Еліктеу сөздер Еліктеу сөздер - Еліктеу сөз табына жататын сөздер адамды қоршаған табиғат құбылыстарының және айналадағы заттардың қозғалуынан шыққан дыбыстарға еліктеуден немесе адамның түрлі жағдайға байланысты әрекетіне, қозғалысына қатысты көріністердің, сонымен бірге желдің гуілі, жапырақтың сыбдыры, найзағайдың жарқылдауы, күннің күркіреуі, өзеннің сылдырап ағуы, заттардың құлап тусуі, домалауы, соқтығысуларына еліктеуден пайда болған мән-мағынаны білдіретін ұғым атаулары, сол сөздердің жиыны.
Қазақ тілі адамның көру, есту мүшелері арқылы түйсіну, ұғу қабілетінен пайда болған мұндай еліктеу сөздерге өте бай. Олар ауызекі тілде де, әдеби тілде де кеңінен қолданылады. Ойды дәл де ықшам, жинақты да көрікті етіп жеткізуде ерекше көркемдік мән үстейтін сөздер. Мысалы: Төрт-бес ат суға түсіп, шомылып, жүндері жылт-жылт етіп, көлшімектің жағасындағы балғын шалғынды бырт-бырт орады. (С.Сейфулин); Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды (М.Әуезов)-деген сөйлемдердегі «жылт-жылт, бырт-бырт, сырт-сырт» еліктеу сөздері айтылған ойды көріктендіріп тұр.
Сөз табы ретінде еліктеу сөз тілде кейіннен танылған сөздердің тобы. Ол түркі тілдерінің ертеректе шыққан грамматикаларында одағай сөз табының құрамында қаралып келген. Түркі тілдерінде еліктеу сөздерді өз алдына одағайдан алғаш рет бөліп, оның 115-тен артық құрылымдық түрі барын анықтаған чуваш ғалымы Н.И. Ашмарин. Түркі тіліндегі еліктеу сөздерді бұдан кейінгі кезеңде өз алдына бөліп, одағай сөзден айырмашылығын көрсеткен келесі ғалым Л. Н. Харитонов.
Зерттелуі - Қазақ тілінде де біресе үстеудің, біресе одағайдың ішінде қарастырылып келген еліктеу сөздердің жеке сөз табы болып бөлініп даралануы профессор А.Ысқақовтың есімімен байланысты. Ахмеди Ысқақов қазіргі қазақ тілінде «еліктеу сөздер» өзгеше бір сөздер тобына жататынын баспа беттерінде елуінші жылдардың басында жариялаған мақалаларында-ақ дәлелдейді . Бұған дейін жалпы түркологиядағы сияқты қазақ тіл білімінде де жеке аталмай басқа сөз таптарының ішінде аралас беріліп келген еліктеу сөз, осыдан кейін қазақ тілі грамматикаларына жеке сөз табы ретінде еніп, алпысыншы жылдардан бастап ғалымдардың назарына ілінген маңызды ғылыми тақырыпқа айналды. Еліктеу сөзге арнап Ш. Сарыбаев кітап шығарса, Б.Катембаева ғылыми жұмысының тақырыбы етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |