БАҒдарламасы астана, 2014 мазм ұ н ы кіріспе I. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері



Дата25.02.2016
өлшемі226.91 Kb.
#22474


autoshape 2autoshape 5autoshape 6


autoshape 3


ЖОБА



2015-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА

ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАҒДАРЛАМАСЫ

АСТАНА, 2014

М А З М Ұ Н Ы

КІРІСПЕ
I. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ……………. 5
II. БАҒДАРЛАМА ҚАҒИДАТТАРЫ …………………………………… 5
III. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ…………………………………..………… 6


3.1. Қоғамның барлық тобын сыбайлас жемқорлыққа

қарсы қозғалысқа тарту. Сыбайлас жемқорлыққа

қарсы мәдениет қалыптастыру………………………….…... 6
3.2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда

қоғаммен өзара әрекет ету………………………………….. 8


3.3. Экономика саласындағы сыбайлас жемқорлыққа

қарсы іс-қимыл.........……………………………..................... 10


3.4. Мемлекеттік қызмет және басқару саласындағы

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл …………………... 11


3.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы

жетілдіру ……………………………...................................... 12


IV. БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУДАҒЫ

ПАРТИЯ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ …………………………. 13


V. БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ МОНИТОРИНГІ …………….. 14
VI. КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР………………………………………….. 15
ҚОРЫТЫНДЫ
КІРІСПЕ
Бағдарламалық құжаттар – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» және «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауларында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсултан Назарбаев демократия мен еркіндікке негізделген мемлекет пен қоғам құрылысының маңызды тарихи кезеңі аяқталғанын атап өтіп, Қазақстанның одан әрі дамуының стратегиялық бағытын айқындап берді.

Елдің тұрақты дамуының негізгі басымдығы ретінде әлеуметтік-экономикалық және рухани өркендеуге кедергі келтіретін құбылыс болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күрт күшейту белгіленді.

Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның барлық табыстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызған мемлекетіміздің негізгі құндылығы – Тəуелсіздікке қауіп төндіреді.

Сыбайлас жемқорлық азаматтардың санасында жалған ұғым қалыптастыру арқылы қоғам мен мемлекеттің өзегіне балта шабады.

Сыбайлас жемқорлық конституциялық тұрғыда құқы мен міндеті бекітілген тең әріптес ретіндегі мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісін құруға кедергі келтіріп, мемлекеттік билік қызметінің тиімділігін төмендетеді.

Сыбайлас жемқорлық «Нұр Отан» партиясының эволюциялық дамуды қамтамасыз ету мен демократиялық, өркендеген, бəсекеге қабілетті жəне əлеуметтік бағдарлы мемлекет құрудағы мұратын іске асыруға тікелей қауіп төндіреді.

«Нұр Отан» партиясының саяси Доктринасында бекітілген – Адам, Бостандық, Заңның үстемдігі, Əділеттілік, Ынтымақшылдық, Болашаққа ұмтылыс, Отбасы мен дəстүр сынды әмбебап құндылықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрестің идеялық негізін құрайды.

«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің аса маңыздылығы мен өзектілігін түсіне отырып, қоғамның барлық күшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске жұмылдыруы тиіс.

Сондықтан да партияның негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен «Нұр Отан» осынау әлеуметтік зиянкестікке қарсы жүйелі күрес жүргізіп келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 2008 жылғы партиялық Бағдарламаның негізгі ережелерін орындау осы жұмыстың маңызды кезеңі болды.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында партия азаматтық қоғамның түрлі институттарын белсенді тартудың есебінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аясын айтарлықтай кеңейтті. Ашық пікірталастар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумдар, мемлекеттік емес секторлармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою және басқа да мақсатты іс-шаралар негізінде пікірталастар ұйымдастырылып, жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді тетіктерін іздеу қолға алынды.

Барлық деңгейдегі депутаттар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық-мәдени орталықтар, бизнес-қоғамдастықтар, жастар және кәсіптік ұйымдар, ғылыми орта, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен құрылған қоғамдық кеңестер орталық пен жергілікті жерлерде партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұйымдық негізін құрды.

Осы шаралардың барлығы қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді түрде қатысуға жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін барынша арттыруға септігін тигізді.

Соған қарамастан қазіргі уақытта қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың бүгінгі ахуалы, сыбайлас жемқорлықтық құқық бұзушылықтың жыл сайынғы үдеуі мен аталған саладағы жалпыәлемдік үрдістер, мұндағы қалыптасқан таптаруын көзқарас пен немқұрайлы қараудан арылуға бағытталған жаңа тиімді шаралардың дайындалуын және қолданылуын талап етеді.

Бүгінде 2008 жылғы Бағдарлама өзінің өзектілігін жоғалтты, өйткені, онда «Қазақстан - 2050» Стратегиясының жаңа міндеттері, сондай-ақ, «Нұр Отанның» саяси Доктринасында белгіленген партия мұраты мен басымдықтары ескерілмеген.

Партия Доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу баршаның жəне əр адамның міндеті. Сыбайлас жемқорлық біздің мемлекеттілігіміз бен демократиямызды жегідей жейді. Сондықтан да біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің жəне қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын қалыптастырудың жүйелік жағдайын жасаймыз» деп белгіленген.

«Нұр Отанның» XV Съезінде партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «саяси көшбасшылықтың түбегейлі мәселесі – біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегиямыз» деген сөздері бүгінгі қоғамның үмітіне сай келіп отыр.

Партия елдің келешегі мен азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, 2025 жылға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа Бағдарламаны жүзеге асырмақшы.

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық тәжірибесі мен осы саладағы жалпыәлемдік үрдістерді ескере отырып дайындалған Бағдарлама мемлекеттің, азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қайратын барынша жұмылдыруға бағытталған.
І. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Бағдарламаның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «нөлдік» төзімділік ахуалын қалыптастыру арқылы қоғамның барлық топтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту.

Аталған мақсатқа жету келесі мәселелердің шешілуін талап етеді:



  • мемлекеттік билік пен басқару органдарының, сондай-ақ, корпоративтік бизнестің қызметіне партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту;

  • халықаралық стандарттарды ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын жетілдіру;

  • мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу;

  • көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету;

  • қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру;

  • тәрбие мен білім берудің барлық сатыларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін құру.


ІІ. БАҒДАРЛАМА ҚАҒИДАТТАРЫ
Бағдарлама төрт іргелі қағидатқа негізделіп құрылған:

Жүйелілік қағидаты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек жекелеген деректерді анықтауға саймауы тиіс. Жекелеген сыбайлас жемқорларды қудалау, «атышулы істер» арқылы олардың ізіне түсу тұрақты нәтижелер бере алмайды. Басты екпін аталған құбылысты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға түседі.

Айқындық, ашықтық және мемлекеттің қоғамға есептілік қағидаты. Айқындық – қызметтерінің ең маңызды ішкі үдерістері жайлы бір-бірін жоғары деңгейде хабардар етуге себепші болатын, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының жағдайы.

Ашықтық – бұл мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және олардың лауазымды тұлғаларының қызметі туралы ақпараттың қоғам мен азаматтар үшін қолжетімдігі.

Ашықтық пен айқындық мемлекеттің қоғамға есептілігін қамтамасыз ететін шарттар болып табылады.

Мемлекет пен қоғамның тең әлеуметтік серіктестігі қағидаты. Бұл қағидат - саяси өмір субъектілерінің еркіндігі мен теңдігі туралы конституциялық демократиялық қағидаларды толық іске асыру үшін тараптардың құқықтары, міндеттері, жауапкершіліктері заңнамамен белгіленуіне негізделеді.

Партия мен қоғамның серіктестік қағидаты. Азаматтық қоғамның қатысуынсыз, жаппай жемқорлыққа қарсы қозғалыссыз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мүмкін емес.

Елдің өркендеуі мен демократияға қарай ілгерлеуі үшін әлеуметтік-саяси жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, қоғам мен әрбір жеке азаматқа да жүктеледі.


ІІІ. CЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ
Бағдарлама партия саяси Доктринасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы келесі негізгі қағидаларына сүйенеді.

  • Мемлекеттік органдар халықтың мүддесіне қызмет етуі және қоғамдық бақылауға мейлінше ашық және қолжетімді болуы тиіс.

  • Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен мемлекеттік қызметтің баршаға сапалы болуын қамтамасыз ету қажет.

  • Жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту және тұрғындардың мәселелелерін тұрғылықты жерде тиімді шешілуін қамтамасыз ету керек.

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін жүйелі жағдай жасау және қоғамдағы оның кез келген көрінісіне төзбеушілікті қалыптастыру қажет.

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршаның және әр азаматтың міндеті болып табылады.


3.1. Қоғамның барлық тобын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру
Сыбайлас жемқорлық көріністеріне деген немқұрайдылық өткір қоғамдық мәселе болып отыр. Кейбір азаматтардың ұғымында сыбайлас жемқорлық үйреншікті іске айналды, ал біреулер үшін заңды айналып өтіп қажетті мәселелерді шешудің тәсілі болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар көп жағдайда жүйесіз, нәтижесі шамалы атүсті жұмыс ретінде қабылданады. Тұрғындардың пікірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл құқықтық тәртіп органдарының еншісі. Осындай таптаурын көзқарас қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қарқынын айтарлықтай бәсеңдетеді.

Қалың бұқараның қатысуынсыз, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен табанды иммунитеті болмайынша қалаған нәтижеге қол жеткізу әсте мүмкін емес. Бұл іске қоғамның барлық тобы атсалысуы тиіс.

Ұлттың өркениетті дамуына кедергі келтіретін жағдай ретінде бұл құбылысқа қарсы құлшынысты күшейте отырып, сыбайлас жемқорлықтық мінез-құлықты жоюдың қажеттілігін қалың бұқараның санасына сіңірудің маңызы зор.

Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал. Тәрбие мен білім берудегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені құру үшін педагогика, психология, құқықтану, саясаттану, экономика, мәдениеттану, сондай-ақ әлеуметтану саласының ең үздік мамандарын тарту қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім беруде келесілер мазмұндалуы тиіс: қоғам мен мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықтың қаупін түсіну, сыбайлас жемқордың жағымсыз бейнесін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық әрекеті мен моралінен бас тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы өмір салтын қалыптастыру, құқықтық нигилизмді жеңу. Дәйекті және жүйелі әрекет қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа деген «нөлдік» төзімдікке әкеледі.

Жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім беру үлгісі «Заң», «Әділдік» және «Тең құқықтық» секілді іргелі түсініктердің төңірегінде құрылуы тиіс.

Адал еңбекті құрметтеу аясын барынша кеңейту қажет. Өскелең ұрпақ үшін асыл құндылық – адал еңбекпен қол жеткізген материалдық игілік, жетістіктер мен білім болуға тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үдеріс тәрбиесіндегі маңызды рөл отбасына берілуі керек. Балалары үшін үлгі болатын ата-аналармен белсенді жұмыс жүргізу қажет.

Жастар ұйымдарының да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өз орындарын тапқаны ләзім. Билеуші партияның «Жас Отан» жастар қанаты осы топтың алдыңғы қатарында болуы керек.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін «Нұр Отан» келесі іргелі шараларды ұсынады:


  • отбасы мен қоғамда дәстүрлі халықтық қанағатшылдық құндылықтарды дәріптеу (қанағат пен ынсап, имандылық, ысырапшылдыққа жол бермеу), материалдыққа қарағанда рухани байлыққа басымдық беру;

  • тәрбие мен білім берудің барлық деңгейлерінде жемқорлыққа қарсы жүйені енгізу, ЖОО-да ұстаздар мен студенттер үшін осы тақырып бойынша оқу курстары мен әдістемелік материалдарды дайындау;

  • «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» идеологиялық брендін ілгерлету.

Бұл шараларды жүзеге асыру бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің барлық әлеуетін іске қоса отырып ақпараттық сүйемелдеуді, оның ішінде:

  • азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-науқандарды тұрақты негізде өткізуді;

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған әлеуметтік жарнаманы кеңінен қолдануды;

  • дәстүрлі БАҚ-та және де Ғаламтор желілерінде таратылатын жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру материалдарын пайдалануды талап етеді.


3.2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғаммен өзара әрекет ету
Партия азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық орнатуға және қоғамдық бақылауды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы институттардың серіктестер ретіндегі артықшылығы – олардың тәуелсіздігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке мүдделігі. Олардың әлеуетін тиімді пайдалану осы жұмысқа қоғамдастықтың қатысуын кеңейтеді.

Партия мен азаматтық сектор ынтымақтастығының басты төрт бағыты:



  • мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және олардың лауазымды тұлғаларының жұмысында жариялылыққа қол жеткізу;

  • олардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін кемшіліктерді анықтау, сондай-ақ оларды жоюға бастама жасау;

  • сыбайлас жемқорлықтың әрбір дерегін қоғамға жария ету;

  • мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпаратты пайдаланғаны үшін азаматтық қоғам институттарының заңды және моралды жауапкершілік жағдайын қалыптастыру.

Азаматтық қоғам ресурстарын жұмылдыру мақсатында келесі шаралар ұсынылады:

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы үдеріске азаматтық қоғам институттарының кеңінен қатысуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету;

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық сектордың қатысуын қамтамасыз ететін мемлекеттік емес құрылымдардың құрылуына ықпал ету (қорлар, қауымдастықтар, орталықтар, институттар және т.б.);

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында азаматтық қоғаммен өзара әрекет етудің нәтижелі тәжірибесін тарату.

Жоғарғыдан жүргізілетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қоғамдық қолдаумен күшейтілмесе, тек ішінара нәтиже береді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды бағыт жергілікті жерлердегі партиялық және қоғамдық бақылаудың тиімді жүйесін ұйымдастыру болып табылады. Бұл жұмыста Партиялық бақылау комитетінің ресурстары мен әлеуеті пайдаланылатын болады.

Бұл жердегі «Нұр Отанның» ұстанымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды алдымен өзінен бастауда жатыр. Партияның әрбір мүшесі осы мәселеде қоғам үшін үлгі болуы тиіс. «Нұр Отан» партияның жоғары адамгершілік-этикалық ұстанымына сай келмейтін, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықпен атына кір келтіргендерден өз қатарын тазарту шарасын жүргізеді.

Партия көптеген дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және олардың лауазымды тұлғаларының ашықтығына жүйелі түрде қол жеткізбекші.

Партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуде мамандандырылған жетекші халықаралық ұйымдармен үйлесімді ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Партиялық және қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері, қоғамдық пікірталастардың қорытындылары, азаматтардың жиыны мен жиналыстары, әкімдердің есептері, әлеуметтік зерттеулер, құқық қорғау органдарының деректері мен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары маңызды ақпарат көзі болуы тиіс.

Өзара өнімді әрекет ету үшін құрамына азаматтық қоғам өкілдері кіретін партия филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы аймақтық қоғамдық кеңестері жұмылдырылатын болады. Олардың қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып тұруы тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың салмақты бөлігі жергілікті жерге, яғни бастауыш партия ұйымдарына ауады. Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Партияның әлеуметпен өзара қарым-қатынасы:



  • тұрғындардың құқықтық мәдениеті деңгейі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жайлы хабардар болуын арттырады;

  • тұрғындардың мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға және олардың лауазымды тұлғаларына деген сенімін нығайтады, бұл партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қоғамның қолдауына оң ықпалын тигізеді;

  • нақты ведомстволар мен мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлық ахуалы туралы халықтың хабардар болуын арттырады.

Бағдарламаның орындалу барысы мен алдағы кезеңге қажетті шаралар жыл сайынғы партия Төрағасына жолданатын
2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі баяндамада
көрініс табатын болады.
3.3. Экономика саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының дамуын тежейтін күрделі фактор.

Экономиканың мемлекеттік секторындағы жемқорлық деректері ең әуелі бюджеттік қаржыны игеру үдерісімен, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуымен, мемлекеттік мүліктің пайдаланылуымен және жекешелендірумен байланысты. Сондықтан партия бюджеттің әр теңгесін жұмсауда жариялылыққа қол жеткізетін болады.

Көлеңкелі экономика деңгейінің жоғарылығы басты мәселе болып отыр, оның қарқынын барынша бәсеңдету үшін партия келесілерге қол жеткізу қажет деп санайды:


  • бизнесті бастағанда және жүргізгенде әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мен айқындығын арттыру, артық әкімшілік кедергілерді алып тастау;

  • бизнес үшін салықтық және кедендік заңнаманың тартымдылығы;

  • қолма-қол ақшалай есеп айырысу формасынан біртіндеп ақшасыз төлем құралына ауысу;

  • бюджеттік үдеріс кезеңдері мен деңгейлерін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік қаржыны басқару;

  • мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды бақылау, қаражаттың мақсатты жұмсалуында ашықтықты қамтамасыз ету.

Көлеңкелі бизнестің көлемі азаймаған экономика салаларына партиялық және қоғамдық бақылау күшейтіледі.

Партия корпоративтік сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қауіптерге ерекше назарын аударады. Экономиканың квазимемлекеттік және жекеменшік секторларына оның одан әрі таралуына қарсы әрекет ету шаралары қажет.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы арқылы бизнес-қоғамдастықпен партияның тұрақты байланысын орнату қажет. Кәсіпкерлікті қорғау мақсатында бизнестегі әкімшілік қысымды төмендетудің партиялық және қоғамдық бақылау тәжірибесі ұлғайтылатын болады.

Сыбайлас жемқорлықтан тазарған ел ғана инвестиция мен экономикалық ынтымақтастық үшін тартымды бола алады.


3.4. Мемлекеттік қызмет және басқару саласындағы

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Мемлекеттік қызмет пен басқару саласындағы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісі халықтың билікке деген сенімін әлсіретеді.

Мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың негізінде жеке бастың және мемлекет мүдделері арасындағы шиеленіс жатыр. Осы шиеленісті болдырмау үшін партия келесі шараларды ілгерлетуді көздейді:



  • мемлекеттік органдардың өкілдіктерін бұдан әрі де реттеу, олардың қайталануына жол бермеу;

  • мемлекеттік аппарат жұмысында әкімшілік рәсімдерді нақтылау;

  • мемлекеттік қызмет көрсету сапасына тұрақты мониторинг жүргізу, оларды халықтың қажеттіліктерін ескере отырып жандандыру. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет салаларын бәсекеге қабілетті ортаға беру арқылы кезең-кезеңмен азайту;

  • мемлекеттік органдардың қызметіне сырттан бақылауды жетілдіру, атқарушы және бақылау-қадағалау қызметтеріне шек қою;

  • лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету және нәтижелі жұмысы үшін мемлекеттік қызметкерлерді моралдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру жүйесін дамыту;

  • мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жұмыс қорытындысы туралы жыл сайын көпшілік алдында есеп беру тәжірибесін енгізу;

  • мемлекеттік секторда мүдделер дауын тудыратын заңнамадағы қайшылықтарды, олқылықтарды және қарсылықтарды жою;

  • мемлекеттік қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің табыстары, ал кейіннен шығындары туралы ақпаратқа еркін қолжетімдік тәжірибесін кеңінен тарату.

Мемлекеттік басқару саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясына, тиісті үкіметтік, ведомстволық, аймақтық, аумақтық бағдарламаларға арқа сүйеуі тиіс. Олардың орындалу барысы және қол жеткізген нәтижелері қоғамға қолжетімді болуы тиіс.

Мемлекеттік кадрлық саясатты қолдау мақсатында партиядағы лайықты азаматтарды мемлекеттік аппараттағы басшы лауазымдарға ұсыну үшін партия өз кадрлық резервін жасақтайды.



3.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру

Сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оның себептері мен тудырушы жағдайларын жоюға баса назар аудару Бағдарламаның принципті тұрғыдағы негізгі тәсілі болып табылады.

Сондықтан партия құбылыс ретіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға басымдық беретін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заңды қабылдау қажет деп санайды. Қолданыстағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы Заң уақыт талабына жауап бермейді, тұжырымдамалық жағынан ескірген және партияның бүгінгі бағдарламалық мақсаттарына сәйкес келмейді. Сонымен қатар, оның көптеген қағидалары қолданыстағы заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы, сондай-ақ көбіне ұйымдастыру-құқықтық тәртіп шараларымен іске асырылған.

Сондай-ақ «Қоғамдық бақылау туралы» және «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңдарды қабылдау да аса маңызды.

«Қоғамдық бақылау туралы» жеке Заңды қабылдау мемлекеттік органдардың қызметіне азаматтық қоғамның бақылау жүргізуін, қоғамдық институттардың өкілеттіктер шегін бекіту, сондай-ақ, белгілі шектеу мәселелерін нақты құқықтық реттеу үшін қажет. Әлеуметтің өкілеттілік мөлшері мен оны жүзеге асыру кепілдігін заңды түрде айқындау өзекті. Сонымен қатар, бақылау нәтижесінде алынған ақпаратты қолдануға азаматтық қоғам институттарының жауапкершілігін анықтау да маңызды. Осы үдерісте туындайтын мемлекеттік органдар мен әлеумет арасындағы құқықтық қатынастар тараптардың құқықтары мен міндеттерінің тепе-теңдік шартына сәйкес қалыптасуы тиіс.

«Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңында ұлттың қауіпсіздік мүддесін, жеке және заңды тұлғалардың ары мен абыройын ескере отырып, сұралатын ақпараттың шегін, оны алу тәртібі мен жариялағаны үшін жауапкершілігін белгілеу орынды. Ақпараттар санатын, пайдаланушылардың міндеттер шегін, сұрауларды орындау тәртібін, ақпаратқа қолжетімдік тәсілдерін белгілеу, бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтор-ресурстарында оларды орналастыру тәртібін реттеу, ақпаратқа қолжетімдікті қорғау жүйесін енгізу, оның қамтамасыз етілуін бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының заңнамаларындағы олқылықтарды толық көлемде толықтыруға мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып қоғамдық бақылау және ақпаратқа қолжетімділік туралы заңдарды қабылдау ашықтықты, айқындықты және мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және олардың лауазымды тұлғаларының қызметіне қатысты есептілігін қамтамасыз етеді.

Партия мына мақсаттарға қол жеткізетін болады:



  • мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін айқын ету, мемлекеттік активтерді пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлық туғызатын жағдайларды жою;

  • лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік лауазымға үміткерлерге қатысты қаржылық бақылау шараларын кеңейту;

  • жеке секторға жұмысқа ауысатын мемлекеттік қызметкерлердің жекелеген санатына сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қолдану.

Мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық қылмыстары олардың тікелей басшыларының қызметінен кетуіне сөзсіз негіз болуы тиіс.
IV. БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ

АСЫРУДАҒЫ ПАРТИЯ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Партия Бағдарламасын іске асыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттегі алдын алу жұмыстарының басым бөлігі жергілікті жерлерге, аумақтық және бастауыш партия ұйымдарына ауады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу негізін партияның халықпен тығыз байланысы құрайды.

Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін:



Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық Қоғамдық Кеңес, сондай-ақ аймақтық және аумақтық деңгейлердегі Қоғамдық Кеңестер олардың жүзеге асуының мониторингін жүргізеді; Бағдарламаны жүзеге асыру туралы мемлекеттік органдар басшыларының – партия мүшелерінің есептерін тыңдауды ұйымдастырады; сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігіне баға береді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет саласындағы партия міндеттерінің орындалу барысына жетекшілік етеді, сондай-ақ, басқа партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін жұмысқа тарта отырып, орталықта және аймақтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай күшті құрады.

Партиялық бақылау комитеті жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша партия мүшелерінің тарапынан жіберілген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық деректері туралы тексеріс жүргізеді; заң бұзушыларды партиялық жауапкершілікке тартады.

Орталық аппарат аймақтық партия филиалдарының қызметін үйлестіреді; партия құрылымдық бөлімшелерінің іс-шараларды орындау барысын бақылайды; партияның басшы органдарының алдында Бағдарламаның іске асырылуы туралы мемлекеттік органдардың басшылары – партия мүшелерінің есептерін тыңдауды ұйымдастырады; сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы әрекет мәселелері бойынша партияаралық және халықаралық байланыстарды ұйымдастырады.

Аймақтық филиалдар аумақтық партия филиалдарының қызметін үйлестіреді; ақпараттық және сараптамалық жұмысты ұйымдастырады; оны жүзеге асыру бойынша Жоспардың нақты іс-шараларын іске асыру үшін қолда бар ресурстарды және әлеуетті жұмылдырады.

Аумақтық филиалдар бастауыш партия ұйымдарының қызметін үйлестіреді, Жоспардың іс-шараларын орындайды.

Бастауыш партия ұйымдары ұжымдар мен халық арасында нақты жұмысты жүргізеді.

Парламент Мәжілісіндегі партияның депутаттық фракциясына және жергілікті өкілді органдардағы партиялық топтарға ең алдымен құқық шығармашылық үдерісіндегі осы мәселе бойынша партия идеологиясын алға жылжытуға қатысты ерекше рөл жүктеледі.

Партиялық және аймақтық кураторлар партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру шеңберінде жетекшілік ететін саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейіне мониторинг жүргізеді; мемлекеттік органдар өкілдерінің есептерін тыңдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қолданады.

Қоғамдық қабылдаулар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды іске асырады; тиісті өкілді органдарға қарау үшін келіп түскен өтініштерді жібереді. «Электрондық партия» бағдарламасы қоғамдық қабылдаулар жұмысының тиімділігін көтеретін қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың ахуалын нақты анықтауға мүмкіндік берер инновациялық құрал болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен тәжірибені жетілдіруі үшін партия жанындағы Құқықтық кеңестің маңызы зор.


V. БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ МОНИТОРИНГІ
Бағдарламаны іске асыру мониторингі келесі көрсеткіштер бойынша орындалады:

  • қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру;

  • сыбайлас жемқорлық көріністеріне тұрғындардың шыдамдылық деңгейі;

  • сыбайлас жемқорлық мәселесіне байланысты партияның қоғамдық қабылдауларындағы жеке және заңды тұлғалар өтініштерінің саны мен динамикасы;

  • анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың деңгейі мен динамикасы;

  • қоғамдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа құрылымдардың құрылуы және белсенді жұмыс істеуі;

  • әкімшілік кедергілерді жою;

  • жүргізілген іс-шаралардың жалпы, оның ішінде жастар арасындағы саны.

Мониторингтің объективтілігі тәуелсіз әлеуметтік зерттеулермен қамтамасыз етіледі.

Партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жүзеге асуы туралы жыл сайынғы партия Төрағасына жасалатын баяндаманың негізін құрайтын мониторинг нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.
VI. КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР
Партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасын іске асыру Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында алға қойылған мақсаттар мен міндеттердің нақты орындалуын қамтамасыз етеді.

Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің айтарлықтай төмендеуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға мемлекет, қоғам мен бизнестің жұмыла кірісуі, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның қалыптасуы Бағдарламаның басты нәтижесі болады.

Өзара сенімділік, жауаптылық, әріптестік, жариялылық, ашықтық пен есептілік қағидаты негізінде мемлекет, қоғам және бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастыру Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізудің басты шарты болып табылады.

«Нұр Отан» партиясы азаматтарға қызмет ететін тиімді мемлекет, жауапты азаматтық қоғам, сондай-ақ, экономикалық дамудың қозғаушы күші мен азаматтық қоғамның тірегі болып табылатын мықты бизнестің қалыптасуына бар күшін салады.

Бағдарламаның басты нәтижелері келесідей болуы керек:


  • сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «нөлдік» төзімділік жағдайын қалыптастыру арқылы қоғамның барлық топтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет пен мінез-құлық қалыптастыру;

  • қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен құқықтық сананы қалыптастыру;

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен тәрбиенің кешенді жүйесін құру, білім және адал еңбек ұғымын қалыптастыру, отбасы институтын белсенді түрде тарта отырып, қанағатшылдық бағытындағы дәстүрлі халықтық құндылықтарды нығайту;

  • азаматтық бастамалардың дамуына, қоғамдық бірлестіктердің кең ауқымды сұхбаттасуына, қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыруға қажетті жағдай жасау;

  • тиімді мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтердің жоғары сапасын мемлекеттік органдардың қоғам тарапынан бақылануы, яғни, жариялық, есептілік пен ашықтық арқылы қамтамасыз ету;

  • жергілікті өзін-өзі басқаруды бұдан әрі дамыту арқылы тұрғындардың мәселелерін жер-жерлерде тиімді шешуге жағдай жасау;

  • мемлекет пен бизнестің өзара сенімділік, жауаптылық пен әріптестік ұстанымдары аясында тиімді сұхбаттасуын қамтамасыз ету;

  • мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін, бизнестің жариялылығы мен жауаптылығын, пәрменді қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету арқылы көлеңкелі экономиканың деңгейін айтарлықтай төмендету;

  • конституцияда белгіленген жекеменшік құқының сөзсіз сақталу қағидатын тиімді іске асыруға, адал бәсекелестік пен кең ауқымды кәсіпкерлік бастамаларға жағдай жасау;

  • елдің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуының негізі болып табылатын мықты орта тапты қалыптастыру.


ҚОРЫТЫНДЫ
Партияның саяси Доктринасында елдің билеуші саяси күші ретіндегі «Нұр Отанның» халықтың келешегі мен азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етудегі тарихи жауаптылығы жарияланған.

Партияның «эволюциялық дамуды жəне демократиялық, өркендеген, бəсекеге қабілетті жəне əлеуметтік бағдарлы мемлекет құруды қамтамасыз етудегі» мұратын іске асыруға кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимыл «Нұр Отан» партиясының саяси көшбасшылығының мәселесі болып табылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы «Нұр Отанның» қызметі партияның саяси Доктринасындағы идеологиялық және құндылықтық мақсаттарына негізделіп құрылады.

Сыбайлас жемқорлықты жою – біздің халқымыз бен мемлекетіміздің негізгі құндылығы – Тәуелсіздігімізді нығайтудың басты талабы.

Сондықтан да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас пен құқықтық сананы қалыптастыру, өзара сенім, жауапкершілік пен әріптестік негізінде осы әлеуметтік зиянкестікке қарсы күресте мемлекет, қоғам және бизнестің күшін біріктіру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының басты мақсаты болып табылады.

«Нұр Отан» партиясы барлық партиялар және қоғамдық бірлестіктермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға байланысты өзара тиімді қарым-қатынасты, сындарлы идеялар мен пікір алмасуды қамтамасыз етеді.



Бағдарламаны жүзеге асырудың механизмі ретінде мәлімделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге байланысты нақты шаралар қамтылған, екі бесжылдыққа (2020 және 2025 жылға дейін) арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың Жол картасы дайындалатын болады.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет