Қазіргі абайтану ілімі. Абайдың академиялық басылымы Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихының зерттелуі /Т.Кәкішұлы, Ж.Смағұлов, А.Ісмақова т.б./
Қазақ әдебиеттану ғылымы, оның ішіндегі іргелі үш саласы әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны ерекше қарқынмен өсіп-өркендеп келеді. Осы үш саланың ішінде әдебиет теориясы мен сынына қарағанда әдебиет тарихының ілгерілеушілігі мол деп қарауға болады. Әдебиет тарихын жасау, түгендеу жаңа дәуірге лайықталып, жаңаша көзқараспен пайымдалып жасалуда. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы - әдебиет тарихының үлкен бір саласы - Абайтану. Абайтану ғылымына академик Зәки Ахметов былай деп баға береді: «Абайтану кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылық өнері, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерді қамтиды» /1.18/.
Абайдың өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеудің алғашқы өнімді кезеңі деп А.Байтұрсынов, К.Ысқақұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, Ы.Мұстамбайұлы, Ғ.Тоғжанов секілді әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің зерттеу еңбектерін, мақалаларын атауға болады.
Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М.Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына толық танытып, әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Алдағы уақытта осы ғылыми басылым үнемі негізге алынуға тиіс. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
Кейінгі жылдарда абайтану ғылымы көптеген әдебиетшілер, тіл зерттеушілер, музыка мамандары және басқа ғылым салаларының өкілдерінің еңбектерімен толыға түсті. Абайтану ғылымына С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Б.Ерзакович, М.Мырзахметов, Ғ.Есімов, Ж.Ысмағұлов т.б. ғалымдар салмақты үлес қосты.
«Қазіргі кезде әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылыми жаңа белеске көтеріліп жалғаса, толыға беруі керек. Абай шығармашылығының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек» /2.25/.
Абайтану ғылымының тарихы бай, кемел, іргетасы мықты ғылым десе де болғандай. Осының бәрін ескере келгенде келесі бір жағдаяттарды толық аңғаруға болады.
«Абайтану – ұлы ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат ететін қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі. Совет өкіметі орнасымен-ақ, өткендегі мұраға қамқорлық жаңа дүниетаным негізінде жүргізіле бастады. Ал Абай мұрасын тану, таныту, насихаттаудың алғашқы белгілері революцияға дейін-ақ көрінгенімен, оны шын мағынасындағы ғылыми тұрғыдан танып бағалау ісі біздің заманымызда ғана жүзеге асты. 1933 жылы М.Әуезов Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазып, Абайтанудың негізін салуды бастап берді. Бірақ 30 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде жазылған сын мақала, зерттеулерде бұл мұраны танып, бағалауға сол тұстың әдеби атмосферасында орын тепкен тұрпайы социологиялық, компоративистік негіздегі теріс танымдардың салқыны тимей қалған жоқ» /3.54/.
Абайтану ғылымының негізін салушы, іргетасын қалаушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов десек қателеспейміз. Сол себепті ең алдымен ұлы ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғалымның кейбір еңбектеріне қысқаша болса да талдау жасап кеткенді жөн көрдік. 1997 жылы жиырмасыншы ғасырдың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толды. Осы мерекеге орай профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы мен тарих ғылымдарының докторы Ләйла Әуезовалардың құрастыруымен жарық көрген кітап «Абайтану дәрістерінің дерек көздері» /4/ деп аталған екен. М.Әуезовтің бұл кітабының үлкен тарихи маңызы бар. Академик ғалымның Абай мұрасы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен көркем туындылары, олардың түрлі қолжазба нұсқалары мол. Ұлы жазушының абайтану саласында жарияланбаған, архив сөресінде сақталынып келген материалдарының өзі әлденеше кітап болатыны белгілі болып отыр.
М.Әуезовтің абайтану саласындағы ғұмыр бойғы ізденістері екі салада қатар жүргізіледі: ғалымның ұлы ақын мұрасын ғылыми негізде тану бағытындағы зерттеулері жиырма жылға жуық мерзімді қамтыса, Абайдың көркем бейнесін әр түрлі жанрда сомдауға он екі жыл өмірін арнады. М.Әуезовтің бұл кітабында абайтанудың негізін салу жолындағы мол мұрасы жүйеленіп берілген. Енді осы жүйелеулердің үлгісін көрсете кетейік.
I. Абай өмірбаяны. II. Абай шығармаларының текстологиясы, III. Абай мұрасының рухани көздері. ІҮ. Абайдың ақындық дәстүрі. Ү. Абайтанудың арнаулы курсы. ҮІ. Баяндамалар, сөздер, пікірлер. ҮІІ. Абайтану жайлы еңбектерге пікірлер. ҮІІІ. «Абай жолы» эпопеясының жүргізілу тарихынан. IX. Түсініктемелер. Комментарии.
1961 жылы атақты жазушы өмірден өткен соң, «абайтанудың М.Әуезовтен кейінгі дәуірі» басталды. Біршама үзілістен соң жаңа буын, жас талапкерлердің ғылыми-зерттеу еңбектері басылым беттеріне шықты. Осы жаңа буын, жас толқын жастар өкілі ғылыми тұрғыдан ізденіп, жаңа таным, тың көзқарас тұрғысынан келіп, Абай мұрасының шығыстық рухани қазына көздеріне қарым-қатынасы жайлы күрделі мәселелер көтерді. М.Әуезов танымын бастапқы табиғи қалпына келтіруге қызу атсалысып, оны ғылыми ойда қалыптастырды да (М.Мырзахметов. «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. Алматы, 1982»). Мұндағы бір ескерер жағдай космополитизм туралы қаулы қатаң бақылауда тұрған кезде, сол саяси қысымнан сескенбей- ақ «Абайдың шығысы М.Әуезов зерттеуінде» деген төрт тараудан тұратын еңбектің ең үлкен тарауы 1982 жылы жарияланып кеткен еді. Тұңғыш рет бұл сала ғылыми тұрғыдан өз шешімін тауып, 1989 жылы докторлық диссертация қорғалғаннан кейін Абай мұрасының шығысына орай кандидаттық диссертациялар да қорғала бастады. Мысалы Жабал Шойынбеттің «Абай қарасөзінің жанрлық, стильдік ерекшеліктері», Мақсат Әліпханның Абай мен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігіне» байланысты «Құттың кілті – кісілік», Сайдалы Оразалиевтің «Абай мен Дауани», Ноябрь Кенжеғараевтың «Абайдың айтушы мен тыңдаушы туралы танымы», Тоты Көшенованың «Абай өлең құрылысындағы ерекшелік», Рахат Саламатованың «Абайтанудың Мұхтар Әуезовтен кейінгі кезеңі», Талғат Ербайдың «Абай және Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау», Айжан Картаеваның «Абай мен М.Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық», Қалипа Әтенованың «Қазақ отбасы тәрбиесінің даму тарихы», Иманғазы Нұрахметұлының «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке дейін» секілді ғылыми монографиялары жарияланып, Абайдың шығысына байланысты күрделі мәселелер көтере отырып әр қайсысы өз үлестерін қосып жатты. Ал Мақсат Әліпхан өзінің докторлық диссертациясында адамгершілік идеясының көне грек өркениетінен бүгінге дейінгі даму жолы туралы «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» деген көлемді ғылыми монографиясын 2013 жылы жариялады. Осы жолдар авторының 2014 жылы басылым көрген «Абайтанудың» аса көлемді қос томдығы (125 баспа табақ) мен «Өнер» баспасынан жарық көрген «Абай лұғаты», 2012 жылы жарияланған «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным», 2015 жылы «Медет» баспасында жарық көрген «Абайтану тарихы» мен «Абайды оқы, таңырқа» оқулықтары басылым көрді. Бұлардың бәрі де Абай мұрасының шығысы туралы жазылған жаңа таным, сол бағыттағы бірегей туындылар деуге болады.
Абайдың творчествосы жайында совет заманында айтылған ой-пікірдің эволюциясын сын жанрының қалыптасуы тұрғысынан қарардан бұрын осы мәселеге тікелей қатысы бар кейбір еңбектерді айтып өткен жөн. 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты көптеген еңбектер жазылды, солардың ішінде Е. Ысмайыловтың «Абайды зерттеу жайында» деген тақырыпта арнайы баяндамасы тыңдалды. Осы мәнді еңбекте, яғни Абайтану ілімінің қалыптасуы қарсаңында, Абай творчествосы төңірегіндегі сыншылық, ой-пікірлерді үш кезеңге: революцияға дейінгі кезең, революциядан кейінгі алғашқы 10 жыл (1917-1933), Абайды ғылыми жолмен зерттеудің басы (1934-1945) деп бөле қарайды да, әрбір кезеңнің ерекшеліктерін негізінен дұрыс көрсетеді. 1959 жылы М. Сильченконың «Абай шығармаларының жариялану және зерттелу жайы» деген мақаласында 1945 жылдан бері жазылған ғылыми зерттеу және сыни еңбектерге шолу жасалған.
Абайтану ілімінің өркендеу барысы оны арнайы зерттеу қажеттігін тудырды. 1964 жылы Мекемтас Мырзахметов «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын зерттеу туралы» кандидаттық диссертация жазып, жалпы Абайтанудың қалыптасу процесін Е. Ысмайылов белгілеген кезеңдер негізінде едәуір тереңдете зерттеді.
Диссертацияның екінші тарауы Абай жайында 1918-1940 жылдар арасында жазылған сын, ғылыми еңбектерге арналып, бұл дәуірді іштей үш кезеңге бөліп қарайды. Автордың сыншылық, ғылымдық ой-пікірлер эволюциясын жинақтай баяндау талабын құптағанмен, Абай творчествосы жөнінде жазылғандарды 1918-1925, 1927-1936, 1936-1940 жылдарға бөле қараудың ғылыми дәлелі жеткіліксіз екені және едәуір мәнді еңбектер мен сыншылық ойлар ілтипатқа алынбай қалғаны байқалады.
Совет дәуірінде Абайтану ілімі негізінің қалануын, қазақ әдебиеттануының жеке отау болу процесін басқаша кезеңдеу қажет. Бұл арада 1918-1940 жылдарды үш кезеңге бөлудің ғылыми дәлелдемесі жетіспей жатса, Е. Ысмайыловтың 1934-1945 жылдарды: «Абайды ғылыми жолмен зерттеудің басы», — деп көрсетуінің негізінен дұрыстығын мойындай отырып, осы кезеңнің өзін басқаша атау керектігін айтпасқа болмайды. Біздіңше, 1917-1945 жылдарды Абайтанудың үлкен бір дәуірі деп қарап, оны іштей екі кезеңге бөлген жөн сияқты.
Достарыңызбен бөлісу: |