ҚазҰУ – мақсатқа жетудегі маңызды баспалдақ!



Дата13.06.2016
өлшемі25.43 Kb.
#134003
ҚазҰУ – мақсатқа жетудегі маңызды баспалдақ!
Талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-да оқу мүмкіндігі бұйырды. Шынында да, арман боларлықтай атына заты сай әсем қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алды. Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр, мен өзімнің осы күннен бастап жаңа өмірге араласа бастағанымды сезіндім.

 ҚазҰУ болашаққа нық қадам бастырар саналы ғұмырдың бір айғағы іспетті. Сезім мен көңілдің жетегімен кетуге де болмас, айтайын дегенім, еліміздің басты оқу орны менің білім алуға деген күш-қуатымды өрлеткендей болды. Оның себебі де аз емес…

Қара шаңырақтың қоластына жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Әрине мұны ғажайып әлем десе де болар, ең бастысы талай бала кыранның қанатын ұштап, қияға самғатқан студенттер сарайы, тарихы терінде жатқан ҚазҰУ-ды бір сәтке көз алдына елестететін жеке мұражай, заман талабына сай жабдықталған үш жүз адамдық интернет орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар ұлттық университет көптеген игі бастамалар мен жобалардың ұйымдастырушысы. Студенттерге сапалы білім берумен қатар қазіргі студенттің болашақ бәсекеге қабілетті маман, қарымы күшті, жан-жақты, ұлтжанды саналы азамат  ретінде қалыптасуы үшін түрлі жобаларды іске қосуда. Соның бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Айналаңды нұрландыр» жобасы.

 «Айналаңды нұрландыр» – қараңғы жерден жарық тауып, жарқын өмірге жол бастау деген сөз. Әр адам жеке тұлға дейтін болсақ, әркім өзінің өмірде жүктелген міндеттерін сауатты әрі тиянақты атқару керек. Жүрген жеріңді, ортаңды, өзің жасап отырған қоғамды жамандықтан тазартып, айналаңды нұрға бөлеп, адамдармен эстетикалық тұрғыда қарым-қатынас орнатып, олардың да осы бағытта жүруіне үгіт жасау. Бұл жобаның басты мақсаты да осы.

Келесі бір сәтті жоба  «Green campus» халықаралық жобасы жүзеге асырылуда.  «Жасыл университет», яғни, Қазақ ұлттық университеті - қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бағдарламаларды: көмірқышқыл газы көлемін азайту, қалдықтарды бөліп жинау, су мен электр энергиясын үнемдеп, экологиялық инфрақұрылымды, экологиялық сананы қалыптастырушы ЖОО болып табылады.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» атты студенттерді рухани, мәдени байытатын жоба туралы айтпай кетуге болмас. Бұл жоба университетте 2012 жылы бастау алды.  Бұл жобаның мақсаты өз елінің тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтарын терең меңгерген, әлеуеті биік, мәдениеті жоғары, көзі ашық, көкірегі ояу маман қалыптастыру үшін жастарды кітап оқуға шақыру. Осы жобаны талқылау барысында ҚазҰУ ректоры, академик  Ғалым Мұтанов «Адам өмір бойы оқуы керек. Бұл алғашқы бастама. Бұл кітаптардың тізімі толыға бермек. Біздің мақсат – ҚазҰУ-ға оқуға келген жас студенттік төрт жылда жүз кітапты оқып шығуы азаматтық борыш екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындары студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша, жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру қажет», — деп ойын сабақтады.

Студенттерге еліне пайдасы тиетін маман болып қалыптасуына септігін тигізетін мұндай жобалар біздің университетте көптеп жүзеге асып жатыр. Болашақта да мұндай жобалардың бола беретініне кәміл сенемін.

Қалай десем де, ҚазҰУ-мен мақтанамын, тіпті халыққа танымал болып жүрген азаматтарды біздің түлегіміз деп естігенде, көңілім көтеріліп, бір марқайып қалатыным бар. Мен сол тұлғалардың отырған аудиториясында отырып, сол кісілерге сабақ берген ұстаздардан тәлім алып жүргенім маған жігер береді. Осындай сан мүмкіндіктерге толы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенті атану - асқақ арман, үлкен бақыт, зор мәртебе. Сондықтан біз үшін бұл үлкен абырой, үлкен мақтаныш!

Кулиев Ілияс Оңғарұлы,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

Университетінің аға-оқытушысы;

Айгерим Букурубова Айгерим,



ҚазҰУ студенті.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет