Қазіргі бақ-тағы жарнаманың РӨЛІ



Дата15.06.2016
өлшемі64.5 Kb.
#138238
ҚАЗІРГІ БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМАНЫҢ РӨЛІ

Шындалиева М.Б. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры

Соңғы жылдары еліміздің дамуы қоғамның барлық салаларындағы сапалы өзгерістермен ерекшеленеді. Бұл жаңару үрдісі саяси, экономикалық және әлеуметтік институттардың барлығын қамтып өтті. Елдің нарықтық экономикаға көшу кезеңінде көптеген мекемелер мен ұйымдар тәуелсіз болды, сондықтан олардың экономикалық талаптарға сай қызметі дұрыс ұйымдастырылған кешенді маркетингтік бағдарламасыз мүмкін емес еді. Өнімнің, қызметтің жарнамасы – маркетингтік коммуникацияның маңызды құрамды бөлігі, тұтынушымен өзіндік ақпараттық байланыс. Дұрыс ұйымдастырылып, іске асырылған жарнама өте тиімді және өнімнің, қызметтің үздіксіз, тез өндірілуіне, жақсы қызмет көрсетілуіне мүмкіндік береді. Бұл мекеменің ақша айналым процесінің тез жүргізілуіне, тұтынушылармен байланысты тұрақтандыруға, сұраныстың артып, қызмет тиімділігінің жоғарылауына септігін тигізеді. Яғни, тауар мен қызмет жарнамасы – экономиканың жасанды емес, табиғи құралы және нарық жүйесінің маңызды реттеушісі. Бүгінде баспасөздегі жарнама нақты бір мақсатты аудиториямен қарым-қатынастың әмбебап құралы болып табылады. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамалау жарнама берудің ең тиімді әдістерінің бірі ретінде танылып отыр. Бұл жарнаманың түрін жарнама берушілердің кең ауқымды көлемі пайдалана бастады. Сондықтан да бүгінгі таңда БАҚ-тағы жарнаманы ғылыми тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындап отырғаны заңды құбылыс.

Біз күн сайын ақпараттың үлкен ағынымен кезігеміз. Оның белгілі бір бөлігін қабылдаймыз және соған сәйкес өзіміздің іс-әрекетімізді ойластырамыз, ал қалған бөлігін, керісінше, мүлде қабылдамаймыз. Жарнама да солай. Ол біздің күнделікті тіршілігімізде үнемі кездесіп отырады, әрі бізге көптеген эмоция, сезім, ақпарат легін бағыттай түседі. Тұтынушылар жарнаманың кейбіреуіне қызығушылық танытып жатса, енді бірі көп көңіл бөлмеуге тырысады. Біздің жарнама дегенде бар білеріміз – ол бір топтың немесе бір фирманың өнімінің жақсы жағын насихаттап, мақтайды деген үстірт түсінік қана. Егер тереңірек зер салып, үңіле түссек, жарнама тарихының да өзіндік кезеңдері мен түрлері бар екеніне куәсі боламыз.

Жарнамаға берілген көптеген анықтамалар бары аян. Ең алдымен, оның негізгі сипаттарына тоқталып өтейік. Біріншіден, жарнама – коммуникацияның ақылы түрі. Алайда жарнаманың кейбір түрлері, мысалы, әлеуметтік жарнама бұқаралық ақпарат құралдарында тегін жарияланады. Екіншіден, жарнамада берілетін хабарлама демеушімен төленіп қана қоймай, оны теңдестіреді (идентифицирует его). Үшіншіден, көп жағдайда жарнама сатып алушыны бір нәрсеге көндіруге немесе оның таңдау жасауына әсер етуге тырысады, алайда, кейде жарнама тұтынушыны тауар немесе қызмет түрімен таныстыруға бағытталады. Төртіншіден, жарнамалық хабарлама потенциалды сатып алушылар аудиториясын кеңейту мақсатында әр түрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріледі.

Жоғарыда аталған сипаттамаларды ескермей, жарнамаға толық анықтама беру мүмкін емес. Жалпы, жарнамаға берген ғалым-зерттеушілердің анықтамасы 2000-ға жуық пікірі бар. В.В. Маяковский «Үгіт және жарнама» мақаласында жарнама туралы өз ойын былай түйіндеген: «Жарнама – бұл зат атауы. Жарнама кез келген, тіпті, таңғажайып нәрсе туралы үнемі еске салуы керек». [1, 57-58-б]. Жарнама саласындағы атақты маман Фэрфакс Коун жарнаманы әр тұтынушымен жеке талқылауға шама келмегенде қолданылатын тәсіл деп анықтайды. Жарнама зерттеушісі Бил Бернбах: «Жарнама – бұл ғылым емес. Бұл сендіру. Ал сендіре білудің өзі үлкен өнер», – деген екен.

Әйгілі маркетолог Филип Коттлер жарнамаға мынадай анықтама береді: «Жарнама – нақты қаржыландырудың қайнар көзі көрсетілген, ақпаратты таратудың ақылы құралдары көмегімен жүзеге асатын коммуникацияның өзіндік емес нысаны»[2, 340-б]. Ал Американдық маркетинг ассоциациясының берген анықтамасы бойынша: «Жарнама бұл тапсырыс берушінің нақтылы төлемімен тауарлар мен қызмет көрсетудің кез-келген формасы және ол тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып тұтынушыларға қызмет көрсетеді және маркетингтің құрамдас бөлігі болып табылады» [3,34-б].

1996 жылы шыққан «Реклама о торговле» кітабының В.Г.Артеменконың жарнамаға берген анықтамасында: «Жарнама – жарнама беруші қарамағынан шығатын бұқаралық мақұлдауын, дауыстарын алуы, тұтынушылар мен клиенттер санын көбейту және шығынды көбейту мақсатында алдын-ала ақысы төленген тауар, қызмет, қоғамдық қозғалыс немесе тұлға туралы баспа, қолмен жазылған, ауызша немесе бейнелік хабарлама» [4,56-б], делінген. Сонымен қатар, сатылатын тауардың кірісін қамтамасыз ету мақсатында сатушының тұтынушыға бағыттайтын ақпараты, әлеуметтік-демографиялық негізде таңдалған мақсатты аудитория мен осы қызметтегі субъект арасындағы ерекше байланысты жиілететін коммуникация саласындағы мақсатты және дәйекті қызмет – жарнаманың анықтамасы болып табылады

Кеңестік кездегі жарнамаға келетін болсақ, бұл кезеңде жарнама деп тауар, қызмет түрі немесе мекемелер туралы шағын түрде көркемделіп жасалған ақпаратты тұтынушыға жеткізуге бағытталған іс-шаралар жүйесі деп танылды.

Егер Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған жарнама туралы заңына жүгінетін болсақ, онда жарнамаға мынадай анықтама берілген: «Жарнама - адамдардың беймәлiм тобына арналған және жеке немесе заңды тұлғаларға, тауарларға, тауар белгiлерiне, жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға немесе қолдауға арналған және оларды өткiзуге жәрдемдесетiн кез келген нысанда, кез келген құралдардың көмегiмен таратылатын және орналастырылатын ақпарат [5]. Сонымен, жарнамаға берілген осы анықтамаларды қорыта отырып, мынадай қорытынды жасауға болады. Жарнама – теңдестірілген (идентифицированным) демеушімен жүзеге асатын және аудиторияны бір нәрсеге көндіру, сендіру немесе оған әсер ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланатын ақылы, жеке коммуникация түрі.

Жарнама – өзін танытуды және айналымды өсіруді көздеген фирма, тауар немесе қызмет көрсету түрлері туралы мәліметтердің ақылы түрде бұқаралық ақпарат құралдарынан орын алуы. Кез келген ұғымның анықтамасын белгілеп алғаннан кейін міндетті түрде, құбылыс ретінде қарап, оның қалыптасу тарихына да көз жүгіртіп өттік. Сол себепті жарнаманың даму эволюциясына қатысты қызық мәліметтер беру артық болмайды.

Телевидение мен радионың пайда болуы жарнама ісін одан әрі кеңейте түсті. Ең алғашқы радиожарнамалар 1920 жылы Питтсбургте радиотаратудың пайда болуымен байланысты эфирге берілді. Алғаш тележарнамалар Америкада 1941 жылы экранға шықты.

Жарнама күрделі ақпарат болып табылады. Себебі, бір біріне ұқсамайтын көптеген жарнама берушілер бір уақытта әр түрлі аудиторияға өз өнімін немесе қызмет түрін ұсынуға тырысып бағады. Жарнаманың негізгі тоғыз түрлі типі бар, оларға қысқаша тоқталып өтейік:



  1. Сауда маркасының жарнамасында марканың ұзақ уақыт есте сақталуын қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Бұл жарнама түріне «Билайн» ұялы байланысының жарнамаларын мысалға келтіруге болады.

  2. Жекелеген сауда жарнамасы жергілікті сипатқа ие және әр түрлі өнімдер сатылып, белгілі бір қызмет түрі ұсынылатын нақты бір сауда нүктесіне немесе қызмет ету саласындағы мекемеге бағытталады.

  3. Саяси жарнама – соңғы уақытта мұндай жарнамалар үміткерлер арасындағы таласты сұрақтардан гөрі, саясаттанушының оң имиджін қалыптастыруға жасалып жүр. Саяси жарнамаға халық көбіне Президент сайлауы, депуттатарды сайлау қарсаңында куә болып жүр.

  4. Анықтамалықтағы жарнама – қандай да бір тауарды қалай сатып алуға немесе қажетті қызмет түрін қайдан табуға болатындығын білгісі келетіндерге арналады.

  5. Тікелей үн қататын жарнама кез келген жарнамалық ортаны, оның ішінде пошта арқылы жөнелтуді де пайдалана алады. Сатып алушы тек телефон немесе пошта арқылы тапсырыс берсе болады, тауар белгіленген уақытта қолайлы тәсілмен жеткізіледі.

  6. Іскерлік жарнамаға жекелеген саудагерлерге, көтерме сауда жасайтындарға және дистрибюторларға, сонымен қатар, өнеркәсіп мекемелеріндегі сатып алушылар мен кәсіпқой мамандарға (мысалы, адвокат пен дәрігерлерге) арналған хабарламалар жатады.

  7. Институционалды жарнаманы корпоративті деп те атайды. Мұндай жарнама мекеменің танымалдылығын арттыруға немесе ұйымның қызметіне қоғамның көңілін аудартуға бағытталады.

  8. Әлеуметтік жарнама белгілі бір жағымды, оң іс-әрекетті насихаттауға бағытталады. Мысалы, көлік жүргізу кезінде спирттік ішімдіктен бас тартуға немесе кішкентай балаларға жақсы күтім жасауға шақыру.

  9. Интерактивті жарнама – компьютермен қамтылған және нтернетке шығу мүмкіндігі бар дара тұтынушыға жеткізіледі. Жарнама Wed-беттерде, баннерде т.б. орналастырылады. Бұл жағдайда тұтынушы жарнамаға көңіл аударып, оны толықтай ашып, түрлендіре алады немесе керісінше, оған ден қоймауы да мүмкін.

Алайда тауар мен қызметтің пайдалану кезеңіне байланысты жарнама түрлері де бар: ақпараттық жарнамаға тауарды нарыққа шығару кезінде баса назар аударылады. Себебі, бұл кезеңдегі негізгі міндет – алғашқы сұранысқа ие болу. Мысалы, йогурт немесе басқа да сүтті тағамдарды жарнамалағанда, кәсіпкер, ең алдымен, өнімнің денсаулыққа пайдалы ерекшеліктері туралы тұтынушыны хабардар етуі тиіс.

Насихаттық жарнама – фирманың алдында таңдамалы сұранысты қалыптастыру міндеті тұрғанда үлкен маңызға ие болады.

Тұтынушыға күнделікті өте көп көлемде жарнама бағытталатынын ескерсек, жарнама үнемі тауар маркасының атауын, оның ерекшеліктері мен бағасын еске салып отыруы тиіс.

Хабарламаны жариялау тәсілдері (арналар, құралдар, медиатасушылар т.б.) әр түрлі, ал жарнамада оның классикалық жарнама хабарламасы мен плакаттардан бастап, салпыншақ (брелок), заттанба (этикетека) және жапсырмалы ленталар секілді ондаған, тіпті, жүздеген түрлері кездеседі. Сондықтан осы құралдарды топтастырып, жүйелеу, әдетте, біраз қиыншылықтарға әкеп соқтырады.

Жарнама құралдарын жүйелеудің алғашқы әрекеттері ХХ ғасырдың басында жасалды. Алайда, бүгінгі күнге дейін жарнама құралдарының бірыңғай жүйесі жоқ. Әдебиеттерде жүйелеудің бірнеше түрлері кездеседі, олар жарнама құралдарын үлкен және шағын топтарға, түрлерге бөлетін негізгі белгілер (критерий) бойынша бөледі. Сонымен, жарнамаға қойылатын негізгі талаптарға тоқталайық:

1. Демеуші мен коммуникация субъектіне байланысты жарнаманы өнім шығарушы, сауда делдалдары, жеке тұлға, үкімет және басқа да қоғамдық институттардың атынан ерекшелеп қарастыруға болады. Өнім шығарушылар мен сауда делдалдарының атынан шығатын жарнама көп жағдайда коммерциялық сипатқа ие және ортақ мақсатқа жету үшін бірлесе немесе өз алдына жеке түрде жүзеге асырылады. Жеке тұлғалардан түсетін жарнама маңызды оқиғалар немесе сату-сатып алу туралы хабарлама түрінде беріледі. Қоғамдық институттардың жарнамасы коммерциялық емес. Ол қоғамдық өмір саласында белгілі мақсатқа жетуге, сонымен қатар, белгілі бір саяси идеяны, қызметті, партияны т.б. насихаттауға мүмкіндік туғызады.

2. Техникалық белгілері бойынша жарнамалық құралдар бірнеше топқа бөлінеді:


  • баспа (плакаттар, құлақтандыру, афиша), каталогтар, хабарландырулар, газеттер мен журналдардағы мақала, буып-түйілетін материалдар және басқалары;

  • радиожарнама (радиодан берілетін жарнамалық бағдарламалар);

  • кино, бейне және тележарнама (қысқаметражды жарнамалық фильмдер), жарықтандырылған (световая) жарнама (жарықтанған көрсеткіштер, көрсеткіш тақта, сауда компаниясының жарықтанған маңдайшалары және т.б.);

  • көркем-графикалық құралдар (панно, плакаттар, көше транспаранттары, көрсеткіштер, дүкендердегі маңдайшалар және т.б.);

3. Қолданылу аясына байланысты жарнамалық құралдар дүкен ішіндегі (көрсеткіштер, бағалар, жадынама, тауарлар қыстырмасы, ауызша жарнама) және ішкі (газеттер мен журналдардағы хабарландырулар мен мақалалар, көше транспаранттары, дүкендегі маңдайшалар және .т.б).

4. Адресатқа әсет ету сипаты бойынша жарнамалық құралдар жекеше (газеттегі қыстырма, каталогтардың кейбір түрлері, кітапша т.б.) және жалпы (хабарландыру, парақшалар, телефильмдер және т.б.) болуы мүмкін.

5. Жарнамалық қызметтің қамту аясына байланысты: жергілікті жарнама (нақты сатылым орнынан бастап, жеке тұрғылықты елді-мекен аумағына дейін ); аймақтық жарнама (елдің белгілі бір бөлігін қамтиды), жалпыұлттық жарнама (мемлекет масштабы көлемінде) және халықаралық жарнама.

6. Жарнаманың нысанына байланысты тауар (қызмет) жарнамасы және кәсіпорын жарнамасы деп бөлінеді. Тәжірибеде бір уақытта тауар, қызмет және тауар белгісі немесе фирма таңбасы жарнамаланады.

7. Жарнама құралдарын жарнама компаниясы кезіндегі міндеттеріне байланысты сұранысты ынталандыратын жарнамалық құрал және тауарға немесе қызметке сұранысты құрайтын жарнамалық құрал деп бөлуге болады.

Бұл жүйелеу шартты түрде ғана. Сондықтан жарнамалық компаниясын жоспарлау кезінде жарнама құралдарын таңдағанда алға қойылған мақсаттарды басшылыққа алған жөн. Егер жарнама компаниясының міндеті фирманың, тауар немесе қызметтің оң сипатын, тұтынушы мен іскер әріптестері тарапынан тілектес қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталса, онда мұндай жарнаманың міндеті тұтынушыны тауар немесе қызмет түрімен, олардың сипаттарымен таныстыруға негізделеді. Жарнаманың мұндай түрі болашақтағы нәтижеге бағытталып, көпшіліктің санасында тауар немесе фирманың оң сипатын орнықтыруға мүмкіндік береді. Имиджді қалыптастыру үшін телевидение мен кинолардағы жарнамалық роликтер, мерзімді басылымдағы, көліктегі жарнамалар пайдаланылуы мүмкін.

8. Егер компания тұтынушыға белгілі бір тауар немесе қызмет түрі жөнінде мәліметті жеткізіп, дәл сол тауарды сатып алуға итермелеу және тауар айналымының көлемін көбейтуді көздесе, онда бұл міндеттер жұртшылықтың қызығушылығын тудыратын құралдар арқылы жүзеге асырылады.

Ынталандыру жарнамасы имидж-жарнаманың құрама бөлігі болып табылады. Ынталандыру жарнамасының тиімділігін қамтамасыз ететін жарнама құралы ретінде теле және радиожарнама, мерзімді басылымдардағы жарнама, тікелей пошта арқылы таратылатын жарнама және т.б. пайдаланылады.

Егер фирма жарнама құралдарының көмегімен тауарды өткізуде тұрақтылықты сақтауды мақсат етсе, онда бұл үшін әріптестерге фирманың жылдық қызметі туралы есепті тікелей пошта қызметі арқылы жіберу, көрме ұйымдастыру, тауар және фирма қызметі туралы баспасөзде мақала түріндегі жасырын жарнама қолданылады. Жарнаманы тарату түрін таңдағанда, жаңа ақпаратты қабылдау талаптарын да ескерген жөн.

Баспасөз басқа бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда жарнама берушілердің барлық дерлік түрлері мен типтерінің мүдделерін анықтаушы болып табылады. Көптеген зерттеулерге сүйенсек, адам ақпаратты жазбаша яғни баспа түрінде тез қабылдап меңгереді. Мұны жарнама берушілердің баспасөздегі жарнама қызметін пайдалануы айқындайды.

Газет пен журналдарға негізінен ұсынып отырған қызмет пен тауар сатып алу туралы шешім қабылдаған жағдайда рационалды немесе рационалды-эмоциялық дәлелдері бар едәуір көлемді ақпаратты қажет ететін компаниялар жарнама береді.

Жарнаманың рационалды сипаты дегеніміз – иллюстрация немесе иллюстрациясыз берілетін көлемді мәліметтер мен сілтемелер, дәйексөздер бен деректерді қолдану. Жарнама беруші оқырманның әлдебір нәрсеге сеніп, көзін жеткізу мақсатында өзінің ұсынысын логикалық түрде құрап, егжей-тегжейлі тексереді. Газет, журналдардың мүмкіндіктері жарнама берушінің бұл әрекеттерінің басқа ақпарат құралдарына қарағанда нәтижелі болуына мүмкіндік береді.

Баспасөздегі жарнаманы үш негізгі топқа бөлуге болады:

- газеттегі жарнама;

- журналдағы жарнама;

- қосымшадағы жарнама.

Жарнама берушілердің көзқарасы бойынша, аталған категориялардың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Газеттегі жарнама – баспасөздегі жарнаманың ең көп таралған түрі. Бұл бірінші кезекте жарнаманың осы түрінде кемшіліктің аз болып, керісінше, артықшылықтың басымдылығына және әр түрлі газеттер ұсынатын мүмкіндіктердің ауқымына байланысты.

Көптеген жарнама берушілерді газеттің шығармашылық әлеуетінің төмендігі қанағаттандырмайды. Бірінші кезекте - баспа сапасының төмендігі. Осыны есепке ала отырып, апталық газеттер мен күнделікті басылымдар әр түрлі түстермен безендіру және жаңа сортты қағаздарды пайдалана отырып басудың ең озық тәсіліне ауысып жатыр.



Пайдаланған әдебиеттер:

1 Маяковский В.В. Агитация и реклама. Полн. собр. соч. Т. 12. М., 1959. с. 57-58.

2 Котлер Ф. Основы маркетинга. – М.: 1992.

3 Современный маркетинг. / В.Е.Хруцкий, И.В.Корнеева, В.Е. Автухова. – М.: 1991.

4 Артеменко В.Г. Реклама в торговле. – Новосибирск. 1996.

5 Жарнама туралы Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 508 Заңы.



Шындалиева

Меңдігүл

Бұрханқызы

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Астана қаласы, Мұңайтпасов көшесі, 5.

8 7172 37 50 35

87015523013

Мendigul @ mail.ru

Қазіргі ғылым мен білімнің өзекті проблемалары

Қазіргі БАҚ-тағы жарнаманың рөлі

Секция отырысында сөйлеуді көздеймін

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет