Қалыш А.Б., т.ғ.д., профессор
ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚАТЫНАС КӨЛІГІ // V-Халықаралық Түркология конгресі «Мәдениеттермен ықпалдастық және өркениеттер бірлігі» баяндамалар жинағы. 19-20 сәуір. – Түркістан, 2013. – 613-616 бб. (ISBN 978-601-243-535-1).
Ілкі замандардан бері келе жатқан көлік-қатынас құралдарының шығуы, қайнар бастаулары мен дамуы әлемдік тарихнамадағы күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Осы уақытқа дейін ғалымдар тарапынан оның сан алуан қырлары қарастырылды, мәселен археологтар қола және ерте темір дәуірлеріндегі көлік, қатынас немесе тасымал құралдарына тоқталып, іргелі еңбектер жариялады [1-4]. Дегенмен дәстүрлі қазақ қоғамындағы көлік қатынастарының бірқатар жайттары зерттеушілер тарапынан қағыс қалып жатқандықтан, біз осы мақаламызда аталмыш мәселеге арнайы тоқталмақпыз.
Жалпы алғанда, экономикалық өрлеу үшін жол қатынастырын дамытудың маңыздылығы әлемдік экономика тарихында қалыптасқан қағида екендігі белгілі. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Қазақстанның кең байтақ даласындағы қатынас жолдары мен қатынас құралдарының патшалық үкімет шенеуніктері тарапынан әлсіз зерттелуі әсерінен сырттан келіп жатқан капиталдың кеңінен енуіне, қазақ қоғамының экономикалық өрлеуіне, өрістей дамуына кері әсерін тигізіп, өндірістік қатынастардың бірқалыпты жағдайда тұрақтап қалуына алып келді. Патшалық Ресей далалық жолдарды дамыта қоймады, негізгі пайдаланған қатынас салалары темір жол (Ташкент-Орынбор) мен су жолдары (Ертіс, Жайық, Іле, т.б.), пошта байланысы еді.
Отандық тарихнамада қазақтың дәстүрлі қатынас құралдарының қалыптасуы, тарихи дамуы және оның экономикалық өрлеуге әсері әлі күнге дейін толыққанды зерттеле қойған жоқ. Алайда, этнография ғылымы үшін қатынас құралдарының кейбір қырлары, өзіндік даму белестері адамзаттың шаруашылық қызметімен тікелей байланысты заттай мәдениеттің кез-келген бұйымы секілді біршама қызығушылық оятқан болатын, нәтижесінде мамандардың көпшілігі оны табиғи, экономикалық және тарихи жағдайлармен тығыз байланыстырып, өзіндік рөлін айқындаумен ғана шектеліп қалып та жатты.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы негізгі қатынас құралдарын, бүкіл көліктерді бір баяндама аясында саралап шығудың мүмкіндіктері шектеулі. Себебі көтеріліп отырған мәселе өте ауқымды. Сондықтан да біз осы баяндамада, қазақ халқының тұрмысындағы маңызды көліктердің бірі арбаға ғана тоқталып кетсек дейміз.
Бұл көлік түрі қазақ жерінде ертеден белгілі. Көшпелі қазақ халқының арбалары екі түрлі: қос донғалақты арба және үлкен төрт доңғалақты ірі арба болған. Арбалардың ауырлығына немесе жеңілдігіне қарай оларға аттар, өгіздер жөне түйелер жегілген. Олардың сүйегі мен доңғалақтары әдетте оңай иілетін қайың ағашынан жасалған. Өйткені, қабығын алып мұқият кептірілген қайың өндеуге қолайлы әрі өте берік болып келеді. Қазақ шеберлері арбаны жазда құрастырған. Жазба дереккөздеріне қарағанда берік те мықты арбалар кем дегенде екі міндет атқарған. Біріншіден, арбалар соғыс жағдайында қорғаныс жүйесінің міндетін атқарған. Яғни, көшпелілер арбаларды қатарластырып қойып, бекініс жасаған. Екіншіден, арбаларға дала көшпелілерінің тұрғын үйлері «шатырлар» орнатылған. Мұны Шараф ад-дин Әли Йазди шығармасында түріктің «көтерме» деген сөзімен атағандығынан да көруге болады. «Осы бір шексіз-шетсіз шөл дала тұрғындарының тұрғын үйі, деп жазған ол, Темірдің 1391 жылғы Дешті Қыпшаққа жорығын суреттей келіп, «көтерме шатырлар» болып табылады, оларды бөлшектемей, тұтасынан қойып, алынатындай етіп істейді, ал қоныс аударып, көшкен кезде оларды арбамен алып жүреді» [5, с.200-201].
Сонымен қатар, орта ғасырларда қазақ даласын мекендеген ру-тайпалардың «арбаға орнатқан үйлерін», яғни төрт доңғалақты арбаның айтарлықтай үлкен түрлерінің болғаңдығы туралы, оның үстіне киіз үй тігіліп, бірнеше өгіздер жегілгендігі туралы тарихи мәліметтерді Ибн Рузбиханның еңбектерінен табуға болады [6].
Иосафат Барбароның суреттеуіне қарағанда, мұндай арба –үйлердің сүйектері бойынша жасалған. Диаметрі бір жарым құлаштай болатын ағаш шеңбер алып, оған ортасыңда қиылысатын бірнеше жартылай шеңбер орнатқан; араларына қамыс төсеніш төсеп, оларды жеткілікті болуына қарай не киізбен, не өзге бір материалмен жапқан. «Олар тынығуға аялдағысы келген кезде, деп жазады одан әрі И.Барбаро, қыпшақ көшпелілері бұл үйлерді арбадан түсіріп алады да, соның ішінде тұрады» [7].
Ибн Рузбиханның келтіретініндей, бұл «жылжымалы үйлердің алды мен артқы жағынан торлы терезелер жасалған: терезелерге «өте әдемі және шеберлікпен өрнектелген киіз перделер» тұтылған. «Арба үйлердің үлкендігі, жасаулануы мен олардың саны қожайындарының атақтылығы мен байлығын көрсеткен. Сұлтандар мен ақсүйектердің иелігіндегі «арба үйлер» әдемі, әрі көркем жасауланған және оларға бір мезгілде жиырма немесе одан да көп адамның жатып-тұруына мүмкіншілік болған. Осындай үлкен шатыр арбаға орнатылып, оған қатарынан бірнеше түйе қосарлап жегілген. Қарапайым халықтың «арба-үйлері ұзынша етіп жасалған». Олар да шынайы шеберлікпен соғылған, бірақ көлемінің едәуір кіші болуымен ерекшеленіп, оларды бір, кейде бірнеше түйе сүйреткен. Осы жылжымалы, «биік тұғырда тұратын үйлердің тамаша екендігі сонша, әдемілігіне, шебер жасалғандығына және әсемділігіне көңілің сүйсініп, басың айналады» [6, с.98].
Сонымен қатар, ғұлама шығыстанушы В.В. Бартольдтің зерттеуінде де арбаға қатысты деректерді көре аламыз. Ғалым Шыңғыс ханның керейлік ханға айтқан сөзін келтіреді: «Біз арбаның екі етегі сияқтымыз, біреуі сынса, бұқа арбаны сүйрей алмайды; біз арбаның екі дөңгелегіміз, біреуі сынса арба қозғала алмайды» [8].
Көрнекті ғалым Х.А. Арғынбаевтың ізденістерінен, Ибн Рузбиханның айтқанындай, арба үстіне тігілетін киіз күркелерді біздің ұғымымыздағы үлкен киіз үйлер деудің қисыны келмейтіндігін келтіреді. Халел Арғынбайұлы пікірінше: «ол уақыттағы жер бетінің рельефі қазіргіден өзгеше, яғни тегістелген кең жолдардың жоқтығын ескерген жөн. Оған қоса ең шағын деген төрт қанатты үй сиятын арбаның өзі қандай кең болу қажеттігін және ең бастысы бірнеше құрамнан тұратын киіз үй қаңқасының арба үстіне тігіліп, жол азабына төтеп беру мүмкіндігінің тым аздығын еске алу керек. Ибн Рузбихан айтқан арба үстіңдегі күркелер бірлі-жарым адамдарға жол бойында жауын-шашыннан баспана, күннен көлеңке болған сияқты. Кейініректе арба үстіне күрке тігу дәстүрі үстем таптың қыз-келіншектеріне арналған күйме арба ретінде сақталған. Мұндай күймелердің тамаша үлгілері «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қамбар батыр» сияқты эпикалық жырларда сипатталған» [9].
Мұндай пікірді, В.В. Бартольд еңбегінен де көре аламыз, ғалым «Батыйдың» жиырма алты әйелінің әрқайсысында үлкен үй болған және сол үйдің «әрқайсысында екі жүз арба тұрды. Мұндай арбаларда артық қорлар да сақталған, мысалы, үйдің артындағы арбада қой жүні салынғаны туралы айтылады», деп зерделеген [8, с.7].
Біз жоғарыда келтірілген екі қарама-қайшы пікірлерді зерделей келе, соңғы ғалымдардың зерттеулеріне жүгінеміз. Өйткені, арба үстіне тігілген күймелер тек «бірлі-жарым адамдарға жол бойында жауын-шашыннан баспана, күннен көлеңке болған және артық қор сақтауға қолданылған» деген жоғарыда келтірілген тұжырымдарды қолдаймыз.
Белгілі ғалым және қоғам қайраткері Ө.Жәнібеков көтеріліп отырған мәселеге байланысты өз ойларын айтқан болатын. Оның айтуынша, қос ат жегілетін жеңіл күйме арбалар көште көбіне бойжеткен кыздарға, жаңа түскен келіндерге, бәйбішелерге құрметті көлік қызметін атқарған. Мұндай жеңіл қос дөңгелекті арбаларды соғыс кезінде де шапшаң қимылдап, ұрыс әрекеттеріне жедел басшылық ететін қолбасшылар да пайдаланған екен.
Сонымен қатар үстіңгі жағына үй (баспана) орнатылған арбалар табиғи жағдайларға байланысты қалыптасқандығы белгілі. Дегенмен, сәндік тұрғыдан қарастырғанда ол көшпелі салттың бір көрінісі ретінде тым сәулеткерлік өнерді білдіре қоймауы да ықтимал. Қалай болғанда да, арбаның төрт бұрышы, доңғалақтың дөңгелектігі, олардың темір құрсаулармен қапталуы дәстүрлі қазақ қоғамындағы шеберлердің өзіндік бір туындылар жасай алатындығын нақты аңғартатын дереккөзі іспеттес. [10, 25 б.].
Ақпарат берушілердің айтуына қарағанда, доңғалақты шатырлардың тұрғындары негізінен әйелдер, бала-шағалар болған, ересек адамдар ат үстінде олардың жанында жүрген, сөйтіп, қазақ даласының көшпелілері өз арбаларымен «қорқуды білмей, сенімді түрде» қоныс аударып жүрген. Үлкен арбаны жүргізетін адам оны сүйретіп, ер салынған аттардың (түйелердің) біреуіне мініп отырған. Ол қолына айдауға арналған қамшы және үлкен сырық ұстаған, ал жолдан бұрылу қажет болған кезде, сырық секілді құралдарды пайдаланған. Арба қасында салт аттылар көптеп еріп жүрген, олар арба қозғалысына көмектескен. Мәселен, өзеннен өткенде, өрге көтерілген кезде арбалардың дәртелеріне арқан байлап, атпен сүйреген, керек болса төмен түсетін кезде доңғалақты тежеген, яғни салт аттылар шатыр ішіндегі отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
Қазақ даласының көшпелілері арасында негізгі тұрғын үй мен көлік түрі ретіндегі арбалы үйлер XVIIІ-ХІХ ғасырдың алғашқы ширегіне қарай тұрмыстан шығып қалды. Оның өзіндік себептері бар. Ең алдымен жоңғарлармен болған жүзжылдық соғысты атауға болады. Екіншіден, Ресейдің отарлық саясатының басталуы, үшіншіден, Орталық Азиядағы хандықтармен болған соғыстар, «Елім-айлап» елдің босып кетуі себептер болған-ды. Осы кездерден бастап қазақтың негізгі баспанасы өзімізге кеңінен танымал киіз үй бола бастады. Оны кейбір өңірлерде «қар үй» деп те атайды.
Киіз үй туралы ақпараттар легі жазба деректерде ертеден айтылғанымен, қазақ халқының аталмыш үйлерді пайдалануы туралы уақыты жағынан соңғы хабарлар XVIIІ ғасырдың бас кезіне жатады. Сірә, бұл кездері осы екі бірегей заттың өзара тарихын, өзара байланысы мен эволюциясын әлі де болса мамандар тарапынан келешекте қарастырғанның артықтығы болмайды. Жалпы алғанда, неғұрлым кейінгі деректемелерде үстінде баспана-үйі жоқ қос доңғалақты арбалар ғана айтылады және кейде көлемі жөнінен үлкен болғанымен де, жиналмалы киіз үйлер мен алып жүретін үйшіктер ғана суреттеледі. Бұған дәлел, кейбір зерттеулерде қос доңғалақты арбаның дами түскендігі келтіріледі. Мәселен, мұңдай тұжырымды бірқатар зерттеулерден көре аламыз: «XIX ғасырдың орта шенінде, Қазақстанның Ресеймен сауда-саттық және экономикалық қатынасының күшеюімен, қалалардың өсіп, қазақ даласында орыс тұрғындары қоныстана бастауына байланысты көлік-арба жолдары пайда болып, доңғалақты көлік дами бастады. Қазақ халқының басым көпшілігі тасымал, қатынас үшін бұрынғысынша малдарды пайдаланды: түйе, бұқа және ат» [11]. Шындығына келгенде, ресейлік казактар қалыптастырған бұл жолдарды қазақтар көп пайдалана қойған жоқ. Себебі көлік қатынастары мен станицалар арасындағы байланыстар патшалық шенеуніктер, казактар мен орыс шаруаларына тиімді болды әрі бұл жолдар отарлық саясатты күшейтудегі негізгі құралдардың бірі болды. Патшалық Ресей бірінші кезекте жол қатынастарын өз мүддесі үшін қалыптастырды, яғни отарлық жүйені нығайтуға ұмтылды, қазақтың дәстүрлі көш жолдарын, көлік қатынастарын айтарлықтай пайдалана қоймады.
Арбалы үйлермен көшіп жүруден жиналмалы киіз үйлерге жаппай ауысу Дешті Қыпшақтың көшпелі халқының тұрмысында ірі өзгерістермен байланысты болды. Сонымен қатар, бұл өзгерістің себептерін тарихи дамудың әлеуметтік-экономикалық барысынан іздестіру керек деуге болады. Көшпелі шаруашылық жағдайында экономикалық құлдырау ең алдымен жайылымның тарылып, мал санының азаюынан туындауы мүмкін. Қазақ тарихындағы осы кезең, XVII ғасыр ғасыр жайылымдық жерлер үшін жоңғарлармен кескілескен күреске толы болуымен сипатталынады.
Сонымен қатар ағаш ұсталарының ішіңде арбамен қатар шана түрлерін жасауға машықтанғандары да болған. Өйткені, арба Қазақстанның қай өңіріңде болсын кеңінен тараған бұйым, ал шана, әрине ең алдымен еліміздің солтүстік, солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс өңірлерінде, яғни қысты күні қар мол болатын аудандарда жиі кездесетін.
Дәстүрлі этнография мәліметтеріне сүйенсек, шананың да екі түрі болған. Оның халық арасында көп тараған түрі – шаруашылыққа арналған үлкен жайдақ шана. Ал қаламен байланысы бар, сән қуған ауқатты адамдардың жасататын жайлы, екі-үш адамдық шағын қорапты шанасын қазақтар «кашауа» деп атаған [9, 55 б.]. Шананың қай түрі болсын қайыңнан жасалынған. Оны негізінен, отырықшылыққа көшкен, қаласы жақын солтүстік аудандарды мекендейтін тұрғындар жасататын. Кашовканың «кашауа» атануы сияқты, орыс халқының «сани» деген атауынан «шана» деген қазақ атауының да қалыптасуы ықтимал. Олай болса, X.А. Арғынбаев жасаған түйінімен келісе отырып, жалпы шана жасау, оны өмірде пайдалануды да көрші орыс халқынан үйренуі де шындыққа жақын келетін сияқты.
Қорыта айтқанда, қазақ шеберлерінің көлік жасау өнері ұрпақтан ұрпаққа тарап отырды, оны жасау дәстүрі мирас ретінде әкеден балаған қалып отырған болатын. Ертеден келе жатқан арба жасау әдіс-тәсілдерін әрбір ұрпақ өкілдері өз жаңалықтарымен, өнерімен толықтырып, байытып отырған.
----------------------------
-
Новоженов В.А. Наскальные изображения повозок Средней и Центральной Азии (к проблеме миграции населения степной Евразии в эпоху энеолита и бронзы). – Алматы, 1994.
-
Черных Е.Н. Степной пояс Евразии: Феномен кочевых культур. – М., 2009.
-
Кони, колесницы и колесничие степей Евразии. Коллективная монография. – Екатеринбург–Самара–Донецк, 2010.
-
Новоженов В.А. Чудо коммуникации и древнейший колесный транспорт Евразии. – М., 2012.
-
Турганбаева Л.Р. Из истории «домов» на колесах кочевников Евразии // Вестник КазГАСА. – 2007. – №2. – С.201-2002.
-
Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-йи Бухара. М., 1976. – С.73-92.
-
Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М., 1965. С.58.
-
Бартольд В.В. О колесном и верховом движении в Средней Азии // Записки Института
Востоковедения Академии наук СССР. М. Л., 1937. Т.VІ. С. 5-6.
-
Арғынбаев X.А. Қазақ халқының қолөнері. Алматы, 1987. 19б.
-
Жәнібеков Ө. Жолайрықта. Көкейкесті тақырыпта сұхбат. – Алматы, 1995. – 112 б.
-
Народы Средней Азии и Казахстана. М., 1963. Т.2. С. 48.
Резюме
В статье рассматриваются различные виды традиционного транспорта казахов в их историческом развитии.
Summary
This article is devoted to the problem of different traditional Kinds of Kazakhs transport in its historical evolution.
V TҮРКОЛОГИЯ КОНГРЕСІНЕ ҚАТЫСУҒА ӨТІНІШ
Аты-жөні
|
Қалыш Аманжол Боранбайұлы
|
Мекемесі
|
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
|
Факультеті
|
Тарих, археология және этнология
|
Кафедрасы
|
Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі
|
Ғылыми атағы/дәрежесі
|
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
|
Тұрақты телефоны
|
8-727-77-33-19
|
Ұялы телефоны
|
8-777-70-50-400, 8-702-379-9533
|
Мекен-жайы
|
Алматы, Н.Тлендиев 61-39
|
Факс
|
8-377-33-65
|
E-пошта
|
Kalysh_54@mail.ru
|
Баяндама тақырыбы
|
Қазақтың дәстүрлі қатынас көлігі
|
Баяндама түйіні
(250-300 сөз)
|
Жалпы алғанда, экономикалық өрлеу үшін жол қатынастырын дамытудың маңыздылығы әлемдік экономика тарихында қалыптасқан қағида екендігі белгілі. Соған байланысты бұл баяндамада автор қазақтың ежелгі дәстүрлі қоғамындағы негізгі көліктерінің бірі арбаға жан жақты тоқталып, қатынас құралының жалпы қазақтың дәстүрлі қалыптасуында оның дамуын, түрлеріне, әсіресе қос донғалақты және үлкен төрт доңғалақты ірі арбаларды қарастырады. Сонымен қатар, арбаны жасау материалдарына, қазақтың дәстүрлі қоғамындағы қатынас құралдарын зерттеушілердің еңбектері де көрсетілген. Себебі жол қатынасы көлігі арбалар соғыс жағдайында қорғаныс жүйесінің міндетін атқарған. Яғни, көшпелілер арбаларды қатарластырып қойып, бекініс жасаған. Екіншіден, арбаларға дала көшпелілерінің тұрғын үйлері «шатырлар» орнатылған. Кейініректе арба үстіне күрке тігу дәстүрі үстем таптың қыз-келіншектеріне арналған күйме арба ретінде сақталған. Автор ғалымдардың түрлі келтірілген қарама-қайшы пікірлерін зерделей келе, арба үстіне тігілген күймелер тек «бірлі-жарым адамдарға жол бойында жауын-шашыннан баспана, күннен көлеңке болған және артық қор сақтауға қолданылған» деген тұжырымдарын қолдайды. Сонымен қатар, мақалада ежелден келе жатқан көлік қатынасының бір түрі шана туралы, шананың семантикалық мәні туралы да сөз етілген.
|
Достарыңызбен бөлісу: |