Фарабитану ілімі
Фарабитану — әлемдік ғылымда 19 ғасырдың 2-жартысында қалыптасып, Қазақстанда 70 жылдардан бастап дамыған ғылым саласы.
Әбу Насыр Әл-Фарабидің дүнижүзіндегі мәдениет пен ғылымға қосқан үлесін зерттеудің маңызын алғаш рет шетер ғалымдары Г. Сартон, Д. Беркал және А. Койре негіздеп берді.[1] 1975 жылы Фарабидің артында қалған мол ғылыми мұраларын жете зерттеуге арналған Халықаралық ғылыми конференция (Мәскеу-Алматы-Бағдат) ұйымдастырылып оған қатысқан ғалымдардың еңбектері жеке жинақ ретінде басылып шықты[2]. М. Шгельшнейдер мен Фр. Дитериц Фарабидің философиялық еңбектерін зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. Э. Ренан "Аверроэс және аверроизм" еңбегінде Фараби және ортағасырлық араб тілді Шығыс философиясына жаңа платонистік ағым мен перипатетизмнің механикалық бірігуі, комментаторлық және еліктеушілік бағыттағы өзіндік мәні жоқ ілім деген сыңаржақ баға береді. Музыка саласында Фараби әр алуан шығармалар мен қатар "Музыка туралы үлкен кітап" атты іргелі еңбегін француз тілінде И. Мадкури мен Г. Фармер жариялап, ғылыми түсініктеме жасады. "Мұсылман Қайта өрлеуі" терминінің енгізілуі мен оған лайықты баға берілуі Фараби мұраларын бүкіл әлемдік деңгейде зерттеуге игі әсерін тигізді.
Фарабидің еңбектерін жинастыру, зерттеу, аудару, қазақ және орыс тілдерінде бастырып шығаруда совет ғалымдары Б.Г. Гафуров, С.И. Григорян, В.В. Соколов, А.Ж. Машанов, А.К. Көбесов, М.М Хайруллаевтар, М. Бурабаев, Ә. Дербісәлиев елеулі үлес қосты.
Фарабидің әлемдік ғылым мен мәдениетке қосқан үлесті "Әл-Фараби мәдениет тарихында" атты монографияда жан-жақты қарастырылды. Тарихшылар А.Н. Бернштам мен К.А. Ақышевтың зерттеулері нәтижесінде Фарабидің Оңтүстік Қазақстан территориясын қоныстанған түркі тілдес тайпалардың өкілі екендігі анықталды. Қазақстан философтары еңбектерінде Фараби Аристотельдің материалистік идеяларын оз кезеңіне сай дамытып, шығыс периматетизімінің негізін салушы болғандығы дәлелденді.
Фарабидің философия, логика, социология, философия тарихына арналған еңбектері орыс және қазақ тілдерінде Қазақстан баспаларынан басылып шықты. Бұған дейін Фарабидің зерттелмеген көптеген трактаттарын жинау, ғылыми тұрғыдан жүйелеу және басып шығару жөнінде ҚазССР ҒА-ның Философия право институтында арнаулы топ жұмыс істейді.
Достарыңызбен бөлісу: |