Қазыналы қарашаңырақ



Дата02.07.2016
өлшемі46.77 Kb.
#172647
Жарқырады ерлердің жұлдыздары

Қазыналы қарашаңырақ

Күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, репрессия, қанқұйлы соғыс сияқты ауыр кезеңдерді бастан кешкен халық. Ұлы Отан соғысынан кейін «ух» деп бір дем алып, бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне құлшына кірісіп кетті. Сталиндік тоталитарлык, режим де халыққа бір ауық тыныштық беріп, бар игіліктің иесі - жұмысшы табының беделін көтеру шараларын ойпастырды. Соған орай моральдық-материалдық, ынталанадыру шаралары қарастырылды. Тіпті бір жолғы жоғары көрсеткіші үшін орден, медальдармен, аса үздік нәтиже үшін Социалистік Еңбек Ері сияқты құрметті атақпен наградтау осы жылдары белен алды.

Республика халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамытудың төртінші бес жылдыққа арналған жоспарында экономикалық және мәдени орталық ретінде Қарағандыға ерекше орын берілді. 1946-1950 жылдары облыстың барлық шаруашылық салаларын, алдымен көмір өнеркәсібін интенсивті дамыту көзделді. Жалпы қуаты 6,5 млн. тонналық 17 шахта салу, Саран және Шерубай-Нұра көмір кеніштерін игеру жоспарлаңцы.

Өндірістің барлық салаларында социалистік жарыс кенінен өрістеді. Мұнда да алдынғы қатарда шахтерлер болды. Мәселен №33/34 шахтасының проходкашылар бригадирі Петр Акулов кен қазбаларын дайындауда жоғарғы қарқынға жету жөнінде бастама көтерді. 1945 жылғы 24 қазанда оның бригадасы 17 тәуліктік норманы орындап, одақтық рекорд көрсетті. Бұл бастаманы көмір комбайнының машинисі Бәшір Нұрмағамбетов, навалоотбойшылар бригадирі Сәкен Шоманов, проходкашы Ғадиолла Хайрулин және басқалары қолдады.

Көмір өнеркәсібінде жоғары нәтижеге жетуде Қарағанды конструкторы Семен Макаровтың ойлап шығарған кен комбайнының маңызы зор болды. Ол жасаған ГМК-1 (Макаров кен комбайны) шахталарда кеңінен қолданыла бастады. 1947 жылдың өзінде осындай 24 құрылғы жұмыс істеді, соның нәтижесінде бассейнде ең жоғары еңбек өнімділігіне қол жетті. Яғни айына 15822 тонна, жылына 417 мың тонна көмір өндірілді. Бұдан кейін өндіріс жаңашылы ГМК-2, КМ-6М, КМ-4М көмір комбайндарын, УДП-2 көмір қопарып тиейтін машина құрастырды. Ол басқарған шағын топ Қарағандыдағы кен техникасын жасау және жетілдіру жөніндегі арнаулы конструкторлық бюро құруға ұласты. 1948 жылғы 9 маусымдағы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен «Көмірді бірден шауып құлатып, оны ұзын забойлардағы транспортерлерге тиеу үшін Макаров системасындағы жоғары өнімді комбайнның конструкциясын жасап, оны өндірісте қолданғаны үшін» конструкторлар С.Макаров, П.Денисов, №31 шахтаның бастығы Л.Егоров КСРО мемлекеттік сыйлығын алды. Сол қаулымен Қарағанды көмір бассейнінде кокстелетін көмірдің жаңа учаскелерін ашуды қамтамасыз еткен геологиялык, зерттеу жұмыстары үшін ғалым-геологтар А.Гапеев, Г.Кушев, Г.Медоев және «Қазақ көмір барлау» тресінің геологы З.Семенова да одақтық. мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Шахтерлердің социалистік жарысты өрістетудегі ролі ескеріліп 1947 жылдың 10 қыркүйегінде КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен кәсіби мереке - Шахтер күні тағайындалып, жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде атап өту белгіленді. Мұның өзі 1935 жылы көмір өнеркәсібінде басталған стахановшылар қозғалысына көрсетілген құрмет еді. Осыған орай Қарағандыда алғашқы Шахтер күні 1948 жылғы 27 тамызда кең көлемде атап өтілді. Бассейн шахталарында салтанатты жиналыстар брлып, онда соғыстан кейінгі бесжылдық ішінде атқарылған істер қорытындыланды. Алғашқы мерекені қарағандылықтар зор өрлеу үстінде қарсы алды. Өйткені КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Одақта 150 шахтерге Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Солардың ішінен 10 адам қарағандылық болып шықты. Олар: озат кеншілер, №33/34 шахтасының проходкашылар бригадирі Петр Акулов, Костенко атындағы шахтаның кеншісі Жансейіт Абдрахманов, №8/9 шахтасының навалоотбойшылар бригадирі Мұстафа Айтқұлов №44/45 шахтасының комбайн-машинисі Бәшір Нұрмағамбетов, №64 шахтаның проходкашысы Ғалиолла Хайруллин, №18/5 шахтасының навалоотбойшылар бригадирі Сәкен Шоманов және өндіріс командирлері, Киров көмір тресінің басқарушысы А.Воронков, №44/45 шахтасының бастығы Түсіп Күзембаев, №20 шахтасының бастығы Д.Обухов, Қарағанды көмір комбинатының бастығы В.Шибаев еді.

Сол жылдары ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де екпінді еңбектерімен көріне білді. «Алтын жұлдызға» алдымен облыс диқандарының өкілдері ие болды. Облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің 1948 жылғы 30 сәуір күнгі номерінде мынадай хабар жарияланды: «Кеше ҚК(б)П облыстық комитетінде КСР Одағы Жоғары Советі Президиумының Жарлығы бойынша Социалистік Еңбек Ері атағы берілген облысымыздың озат адамдарына ордендер мен медальдар тапсыруға арналған салтанатты мәжіліс болды. КСР Одағы Жоғарғы Советінің Президиумы атынан ҚК(б)П облыстық комитетінің секретары Абабков жолдас Социалистік Еңбек Ерлеріне - Тельман ауданына қарайтын Доскей атындағы колхоздың звено бастығы Дәкей Асылбекова, Нұра ауданындағы Киевка МТС-інің трактор бригадасының бригадирі Ибрагим Смағулов, Киевка МТС-інің директоры Даниил Ильич Скоромный жолдастарға Ленин орденін және «Орақ пен Балға» алтын медалін тапсырды... Киевка МТС-індегі трактор бригадасының бригадирі Смағұлов жолдас сөйлеп: - Биыл Осакаров ауданындағы Ударный МТС-інің трактор бригадасының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Герасимов жолдасты жарысқа шақырамын, -деді».

Енді газеттің 28 шілде күнгі «Социалистік Еңбек Ерлерінің даңқы арта берсін» деген мақалаға назар аударайық. Онда былай делінген: «КСР Одагы Жоғарғы Советі Президиумының осы жылғы 23 шілдедегі жарлығы бойынша Социалистік Еңбек Ері атанғандардың ішінде Қарағанды облысының 17 озат малшысы бар. Олар: Қарқаралы ауданындағы «Жөншілік» колхозының сиыршысы Дүйсен Байғулин, «Томар» колхозының шопаны Жақсылық Басымбеков, «Үштөбе» колхозының шопаны Жақыпбек Бейсембаев, Шет ауданындағы «Шет жарық» колхозының шопаны Әбду Қайқыбасов, Қоңырат ауданындағы «Қуаныш» колхозының шопаны Сәтибек Ыбыраев, Жезқазған ауданындағы «Бірлестік» колхозының шопаны Абайділда Жұмыртқинов, тағы басқа жолдастар».

Келесі 1949 жыл да облыс малшылары үшін табысты болды. Тағы да 23 адам Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауларына «Алтын жұлдыз» қадады. Осы екі жыл облыс еңбекшілері үшін шын мәнінде «жұлдыз жауған жыл» болды.

Облыстың қоғамдық-саяси өмірінде де үлкен оқиғалар болып жатты. 1946 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің сәйлауы болып өтіп, облыс аумағынан балқаштық металлург А.Әлімжанов, атақты геолог Қ.Сәтбаев және конструктор С.Макаров пен А.Миденко депутат болып сайланды. Қаныш Сәтбаев 1950 жылы үшінші сайланған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болу құрметіне де ие болды.



Қаныш Имантайұлы 1926 жылдан бері Қарсақбай, Жезқазған өңірінің кен байлығын зерттеп, Жезқазған мыс кенішінің қоры орасан зор екендігін дәлелдеді. Оған ғылыми атақ беріліп, жаңадан ашылған Қазақ КСР Ғылым академиясын басқару міндеті тапсырылды. Қазақстандық геологтар Орталық Қазақстан аймағының кен қойнауын барлап, өлкеде Менделеев кестесіндегі барлық дерлік элементтер бар екендігін анықтады. 1949 жылы Қарағандыда Ғылым академиясының Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі сессиясы болып өтті. Онда Қ.Сәтбаев бастаған ғұлама ғалымдар баяндамалар жасап, Орталық Қазақстанның байлығын барша әлемге мәлім етті. Сөйтіп, Қарағанды өңірі дамудың даңғыл жолына түсті.
Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермағамбет ЛҰҚПАН.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет