Қазақстан ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары
Б.Н.Исабеков экономика ғылымдарының докторы, профессор
Қазіргі заманғы әлемдік экономикада материалдық құндылықтардан гөрі зияткерлік әлеуетке көбірек назар аударылады. Ұлттың қазіргі заманғы және тиімді білім беру жүйесін қолдауға, оқыту арқылы жұмыс күшінің зияткерлік әлеуетін арттыруға қабілеттілігі бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды факторға айналуда.
Қазақстан қазіргі кезде экономиканы дамытудың индустриялық-инновациялық сатысына аяқ басты. Бұл кезең нарықтық шарттар талаптарына ғылым жүйесін қазіргі заманғы экономикалық талаптарға қайта бағдарлануымен сипатталады, сөйтіп, тиісті нормативтік құқықтық базамен реттелетін ғылымды дамытуды құрылымдық, ұйымдастырушылық, кадрлық, инфрақұрылымдық және қаржылық қамтамасыз етуде түбегейлі өзгерістерге алып келуге тиіс.
Ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту экономиканың дәстүрлі секторларына тән болып табылмайтын ілеспелі фактор ретінде қарастырылмауға тиіс. Ғылым саласы – бұл да басқа секторлар үшін ортақ барлық ерекшеліктерге, ережелер мен реттеу тетіктеріне ие экономиканың бір секторы.
Қазақстан экономикасының 80%-дан астамы жекеше сектордың қолында болып отырған жағдайда нарықтық талаптарға әлсіз бағдарлануды мұраланған ғылым жүйесін реттеу принциптері ескірген әрі барабар болып табылмайды.
Жаңа технологиялар мен ғылымды қажетсінетін өнімді әзірлеу мен өндіріске енгізу ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекелестік басымдыққа қол жеткізу мен оны сақтаудың маңызды факторы болып отырған кезде ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға жекеше секторды тартудың тиімсіз тетігі, ҒЗТКЖ саласына қатысушылардың салыстырмалы түрде төмен белсенділігі Қазақстандағы барлық ғылыми-техникалық жүйенің әлсіз буыны болып қалуда.
Сонымен, мысалға алатын болсақ, экономикасы дамыған елдерде (АҚШ, Жапония, Финляндия) өнеркәсіп кәсіпорындары ҒЗТКЖ-ні өзін-өзі өтеу және өзін-өзі қаржыландыру шартында жүзеге асырады және мемлекеттік шығыстардың үлесіне орта есеппен 30% келсе, өнеркәсіп кәсіпорындары ҒЗТКЖ-ға арналған барлық ұлттық шығыстың 70%-ына дейін игереді.
Ғылымды қажетсінетін өнімдер үлесі мен ғылымға арналған шығыстар ІЖӨ-нің жалпы көлемінде экономиканың білімдерге негізделген негізгі көрсеткіштері болып табылады.
Өткен онжылдықтың соңында экономикасы дамыған елдердің көбінде зерттеулер мен әзірлемелерге арналған ішкі шығындар үлесі орта есеппен алғанда ІЖӨ-нің жалпы көлемінде 3,0%-ды құрады (Швецияда – 3,8%; Финляндияда – 3,5%; Жапонияда – 3,04%; Швейцарияда – 2,73%; АҚШ-та – 2,84%; Германияда – 2,44, бұл ретте бұл шығыстардағы мемлекеттің үлесі орта есеппен 25-34%-ды құрады).
Экономикасы дамыған елдерде адам басына шаққанда ҒЗТКЖ-ға арналған шығындар: АҚШ-та – 892, Швецияда – 875, Финляндияда – 726, Швейцарияда – 688, Исландияда – 613, Германияда – 580, Данияда – 541, Норвегияда – 479, Францияда – 478, Ресейде – 420 АҚШ долларын құрайды. ҒЗТКЖ-мен айналысатын бір адамға жұмсалатын шығыс: АҚШ-та – 123 299, Жапонияда – 113 886, Германияда – 154 234, Ұлыбританияда – 146 422 АҚШ долларын құрайды.
Ғылымды қажетсінетін өнімдердің әлемдік нарығындағы көшбасшы елдерде ІЖӨ-нің жалпы көлеміндегі ғылымға арналған шығыстар үлесі, оның ішінде салық салу жеңілдігі, кедендік төмен баж салығы, бюджеттік қолдау көрсету, инвестицияларды ынталандыру, ғылыми жабдықтар лизингі сияқты экономикалық тетіктер қолдану жолымен қатаң бақыланады.
Әлемдік нарықтағы Ресейдің ғылымды қажетсінетін өнімдер үлесі 0,3-0,5, Еуропалық Одақ елдері – 35, АҚШ – 25, Жапония – 11, Сингапур – 7, Оңтүстік Корея – 4, Қытай - 2 %-ті құрайды.
Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жаңа білімдері немесе шешімдері бар жаңа немесе жетілдірілген технологиялар, өнімдер, жабдықтар үлесіне ІЖӨ өсімінің 70-тен 85%-ына дейін келеді.
Қазақстандағы ғылыми-техникалық дамуға жүргізілген макроэкономикалық талдау ІЖӨ-дегі жаңа ғылыми өнім үлесінің соңғы жылдары 1,1%-дан, кәсіпорындардың ғылыми өнімдер өндіру жөніндегі белсенділігі – 2,3%-дан артпайтынын көрсетті. Бұл ғылыми-техникалық қызметтің елдің экономикалық дамуына әлі де негіз бола қоймағанын көрсетеді. Бұл ретте мемлекеттік кәсіпорындардың төмен белсенділігі кезінде (0,6%), неғұрлым жоғары белсенділік шетел қатысатын (5%) және меншіктің жекеше (3,7%) нысанындағы кәсіпорындарға тән екенін атаған жөн.
Ғылым экономиканы реформалау процесінен тыс қалды. Ол экономикалық және әлеуметтік прогресстің факторларын жандандыру және Қазақстанның дамыған елдерден артта қалуын еңсеру үшін аса қажетті ғылыми «негіздің» дәйекті жасалуын қамтамасыз етпеді.
Проблемаларды неғұрлым егжей-тегжейлі талдау Қазақстандағы ғылымның дамуын тежейтін негізгі факторларды айқындауға мүмкіндік береді.
Ғылым саласының ұйымдастырушылық құрылымында шешімдер қабылдауда, жекеше сектор ресурстары мен әлеуетін пайдалануда жүйе жоқ. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен орындалатын ғылыми зерттеулер бағдарламалары әкімшілері санының көп болуы елде жүргізілетін зерттеулерге бірыңғай әкімшілік ету мен үйлестірудің заңдық тұрғыдан бекітілген нормасын іске асыруды қиындатады.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудағы құрылымдық сәйкессіздік ҒЗТКЖ нәтижелеріне сұраныстың іс жүзінде болмауына әкеп соқтырды. Мысалы, қазақстандық ғылымның өзіндік сипаттарының бірі қаржыландырудың негізінен (71%) қолданбалы зерттеулерге жұмсалатыны, ал тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (бұдан әрі – ТКЖ) 8% ғана бөліну фактісі болып табылады. Іргелі ғылымға жұмсалатын шығыстар шамамен 21%, бұл тұтастай алғанда жалпы әлемдік орта деңгейге сәйкес келеді.
Жобалық-конструкторлық ұйымдар үлесі өте төмен: орташа алғанда 9 ғылыми ұйымға 1 ғана жобалық ұйымнан келеді. Бұл ұйымдардағы мамандар саны ҒЗТКЖ орындайтын қызметкерлердің жалпы санының шамамен 5%-ын немесе өнеркәсіптік-өндірістік кешен қызметкерлері санының 0,1%-ын құрайды.
2005 жылғы деректер бойынша ғылымның мемлекеттік сектордағы ұйымдар үлесі зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыратын ұйымдардың жалпы санының 38,2%-ын (390-ның 149-ын) құрады. Ғылымдағы мемлекеттік ұйымдар үлесінің өсу үрдісі 2001 жылдан бері байқалуда.
2005 жылы ғылымның мемлекеттік секторында зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын 18,9 мың адамның 10,7 мыңы жұмыс істеді, бұл олардың жалпы санының 56,6%-ын құрады. Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің жалпы саны 2005 жылы шамамен 54%-ға қысқарды, бұл ретте жекеше секторда жұмыс істейтіндер үлесі 1,6%-ды құрайды. Шетел қатысатын кәсіпорындарда жұмыс істейтін ғалымдар саны соңғы сегіз жыл ішінде шамамен 2 есеге дейін ұлғайды.
Соңғы онжылдықта отандық ғылыми әлеуетте кадрлық құрам неғұрлым күрделі өзгерістерге ұшырады. Жоғары білікті кадрлардың ғылым саласынан кетуіне байланысты кадрлық әлеуетті қалпына келтіру жағдайы қиындады.
Мысалы, Қазақстанда зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын қызметкерлер саны 1991 жылмен салыстырғанда 57,6%-ға кеміді (яғни 2 еседен астам) және 2006 жылы 18,9 мың адамды құрады (қысқарудың өзіндік «шыңы» 1991-2000 жылдар аралығына келеді – 26,1 мың адам). Маман-зерттеушілер саны 60,2%-ға қысқарды және 2006 жылы 11,0 мың адамды құрады. Егер 1991-2000 жылдары Қазақстанда зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын қызметкерлердің барлық саны 2,8 есеге қысқарса, ғылымның мемлекеттік секторындағы қысқартулар қарқыны едәуір төмен болды.
Ел экономикасындағы өтпелі кезеңнің қорытындысы ғылыммен қамтылу құрылымының біршама өзгеруі болды. Ең көп қысқартуларға ғылыми процестерге тікелей қатысушылар – зерттеушілер (1991-2006 жылдары 56,9%-ға) мен техниктер (1997-2006 жылдары 14,1%-ға) ұшырады. Қосалқы персонал саны 68,4%-ға, шаруашылық персонал саны - 22%-ға қысқарды.
Ғылым докторларының орта жасы орташа алғанда 55-59 жасты құрайды. Оның үстіне ғалым мамандығы беделінің тұрақты түрде төмендеуі байқалуда. Қазақстанда, BISAM Central Asia 2005 жылы өткізген сауалнаманың мәліметтері бойынша, ғалым мамандығын ел тұрғындарының 4,3%-і ғана беделді деп санайды. Ал осы мезгілде АҚШ-та мамандықтарды бір ғана беделділік дәрежесі бойынша жіктеуге бағытталған зерттеудің (2004 жыл) нәтижелері бойынша ел тұрғындарының көзқарасы тұрғысынан ең тартымдысы ғалым мамандығы болды – сауал алынғандардың 51% бұл мамандықты жоғары дәрежеде беделді, 25% – мейлінше тартымды және 20% – беделді деп атады.
Жалпы алғанда, 2005 жылы 50 жастан және одан жоғары жастағы ғылыми қызметкерлердің үлесі 32,9%-ға жетті, ал 1997 жылы олардың үлесі, бағалау бойынша, 29,1%-дан аспаған (60 жастан және одан жоғары жастағылар тиісінше 10,9% және 8,8%) еді.
Отандық жоғары оқу орындарындағы ғылыми дәрежесі бар профессорлық-оқытушылық құрамның саны 2005 жылы 15642 адамды, оның ішінде 2869 ғылым докторы және 12773 ғылым кандидатын құрады.
Бұл ретте жоғары білім секторының ғылыми зерттеулерге қатысуының төмен болуының негізгі себебі оның негізінен білім беру функциясына қайта бағдарлануы болып табылады. Бұл жоғары білім саласын мемлекеттік қаржыландырудың қысқаруына, ақылы білім берудің басым дамуына, жеке оқу орындарының пайда болуына, осы сектордағы тұрақты өсіп отырған бәсекелестік аясында мемлекеттік жоғары оқу орындарының акционерленуіне байланысты болды [5, с 103].
Қазақстандағы ғылыми дәрежесі бар зерттеушілердің жалпы саны (профессорлық-оқытушылық құрамды есептемегенде) 2006 жылы 4124 адамды, ҒЗТКЖ орындайтын ғылыми қызметкерлердің саны - 18,9 мың адамды, оның ішінде 1106 ғылым докторы мен 3018 ғылым кандидатын құрады.
Сонымен қатар, ғылыми кадрларды даярлауда келеңсіз үрдістер: ғылыми салада жұмыс істемейтін ізденушілердің диссертация қорғау үлесінің көбеюі; кадрлар даярлау жүйесінің икемділігінің жеткіліксіздігі; ғылыми-білім беру саласы қызметкерлерінің ғалым дәрежесін алғаннан кейін соған лайық материалдық қамтамасыз етілмеуінен одан әрі кәсіптік өсуге ықыласының болмауы орын алып отырғанын атаған жөн.
Осының бәрі:
отандық ғалымдардың жарияланымдары мен патенттері ауқымының тарылуына әкеліп соқты. Мысалы, республикада орта есеппен 100 ғалымға шетелде жарияланған бір ғылыми мақаладан келеді, 15000 ғалымға бір-екі халықаралық патент алынады;
ғылыми зерттеулерге сараптама жасау сапасының төмендеуінің нәтижесі ретінде ғылыми дәрежелерге ие болушылар санының қарқынды өсуі;
ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың үзілуіне әкеп соққан қолда бар ғылыми және инновациялық әлеует пен өндірістік қажеттіліктердің перспективалық технологияларды пайдалануда сәйкес келмеуіне;
ғылыми мектептер мен жекелеген ғалымдардың арасында бәсекелестіктің болмауына;
жоғары білікті кадрлардың коммерциялық салаға және шетел мемлекеттерінің ғылыми ұйымдарына кетуіне;
жаңа ғылыми-педагог кадрлар ағымының төмендеуі мен ғылыми-техникалық салада жас мамандардың жетіспеуіне;
ғалымның әлеуметтік мәртебесінің және ғылым беделінің төмендеуіне;
ғылыми зерттеулер нәтижелілігінің төмен болуына;
сабақтастықтың үзілуіне әкеп соқты.
2005 жылы ҒЗЖ-ға жұмсалған мемлекеттік шығын үлесі 59,7%-ті құрады, бұл 1997 жылмен салыстырғанда біршама жоғары (44,0%). Оның ішінде Білім және ғылым министрлігінің барлық іргелі және қолданбалы зерттеулерді
қаржыландыру үлесі 50,7%-ды, басқа салалық министрліктердің үлесі – 48,6%-ды құрады.
2005 жылы Қазақстанда адам басына шаққанда ҒЗТКЖ-ға арналған шығын 7 АҚШ долларын құрады. Ғылымға арналған шығындар деңгейі бойынша Қазақстан (ІЖӨ-нің 0,26%-і) Португалия (0,77%) және Греция (0,51%) секілді еуропалық елдерден артта қалып отыр.
Оның үстіне, бюджеттік циклдің бір жылдан ғана тұруына байланысты үш жылдық ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру жөніндегі шешім жыл сайын қабылданады. Бұл уақыттық та, әкімшілік те шығыстардың артуына әкеп соғады.
Жыл басында ғылыми-зерттеу жұмыстарын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар жүргізу нәтижесінде қаржыландыруды бірінші тоқсанның соңында ашуға әкеледі, бұл ағымдағы жылдың аяғына дейін жоспарланған ҒЗТКЖ нәтижелерін алуға келеңсіз әсер етеді.
Зерттеулерді, ең алдымен іргелі сипаттағы зерттеулерді, сметалық қаржыландырудың басымдығы ғылыми ұйымдардың нәтижеге емес, ресурстарға бағдарлануын тудырады.
Ғылымның зертханалық және аспаптық базасының негізінен ғылымның мемлекеттік секторында шоғырлану фактісін де атаған жөн. Негізгі құралдарды құрайтын зертханалық жабдықтар мен машиналардың басым бөлігі мемлекеттік меншіктегі ғылыми ұйымдарда шоғырланған және құндық тұрғысынан айтқанда 2004 жылы 5104,7 млн. теңгені құрады (барлық негізгі құралдардың 41,2%). Бұл ретте жекеше ұйымдар мен бірлескен кәсіпорындарға келетін зерттеулер мен әзірлемелердің негізгі қаражатының үлесі 2000-2004 жылдары салыстырмалы түрде тиісінше 2% және 17,6%-ға өсті.
Зерттеулер мен әзірлемелерді орындайтын мемлекеттік сектор ұйымдары орта есеппен алғанда меншіктің жекеше нысанындағы кәсіпорындардан 3 еседей ірі. Соңғы бес жыл ішінде жекеше секторда ұйымдарды ірілендірудің аз да болса үрдісі байқалуына қарамастан, зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын қызметкерлердің орташа саны 100 адамнан аспайды, ал бұл цифр мемлекеттік секторда 150 адамды құрайды.
Соңғы онжылдықта отандық ғылым құрылымындағы мемлекеттік сектордың жағдайы іс жүзінде өзгере қойған жоқ: ғылыми ұйымдар, оларда жұмыс істейтін персонал және мемлекет меншігіндегі материалдық-техникалық база Қазақстанның ғылыми-техникалық кешенінің негізі болып табылады.
Тұтастай алғанда ескірген материалдық-техникалық база және бөлек алғанда зертханалық жабдықтар тұтынушының сұранысына жауап беретін ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер жүргізуге мүмкіндік бермейді. Жобалық және конструкторлық бюролардың (институттардың) болмауы технологияларды өндіріске беру процесін тежейді, бұл ғылымның өндіріспен байланысының бұзылуына әкеп соғады.
Ғылымның мемлекеттік секторын басқару сапасы мен ғылымның жекеше секторының қоғамдық пайдалылығы төмен күйінде қалып отыр, Қазақстанның әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ғылыми әлеуетті іске асыру тиімділігінің жеткіліксіздігі орын алып отыр.
Сөйтіп, Қазақстанның экономикалық дамуды басқарудың дамытылған жүйесіне ие, бәсекеге барынша қабілетті әлем елдерінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндеттерін іске асыру ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеу мен оны орындауды, оның ішінде тиімді ғылыми-техникалық жүйені дамыту жөніндегі нақты шараларды көздейтін жолды талап етеді.
Әдебиеттер:
-
Н.А.Назарбаев Ғылым және ғылми саясатты дамыту тетіктері. Егемен Қазақстан №331, 4 қыркүйек. – Астана.
-
Н.А. Назарбаев «Қазақақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интелектуалдық секіріс». Егемен Қазақстан №336, 14 қазан. – Астана.
-
Б.Н. Исабеков Дағдарыстан кейінгі кезде өндіріс саласындағы индустриалды-инновациялық дамудың басымдылықтары. Круглый стол «Экспертная оценка антикризисных мер, пути посткризисного развития Казахстана». ХДП «НҰР-ОТАН», Астана. 9 -10 октябрь, 2009 г.
-
Б.Н. Исабеков Индустриалық-инновациялық қызметті жүзеге асыру бағыттырын жетілдіру тетіктері. Т.Рыскулов атындағы ҚазЭУ-ң Хабаршысы. 2009, №4, б.115-121
-
Б.Н. Исабеков Өндіріс саласындағы индустриалық-инновациялық қызметтің басымдықтары. Т.Рыскулов атындағы ҚазЭУ-ң Хабаршысы. 2009, №2, б.103-112
-
Б.Н. Исабеков Дағдарыс кезіндегі қауіп-қатерді мүмкіншілікке транформациялаудың экономикалық тетіктері. Алматы: Қазақ Университеті, 2008 ж., Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Экономика сериясы. № 6 (70).Б 35-38
-
Б.Н. Исабеков Ғылыми-техникалық әлеуеттің қазіргі жағдайы және оның даму тенденциясы. Вестник Каз ГАУ: Исследования и результаты.- 2008. №4.- С .185-189
-
Б.Н. Исабеков Ғылымның даму нәтижелері және елдің стратегиялық басымдықтары. Вестник Каз ГАУ: Исследования и результаты.- 2008. №4.- С .189-204
-
Б.Н. Исабеков Кәсіпкерлікті өркендетудің индустриалды-инновациялық негіздері. Түркістан: Тұран, 2008.-334 б.
Достарыңызбен бөлісу: |