Қазақстандағы туризм экономикасын дамытудың
басым бағыттары
Таласпаева А.Е., М.Өтемісов атындағы БҚМУ Орал қ.
Туризм әлемдiк экономикада басты рөлдiң бiрiн атқарады. Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның (ДТҰ) деректерi бойынша туризм әлемдегi жалпы ұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етедi.
Туризм жалпы алғанда, мемлекеттiң экономикасына үш оң нәтиже бередi:
1. Шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етедi және төлем теңгерiмi мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткiштерге оң ықпал жасайды.
2. Халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседi. ДТҰ мен Дүниежүзiлiк туризм және саяхат кеңесiнiң бағалауы бойынша туризм өндiрiсiнде құрылатын әрбiр жұмыс орнына басқа салаларда пайда болатын 5-тен 9-ға дейiн жұмыс орны келедi екен. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды.
3. Елдiң инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдеседi.
Туризм елдің тұтас аудандарының экономикасына белсенді әсер етеді. Туризм саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің құрылуы және жұмыс істеуі жол көлігін, сауданы, коммуналдық тұрмыстық, мәдени, медициналық қызмет көрсетуі дамытумен тығыз байланысты. Туризм индустриясы басқа экономикалық секторлардың көпшілігімен салыстырғанда, неғұрлым пәрменді мультипликаторлық тиімділікке ие.
Туризм ел экономикасына табыс түсіретін жетекші сала десек те болады. Қазір туризм саласындағы бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 140 елдің ішінде 88-орында тұр. Өзге елдерде Қазақстанның имиджін көтеруге 720 миллион теңге жұмсалғанымен, шеттен келетін саяхатшылардың саны компаниялардың бағалауынша биыл 16,2 пайызға кеміп кеткен. Бұл ең алдымен демалыстың жоғары құны, әлсіз инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасының төмендігіне байланысты болып отыр. Сондықтан өзге елдерде туризмнің үлесі жалпы ішкі өнімнің кемінде 10 пайызын құраса, Қазақстанда бұл 1 пайыздан да төмен болуда.
Туризм экономикасының түйінді мәселелері мыналар:
– адамдардың туристік қызметке қажетін тудыратын обьективті факторлар;
– адамдардың туристік қажеттерінің мазмұны мен сипаты, сондай-ақ қажеттіліктің әр түрлі категориялы класификациясы;
– туристік өнімдерді пайдаланушы адамдардың экономикалық көзқарасы және олардың (туристердің) ынта-көңілі;
– туристік өнімдерді өндіру үрдісінің экономикалық ерекшеліктері, туристік индустрияға және туризм сферасының еңбек мүмкіншіліктеріне талдау жасау;
– қазіргі ішкі және сыртқы нарық жағдайындағы туристік өнімдерді өндіру, айырбастау және таратудың экономикалық ерекшеліктері;
– мекеме және сала деңгейлеріндегі туризм жұмысының қаражат және экономикалық ерекшеліктері;
– микро- және макродеңгейдегі туризмнің экономикалық және әлуметтік әсері.
ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында туризм дамыту мәселесіне арнайы назар бөлінген. Бағдарламада қойылған мақсаттарға сәйкес, мемлекет іскер топтармен бірігіп еліміздің барлық облыстарында туристік инфрақұрылымды белсенді қалыптастыруда. Бұл орайда, халықаралық түристік орталықтарды, курорттарды және демалыс аймақтарын құрастыру саласындағы келесі үш ірі жобаны атап өтуге болады: Маңғыстау облысындағы «Кендерлі», Ақмола облысындағы «Бурабай» және Алматы облысы Қапшағай суқоймасы жағалауындағы «Жаңа Іле». Аймақ деңгейіндегі жобалардың ішінде Ақмоладағы «Шаржұм» демалыс аймағын, «Қатон Қарағай» емдеу-сауықтыру кешенін, «Шеберлер ауылы» этнографиялық кешенін және де Алматы облысындағы «Талхизді» секілді жобалар көзге түседі.
Сонымен қатар, «Батыс Европа – Батыс Қытай» көлік коридоры бойында дамып келе жатқан туристік кластерлердің маңызы зор. Жалпы алғанда, халықаралық стандарттарға сай 48 түристік орынның ашылуы көзделген. Қазіргі таңда жаңа түристік бағыттар, оның ішінде, қалалық туризм, белсенді және санаторийдегі демалыс, тарихи-мәдени туризм, сондай-ақ экотуризм.
Қазахстанда 9000 аса археологиялық және тарихи мұралар, 118 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, олардың арасында 11 мемлекеттік ұлттық табиғи парк ашылған. Елдегі ең танымал орындар Алматы облысындағы «Алтын Емел» мен «Іле-Алатау ұлттық паркі», Павлодар облысындағы «Баянауыл», Ақмола облысындағы «Көкшетау» мен «Бурабай» болып табылады. «Тамғалы Тастағы» жартасқа салынған суреттер, Шарын шатқалы, «Сыңғырлауық құмдар» және «Бесшатыр» сақ қорғандары аса көрнекті деп саналады. Экотуризмді көпшілік арасында тарату мақсатымен «Іле-Балхаш Регатасы» және «Ертіс меридианы» секілді шаралар үнемі ұйымдастырылады.
Қазақстанда тау шаңғысы спортымен шұғылдануға қажетті барлық жағдай жасалған, бұл тұрғыдан алғанда еліміз биік таулы елдерден кем емес. Әсіресе, Алматыдағы «Шымбұлақ» пен «Медеу» спорт кешендерін, Ақмола облысындағы Щучинск-Бурабай демалыс аумағын атап өтуге болады.
Қазақстан тұрақты даму мен беделі көтерілуінің арқасында бүкіл дүние жүзіне танылып отыр және осыған туризм өз үлесін қосады. Бұған дәлел ретінде Дүниежүзілік Туристік Ұйымның 18-ші Бас Ассамблеясы және EXPO-2017 халықаралық көрмесі секілді ірі халықаралық шаралардың Қазақстанда өткізілуі ұлттық туризм дамуына тың серпіліс береді деп айтуға болады.
Астанадағы өтетін ЭКСПО-ның тақырыбы: «Болашақ энергиясы». Көрмеге қатысушы мемлекеттер өздерінің энергия саласындағы техникалық жетістіктерімен барша жұртты тәнті етеді. Әсіресе, қазіргі таңда сұранысқа ие балама энергия көздерін алу мақсатындағы құрылғылармен таныстырады. Сарқылмайтын энергия көздеріне жататын: күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы энергия алу болашақта адамзатқа қажетті ресурс түрі. Осыдан, көрменің тақырыбы көпшіліктің қызығушылықтарын тудыратыны анық.
EXPO-2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Халықаралық көрмеде әрбір мемлекет өздерінің павильондарын 25 га жер көлеміне салатын болады. Бұл көрмеге 5 млн.-нан астам туристер келеді деп жоспарлануда. Әрбір келген адам 130$ ақша әкелетінін ескерсек, бізге түсетін пайда 520-910 млн.-ға дейін жоспарлануда.
Туризмнің дамуы мемлекеттің экономикалық жағдайының жақсаруына, аралық салалардың қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Бұл жаhандану деңгейіндегі салмақты саясат, үлкен ақша, ірі бизнес болып саналады. Туризм үш ең ірі экспорттық салалардың құрамына, автомобиль жасау және мұнай өндіру өнеркәсіптерінен кейін енеді. Туризм өз кезегінде әлемдік шаруашылықтың ең қарқынды және өз шығымын өзі өтей алатын түрі болып саналады. Қазақстан экономикасын дамыған мемлекеттер қатарына қосылуындағы негізгі сала ретінде туризмнің өзіндік орын алары сөзсіз.
Әдебиеттер тізімі
-
Кусаинов Х.Х., Сергеева А.М. Туризм экономикасы: Оқу құралы. – Алматы, 2012.-208 бет.
-
Драчева Е.Л. Экономика и организация туризма. – М.:2005.-135с.
-
Айжанова Д.А., Дуйсен Г.М. Особенности развития кластерного потенциала в условиях модернизации национальной экономики // Экономика и статистика. Научно-информацинный журнал, 2005, №3.С.-8-12.
-
G-global, www.group сайты.
-
egov.kz сайты
Достарыңызбен бөлісу: |