Қазіргі кезеңдегі модернизация контекстіндегі Қазақстан Республикасындағы сот билігі
Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес келеді. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез-келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы. Сондықтан сот жүйесін модернизациялау мен заманауи тетіктерді пайдалану оның барлық деңгейінде өзекті болып қала бермек.
Қазақстандық сот институтын дамытуда Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» ерекше атап өту қажет. «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 11 тармағы сот жүйесінің қызметіне арналған. Ұлт жоспарындағы бұл тармақтар әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу үшін сот реформасы қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Яғни, ішкі құрылымы мен соттың әділдігі бойынша қазақстандық сот әлемнің неғұрлым дамыған 30 мемлекетінің сот жүйелерімен терезесі тең келуі тиіс.
Сот-құқықтық реформаның нәтижесінде сот құрылысы мен сот ісін жүргізу бойынша жетістіктер бар. Оған заңнамалық регламенттеу және сот билігін ұйымдастыру, жаңаша жұмыс ережелерін енгізу дәлел болып табылады. Сот жүйесінде атқарылған бірнеше міндетті атап көрсетсек, Конституцияда соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі мәртебесі бекітілді, заңның үстемдігі сот билігінің негізгі міндеті екендігі, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы айқындалды, соттардың істерді қараған кезде ҚР Конституциясының ережелерін тікелей қолдануы алға қойылды. Сот құрылысы және сот ісін жүргізу туралы заңнамаға халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидаттары мен нормаларын имплементациялау, олардың ұлттық заңнама алдындағы басымдығы белгіленді, судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа талаптары мен критерийлері қойылды, сот жүйесінің материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және кадрлық дербестілігі, соттарды республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бекітілді.
Дегенмен, сот реформасын жүргізуде кері факторлардың бар екені анықталған: кейбір заңнаманың жетілмегендігі, тұрақсыздығы және қарама-қайшылығы, соттар мен судьяларды материалдық-қаржылық тұрғыда жеткілікті қамтамасыз етпеу, соттардың әкімшілік-аумақтық орналасуына сәйкес жергілікті билік органдарының соттарға ықпал етуі, судья лауазымына келетін кандидаттарға және судьялар корпусына қойылатын талаптардың қатаң болмауы, соның нәтижесінде соттарға кәсіби біліктілігі мен этикасы төмен азаматтардың келуі, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық, сот аппараттары мен сот қызметін қамтамасыз ететін өзге де қосалқы қызметтердің сапасыздығы және т.б жағдайлар.
Ендігі кезеңде сот жүйесінің реформасы жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешуге басымдық бермек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 23 қазанда ҚР судьяларының VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы және судьялардың мәртебесі туралы ойларымен бөлісіп, соттың әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажеттігін атап көрсетті.
Мемлекеттік қызмет түрлерінің көпшілігі цифрландырылып жатқанда, сот саласы да осы үрдістен сырт қалмады. Сот процестерін жедел және қашықтан ұйымдастырудың оңтайлы тұстары қарастырылды.
2021 жылы 12 ақпанда өткен сот жүйесін жаңғырту жөніндегі кеңес бірқатар мәселенің басын ашып берді. Ең алдымен қоғамның сотқа деген сенімін нығайту, азаматтардың құқығын қорғау, білікті мамандарды жұмылдыру, соттың тәуелсіздігі, ақпараттық технология мүмкіндіктерін пайдалану, сот қызметін халыққа қолжетімді қылу, бюрократияны азайту жөніндегі тапсырмалар берілді. Осындай шешімдердің барлығы азаматтардың тұрмысы мен қауіпсіздігі, адамның игілігіне жұмыс істеу керектігін нақты айтты.
Президенттің Кеңесте берген тапсырмасынан кейін сот реформасын заңнама тұрғысынан қамтамасыз ету үшін 17 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы отырысы өтті. Жиында сот жүйелері мен судьяларының мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгізілді. Онда Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құру және қазіргі мамандандырылған сот алқасын тарату көзделген. Сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасында инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығы қайта қарастырылды.
Сот тәжірибесінің бірқалыптылығын қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Сотының нортамивтік қаулылары мен сот тәжірибесінің шолуларын кеңінен әрі тиімді пайдану үшін IТ-жүйелердің негізінде талдау жасау мүмкіндігі жетілдірілуде. Сот төрелігінің бір жүйесі ретінде қолданысқа енгізілген Әкімшілік әділет институты құрылып, жалпы мақсаты билік органдарымен арадағы дауда ең әлсіз тарапты қорғауға бағытталды.
Соттар заманауи технологиялардың барлық жетістіктерін қолдану қажет. Сонымен қатар, уақыт талабына қарай алға ғана ұмтылу қажет. Осы бағытта Жоғарғы Сотпен жаңа IT-сервис жобасы дайындалып жатыр. Яғни, аталған технологиялық мүмкіндіктердің көмегімен сот актілеріне талдау жасалып, істің ықтимал нәтижесін болжауға мүмкіндік береді. Алайда, дұрыс емес қалыптасқан сот тәжірибесі қате болжам беру мүмкіндігін де ескерген жөн.
Актулиева А.
22-1қ тобы
Достарыңызбен бөлісу: |