлары бар, сортаң топырақты, тақыр жер учаскесі. Аталған белгілер аумақтың 40 процентіне дейінгі алаңынан көрінеді) – 0,9;
қанағаттанғысыз (ластанған, бұта-шілік (азыққа жарамайтын бұталар) басқан, ағаш өскен, тастақ, өсімдік жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған, қатты тапталған жайылымдары, жалаңаш сорлары, сортаң топырақтары, тақыр жер учаскесі. Аталған белгілер аумақтың 40 процентінен астам алаңынан байқалады) – 0,6;
жер қабатының еңістігі:
12 градусқа дейін – 1; 13-тен 20 градусқа дейін – 0,8; 20 градустан жоғары – 0,6.
4. Жер учаскелерінің құнын анықтау үшін жер учаскесінің суландырылуына, оның шаруашылық орталығына қарағанда орналасқан жеріне, қызмет көрсету саласының орталықтарынан қашықтығына байланысты мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:
-
жер учаскесінің суландырылуы (сумен қамтамасыз етілуі):
суландырылған – 1,2; суландырылмаған – 0,8;
-
жер учаскесінің шаруашылық орталығына қатысты орналасуы, километрмен:
беске дейін – 1,2; 5-тен 10-ға дейін – 1; 10-нан 20-ға дейін – 0,9; 20-дан 30-ға дейін – 0,8; 30-дан астам – 0,7;
-
жер учаскесінің қызмет көрсету орталықтарынан қашықтығы, жолдардың сапасына байланысты:
Кесте 1. Түзету коэффициенттері
Қашықтығы,
км
|
Тас
жолдар
|
Қиыршық тас төселген жолдар
|
Жай
жолдар
|
20-ға дейін
|
1,4
|
1,1
|
0,7
|
21-40
|
1,2
|
0,9
|
0,6
|
41-60
|
1,0
|
0,7
|
0,5
|
61-80
|
0,8
|
0,5
|
|
81-100
|
0,6
|
|
|
100-ден астам
|
0,5
|
|
|
5. Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын арттыратын немесе кемітетін бірнеше факторлар болған кезде коэффициенттер көбейтіледі.
Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын арттырудың немесе кемітудің жалпы мөлшері осы Кодекстің 10-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленген төлемақының базалық ставкаларының елу процентінен аспауға тиіс.
Жерге меншік құқығының түрлері
-
Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.
-
Меншік құқығының субъектілері:
Республика аумағындағы жерге мемлекеттік меншік құқғының субъектісі - Қазақстан Республикасы;
осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелеріне жеке меншік құқығының субъектісі – азаматтар және мемлекеттік емес заңд тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншік құқығы
-
Мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда жеке және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығымен және (немесе) жеке меншік құқығымен берілуі мүмкін.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жеке меншік құқығымен Қазақстан Республикасының азаматтарына шаруа (фермер) қоалығын жүргізу үшін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу және орман өсру үшін беріледі.
-
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстау ақылы негізде жүргізіледі.
Шаруа қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесіне (жер учаскелеріне) жеке меншік құқығының табысталуына мүдделі азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың:
-
жер учаскесіне жеке меншік құқығын жер учаскесінің осы Кодекстің 10 және 11-баптарына сәйкес анықталатын кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен сатып алуына;
-
жер учаскесіне жеке меншік құқығын оның кадастрлық (бағалау) құнына қарай айқындалатын жеңілдікті бағамен сатып алуына болады.
Бұл ретте әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша жер учаскелеріне жеңілдікті бағаның нақты мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
-
Жер учаскесіне жеке меншік құқығын сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның:
Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмілелердің кез келген түрін жасауға құқығы бар; осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жер учаскесіне жеке меншік құқығы мемлекеттік тіркелген кезден 10 жыл өткеннен кейін, жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмілелердің кез келген түрін жасауға құқығы бар. Бұл шектеу жер учаскесін кепілге салуға қолданылмайды.
-
Осы баптың 2-тармағында көзделген жер учаскелерін сатып алған кезде сатып алу сомасын төлеу жер учаскесіне жеке меншік құқығын сатып алатын тұлғаның жазбаша өтініші бойынша он жылға дейін төлеу мерзімін ұзарту арқылы жүргізілуі мүмкін.
Жер учаскелерін төлеу мерзімін ұзарту арқылы алған тұлғаларға учаскенің бағасы толық төленгенге дейін мәміле (стау, жалға немесе өтеусіз пайдалануға беру, шаруашылық жүргізуші субъектілердің жарғылық капиталына салым немесе жарна ретінде беру) жасауға тыйым салынады. Жеңілдікті бағамен төлеу мерзімі ұзартылып сатылған жер учаскесімен мәміле жасауға, оның сатып алу бағасы толық төленгеннен кейін он жыл өткен соң құқық беріледі.
Аталған тұлғалардың жер учаскесін кепілге беруіне оның сатып алу бағасының кемінде елу процентін төлеген жағдайда рұқсат етіледі. Бұл ретте жер учваскесінің сатып алу бағасы төленген бөлігі ғана келіп нысана бола алады.
-
Ауыл шаруашылығы мақсатндағы жер учаскесінің меншік иесі болып табылатыназамат Қазақстан Республикасының азаматтығына шыққан кезде жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс не жер учаскесіне құқық 10 жылға дейн жалдау шартымен уақытша жер пайдалану құқығына бір жыл ішінде қайта ресімделуге тиіс. Жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған кезде, жер учаскесіні сатып алу бағасы меншік иесіне осы учаскені мемлекеттен сатып алған баға бойынша, жер учаскелерін сатудан түсетін қаражат есебінен төленеді.
Жергілікті атқарушы орган жер учаскесін сатып алудан бас тартқан жағдайда, ол учаске оның рұқсатымен Қазақстан Республикасының азаматына сатылуы мүмкін.
Бөлімге сұрақтар:
-
Жердің басқа өндіріс құралдарынан өзгешелігі.
-
Жерге меншік түсінігі.
-
Жерге меншік түрлері.
-
Қазақстандағы жерге мемлекеттік меншіктіктің ерекшеліктері.
-
Қазақстандағы жерге жеке меншіктіктің ерекшеліктері.
-
Тұрақты жер пайдалану деген не?
-
Уақытша жер пайдалану деген не?
-
Қазақстандағы жер реформасының сатыларын атаңыз.
2-тарау. ЖЕР КАДАСТРІНІҢ НЕГІЗДЕРІ
Материалдық игілік қайнар көзі және салық салу объектісі ретінде жер туралы мағлұматтарды объективті түрде алу қажеттілігінен тарихи жер кадастрі туындады. Мемлекеттің пайда болуымен бірге жер мемелкеттік кіріс және арнайы салық объектісіне айналды.
Сондықтан қоғамның бір белгілі даму сатысында алдымен жерді есепке алу, содан кейін оны бағалау керектігі пайда болады, яғни жер кадастрін жүргізу қажеттілігі туындайды.
“Кадастр” сөзі латынның “capіtastrum” деген сөзінен шыққан. Бұл сөз “салық салынатын заттардың тізімі” деген ұғым береді. Осыған байланысты әуелі кадастр деп салықтанатын заттардың тізімі тіркелген кітапты (реестр) айтатын. Есепке, бағалауға алынған объектіге байланысты жер, су, орман және т.б. кадастрлері деп бөлінді. Сонымен бір жақты түсінікте жер кадастрі – жер салығы салынатын заттар туралы кітап, ал кең түсінікте – жерге салық салу үшін жер туралы мәліметтерді алу мақсатымен жерді есепке алу, жазу және бағалау бойынша мемлекеттің жүргізетін әрекеттер жүйесі. Кадастрлердің басқа түрлерінен жер кадастрі өзінің объектісімен (жер - өндіріс құралы және материалдық игіліктердің қайнар көзі) ерекшелінеді. Жер кадастрі әдістемесінің ерекшелігі жердің ерекшеліктерімен себептеледі. Ол ерекшеліктері келесідей:
1. Қоғам өмірінде жер еңбектің жалпы заты және шарты болып келеді. Ол қай болмасын өндіріс процесінің болуына шартты. Бірақ оның ролі қоғам өндірісінің әр түрлі сала қорында бірдей емес. Өңдеуші өнеркәсіпте және құрылыста ол кеңістік іс орны /еңбек жасалатын орын/ ретінде көрінеді. Қазып шығаратын өнеркәсіпте, оның үстіне ол ерекше қойма ретінде қаралады. Ауыл шаруашылығында жер тек қана өндіріс процесі жүзеге асырылатын орын ғана емес, ол еңбектің заты және құралы болып табылады. Ауыл шаруашылығында жер өндірістің ең басты құралы болып табылады.
2. Жер кеңістікте көлем бойынша шектелген және ештеңемен ауыстырыла алмайды. Өндірістің басқа құралдары өнімділік күштер даму барысында сан жөнінде өзгере алады, ескіргендері жаңа, жетілдірілген, экономикалық тұрғыда ұтымды құралдарға ауыстырыла алады.
3. Жерді құрал ретінде пайдалану оның кеңістік орнымен және ол орынның тұрақтылығымен байланысты. Басқа құралдарды әр орындарда пайдалануға және бір орыннан басқа орынға жылжытуға болады.
4. Жер өндірістің мәңгі, ауыстырылмайтын құралы болып табылады. Ауыл шаруашылығында жер өндірістің ең басты құралы болып, өсімдіктердің өсуіне жағдай жасаушы өте маңызды және ерекше қасиетімен, құнарлылығымен сипатталады. Жерді дұрыс пайдаланса, оның сапасы төмендемейді, керісінше – жақсарады, сөйтіп, оның құнарлығы жоғарылайды.
Жердің айрықша ерекшелігі – ауыл шаруашылық өндірісінде оны пайдалану сипаты. Жерде көптеген ауыл шаруашылық дақылдардың түрлері өсіріледі.
Жердің осындай ерекшеліктері жер кадастрінің мазмұнын, оны жүргізу әдістерін және тәсілдерін алдын ала есептейді. Жалпы түрде жер кадастріне келесі әрекеттер тән:
1. Жерлерді есепке алу;
2. Жерлерді баяндау;
3. Жерлерді бағалау.
Жерлерді есепке алуда алқаптардың кеңістік жайы, олардың көлемдері, құрамы және сапасы анықталады.
Жерлерді баяндауда олардың жаратылыс-тарихи және экономикалық қасиеттері анықталып жазылады.
Жерлерді бағалауда жердің өндіріс құралы ретінде құндылығы және пайдалылығы анықталады.
Кадастрдің осы аталған әр әрекет - өзінше бір қатар техникалық тәсілдерден тұрады. Ал олар барлығы бірге жердің санына, сапасына, негізгі қасиеттеріне, нышандарына ең толық сипаттама береді және шаруалау, салық салу объектісі ретінде салыстырмалы құныдылығын көрсетеді. Кадастрді жүргізуде әр әрекеттің маңызы туралы сұрақ әр кезеңде және әр елде әр түрлі қойылған. Бір жағдайда кадастрде ең басты көңіл - жерлерді есепке алуға, басқа жағдайда – жерлерді жаратылыс-тарихи немесе экономикалық баяндауға, ал үшінші жағдайда – жерлерді бағалауға немесе әрекеттерді қалай болса да үйлестіруге бөлінген. Барлық жағдайларда жер кадастрының құрамдық бөліктері болып, жерлерді сөзсіз есепке алу және бағалау жататын. Міндетті түрде жерлердің кеңістік жайлары ескеріледі. Сондықтан әр елдің әр уақытта жүргізілген жер кадастрлері бір-бірінен мазмұны және жүргізу техникасы, ұйымдастырылуы бойынша кәдімгідей айырылады. Кадастрдің барлық әрекеттері бірден және бір уақытта пайда болып, жүргізілген емес. Қоғамның ең ертедегі даму сатыларында жерлер тек қана есепке алынса, көптен кейін оларды бағалау басталды.
Жерді есепке алу қажеттілігі оны адам тамақтану үшін пайдалана бастағаннан /егіншілік пайда болғанда/ туындады. Егіншіліктің және мал шаруашылықтың дамуы бірінші кезекте оларды пайдалану сипаты /жыртылатын жер, жайылым/, яғни алқаптардың түрлері бойынша, есепке алуды талап етті.
Өндіріс құралдарының және өмірлік құралдарды табу тәсілдерінің әрі қарай жетілуі, егіншіліктің, мал шаруашылығының дамуы еңбектің, айырбастың қоғамдық бөлінуінің жеке меншіктің, мүлікті теңсіздіктің пайда болуына және қоғамның топтарға бөлінуіне, алғашқы қауымдық құрылыстың құлдық құрылысына көшуіне әкеліп тіреді.
Құлдық мемлекет шаруаларға көп салық салып, әр түрлі міндеттіліктерді орындауға мәжбүр етті. Жердің көп ауданы мемлекет иелігінде болды. Сондықтан құлдық құрылыста жерлер және иеленген жерлер есепке алынып, қайта саналды, жоспарлар құрастырылды, жерлердің және алқаптардың аудандары туралы мәліметтер көрсетілетін арнайы құжаттар құрылды. Құлдық қоғамның тиісті даму сатысында жерлерді сапа бойынша есепке алу басталды. Жерлердің сапасын салыстырмалы бағалау қажеттілігі пайда болды. Сонымен, жерге жеке меншіктік пайда болуымен жерге салық салу үшін жерлерді есепке алу мәліметтердің қажеттілігі туындады.
Жер кадастрі салық салудың ең бір маңызды құралы болған. Оның мәліметтері жер иеленушілерге салық мөлшерін белгілеуде негіз болған. Уақыт өте кадастрдің құқық жағының маңызы күшейе түскен. Ол жерді меншіктеу құқығын рәсімдеумен байланысты болды және сол арқылы пайдаланатын жерлердің шекаралары туралы азаматтық істер шешіле бастады.
Қоғамның даму кезеңдері басында негізінен жер көлемдері туралы мәліметтер тіркелген болатын. Содан кейін алқаптар және олардың сапалық күйі бойынша есепке алу қажеттілік пайда болды.Содан соң алқаптарды топырақ және құнарлығы бойынша сипаттай бастады. Жер кадастрі мәліметтерін тек мәтіндік құжаттарда ғана белгілей бастады. Топырақтардың сапасына қарай олар топтарға /кластарға/ бөлінді. Оған тарихтың көне ескерткіштері куә. Олар кәзіргі дәуірге дейін көптеген жүздеген жылдан бұрын жер және топырақтарда сапасы бойынша топтастыру туралы мәліметтерден тұратын жер кадастрінің болғандығын куәләндіреді.
Мысалы, Қытайда біздің дәуірімізге дейінгі 3 мыңыншы жылдары топырақтарды 9 класқа бөлген. Мұндай мәліметтер Ежелгі Греция, Египет, Римнің көптеген ескерткіштерінде бар. Ежелгі Римнің жер кадастрінде жер учаскелерінің көлемдері бойынша олардың сапасы, пайдалылығы, қолданатын өңдеу тәсілдері туралы мәліметтері баяндалған. Сонымен қатар жер бетінде дәл өлшеулердің жүргізілгендігі және сапасын анықтау туралы карталардың жасалғандығы келтіріледі. Жер иелері өздерінің жерлері, шаруа жабдықтары туралы толық мәліметтерді беріп отыруға міндетті болған.
Батыс Еуропада Франция королі Ұлы Карл (768-814жж.) ағылшын Эдуард І (1272-1307жж.) кездерінде олардың жерлерінен алынатын табыстарын баяндайтын жер салықтарын, Фридрих ІІ кезінде Сицилияда (1192-1250жж.), сонымен қатар Калабрияда (1327ж.), Дофине провинциясында жүргізілген жер кадастрлерін айтуға болады.
Жер кадастрі арнайы шара ретінде феодалдық өндіріс тәсілі жағдайында әрі қарай дамыды, рәсімделді. Жерге жеке меншіктік күшейген феодалдық қоғамда әр түрлі жер иелеріне салық салу мөлшері бірдей болған жоқ. Ірі жер иелері жер салығын төлеуде көптеген жеңілдіктерді пайдаланған.
Дамып келе жатқан капиталистік мемлекеттер өсіп кеткен мемлекеттік аппаратын, армиясын қамтамасыз ету мақсатымен және басқа да мәселелерді шешу үшін қаражат көбейтуге мәжбүр болды. Сондықтан феодалдық-басыбайлы қатынастарының жойылуына, жерді пайдаланушылардың, иеленушілердің салықтанатын санын көбейтуге, пайдаланатын жерлердің бәріне салық салуға мүдделі ретінде жерді есепке алушы, зерттеуші, баяндаушы және бағалаушы жер кадастрі қызметі қажет болды.
Капиталистік құрылыс жағдайында жер кадастрі күрделі шара ретінде арнайы жер-кадастрлік қызметі арқылы жүзеге асырылады. Жер кадастрінің қазіргі түсініктегі негізгі түрлері капиталистік қоғамда қалыптасқан. Сондықтан салық салу мақсаты жерді бағалау мәні және тәсілдері бойынша айырылады.
Капиталистік мемлекеттерді жер кадастрімен қатар жерді заңды тіркеу жүргізіледі. Оның міндеті жерді иелену және меншіктеу құқығын рәсімдеу болып табылады. Жерді тіркеу жерге жеке меншік құқығын қорғауға көзделген. Оның мәліметтерінің құқықтық маңызы бар. Олар тұлғалық және мүліктік болып бөлінеді. Біріншісі жер иелері бойынша, екіншісі – пайдаланатын жерлер бойынша жүргізіледі. Заңды жерді тіркеуді жүзеге асыру нәтижесінде жер иесінің жерге құқығы рәсімделеді. Ол нотариалдық мекемелерде арнайы құжаттармен заңдастырылады. Көпшілік капиталистік елдерде жерді заңды тіркеу арнайы жер кітаптарында жүргізіледі. Көптеген мелекеттерде жер кадастрі мен заңды жер тіркеу арасында тығыз байланыс бар.
Жер-кадастрлік материалдарды жер-құқықтық мәселелерді шешуде кеңінен қолданады. Олар тек қана салық салу мүддесінде емес, басқа да қажеттіліктер үшін /жерді сату, сатып алу, жалға беру, пайдалану және топырақтар эрозиясымен күресу бойынша ұсыныстарды жасау/ пайдаланылады. Жер кадастрінің негізгі міндеті жер иелерінің алатын пайданың бөлігін мемлекеттің алу мақсатымен тиісті мәліметтермен қамтамасыз ету болып қала берді. Бұл капиталистік жер қатынастарының мәнімен есептеледі - әр елде және әр уақытта жүргізілген жер кадастрлік жұмыстарының мазмұны мен әдістемелерінің ерекшеліктері болса да, жалпы оларға жер туралы мәліметтерді алу тән болған.
Жер кадастрі жерді арнайы есепке алып, бағалау шарасы ретінде қоғам дамуының бір сатысында пайда болып, жетіле берді. Ең алдымен зерттеу, есепке алу, бағалау, алқап түрлері және олардың сапасы бойынша топтастыру әдістерін, тәсілдерін жетілдіре түсті. Жаңа әдістерді, құралдарды қолдану арқасында жүйелі түрде жер кадастрлік ақпарат дәлдігі жоғарылады, құжаттардың рәсімі, мазмұны жетілді. Жер кадастрі арнайы дайындықты, білімді талап ететін күрделі шараға айналды.
Кеңес кезеңінде Қазақстанда қолданған жер кадастрінің жүйесі КСРО барлық республикасына ортақ болатын. Бұл жүйеде ең басты мақсат барлық жер қорының иесі мемлекет мүддесін қорғау болып табылатын. Одақтың ыдырауымен және республикалардың егемендік алуымен байланысты жер қатынастары да түбегейлі өзгерді. Қазақстан Республикасында басталған жер реформасы жерге деген меншіктің көп түрлерін енгізуді, жерлердің кейбір санаттарын жеке меншіктеуге көшуді көздеп отыр. Мұндағы ой, жерді жеке меншікке алған азаматтар және заңды тұлғалар ауыл шаруашылық өнімдерін алу және басқа да мақсаттар үшін олар жерлерді тиімді пайдаланады.
Жер реформасы жүру барысында жер қатынастары өзгеріп, жетілуде жаңа заң, нормативтік хаттамаларды қабылдау кең орын алуда. Мысалы, "Меншік туралың", "Жер реформасы туралы", "Жер кодексі", "Шаруа қожалықтары", заңдары қабылданып, өзгеріп жатыр. 1995 ж. желтоқсан айында қабылданған заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің "Жер туралы" жарлығында жер реформасының бірнеше жылдар тәжірибелері ескеріліп, жер қатынастарына түбегейлі өзгерістер енгізілген.
Мысалы: жерлердің кейбір санаттарына жеке меншік құқықтарын енгізу; жеке меншіктердегі жерлерді нарық айналымына қосу; азаматтарға және заңды мемлекеттік емес тұлғаларға тұрақты пайдалану құқығында берілген жер учаскелерін нарықтық айналым қосуға мүмкіндік беру. Сөйтіп жер нарығының қалыптасуына құқықтық негіз салынып, жерге жылжымайтын мүлік статусы берілді. Бұл заң қабылданған соң жерлермен келесі әрекеттер жүргізу мүмкін болды: сату; сатып алу; айырбастау; сыйлау; жер учаскелерін кепілдікке беру; ипотекалық операциялар және т.б.
Мұндай түбегейлі жер қатынастарының өзгерістері, әрине, Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрінің жаңа жүйесінің қабылдануын талап етті. Сондықтан, "Жер туралы" жарлығының 113, 114-баптарында жер кадастрінің негізгі талаптары және жаңа жағдайда оны жүргізу шарттары келтірілген. Мемлекеттік жер кадастрі бюджеттік қаржы есебінен Қазақстан Республикасының бір жүйесі бойынша жер қорларын басқару жөніндегі мемлекеттік органдармен жүргізіледі. Оны жүргізу тәртібін Үкімет белгілейді.
"Жер туралы" заңның 113-бабына сәйкесті Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасы жерінің табиғи және шаруашылық жағдайы туралы, жер учаскелерінің орналасқан жері, көлемі, шекарасы, олардың сапалық сипаты, жер пайдаланудың есебі мен жер учаскелерінің бағалануы туралы мәліметтердің, өзге де қажетті мәліметтердің жүйесі болып табылады.
"Жер туралы" жарлықта және одан кейіңғі заңдарда жерлерді тиімді пайдалануды, қорғауды қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасында жаңа мемлекеттік жер кадастры жүйесін енгізумен қатар, жаңа жер қатынастарын ескере отыра, жерді үйлестіру, жерлер мониторингісі, жерлерді пайдалануды, қорғауды мемлекеттік бақылау жөнінде жүргізілетін жұмыстарға негізгі талаптар қойылған.
Жерді үйлестіру келесі жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз етеді:
-
жерді үйлестірудің республикалық, облыстық схемаларын және жер ресурстарын пайдаланудың, жақсарту мен қорғаудың бағдарламаларын әзірлеу;
-
жер пайдаланудың және жер иеленудің жаңа құрылымдарын құру мен кәзіргі қолданыстағысын ретке келтіру жобаларын жасау, жер учаскелерін орналасқан жерінде /карталарда/ бөлу мен шекараларын белгілеуді, жер пайдалануға, иеленуге құқық беретін құжаттар жасау;
-
елді мекендердің жер-шаруашылық құрылысының, жеке жер пайдаланушылардың, бүлінген жерлерді жаңғырту мен жаңа жерлер игеру жобаларын, сондай-ақ, жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзірлеу;
-
жерлерді есепке алу, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, топографиялық-геодезиялық, карторгафиялық, топырақтық, геоботаникалық және басқа зерттеу мен іздестіру жұмыстарын жүргізу;
-
кадастрлік және жер қорларын пайдалану, олардың жағдайлары жөніндегі басқа да карталарды әзірлеу;
-
жер бағалау жұмыстарын жүргізу.
Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, жерді үйлестіру, жерлерді пайдалану мен қорғауды және жер ресурстарын мемлекеттік басқарудың өзге де функцияларын бақылауды ақпараттық жағынан қамтамасыз ету мақсатымен жердің жай-күйін жүйелі қадағалап отыруға, ондағы болып жатқан өзгерістерді анықтау мен оларды бағалау жер мониторингінің мазмұнын құрады.
Жерлерді тиімді пайдалану мен қорғау барысын мемлекеттік бақылау мақсатымен республикамызда жер қорларын басқару жөніндегі Агенттік құрамында Мемлекеттік жер инспекциясы құрылды.
Мемлекеттік бақылаудың міндеттері жер Заңдарының тиісінше атқарылуына, мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалардың, азаматтардың жерді ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі шараларды орындауын қамтамасыз етуге саяды. Өздерінің құзыреті шегінде жерді пайдалану мен қорғау мәселелері жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың нұсқаулары барлық жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар үшін міндетті. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Қазақстанда жер мемлекеттің меншігінде болғандықтан, оған барлық жер қорының табиғи, құқықтық, шаруашылық жайы туралы мәліметтер қажет. Экономикалық тұрғыда жерді өндірістің ең басты құралы ретінде есепке алу, бағалау туындайды. Мемлекеттің даму жоспарларын, бағдарламаларын, болжамдарын ғылыми негіздеп құру үшін оның материалдық мүмкіндіктерін білу керек. Осы жағдай адам, материалдық, табиғилық қорларын /соның ішінде, әсіресе, жердің маңызы зор/ есепке алу қажеттілігін есептейді.
Жер қорларын ұтымды және тиімді пайдалану – халық шаруашылық маңызды мәселе. Ол халық шаруашылық салалары арасында жерді дұрыс үлестіруді, қоғамға керек ауылшаруашылық өнімді толық алуды, топырақтың құнарлығын сақтау және жүйелі түрде жоғарылатуды көздейді. Осы мәселені шешу үшін жер кадастрын толық, қомақта жүргізу керек. Ұйымдастыру-шаруашылық қызметін атқара отыра, мемлекет жер иесі және аумақтық басымдылық құқығын тұтқасы ретінде бірыңғай жер қорын басқаруды жүзеге асырып, жер кадастріне ерекше мемлекеттік мәнділік береді.
Кадастр мәліметтері, бірінші кезекте жерді тіркеу мәліметтері мемлекетпен тек қана жер қорын басқаруды әрі қарай дамыту мүддесінде емес, сонымен қатар жерге ресми мемлекеттік меншікті жүзеге асыру, қорғау мақсатында, сондай-ақ, жер пайдаланушылар, иеленушілердің құқықтарын қорғауда қолданады. Сондықтан жер кадастры мәліметтерінің экономикалықпен қатар, құқықтық та маңызы зор.
Кадастрлік мәліметтердің көп мәні жерлерді мемлекеттік және қоғамдық қажеттіліктер үшін бөліп беруде аз емес. Халық шаруашылық, қоғамдық мүдделер жағынан қарағанда осы мақсаттар үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығында пайдалануға жарамсыз немесе аз жарамды, сондай-ақ пайдалануға, иеленуге берілмеген жерлерден бөліп берген жөн. Сондықтан, осы мәселелерді шешуде жер қорын пайдалану, үлестіру, оның нақтылы жай-күйі, сондай-ақ ауыл шаруашылық алқаптардың өнімділігі туралы мәліметтердің керектігі туындайды. Сөйтіп, бұл мәліметтер жерді бөліп берудің ең қолайлы жолын негіздеу үшін қажет.
Мемлекет жерді кәсіпорындарына, мекемелерге, ұйымдарға, азаматтарға пайдалануға, иеленуге беретіндіктен кадастрлік мәліметтер жерлердің нысаналы, ұтымды пайдаланылуын, қорғалуын мемлекеттік тұрғыда бақылауды жүзеге асыру үшін керек.
Өндірістің дамуымен оның төңірегіне табиғи қордың шоғырлану үлесі өсе береді де, сөйтіп, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық, биологиялық процестердің өзара байланысы күшейе түседі. Өндіріс тек қана материалдық игілік жасаумен шектелмей, қоршаған ортаны қорғау, табиғатта экологиялық тепе-теңдігін сақтау тиіс. Осыған байланысты табиғат қорларын, соның ішінде жер қорларын қорғау ең бір маңызды халық шаруашылық мәселе, сондықтан оған мемлекеттік назар аударылады.
Сол шаралардың ішінде ең маңыздылары болып топырақтардың құнарлығын арттыру, су және жел эрозиясынан, қайта тұзданудан, құрғаудан, өнеркәсіп тастандыларымен ластанудан сақтау және жерлерді бастапқы қалпына келтіру шаралары болып табылады. Бұл мәселелерді шешу үшін еліміздің жер қорларының сапалық жай-күйі туралы толық, сенімді ақпарат жинақталуы және болуы керек.
Жекелеп салық салу мәселесі де жеке табиғи-экономикалық аймақтар бойынша жердің сапасын есепке алу, бағалау керектігін талап етеді. Кадастрлік мәліметтер жерлердің жай-күйін жақсарту, оларды пайдалану бойынша шараларды жоспарлау үшін де керек.
Мемлекет жер пайдаланушыларды топырақтардың құнарлығын арттыру бойынша нәтижелі шараларды жүргізуге, олардың жел және су эрозияларына қарсы жүргізілген, ұйымдастыру-шаруашылық,агротехникалық, гидротехника-лық шараларды жүзеге асыруға, сондай-ақ тұзданудың, ластанудың, батпақтанудың және басқа да жерлердің жай-күйін төмендететін процестердің алдын алу кешенін жүзеге асыруды талап етеді. Бұл шаралар жүзеге асыру жер алқаптарының сапалық жай-күйін жан-жақты зерттеу және есепке алуға негізделеді.
Мысалы, алқаптардың бір түрінен екіншісіне аудару керектігін негіздеу үшін олардың нақты жай-күйін білу қажет, сондай-ақ олардың аудандары, кеңістік орналасуы, бедері, топырақтары, геоботаникалық құрамы, шаруашылық пайдалану және т.б. туралы толық мәліметтер болуы қажет. Топырақтардың құнарлығын төмендетпеу үшін, оларды қорғау мақсатында мемлекет жақсарту жұмыстарын, бүлінген жерлерді қалпына келтіру, суару, екпе орман салу, эрозияға қарсы шараларды толық аумақта жүргізу үшін қаржы-қаражат іздестіруге міндетті.
Жер кадастрының шаруашылық әрекетті талдау, ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жерлерін нәтижелі пайдалануында көп маңызы бар. Осыған байланысты ауыл шаруашылық алқаптардың жай-күйін және көлемдерін ескеру, олардың өнімділігін салыстырмалы бағалау, жеке дақылдарды өндіру нәтижелігіне қарасты, қажеттік пайда болады. Жер кадастры мәліметтерінің жер салығын, жалға төлем алу шығындарын өтеу сомасын белгілеуде маңызы өте зор.
Сонымен, қазіргі уақытта жер кадастрының міндеттері кәдімгідей кең және жауапкершілікті. Олар Қазақстан Республикасының жер қорларын ұтымды және нәтижелі пайдалану мемлекеттің және барлық жер пайдаланушылардың мүдделіктерін айқындайды. Бұл мемлекеттік жер кадастрының халық шаруашылықтық маңызға ие екенін айғақтайды.
Қазақстандағы жер кадастрының мақсаттары мен арналуы оның міндеттерін және мазмұнын анықтайды. Кадастр жүйесінің бірлігі, өз кезегінде, қолданатын әдістемелердің бірдейлігін және барлық деңгейде сәйкесті тәртіпте жүргізуін, жеке әр жер учаскесінен бастап, жалпы мемлекеттік дәрежеде болғанын қажет етеді. Мемлекетке есепке алудың бірыңғай жүйесін ұйымдастыру мемлекеттік жоғарғы басқару органдарының міндеті болғандығынан сол органдар жер кадастрының мазмұнын және жүргізу тәртібін белгілейді.
Мемлекет жер кадастрының арналуын, міндеттерін, мазмұнын, құрамдық бөліктерін және оны жүргізудің тәртібін анықтайды. Ол жер кадастрлік мәліметтердің, құжаттың мазмұнын, кадастрлық есептің рәсімін, жер кадастрына жүргізілетін бақылау және кадастрлік жұмыстарды орындауды, ұйымдастыруды белгілейді.
Жер кадастрының мазмұны және оны жүргізудің белгіленген тәртібі еліміздің барлық аймақтарына міндетті. Мемлекеттік жер кадастрының объектісі Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік жер қоры болып саналады. Мемлекеттік жер кадастры осы қордың толық саны және сапалық сипаттамасын беруге және жерлердің табиғи, шаруашылық, құқықтық жағдайы туралы дұрыс, қажетті мәліметтер жиынтығынан тұруға тиісті.
Қазақстан Республикасы үкіметі белгілеген қаулысы /06.06.1996 ж.N710/ бойынша мемлекеттік жер кадастры Қазақстан республикасының табиғи, шаруашылық, құқықтық жағдайы туралы, жер учаскелерінің орналасқан жері, көлемі мен шекарасы, олардың сапалық сипаты, жер учаскелерінің есепке алынуы мен бағалануы туралы мәліметтердің, өзге де қажетті мәліметтердің жүйесі болып табылады.
Жер кадастрын жүргізудің ең маңызды шарты координаттардың, биіктіктердің, картографиялық проекциялардың, классификатор, код, кіру және шығу форматтардың бірыңғай мемлекеттік жүйесін қолдану жолымен ақпаратты өзара сәйкестендіру принципі қаматамасыз ету болып табылады.
Кадастр мәліметтері топографиялық-геодезиялық, аэро-ғарыштық, картогрфиялық, жерді үйлестру, инвентаризациялық, топырақтық, геоботаникалық, бағалаулық және басқа зерттеу мен іздестіру жұмыстарын жүргізу арқылы қалыптасады. Кадастр мәліметтерін есепке алу, сақтау бірлігі белгіленген тәртіппен жер құқығы қатнастары субъектілеріне бекітіліп берілген, тұйық шекарада бөлінген жер учаскесі болып табылады.
Кеңес кадастрінде есепке алудың негізгі бірлігі болып жер пайдалану табылады. Кәзіргі қабылданған есепке оқу тәртібінің айырмашылығы-есепке алудың және бірлігіне жер учаскені қосу. Бұның себебі, жер реформасын жүргізу нәтижесінде жерді мемлекеттік заңды тұлғалармен қатар азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар да пайдаланушы және иеленуші субъектілері болып саналады. Сонымен қатар жаңа жағдайда басқа есепке алу бірліктерін қолдануда-жер кадастрлік квартал, жер пайдалану және иеленетін жер, аудан,облыс деп қолданған дұрыс.
Кадастрде әр жер учаскесі үшін физикалық сипаттамалары келтіріледі. Олар учаскені кеңістікте бөліп көрсетеді, оның орнын, мөлшерін анықтауға, сондай-ақ жерді құндық бағалауға мүмкіндік береді. Жер учаскелері туралы мәліметтер жер кадастрлік карталарда да келтіріледі-оның кадастрлік нөмірі, орны, шекарасы, жазулары айқындалады.
Мәліметтер тиісті әкімшілік аудан деңгейінде жинақталады. Онда учаскенің кадастрлік нөмірі, жеке немесе заңды тұлға /жер учаскенің құқықтық субъектісі/ аты, атқарушы органдардың хаттамалары, орны, мөлшері, бағалық құны, нысаналы арналуы, бөліну, бөлінбеуі, сервитут, пайдалану жөнінде шектеу туралы мәліметтер көрсетіліп, сақталынады. Бұл мәліметтер меншіктеу түрлері, жер санаттары аудандар, облыстар, қалалар, республика бойынша жүйелендіріледі.
"Жер кодексі" заңға сәйкес Қазақстанда мемлекеттік жер кадастры келесі құрамдық бөліктерден тұрады-жер учаскелерін тіркеу, жерлерді есепке алу, топырақтарды бонитеттеу, жерді бағалау және жер учаскелерімен мәміле жасау. Бірыңғай мемлекеттік жер қоры мемлекет меншігі болып, ол жер учаскелерін пайдалану, иелену құқығын бергендіктен жерді қалай пайдалануы заңда түрде рәсімделіп, ал жер учаскелері белгілі территория, жылжымайтын мүлік ретінде белгілі тәртіпте тіркелуі керек. Бұл қызметті жер учаскелерін мемлекеттік тіркеуі өткізеді. Оның мәліметтері жердің белгілі көлемін, нақты жеке немесе заңды тұлғалардың пайдалануы үшін негіз болып келеді.
Есепке алуда жер мөлшері, кеңістік орналасуы, сапалық жай күйі пайдалануы бойынша сипатталады. Есепке алудағы тіркеу мәліметтері әр нақтылы пайдаланушының, иеленушінің жер учаскенің мөлшерлерін жазу негізін қалайды. Мемлекеттің бос жерлері олардың орындары бойынша жеке орналасқан жер массивтері ретінде есепке алынады.
Есепке алуда табиғи қор және өндіріс құралы ретінде жердің санымен қатар сапалық көрсеткіштері анықталады. Топырақтардың табиғи қасиеттері бірдей болмайтындықтан, оларды салыстырмалы түрде бағалау қажет болады, былай айтқанда топырақтарды бонитеттеу керек. Жерлерді тіркеу, есепке алу жөніндегі мәліметтер жеке учаскелердің топырақтарын бонитеттеуде бастапқы ақпарат болып келеді. Жердің сапасы табиғи факторлармен шектелмей, экономикалық жағдайларға тәуелді болады. Сондықтан жерді өндіріс құралы ретінде экономикалық бағалау керектігі пайда болады. Осы бағалаудың мәліметтері тіркеу –есепке алу және бонитеттеу мағлұматтарына сүйенеді.
Тұтас жүйе ретінде жер кадастрының байланысы және жүзеге асыру ізділігі осындай. Өз кезегінде, кадастрдың әр бөлігінің жүргізілуінің нақты арналуы, мазмұны, белгілі әдістемелері, тәсілдері бар. Оның әр біреуі белгілі жағдайда жеке жүргізілуі мүмкін. Мысалы, бір кезеңде назарды жер тіркеуге, ал басқа уақытта – жерлерді есепке алуға көңіл бөледі. Белгілі кезеңде оларды топырақтарды бонитеттеу және жерлерді экономикалық бағалау мәліметтерімен толықтыру қажеттілігі туады. Орындалатын жұмыс аумағына, сипатына байланысты жер кадастры екі түрге бөлінеді: негізгі /бірінші/, күнделікті /келесі/.
Негізгі кадастрдың мақсаты – кадастрленетін жер учаскесі, аудан, облыс жерлерінің табиғи, құқықтық, шаруашылық жағдайы туралы алғашқы мәліметтерді алу. Мұнда алқаптардың көлемі, құралы, сапалық сипаттамасы, жерлердің пайдалануы, шығындар және т.б. мәліметтерден тұратын құжаттар, материалдар жинақталып, олардың толықтығы дұрысталып талданады. Керек болса толық және сенімді мәліметтерді алу мақсатымен қосымша жұмыстар орындалып, материалдар түзетіледі. Осы мәліметтер негізінде мемлекеттік жер кадастры құжаттарына алғашқы жазу түсіріледі.
Сонымен, негізгі кадастр жүргізу нәтижесінде жер қорының мөлшерлері, олардың негізгі санаттары бойынша үлестіріледі және бағалау туралы мағлұматтар алынады. Негізгі кадастр жерлерді түсіру, зерттеу, жазу, бағалау бойынша көп аумақты, қомақты жұмыстарды жүргізумен байланысты. Топырақтық және геоботаникалық зерттеулер ведомстволық бағыныштыққа қарамай, кадастр талаптары бойынша мемлекеттік бағдарламамен кәсіпорындарда, ұйымдарда және мекемелерде орындалады.
Жерлерді күнделікті есепке алу міндетіне, үлестіру, жерлердің сапалық жай күйі және пайдалануы туралы өзгерістері мәліметтерін анықтап, жер кадастрлік құжаттарға түсіру, сондай-ақ жаңа жер учаскелері туралы мәліметтерді жазу кіреді.
Жерді өз еркімен басып алу, беру, құнды алқаптарды құнсыз түрге аудару сияқты әртүрлі заңсыз әрекеттер жер кадстрлік құжаттарға түсірілмейді, оларды жою жөнінде шаралар қолданады. Сонымен, негізгі және күнделікті қолданылатын кадастр де жер қоры туралы мәліметтерді жинаумен шектелмейді, жердің пайдалануын дер кезінде бақылауға, мемлекеттік және жеке меншікті қорғауға мүмкіндік береді. Осы екі кадастр арасында байланыс бар. Негізгі кадастр жер толық сипатталған, күнделікті кадастр мәліметтерін қолданады. Күнделікті кадастр алғашқыны жаңғартып, толықтырып, оның мәліметтерін кәзіргі заман деңгейінде жүйелі ұстап отырады.
Жер кадастрлік құжат текстік және жоспарлы –картографиялық болып бөлінеді. Текстік – кітап, ведомос, карточка, тізім, түсіндірме жазулар түрінде болады. Жоспарлы – картографиялық құжаттар жер учаскелерінің сызба бейнелерін көрсетеді – жоспарлар, карталар, картограммалар. Жер кадастрінің басқа есепке алу түрлерінен айрықшылығы – оның тек жоспарлы-картографиялық негізде жүргізілуі. Кадастр үшін керек мәліметтер жоспарлы-картографиялық материалдарда сызба түрінде көрсетілген. Қазақстанда жер кадастрын жүргізу автоматтандырылған жүйеге салынып отыр, барлық мәліметтер компьютерлерге еңгізіліп сақталады. Бұл ақпаратпен жұмыс істеу үшін арнайы бағдарламалар жасалынған. Картографиялық материалдар да компьютерлерге еңгізіліп, электрондық жоспар-карта түрінде шығарылады.
Кадастрлік құжат негізгі және қосымша деп бөлінеді. Негізгі құжат рәсімінің тізімін, сол құжаттарға кіретін мәліметтер құрамын Жер қорларын басқару Агенттігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне ұсыныс жасайды. ҚР Үкіметінің "Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу тәртібі" туралы қаулысы бойынша негізгі жер-кадастрлік құжаттарына мыналар жатады:
-
Жер учаскесінің жер-кадастрлік ісі.
-
Ауданның /қаланың/мемлекеттік жер-кадстрлік кітабі.
-
Жер-кадастрлік картасы.
Тиісті жазулардың заңды негізі ретінде құжаттар жерлердің барлық санаттары бойынша кадастрлік құжаттарды жүргізу тәртібін белгілейді. Ол құжаттар ҚР Үкіметінің қаулысы, атқарушы органдарының шешімдері.
Жер кадастрында тағы арнайы есептік құжат жүргізіледі. Ол текстік құжатқа жатады. Оған қосымша картограммалар, диаграммалар, жоспарлы-картографиялық материалдар тіркеледі. Жер кадастрының әр сатысында –жер учаскесі, кәсіпорын, аудан, облыс, республикалық мәліметтер бойынша белгілі байланысы бар тиісті құжаттар толтырылады. Қосымша кадастрлік құжатта негізгі жер кадастрлік құжатта бар материалдарға қосымшалар және түсініктемелер келтіріледі. Мағлұматтарды алу және кадастрлік құжатты толтыру үшін алғашқы құжаттардың мәліметтері пайдаланылады. Оларға түсіру және зерттеу, жоспарларды түзеу материалдары, түгендеу, жерді үйлестіру, орманды үйлестіру, мелиорация және т.б. мәліметтер жатады. Жер кадастрының кейбір бөліктерін жүргізу үшін қажетті кадастрлік құжаттардың және материалдардың, жұмыстардың түрлері:
-
Жер учаскелерін тіркеу – заңдық және нормативтік құжаттар, жер учаскелеріне құқықтарды рәсімдеу және табыстау тәртібі, құжаттардың рәсімі, жерлерді бөліп беру, шекараларды, аудандарды, алқап құралдарын, бөлінуі, ауытрпалықтарын және пайдаланудағы басқа шектеулерді анықтау, картографиялық жұмыстар;
-
Жерлерді есепке алу – тіркеу мәліметтері, есепке алу, және есеп беру құжаттары, картографиялық материалдар, бонитеттеу, жерлерді бағалау мәліметтері, жер учаскелері, санаттары, алқап түрлері, құқық субъектлері бойынша есепке алуды жүргізу;
-
Жерлерді бағалау – жерлерді аймақтау, топырақтарды бонитеттеу, жерлерді бағалау әдістемесі, жерлерді есепке алу мәліметтері, топырақтық геоботаникалық зерттеу, ізденіс материалдары;
-
Жер кадастрының автоматтандырылған жүйесі – компьютерлік техникамен қамтамасыз ету, жекешелеп оқыту, кадастрлық жұмыстардың барлық түрлерін бағдарламамен қамтасыз ету.
Мемлекеттік жер кадастры
|
Жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі
|
Жер учаскелерін тіркеу, жерлерді есепке алу /сан және сапалық/, жерлерді бағалау /топырақтарды бонитеттеу, жерлерді құндық бағалау/
|
Достарыңызбен бөлісу: |