Сөз таптары жүйесіндегі атауыш сөздер
Көмекші есімдерді атауыш сөздерден ажырату үшін басты критерий етіп лексикалық мағынаның дербес болу, болмауын жеке тұрып заттық ұғымды білдіру, білдірмеуін алған ғалымдарымыздың пікірі дұрыс. «Атауыш сөз деп өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанамалай білдіріп, олардың атауы ретінде қабылданатын және жұмсалатын, өздеріне тән толық лексикалық мағыналар бар, соған лайықты қалыптасқан, өзді-өздерінің дыбыстық құрамы бар дербес сөздерді айтамыз», – дейдi 1967 жылы жарық көрген «Қазақтың грамматикасы» І томында. Көмекші сөздерді атауыш сөздерден бөліп алып: «Көмекші сөздер деп дербес лексикалық мағыналары я солғынданған, я алда – күлде жоғалған жәрдемші сөздерді айтамыз», – деген. Жоғарыда мысал ретінде келтірілген екі анықтамамызда көмекші сөз бен атауыш сөздердің айырмашылығы ретінде лексикалық мағынаның дербестігі көрсетілген. А.Ысқақов өзінің басқа еңбектерінде де осы принципті сақтайды. Салыстырыңыз: «Атауыш сөздер деп ақиқат өмірде ұшырасатын ұғымдарды я жанай (орынбасар ретінде) білдіріп, олардың атауы ретінде қабылданатын (я қолданылатын), өздеріне тән толық материалдық мағыналары бар, қалыптасқан дыбыстық құрамы мен белгілі бір дауыс екпіні бар дербес сөздерді айтамыз» - деп атауыш сөздерге анықтама берсе, «Көмекші сөздер деп өз алдына тұрып жеке ұғымды тікелей де, жанай да білдіре алмайтын (олардың атауы ретінде қолданылмайтын), тек атауыш сөздердің араларындағы әр түрлі қатынастарды білдіру үшін я олардың мазмұнына әр түрлі дәреже айқындық, дәлдік қосу үшін жұмсалатын мағыналық дербестігі я солғындалған, я жоғалған, дыбыстық құрамы да, екпіні де тұрақсыз жәрдемші сөздерді айтамыз», – деп анықтама берген. «Атаушы сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар және ретіне қарай, үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсе алатын дербес сөздер», «көмекші сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық мағыналары солғындаған, лексикалық мағыналарынан гөрі грамматикалық мағыналары басым болу себебінен көбінесе әр алуан грамматикалық қатынастарды білдіріп, әр қилы грамматикалық қызмет атқаратын жәрдемші сөздер», – деп бұл екi сөздiң мағынасын нақтылай түседi.
Демек қазіргі кезде көпшілік ғалымдарымыз атауыш сөз бен көмекші сөздердің айырмашылығын: а) лексикалық мағынасының болу болмауына, ә) сөйлемнің дербес мүшесі болу болмауына байланыстырады.
Атаушы сөздер – осы үш топтың ішіндегі әрі ең көбі де, әрі ең негізгі ұйтқысы және тіліміздің бүкіл сөз байлығын барлық шұрайы да, негізі де болып табылады. Атаушы сөздерді, ерекшеліктері мен сипаттарының бір-біріне жақын белгілеріне қарай, іштей бірнеше лексика-грамматикалық топтарға бөлуге болады. Мысалы, оларды, ең алдымен, есімдер және етістіктер деген екі салаға бөлуге әбден болады. Бірақ есімдер де іштей бірдей емес. Мысалы, зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктер iшінара ұқсас, үстеу сөздер мен еліктеу сөздер өзара бір-біріне жақын. Осыған орай, шартты түрде, есімдердің алғашқы тобын атаушы есім деп, соңғы тобын үстеуші есім деген екі салаға жіктеуге болады. Ал, етістіктер өз алдына бір топ. Атаушы сөздерді осылайша үш топқа бөлу, әрине, белгілі бір принципке сүйенуден шыққан. Ол принцип бойынша жіктегенде, бұл сөздердің материалдық (заттық) мағыналары таяныш етілмейді, топ-тобына тән категориялық семантика сүйеніш етіледі. Ал, осы принципке сүйене отырып бағдарласақ, атаушы есімдер заттық ұғымдардың және ойша зат ретінде тұспалданатын түсініктердің аттарын, сондай-ақ, заттарға тән әр алуан тұрақты белгілер жайындағы түсініктердің аттарын білдіреді. Үстеуші есімдер әр қилы іс-әрекеттің (амалдың) белгілерін және белгінің белгілерін білдіреді. Етістіктер амал-қимыл (процесс) ретінде қабылданатын әр алуан іс-әрекеттің, қилы-қилы көріністерінің аттарын білдіреді.
Сөйтіп, атаушы сөздердің аталған үш тобының бір-бірінен ажырайтындай айқын-айқын шектері бар. Бірақ олардың шекаралары жабық емес, өйткені тілдің даму процесінде (қолданылу дағдысында) есімдерден етістіктерге, керісінше, етістіктерден есімдерге сөздер ауысып отырады; есімдердің өздері де іштей ауысып, мысалы, кейбір сөздер зат есімнен сын есімге, керісінше, сын есімнен зат есімге, өзге есімдерден (сын есімнен) есімдікке, үстеуге, сондай-ақ, етістіктерден есімдерге көшіп отырады.
Сөз таптарының шығуын, қалыптасуан бірсыпыра ғалымдар сөйлем мүшелерімен байланыстырады. Негізгі сөз таптары сөйлеу процесінде сөздердің белгілі сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалу барысында біртіндеп жасалып қалыптасқанын көрсетеді. Әрине, бұл процесте сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібі, орналасу тұрғысының да әсері бар. Өйткені сөздер, бір жағынан, сөйлемдегі орын тәртібі арқылы, (бұл сөздердің белгілі тәртіппен орналасуының, қолданыла-қолданыла келіп тұрақталуы негізінде қалыптасады), екінші жағынан, белгілі сөздерінен тұрақты синтаксистік қатынас жасап, грамматикалық сипаты айқындалу арқылы белгілі грамматикалық мағыналарға ие бола бастайды. Сол жалпы грамматикалық мағыналарының негізінде сөздер жеке-жеке грамматикалық топтарға яғни сөз таптарына жіктеле бастайды. Тілдің көне балаң шағында сөз таптары бүгінгідей бір-бірінен грамматикалық тұлғалары арқылы да, семантикалық сипаты арқылы да онша ажырап тұрмаған. Ол кезде грамматикалық тұлғалардың деривациялық қызметінің өзі дамымаған, тіпті грамматикалық тұлғалар қалыптаспай тұрғанда сөздер бір-бірімен орын тәртібі арқылы таза аналитикалық жолмен ғана байланысқан. Жіктеу есімдіктерінің Орхон-Енисей жазбаларының тілінде баяндауыш қызметіндегі сөзбен қайталанып тіркесуі, бір жағынан, олардың әлі жіктік жалғауға толық айналып бітпегенін, екінші жағынан, белгі бір сөздің жалпы грамматикалық мағыналарын қалыптастыруда сөздердің қосымшасыз, орны арқылы белгілі қызметте қолданылғанын көрсетеді.
Сөз жоқ, алдымен саралана бастаған – есімдер тобы мен етістіктер. Бұл топтардың өзі сөйлеуде қызметтері, орын тәртібі арқылы ажырап отырған. Есімдер субъект (субстант), объект есебінде, сөйлемнің соңындағы сөздер предикат қызметінде жұмсалып, көпшілік жағдайда бір сөздің өзі әрі есім ұғымында, әрі қимылдық ұғымды орын тәртібіне қарай білдіріп жұмсала берген. Тілімізде қазір омоним деп танылып жүрген, түркі синкретизмі деп аталатын құбылыс яғни есім-етістік негізгі түбірлер осының айғағы болса керек: көш (керуен) - көш (бір жаққа көшу), той (думан, ас беру) - той (тойып тамақ ішу), тон, (қатқан жер, кесек) - тоң (қалтырау, тоңу), ық (жел тимейтін жақ) - ық (желдің ағымымен кету), ой (төмен, ойпаң жер) - ой (жерді қазу), жау (май, көздің жауын алды немесе жаубүйрек, жау жұмыр дегенде, көне түрі: йағ-май) -жақ (майлау, сөз соңындағы ғ дыбысы есім сөзде у дыбысына айналған, етістікте қатаң қ дыбысына ауысқан) соз, (ақырын, жайлап: тез байығаннан соз байыған қайырлы деген мәтелде) – соз (тарту, ұзарту), т.б.
Демек, сөйлемдегі қызметі мен орын тәртібінің тұрақталуы арқасында ең алдымен есім (негізінен зат есім) және етістік сөз топтары қалыптаса бастаған. Сөйлемнің бірінші позициясындағы сөздер зат атауы мен оның алуан түрлі сипаттарын белгілейтін жалпы грамматикалық мағыналарға ие болып, сөйлемнің соңындағы сөздер сол есім сөздердің әр түрлі қимыл, іс-әрекеттерін білдіретін жалпы грамматикалық мағыналарға ие бола бастаған. Көне жазбалардағы сөйлемдердің қазіргі тілмен әсіресе жазба тілмен салыстырғанда өте қарапайым, құрылысы жағынан көбіне жалаң, жай болып келетіні осымен байланысты болса керек.
Есімдер тобы мен етістіктердің сыртқы түр-түлғасы ерекшелене бастайды да, түркі синкретизмі құбылысына алып келеді. Кейін келе грамматикалық түр-тұлғалар (олар көбіне көмекші сөздердің негізгі сөздер шылауында тұрақты қолданылу негізінде қосымшаларға айнала бастайды) есімдерге де, етістіктерге де жалғана бастайды: кейбір жағдайда есімге де, етістікке де ортақ жалғанса (жоғарыда айтылған қосымша, омоним қосымшалар талдауын қараңыз), енді біразы заттық ұғымға, зат атауының алуан түрлі қасиеттерін білдіретін ұғым атауларына бір түрлі қимылды білдіретін сөздерге басқа түрлі болып жалғанып қалыптасады. Тіл дамуының келесі бір сатысында есімдердің өздері өз ішінде саралана бастайды: зат атауын білдіретін сөздер бір грамматикалық топ болып қалыптасып, өзіндік түрлену жүйесі, парадигмалық сипаты қалыптаса бастайды, сонымен бірге заттың әр түрлі белгісін сындық қасиетін білдіретін сөздер (сын есім) бір бөлек, сандық белгісін білдіретін сөздер (сан есім) бір бөлек, қимылдың әр түрлі белгісін (амалын, сынын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін т.б.) білдіретін сөздер (үстеу) бір бөлек, негізгі сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер (есімдік) бір бөлек қалыптасады.
Сондай-ақ жеке сөздердің әрі сын есім (жаңа үй), әрі үстеу (жаңа келді) болуын немесе әрі зат есім (фильмнің соңы, әрі үстеу (соң келді) және оның септеулікке, одан қосымшаға айнала бастау процесін көруге болады: барғаннан соң – барған соң – барғасын т.б. Сонымен бірге сын есім мен сан есімнің прономилданып, есімдікке, адвербилданып үстеуге айналуы (бір, біреу,бірге: бір адам, бірге-бірді қос т.б. және бір қара көрінді, біреудің кісісі өлсе, қаралы ол, бірге жүреді), етістіктің, бір жағынан, сын есімге (құттықтау сөз, жанар май, сүзеген сиыр, қабаған ит т.б.), екінші жағынан, үстеуге (айпал-а, лық-а, әдей-і, жорт-а, өт-е, ас-а т.б.) айналып отырғанын көреміз және бұл процестің тіл дамуының барысында әмән болып отыратынын да байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |