БАҚ-тағы ақпараттық саясаттың маңызы



Дата03.07.2016
өлшемі57 Kb.
#174751
БАҚ-ТАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТТЫҢ МАҢЫЗЫ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында, жалпы өмірімізде ерекше тарихи орны бар маңызды өзгерістер болуда. Жиырма жылдан астам уақытта асқан асуларымыз бен алған белестеріміз, шыққан биіктеріміз, қол жеткен табыстарымыз, рухани жетістіктеріміз ұшан-теңіз. Әр азаматтың өзін-өзі жас ұрпақ алдында жақсы, ұнамды жағынан көрсете білуге ұмтылып, оны жақсылыққа, адамгершіліктің асыл қасиеттеріне баули білуге талпынуының болашағымызға сенімді болуға қосар үлесі мол.

Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілет-тілігі туралы тұжырымдамада: «... мемлекеттік органдар мен мемлекеттік БАҚ-тардың атынан мемлекеттің өзара тиімді іс-қимыл жасауына жағдай жасау, оның ішінде өзара ақпарат алмасу тетіктерін жолға қою, мемлекеттік билік пен басқару органдарының іс-қимылы туралы жедел және толық хабардар етуі тиіс» [1, 38-б], - делінген. Еліміздегі ақпараттық саясатты жүргізуді жүзеге асыратын ұлттық баспасөзімізде еңбек ететін журналистеріміз елімізде болып жатқан оқиғаларды жіті бақылап, жазып отырады.

Қазір бүкіл ел көлемінде Қазақстанның әлемнің дамыған 50 мемлекетінің қатарына кіруі мақсатында қам-қарекет жүріп жатыр. Осыған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауында этносаралық қатынас мәдениетін жетілдіруге айрықша назар аударып: «Ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз» [2, 8-б], - деп атап көрсетсе, ал «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» деп аталатын жолдауында осы мәселеге қайта бір айналып соғып, «...халықтардың бірлігін нығайту және Қазақстан қоғамын жаңартудың саяси идеология мен ағымдағы «сұраныстан» биік тұратын негіз қалаушы құндылықтары бойынша арналы қоғамдық келісімді қолдау мен дамыта беру» [3] керектігін қадап айтты.

Елбасының осынау мақсаткерлік бағыты Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат Министрлігі қабылдаған: «Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған Тұжырымдамасымен өзектесетіні сөзсіз. Бұл ретте «...мемлекеттік органдар мен мемлекеттік БАҚ-тардың атынан мемлекеттің өзара тиімді іс-қимыл жасауына жағдай жасау, оның ішінде өзара ақпарат алмасу тетіктерін жолға қою, мемлекеттік билік пен басқару органдарының іс-қимылы туралы жедел және толық хабардар етуі, мемлекеттік БАҚ-тардың қызметін стратегиялық жоспарлауды ұйымдастыру және қазіргі заманғы менеджментті енгізу» [4, 17-б] қажеттілігі міндеттеледі. Осы тұрғыдан келгенде елімізді мекендейтін 130-ға жуық ұлыстар мен этносаралық топтардың ынтымағын нығайту, жарасылымдылықты баянды ету мәселесінде БАҚ-на елеулі міндет жіктелетіні байқалады. Ортақ Отанымыз Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеп, экономикасы қуатты, халқының ынтымағы жарасты болуы жолындағы ізденісте газеттер мен журналдардың атқарар міндеті ұшан-теңіз. Бүгінде «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты басылымдар 3 тілде: қазақ, орыс, ұйғыр тілінде ақпарат таратып отыр. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Ақиқат», «Жұлдыз», «Мысль», «Простор» журналдары еліміздегі этносаралық келісімнің мән-жайын жазып көрсетуде едәуір тәжірибе жинақтағаны сөзсіз. Бірақ атқарылар іс жеткен жетістіктен де ауқымды. Енді мәселеге нақты тоқталсақ. 2006 жылы 28 маусымда Қазақстан үкіметінің қаулысымен «Этносаралық және конфессия-аралық келісімінің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданған. Онда БАҚ-да төзімділік ұғымын қалыптастыру жөнінде метериалдар жариялау республикамызда ұлтаралық және концессиялық келісімді насихаттайтын жарнамалық материалдар жасау, сондай-ақ қоғамдық орындарда орналастыруды қамтамасыз етуге орай қаржы бөлініп тұратындығы айтылған. Бұл мәселе жергілікті бюджеттен әкімдердің шешімімен жүзеге асырылуы тиіс. Және оған республика бойынша 241 млн. теңге жұмсалуы қажеттігі көрсетілген [5, 23-б]. Ойлап қарасаңыз, бұл едәуір қаражат. Егер оны тиімді етіп ұқсата білсе, бұдан жергілікті әкімшілік те, БАҚ-тарда ұтары сөзсіз. Жұмабек Кенжалин: «Тоқырау заманы» деп ат қойып, айдар таққан кешегі кеңестік кезеңнің өзінде редакция өкілдері мен шаруашылықтардың, кәсіпорындардың арасындағы тығыз шығармашылық әріптестік байланысқа айрықша назар аударылатын. Мәселен, халықтар достығы, ұлттар ынтымағы, қоғамдық келісім дейтін мәселелер бойынша аймақтық, республикалық семинарлар, өндірістік лездемелер жиі өтетін» [5,21-б], - дейді. Сол лездемелер кезінде журналист мәселенің мәніне көз жеткізіп, өзін ойландырған шаруаларға қанығатын. Көкейдегі сауалына жауап табатын. Әңгіменің ақ-қарасын ажыратып, содан кейін ғана қолға қалам алатын. Айталық «ұлттық азшылық басылымдарына» арнаулы беттер, нөмірлер шығарып тұру үшін қаржы бөлініп тұрса құба-құп шаруа болар еді.

Өткен жолдың ізгілікті, өрісті ісін іскерлікпен пайдалана білу де өнер. Сондықтан осындай бір мәселелерге жиі назар аударсақ. Сол ұйымдастыратын шараларға аз қаражат жұмсалады. Бұл-бір. Екіншіден, қазір республикамыздың ақпарат кеңістігінде қазақ-орыс тілдеріндегі шығатын газет-журналдардан басқа ұйғыр, кәріс, неміс, украин, т.б. тілдерінде де мерзімді басылымдар жарық көріп келеді. Мәселен «Ұйғыр авази», «Или вадиси», «Йени заман», «Хуш кәйпият», «Яш әвлад», «Сәньят», «Йени эвлат», «Яркент тәбәси», «Азие бугун» - ұйғыр тілінде, «Коре ильбо» - корей тілінде, «Украінські новини» - украин тілінде, «Дойтче Аль-гемайне» - неміс тілінде, «Дунганская газета» - дүнген тілінде, «Жийана курд» - курд тілінде, «Сайрам сабоси», «Баложон», «Жанубий Козогистон», «Комрон», «Мактабдош» - өзбек тілінде, «Зубр» - қаржыландырылып келе беларус тілінде, «Яшьлек» - татар тілінде ақпарат таратады. Бір мәселені ашық айтуымыз керек: бүкіл ТМД елдерінде өзге тілдегі басылымдарға дәл Қазақстандағыдай қолайлы жағдай жасалып жатқан жоқ. Осы аталған газет-журналдардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс негізінде жатқаны ешкімге жасырын емес. Олай болса, ұлы Алаш елінің салт-санасын, әдет-ғұрпын, тарихын елемеу нағыз көзсіздік болар еді. Сондықтан, өздерінің ең басты міндеті Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігін, ынтымағын жазып көрсетуге, өз оқырмандары арасында осы рухта тәрбие жүргізуге тиісті басылымдарға талап қай кездегіден де күшейтілуі тиіс. Осы басылымдардың беттерінде қазақтың тіліне, діліне, оның рухани құндылықтарына деген құрмет айқын аңғарылып тұруы қажет.

Жоғарыда аталған басылымдарда жүргізіліп отырған ақпараттық саясат жағдайына сараптама жасау, олардың бағыт-бағдарын белгілеу, нақты әдістемелік көмек көрсету кезек күттірмес міндеттердің бірі болуы тиіс. Бұл, әрине, кешегі өзіміз өткен кеңестік идеологиясының қалабын аңсау емес, қайта демократиялық жаңару мен қарапайым ғана жүйелілікті, реттілікті өз деңгейіне көтере білсек деген ойдан туған пікір. «Елiмiзде БАҚ-ты кең тұрғыда тақырыптық саралау орын алып отыр. Қазiргi уақытта баспалық БАҚ-тың үлесi массмедианың жалпы санының 50 пайызын, қоғамдық-саяси - 16 пайызы, ғылыми - 9 пайызы, жарнамалық - 10,5 пайызды, балалар, жастар, әйелдер және дiни басылымдар шамамен әрқайсысы 2 пайызын құрайды»[6, 25-б]. Қазақстан Республикасында екі жүзден астам электрондық БАҚ жұмыс iстейдi. Аса iрi жалпыұлттық электрондық БАҚ-тар Қазақстан Республикасы аумағының: "Xaбap" телеарнасы - 95,70 пайызын, "Қазақстан" - 96,25 пайызын, "Ел арна" - 75,50 пайызын, "Еуразия - бiр" - 78,60 пайызын, «Қазақ радиосы» - 86,99 пайызын қамтиды. Орталық Азия, Орта Шығыс, Еуропа және Солтүстiк Африка елдерiнiң аумақтарында хабар тарататын "Caspionet" спутниктiк арнасы жұмыс iстейдi. Елiмiзде кабельдiк және эфирлi-кабельдiк телевидение желiлерiнiң сексеннен астам операторы iске қосылған, ол отандық және шетелдiк электрондық БАҚ арқылы хабар тарату қызметiн көрсетедi. Олардың iшiнен ең iрiсi "Алма-ТВ" (елiмiздiң 13 қаласына хабар таратады), "Қазақпараттелеком", "Секател" және "Қазорталық-ТД" (5 қала бойынша), "КВК" (4 қала) болып табылады. Қазақстанның iшкi ақпарат нарығында 2309 газет пен журналды, 83 телерадио бағдарламасын қоса алғанда, 2392 шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары таратылады. Қазақстан Республикасында спутниктiк телевидение және деректердi компьютермен беру жүйелер арқылы ақпарат өнiмдерiн қабылдауды бiр мыңға дейiнгi шетелдiк телеарналармен, электрондық форматтағы баспалық БАҚ-тың шектеусiз саны арқылы қабылдауды жүзеге асыруға болады. Қазақстан Республикасында шетелдiк бұқаралық ақпарат құралының 80-нен астам өкiлi аккредиттелген. Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары атауларының жалпы санының 90 пайызға жуығы орыс тiлiнде, 5 пайызы - ағылшын тiлiнде, 5 пайызы әлемнiң басқа тiлдерiнде таратылады. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-тың аса iрi желiлерi "Қазпошта" акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - АҚ), "АиФ-Қазақстан" жауапкершілiгi шектеулi серiктестiгi (бұдан әрi - ЖШС) бiрiккен кәсiпорны, "Еуразия-пресс" АҚ, "Алма-ТД" АҚ, "Секател" және "Қазорталық-ТД", "Кателко+" ЖШС болып табылады. Осы құрылымдар тарататын массмедианың жиынтық көлемi жалпы көлемнiң 70 пайызын құрайды. Қазақстанда жалпыұлттық "эшелонға" көбiне басқаларға, бiрiншi кезекте жергiлiктi жердегiлерге залал келтiре отырып, шектен тыс баса назар аударылады. Мұндай көзқарас жергiлiктi және өңiрлiк ақпарат нарығының және бұқаралық ақпарат құралдарының дамымауымен, сыртқы ақпарат нарығында жүйелi жұмыстың болмауымен ерекшеленедi.

Қазақстан Республикасында, қоғам үшiн әлеуметтiк маңызы бар және аса маңызды тақырыптарды жариялауға мемлекеттiк тапсырыс жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қоса алғанда, БАҚ-ты мемлекеттiк қаржылық қолдаудың бiрқатар тетiктерi жасалған. Ұлттық (қазақстандық) ақпарат нарығын оның бүгiнгi таңдағы болмысы жағынан бәсекелес емес деп айқындауға болады, өйткенi онда нарықтық экономика қағидаттары таза және толық көлемде қолданыл-майды. Осыған байланысты ақпарат нарығында мынадай терiс сипаттағы құбылыстар байқалады: қазiргi заманғы ақпарат нарығының талаптарына сәйкес келетiн кәсiби мамандардың жеткiлiктi санының - менеджерлердiң, шығармашылық қызметкерлердiң, журналистердiң, талдаушылардың, тележүр-гiзушiлердiң, стрингерлердiң, технологтардың, заңгерлердiң және басқалардың болмауы. Ақпарат нарығы субъектiлерiнiң, бiрiншi кезекте БАҚ-тың техникалық жағынан нашар жабдықталуы, ол ақпарат өнiмдерiн өндiру мен тарату жөнiндегi материалдық-техникалық базаның әлсiздiгiнен, ақпараттарды тарататын телекоммуникациялар мен арналарға, әсiресе өңiрлерде, қолжетiмділiктiң шектеулi болуынан туындап отыр. Ақпарат нарығының субъектілерi, бiрiншi кезекте БАҚ өте төмен табыстылықпен жұмыс iстейдi, көп жағдайларда мемлекетке немесе қаржы-өнеркәсiптік топтарға тiкелей қаржылай тәуелдiлiкте болады. Көбiне өз қызметiнде олардың мүдделерiн бiлдiредi. Нарықтың ақпарат сыйымдылығының, соның iшiнде жарнаманың аздығы, халықтың бiр бөлiгiнiң төлем қабiлетiнiң аса жоғары болмауы, ол жеке және заңды тұлғалардың ақпарат өнiмдерiне аз шығын жұмсауымен түсiндiрiледi. Жергiлiкті, өңiрлiк және жалпыұлттық телекоммуникация инфра-құрылымының және ақпараттар беру мен тарату инфрақұрылымының дамымауы, соның iшiнде ақпаратты беру мен таратудың монополиялы түрiне жақын жай-күйiне байланысты туындап отыр. Қол жеткiзген даму деңгейiне сәйкес iшкi ақпараттық нарықтың дамуының заңнамалық базасын дер кезiнде жетiлдiру мәселесi ерекше байқалуда. Бұл стратегиялық мәселелердi отандық медианарықты одан әрi ырықтандыру мен дамытуға жағдай жасай отырып, дәйектi түрде шешуі қажет.

Елімізде ақпараттық саясат және ақпараттық процестерді тиімді басқару мәселесі дамыған елу елдің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндетке сәйкес ғылыми негізделген сарабдал көзқарасты талап етуде. Әлемдік тәжірибе негізінде талдап жасалынған Қазақстанның ақпараттық бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі тұжырымдама – осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі. «Қазақ-станның тәуелсіздік жылдарында тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының уәзипалық етуі үшін саяси, экономикалық және құқықтық жағдайлар жасалды. Мұның өзі – заңнамалық, сондай-ақ, низамдық кесімдермен қуатталатын нақтылы шындық. Бізде БАҚ-тың басым көпшілігі мемлекеттік емес. Мәселенің мәні мұнда да емес, ол баспасөз бен теледидардың цензура болмайтын, БАҚ жұмысының жеңілдікті тегершіктері жасалған жағдайдағы, олардың қызметінің заңдық тегершігі айқын анықталған жағдайдағы уәзипалық етуінің бекем тетігінде жатыр» [7, 24-б]. «Бұл – мемлекет пен қаламгерлер қауымдастығы бірлесе жеткен белес» [7,25-б] деуге негіз бар.

Мемлекет пен қаламгерлер қауымдастығын біріктіретін ортақ желі мемлекеттік идеология болуға тиіс. Бүгінгі таңда Ресейде саяси идеология бойынша зерттеулер жүйелі жүргізілуде. Біздің елімізде де осындай зерттеу жұмыстарының қажеттігі күн санап арта түсуде. Өйткені, «Қазақстан – 2030» стратегиясында ел идеологиясының теориялық – тұжырымдамалық негізі қаланғанымен, оны бағдарламалық – мақсаттық тұрғыда өрбіту насихаттық науқандар деңгейінде қалып отыр. Міндет ғылыми-практикалық ізденіс деректеріне сүйене отырып, стратегияның қағидаттары мен идеологемаларын нақты ұрандар тіліне көшіру, орталық және жергілікті деңгейлерде басқару шешімдерін қабылдау, маркетингтік қамтамасыз ету шараларын ұсыну болып табылады.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Қ.Р Президентінің 2006 жылғы 18 тамыздағы N 163 Жарлығы. – Астана: Ақорда. 2006.

  2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңындағы Қ.Р. Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана. 2006. -8-бет.

  3. Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. Қ.Р. Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана. / / Егемен Қазақстан. 1 наурыз. 2007.

  4. Этносаралық және конфессияаралық келісімінің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы. – Астана. 2006. - 23-бет.

  5. Кенжалин Ж. БАҚ: ұлтаралық жарасымдылық мәдениетін қалыптастыруда жайбасарлық жараспайды. // Ақиқат. №5. 2010. 21-б.

  6. Ақпараттық саясаттың рөлі. // Егемен Қазақстан. 2003. 5 сәуір.

  7. Бекболатұлы Ж. БАҚ жұмысының стратегиялық қағидаттары. // Ақиқат. №8. 2011.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет