Бақытты бал дәурен Шымкент-2013жыл



Дата14.06.2016
өлшемі175.5 Kb.
#135812
Төкеев Бертай Есмаханұлы

Бақытты бал

дәурен

Шымкент-2013жыл.

Бақытты бал дәурен-ай.. Сағыныш екен бала кез...

Жыл өткен сайын аңсарың ауып, жүйіткіген уақыт тұлпардың жалында жармасып, алды артына қаратпас күнделікті күйбің тірліктің жетегінде кетіп, елуге де ентігіп жетіппіз-ау...Не тындырдық? Не бітірдік? Ұрпағымыз сүйер, болашағымыз бағыт алар,аяулыларымыз ардақтар, тәрбие болар не қалдырып барамыз?

Қайда сол кез???

Ешнәрсеге алаңдамас кекілін самал жел желпіп, желмен жарысқан, күнұзақ тоғай кезіп, құрдастарымен алысқан, бір күн көрмесе сағыныса табысқан шаршауды білмес ең бақытты шақтар-ай...

Әрбір жанға балалық шағы ыстық, туған жері қымбат!

Алпысыншы жылдардың орта тұсындағы Бөріжар совхозының Қайнар бөлімшесін көзге елестетсек бүгінгі күнмен салыстырғанда айырмасы жер мен көктей.

Мамыражай тіршілік еткен елде елу шақты қазақы тамдар қазір еске алсақ жанымызға ерекше ыстық, көңілімізге өзгеше жақын сезілер. Шілденің аптап ыстығында бүкіл ауыл түсте демалып, терезелерді қараңғылап, ұйықтап жатқанда бастары жылтылдаған, маңдайынан тер аққан өңшең жалтырбастар тоғайға қарай ұзыннан ұзақ ағылып бара жатқаны бір қызық көрінетін. Ол кезде барлық көшенің ыстық майлы топырағы жұп-жұмсақ борпылдақ,жалаң аяқ жүргеннің табанын күйдіріп жататын. Бүкіл ауылдан қанша іздесеңіз де бір түйір тас таппайсыз. Барлық ер баланың жаз шыға киері жаңадан әке шешесі алып берген қара немесе көк трусилері қара күзге дейін не көрмейді дейсіз.

Топырақ жолдан өтсе Белорусъ трактордың ізін тез-тез салып, күйдірген кішкентай аяқ іздерін қалдырып, шаңды бұрқырата тоғайға бір-бірімен жарысып жететін өңшең кекілді бұзық суға күмп беріп, рахаттана су шашып ойнап, тоғайдан шықпаушы еді. Әбден жаураған сәтте жардың жанындағы әбден қызған жұмсақ сары топыраққа жүгіре жетіп, шаңын бұрқырата таласып, тармасып жата қалып, өздеріне топырақты кеуделеріне тарта басып, бір керемет рахатқа бөленетін. Тістері тістеріне тие сақылдап, күнге күйген әрбір үйдің қап-қара домалақтары бір сүйкімді көрінетін.

«Ата анам суға түскенімді білсе өлтіреді»-деп трусиларын бірде құмға көміп, бірде сілкіп: «Менікі кепсін, шайтандыкі кеппесін»-деп өлеңдетіп ит әлекке түсетіндерін қайтерсің. Енді кептіріп тоғайдан қырға терлеп тепшіп шығып, кеуілді таласып тармасып жеп тоя бергенде суға шомылуға келе жатқан келесі топ көзді қыздырып, қолды бір сілтеп, амал жоқ оларға қайта ілесетін кездер-ай... Жолда кесіретке көрсе ауыздарын жұма қалып: «Тістерімді санап қойса түсіп қалады»-деп үрейленер аңқау кездер-ай.

Толғаныс толқынында жүзіп, санасын мың сан ой шырмаған жігіт ағасы сағыныш күйін шертіп, аңсаудың алаңдауында еді. Өткенге оралтқан не сиқыр, балалық күнін аңсатқан не күш екенін біле алмай ойға шома берді....Тұла бойы толғанысқа көшіп, өткенге сағыныш, алаңдатқан аңсау оны өткен күннің елесінде, балалық шақтың ең тәтті белесінде, ата-анаға, бауырларға, достарға деген сағыныш сезімнің кемесінде жүздірсе,енді бірде қиял құсымен самғатты...

* * *

Маусым айының ең соңғы күні Төке әулетінде тура қауын асар кезінде жүрекжарды үлкен қуаныш болып, дүниеге сәби дауысымен шырылдап ұл шақалақ келген. Ол кезеңнің бір ғаламаты табиғат та, адамдар да таза. Бір ауылды бір қария билеп, бір ауыз сөзбен басқаратын. Ауылдың ынтымағы мен бірлігін ұйытқан қариялар төрде ұлықталып, келіндер иіле құрметтеп, жастар жүгіре құрақ ұшып, өздерін тынымсыз еңбектерімен көрсететін. Қариялар бас қоса қалса «Кімге не жетпейді? Қандай көмек керек»-деп, бұзықты түзеп, араздасқандарды татуластырып, барлық мәселені ортаға салатын. Бұлжымас дала заңына бағынған ауыл ерекше берекелі, мерекелі еді, елге түскен қайғы мен қуанышты қатар бірге бөлісіп, бірге көтеретін.

«Адамның күні адаммен» дегендей ауылдағы барлық ауыр жұмыстар асармен бітіп, әзіл қалжыңмен өте қызықты мерекеге ұласып, арнайы көтерген қазаны отта қайнап, бар тапқанын ортаға салған дастарханы жайнап сала беретін. Ағайынның ауызбіршілігін арттырып, бауырлықты нығайтатын, жанашырлықты молайтатын, имандылыққа бастайтын асардың тәрбиелік мәні зор еді-ау ол кезде...

* * *

Дүниеге сәбидің келуі жаныңды жадыратар, жүрегіңді елжіретер ерекше қуаныш, ата әжесіне өмірін жалғастырар жұбаныш.

Адам перзент болып келіп, перзенттері үшін өмір сүріп, қартайғанда сәбилік бала көңілге еніп,ата-анасының жылы сөзі мен аялы алақанын аңсай өмірден өтер. Әттең-ай, әрбір жанның қаншама орындалмаған армандарымен, жетпеген мақсаттарымен, ашылмаған сырларымен, өзін аша алмаған қырларымен өмірден озары қандай өкінішті...

* * *

Кешкі алтылар шамасындағы үлкен қуаныш құрдастарды құлшындырып, бәрі ат таңдауға кіріскен. Туылғаннан еті тірі, қимылы жылдам, ойы ұшқыр Тортай құрдас жадырай күліп:

-«Асар күні туылды ғой, Асарбай болсын!» деген. Қып-қызыл помидордай қызарып жүретін Әуелбек құрдас:

-«Болса болсын»-деп ыңылдап, дауысы салған әндей созыла шыққан.

Қуанышты хабарды ести сала жеткен Төке бақсының сол кезде әулиелігімен елге аты жайылған абыройлы кезі, шапшаң қимыл қозғалыстағы күш қайратынан таймаған жетпіс бес жастағы шағы еді. Немере деген қандай тәтті!!!Көңілі көкте самғаған қария көзінен от шашып, үлкен ұлының құрдастарын өз баласындай көріп, үлкен шаңыраққа ас әзірлетіп, дастарханға арнайы өзі келіп шақырған. Бәріне де үлгеріп жүретін Сәрсенкүл әже немересінің кіндігін де кесіп, ас суын да әзірлеп, дастарханын жайнатып, ақ самауырынын қайнатып та қойған. Сол кездегі Төке әулиенің шаңырағы, қора қопсысы, бау дарағы, тазалығы, он саусағынан өнер тамған шеберлігі, күндіз түні тыным таппас еңбекқорлығы бүкіл елге үлгі еді. Ескі қазақы үйдің өзі төрт бұрышты қамал іспеттес соғылып, үлкен ағаш есіктен кіргенде қаз қатар орналасқан бөлмелер мұнтаздай тап-таза боп көрінетін. Не деген ұқыптылық! Бәрі рет ретімен орналасып, көз жауын алып, келген қонақ көрмеде жүргендей сезінер еді. Әсіресе ұстаханадағы заттар, аспаптар, құрал-саймандар беймәлім тылсым дүниеге бастап, бір керемет әсерде қалдыратын. Ерінбей баулап жиналған жоңыршқа, оны турап беретін аспап күн сәулесімен жылтылдап өткір жүзімен сәуле шашса, келесі бөлмедегі отынханада ерінбей дайындалған ағаш отындар самауыр қазанға шақталып десте-десте боп, жеке-жеке қаланып, таңдай қақтырар. Ал бұлбұлы сайраған бауда бүкіл жеміс сән түзеп, жердегі жұмақ дерсіз. Үлкен әуіттің түбінде су жиналып алып қызыл алма жапырағымен жайнап, өрік сабдалылардың иісі аңқып, қатар егілген қауын дарбыздан бөлектеу ерте піскен әңгелектердің иісі мұрынды жарар еді.

Сол кездегі еңселі үлкен үйлердің бірі Төке әулиенің шеберлігімен тұрғызылған үй қорғанымен,жаңғақтарымен, алма ағаштарымен көмкеріліп, жайқалған бауымен тым тартымды көрініп, жолаушылап келген адамдардың таңдайын қақтыратын. Шынында сол кезеңнің адамдары еңбекқор, жаны мен ары таза, бауырмашыл болып келетін. Бір ауыз сөзге тоқтап, ақылға көніп, абыройлы болуға ынтық жандар бір-бірін құрметтеп, құрақ ұшып жүрер еді.

Өмірге шақалақ сәби келді. Жеке енші алып шыққан Есмаханбет әке мен Алматай ананың бұл жетінші перзенті. Бірінші мен алтыншы балалары сәби кезінен шетінеп кеткендіктен ардақты әке мен аяулы ана жүрегі тым алаңдаулы еді.

Алланың құдіреті шексіз емес пе?!

Алғаш екі ұл, сосын екі қыз, сосын екі ұл келгені жан дүниелерін қуантқанмен Барат пен Ертай шақалақ кезінен шетінеп, өкініштері өзектерін өртеген, бірақ та сабыр сақтай бір Құдайға тоба еткен. Келесі сәбилерінің ұл болуын тілеген. Көптен күткен қуанышты күн де жетіп, мынау қарбалас өмірден бейхабар шақалақ бесігінде құндақталып, әдемі иісімен тебіренте сүйсінтіп, анасы мен әкесінің аялауында, бауырларының әлпештеуінде тербелген.

* * *

Шіркін сәбилік сәтке ешнәрсе де жетпейді-ау... Балбырап балқып, еркелеп шалқып, бесікте қалқып анасының құшағында жатқан кезін аңсамас жан жоқ-ау сірә... Өткен күнге деген сағыныш жас ұлғайған сайын артып, аңсаудың молаяры һақ.Әрбір жан өзінің өткен өміріне қатал сыншы, әділ де адал әділқазы. Жіберген қателіктерін, артық кеткен жерлерін, жүректерге жара түсірген ауыр сөздерін әйтеуір бір күні өз жүрегімен сезініп,уақыт өте кеш біліп, түзетуге ешбір амал жоқтығын алтын уақыттары мен күндерінің босқа өтіп кеткенімен түсінер, амалсыз мойындар. Амал қанша?

* * *

Отбасындағы барлық жанға қуаныш әкелген нәресте өте нәзік туылып, шырылдап жылап, неге екені белгісіз, күндіз жылаумен болып, Алматай ананы қатты әбігерге салып, түнімен көз ілдірмеген. Есмахан әке көрші савхоздағы ұстаханада темір ұстасы, бүкіл елдің алдында жауапкершілікпен тапсырылған жұмыспен күн бойы ауыр балғамен жұмыс істеп, қас қарая қалжырай үйге жететін.Сәбидің түнде тіршілік жасап жатқанын білдіріп тұрған тек кірпіктері қимылдап, жанашыр жандарды қатты уайымға салдырған. Амал жоқ жұмысына аттанған үй иесі сәбиді анасына қалдырған. Үміт оты сөніп бара жатса да қайран ана жан ұшыра құрақ ұшып, перзентін ажалға қимай ауылдағы барлық тәуіп пен ем дом жасай алар жанның бәріне көрсетіп, кішкентай шаштары жалбыраған қыздарымен өкпелері өшіп, жолда аяқ бүккенде «Тәуіп жолықса қандатармын»-деп алып шыққан тауықтары туып қалған. Ешқандай нәтиже шықпаған соң қыздарын үйге тастап, амалы құрыған ана: «Енді тек жазса дәрігер жазар»-деп шілденің қайнаған ыстығына қарамай терең тоғайдан өтіп, қырлар асып, қолды аяққа тұрмай шырылдап жатқан қолындағы сәбиімен көздері жасаурай көрші ауылға кете барған. Әзер дегенде арып, ашып, шөлдеп, шаршап, шалдығып, жеті шақырымдай жердегі Панфилов атындағы ауылға да жетті-ау. Ол кезеңде дәрігер мамандығы жоқтың қасы, әр ауылда табыла бермейді, санаулы. Сондықтан да олар өте абыройлы, беделді болатын.

Жадырай күліп қарсы алған Балғынбай дәрігер жеңгесінің дидарын аман-есен көргеніне қуанып, сонау алыстан жаяулата жеткеніне таңқалып, шырылдап, шыңғырып ауырып тұрған сәбидің ауыр жағдайын сезсе де өзге ауылда жұмыс істегендіктен кезексіз алдыра алмаған. Өз кезегі келгенде жеңгесіне жәй ғана түсіндіріп, дұрыс ойлауын өтінген. Сырт көз сыншыл, арызқойлар да жетерлік екенін жымия жеткізіп, жедел іске кіріскен. Ақ халаты өзіне сондай жарасымды жан сәбидің қызуын өлшеп, жедел жәрдемін беріп, арасында жағдай сұрасқан.

Ия, баяғының адамдары сондай елгезек, бауырмашыл болатын, бір жас айырма болса да інісі ағасына құрақ ұшып құрмет көрсетіп, жаны қалмайтын. Керемет салты бар, имандылығы басым уақыт еді ол кезең...

  • Қайным-ау мынау інің туылғаннан беймаз, қолды аяққа тұрмай жылай береді,апта бойы бір түн де ұйықтатпады,өзіңнен бір демеу бола ма деп келдік.

Сол кезде Балғынбай дәрігер жас, өз жұмысын қанық білетін, таптырмас мықты маман болып осы көрші ауылда жұмыс істейтін. Сондықтан да Алматай ана оны өз ауылындағы қайнысындай көріп, батылдана, өзімсіне сөйлеген.

  • Ау жеңеше, жәкем барда ешнәрседен қорықпаңыз.Нәрестенің қаны сұйық, тез назарланады, бала болған соң ауырады, тез қайта жазылады, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады!

Балғынбай дәрігер алыстағы ағасының абыройын көтеріп, уайымдап келген жанға сенім ұялатқан. Қазақи емшілігі бар дәрігер тамыр ұстап, инесін де егіп, тіл көз бар екенін де айтып, шақалаққа сүфілеп жіберіп, дәрі дәрмектерін де беріп, өз ісінің нағыз маманы екендігін көрсетіп, бауырлығын танытқан. Сол шипалы қолдан қаншама күн мен түнді жылаумен өткізіп, әбден шаршаған сәби бірден балбырап , рахаттана қалың ұйқыға кеткен еді.

Шіркін көңіл татулыққа не жетсін?!

Есмаханбет кісі ұлына «Серітайжан» деп ат қойып, ауылдық кеңеске метрке алуға барғанда да Балғынбай дәрігер бірге барып:

  • Ау жәке отызыншы маусымда туылған екен, бірінші шілде деп жаздырайық. Елдің соңында емес бірінші алдында жүрсін, нағыз жігіт болсын!- деп қолқа салған.

Болмысынан ақкөңіл, кеңпейіл жан інісінің көңілін қимай, сөзін жерге тастағысы келмей айтылған ойға риза пейілмен солай жаздырған. Бауырлығы басым жандар өмірінің соңына дейін сыйласып, бір-бірін құрметтеп, осылай құрақ ұшып өткен еді.

Бұл қайран әкенің қырық алты жастағы жүрек жарды қуанышы еді. «Серітайжан, шүкір тоба»- деп бесікте жатқан сәби кенже ұлына еміреніп, отбасының амандығын, берекесін тілеп, ұлдары мен қыздарын керемет жақсы көріп тұрса да, айналып толғануға уақыты да болмай күнұзақ алыста темір, ағаш ұсталығымен қажымай еңбек етіп, отбасына қамқор бола білген қайран әкенің жан жылуы мен жүрек тебіренісі шалғайда жүрсе де айдай айқын еді...

* * *

Үш бөлмеден тұратын қазақы там жүрекке ыстық, жаныңа жақын. Төбесі жылда ауа райы жылына сала лаймен сыланып асарлатып жататын бір қызық кезең еді ол. Көктем шыға үйдің шын иелеріндей көрінетін қарлығаштар сағынышпен жетіп, көңіліңе бір керемет күй қосып, ғанибет әнін шықылықтай шырқап, өзімсіне бауыр басып, ұяларын жөндеуге кірісетін. Қазақы үйдің бір ерекшелігі жазда салқын, қыста жылы. Ол кездегі қазақы тамдардың фундаменті болмайтын.Қаладан үйлерді көріп келген Есмаханбет әке фундамент ретінде қосымша қыштар қалап, өз жаңалығын жаңа үйге қосқан. Қазақы үйдің бітуіне ағайын араласқан асар себеп болса,тікелей қолқабысын аяғына дейін тигізіп, ерен еңбегін көрсеткен Серітайдың нағашылары Әуесхан, Әшімхан ағалар еді.Бұл іске бүкіл отбасы кірісіп, барлық жан жабылып, үйдің бітуіне дейін тыным таппаған. Бүкіл бау дарақты қоршап, тоғайдан ағаш қырқып әкеліп, шарбақ жасаған намысшыл Рыстай ағаның еңбегі тіптен зор еді. Бала боп ойнап кетпей көк есегімен күні бойы тырбыңдап, еңбектенуі қарияларды таңқалдыратын. Еңбекпен тез ер жетіп, жігіт болып,білім алып абыройлы қызметтер атқарып, аяулы ата анасына жаңа үй тұрғызып,үміттерін ақтап, бауырларына да қамқорлығын ешқашан аямаған.

Кішкентай кезінен қолынан балға түспей, ұзын шегелерді үйдің айналасына аямай қағып жүретін Болтай ағасы шындығында нағыз еңбекқор,бауырмашыл азамат боп өсіп, жаңа үй мен бау бақшаны армандаған ата ананың арманын жалғастырып,керемет үй салғыштығымен,нағыз шаруашылыққа бейім боп, еңбектің көзін табар диханшылығымен танылды... Аялы алақан мен жылы мейірімде өскен Серітай ешнәрседен таршылық көрмей нағыз адамгершілік пен сүйіспеншіліктің отанында өсті...

Ол кезеңде бүкіл ауыл тоғайдан су әкеліп ішеді. Есегі барлар балонды есектің беліне қойып тасыса, бірі иыққа әкпіш іліп, енді бірі қолына шелек алып тоғайға қарай ағылатын. Ыстық күнде шекеңді шымырлатып, тісіңді қақсатар бұлақтың суы шынында бір тәтті еді. Тоғайдың жанында тұратын Алматай ана үлкен абысындары суға кетіп бара жатса алыстан сәлем салып, үйге шайға шақырып, үйдегі өсіп қалған қыздары мен ұлдарын үлкендерге су әкеліп беруге жұмсайтын. Жас кезінде өзі-ақ әкеп беріп жүрсе, ұл қыздары өскенде қолы ұзарып, абысындарымен сұхбат құратын. Дастарханы жиналмайтын, қонақты құт береке санайтын, қайран ананың мейірімі төгіліп, шаршауды білмес қайраттылығы, бір сөзділігі жұртты тәнті ететін. Сонымен қатар әзіл қалжыңды сүйетін, жұрттың көңілін де көтеретін. Аманкелді есімді кішкентай қайнысымен әзіл ойыны тіпті қызық еді. Ол кезде ауыл маңында толы мақта алқабы. Бүкіл ауылдың іске жарар баласынан қариясына дейін сол мақтаны жинап алғанша тыным таппайтын. Алматай ананың жүйегін барынша сақтықпен тығылып келіп, аралап, шала пұла теріп, қоза паядан бойы сәл-ақ көрінетін Аманкелді баланың құдайы беріп, жеңгесін мазақтап, сықылықтап күліп қаша жөнелетін еді.

  • «Әй, сені ме тастүйнек»-деп қууға жұрт көзінше ұялған Алматай жеңгесі оны тоғайға суға келер сәтін күні бойы күтетін. Барлық сайдан бұқпантайлап жасырынып өтіп, екі кішкентай су толы шелектерімен Мүтіш ағайының үйінің тұсына жете бергенде алыстан бақылап, қуып жеткен жеңгесінің қос уыс топырағына шелектердегі сулары лайланып, бақырып жылап қала беретін. Амал жоқ қайта суға бара жатқан қайнысының алақтап қашқанын қызық көріп, тағы да жүгіріп жетіп, «Трусиіңді тартып шешем»- деп қорқытып, жылатып кететін. Ал ертесіне бәрібір де бәрін тез ұмытып кеткен Аманкелді балалығына басып, сүйікті жеңгесінің жүйегін аралап, қан қақсататын.

* * *

Таңертең ерте Есмаханбет әкемен Серітай жып-жылы қазақы тамда дойбы ойнап отыр еді сыртта айқайлаған балалардың нәзік дауыстары есітілді. Жүгіре сыртқа шыққан балақай достары Бауыржан, Құралбек, Қаласты көріп мәз болып, ішке қол бұлғай шақырған. Есмаханбет әке ұлының құрдастарының келгеніне қуана жеке-жеке қолдарын күректей алақанымен қысып, әке шешелерінің жағдайларын ерінбей сұрап біліп, жақын тарта өз балаларындай көріп, мейірлене күліп, бір марқайып қалған.

Сол бір кезеңде шәрбат, қалуа деген көп болатын және осы шаңырақта үзілмейтін. Қайран әке жүрегі елжіреп: «Ұлдарым мен қыздарым ешнәрседен тарықпай жеп жүрсін»-деп жұмыстан қорабымен әкеліп қоятын. Серітай үшін де арнайы іздеп келген достарына ол сыбағадан дәм татқызу үлкен мәртебе болатын. Келе сала дойбы ойынына кіріскен олар Есмаханбет әкені оп-оңай жеңгендеріне мәз. Балаға балаша қарап, сенім ұялатып, жігер беріп, мақтап, мадақтап, кішкентайларды қуантқанына өзі шаттанып, ендігі ойынды Есмаханбет әке балаларға қалдырған.Дойбы ойынынан жалыққан олар Шапай ойынына көшетін. Абзал әке ұлының құрдастарымен ойнағанына сырттай бақылап, Алладан амандықтарын тілеп, өзінің қолөнерін жалғастырып,осы күніне шүкіршілік жасап, тоба еткен.

* * *

Қайран асқар тау әке жүрегін жарып шыққан перзенттеріне қамқорлығымен бар өмірін арнап, қуанышын жалғап, көңілі көкте самғап, бір күндері сыр-жұмбақ болып,сағыныш-сағымға айналып кете барар. Өмірге тоймай, жарық дүниенің үміт сәулесімен өмір кешіп, перзенттеріне әкелік тұғырдан көрінсе, өзі де өмірден өтіп кеткен әкесінің, анасының бір ауыз жылы сөзін аңсап, сәбидей бала көңілімен, перзенттік махаббатымен ғұмыр кешер... Сапырылысқан өмір, қарбалас жалған, тынымсыз тіршілік көп жақсылықтардан құр қалдырып, жандағы арманнан алыстатар. Ата-анасы барда барлық перзент аңқау, барға мас, ақыл-кеңес алуға құлықсыз, жүре тыңдауда көп нәрседен ұтылар. Ал ақыл ес толғанда, жұбаныш, қуаныш болған ата-аналары сағыныш пен сағымға айналып, бәрі де кеш болары өкінішті... Осы қателік мың қайталанса да адамзаттың ғұмырымен қайта қайталанып, ғажап өмір азапты өкінішімен солай жалғаса бермек...

* * *

Бір қорап жаңа сіріңкесін ала шыққан Серітай құрдастарымен тоғайға тартып отыратын.Жақын жерден қатар ағатын «Елжар», «Бөріжар» өзендері бұрала ағып, қамыстары шайқалып, әсем қара талдары алыстан көз тарта байқалып, шүйгін шөп қалың шеңгелімен адамды ерекше қызықтырып, өзен жағалай қарақаты мен бүлдіргені баурап әкететін. Күні бойы тоғай кезіп, бүлдірген жеп, Саудабай атаның егіп кеткен алмасына қарық боп, іші пысса қамыс өртеп, оны өшіре алмай ит әлекке түсіп, көздері бақырайып қаша жөнеліп, қара, көк трусидағылар тоқтап қалған сары судағы құрбақаларды кесекпен атып,қырғидай тиіп, шулатып, қарындары ашып, суға түсе-түсе боп боз боп кешке күн бата үйге әрең дегенде жететін.

Әй балалық-ай...

Бірде қаладан үлкен ағасы әкелген жаңа қармақпен үй жанындағы сары суға балық аулауға барған. Өзеннен аң кетіп, қалып қойған тізеден аспас тоқтау суда қандай балық болсын. Қасындағы достары азайып жалғыз Құралбек қана қасында қалып, шынашақтай алабұғаларды ұстап, құныға кіріскен. Уақыттың зымырауын-ай. Демде күн батып, қас қарая бастаған. Қырсық шалғанда қармағы бір түбіртекке ілініп, ары бері тартқанмен де шығара алмаған. Қармақтың сабын Құралбекке ұстатып, өзі кеше бергенде:

-Барма, батып өлесің, ол жер өте терең,асты ұйық, батпақ, әні батып бара жатсың!

Серітай тізеге жетпес судан шошып, шырылдап тұрған кластасының сөзіне кәміл сеніп, асты батпақ судан атып шыққан.

-Қой мен қайтам, кешіксем атам өлтіреді.

Осыны айтқан Құралбек қулық жасап, лезде тайып тұрған.

Балықтан өлдім бе? Балығы құрысын-деп күбірлеп, көз қарая бастаған соң амал жоқ тарта-тарта үзіп алған қызыл-көк араласқан қалытқысы мен қармағын қимай-қимай қалдырып, Серітай да ұзын таяғын алып, басы салбырап қайтқан . Жардың жанында тығылып тұрған қу Құралбек тізеге жетпес суға жылдам түсіп, ай жарығымен қарайып тұрған қалтқыны тез тауып алып, жап-жаңа қармаққа ие болып, сықылықтай күліп қап-қараңғы түнде көзі жылтылдап, үйіне қарай зытқан. Бала болса да бәлені ойлап жүргенін айтсаңызшы. Ай, қу дүние-ай....

* * *

Жап-жаңа қармағынан айырылған Серітай қолдан қармақ жасап, әдемі қызыл-көк қалтқының орнына бөтелкенің тығынын іліп,

жалтыр жіптің орнына етік тігетін жіпті алып, әдемі домалақ қорғасынның орнына болт байлап, таңертең ерте жеткен Дәулет досымен тоғайға тартып отырды. Жалтыр бастарына газеттен бас киім жасап алып, күндіз-түні шешпейтін трусиларымен жалаң аяқ зуылдап келеді.Қолдарында шұбалшын салынған балықтың қаңылтыр қорабы күн сәулесімен шағылысып жылт-жылт етеді. Сол кездегі балалар ерте күзден қара күзге дейін жалаңаяқ жүріп, аяқтары күс-күс болып, тікен де кірмей қалушы еді. Туған жердің құдіретінен болуы керек, біреуі де ауру дегенді білмейтін.

Дәулет пен Серітай бүгін дос, таңертеңнен бір-бірін сыйлап, қолдарын бір-бірінің иықтарына қойып ерекше пейілмен бір-бірін тыңдап, керім көңілмен сырласып келеді.Айтатындары балық. Өткенде аң кетіп пәленше мынандай сазан ұстады дегенде Дәулеттің кішкентай қолдары айқара ашылған. Серітай да қалыспай :

-Біздің ұстамыз Иван көкеміз аумен мынадай щука ұстады дегенде құшағы жетпеген. Сөзден сөз туып олар өздерінің балық аулар мүйісіне де жеткенін білмей қалған.Салқын шөп жанға жайлы тиіп, арасымен жалаңаяқ жүргенде оларға бір жағымды сезіліп, башпайларын қытықтаған ажырық шөп, жабайы жоңыршқа жапырылып, жүріп өткендері байқалған. Бір кезде сұп-суық бір пәле аяқтарынан жанай өтіп, денелері шымырлап, екеуі де аспанға шорши секіріп, сұр жыланнан шыңғыра қашқан.Өте сақ болуын бір-біріне ескертіп, абайлай жүріп, балық аулайтын жерге де жетті-ау әйтеуір.

Шіркін балық аулау бір қызық қой.Жан жүйеңді демалдырып, бір ерекше сезімге бөлейді. Бөріжар өзенінің керемет табиғаты жаныңды жадыратып, сылдырап аққан өзен бар уайымыңды ағызып әкетіп жатқандай. Суға қисая құлап тұрған қара андыз бірде суға батып, бірде шығып, еріксіз елеңдетеді.Су түбі тып-тынық. Бір кезде өзен ортасында көрінген сусар екі балақайды байқап қалды да , жүзу бағытын тез өзгертіп, суға күмп беріп, жоғалып кетті.

Сол бір кезеңде тоғайда талдар көп болатын. Жан-жақтан қоршаған жарлар бала көңілге тау боп көрініп, бүлдіршіндердің мерейін өсіретін.Адам бір-бірін дос, бауыр көретін кезең еді ол. Оның айғағы күні бойы тоғай кезген бүлдіршіндерге ешқандай қауіп болмайтын. Адам да , табиғат та таза еді. Судың тұнығы сонша балықтардың топ-топ болып жүзіп жүргені көрініп тұратын. Мыңдаған бұлақтардан құралған өзен ағысы қатты, сұлу қыздай бұралып, иіле ағатын көрінісі көзге бір керемет жылы көрінер еді.

Екі жақтан ұстап келген балықтарын бір сабаққа өткізіп, екеуі бір жерден аулауға көшетін. Міне шатақ осы жерде басталатын. Кішкентайынан елгезек, жылдам Дәулеттің қармағын балық қапқыш та, Серітайдың қалтқысы сол күйі қозғалмайды да. Балалық-ай... Ерегіс бірден басталып, әділетсіздікке шыдамай ұрысты бірінші бастайтын Серітай досының қалытқысының үстіне қасақана қармағын салып, шатастырып, балықтарды үркітіп, екеуі де түсейін деп тұрған балықтардан құр қалатын еді. Қайтар кезде балық бөлісуде тез соғыс өрті тұтанып, ерегіс қайта басталып, күні бойы қиналып жүріп тапқан еңбектерінің жемістерін «Саған да жоқ, маған да жоқ»-деп сары суға барлық балықты ышқына лақтырып Дәулет жылап, Серітай тулап,енді көріспейтін боп, екі жаққа кететін. Балалық-ай...Артынша бір-бірін іздеп,жолын күтіп, сағынатынын қайтерсіз...

Кейін ақылдары кіріп, не ұстаса да шынашақтай алабұғаға дейін қалдырмай үйге әкелетін болған. Алматай ана ерінбей еңбектерін бағалап, балықтарды тазалап, бабына келтіріп пісте майға қуырып, алдарына бергенде, екі дос ұрыспай, таласпай алабұғалардың сүйектеріне дейін қалдырмай қытырлатып жеп қоятын. Сосын екеуі «Ендігәрі ұрыспаймыз»-деп қол алысатын. Төбелеспей жүре алмайтын, көрмесе бір-бірінсіз тұра алмайтын қайран достар ауыздары май-май боп, көңілдері жай боп, ертеңгі балық аулауды жоспарлауға көшетін. Перзентінің пышылдап жерді тынбай сызып, түсіндіріп жатқанын әуес көріп, көзін алмаған қайран ана жүрегімен еміреніп, осы бір күніне тоба етіп, тебіреніп, дидарымен шуақ шаша жымиып, мән бере қарап қалған еді. Бақыт ұясындағы жан-жақты әбігерге түскен балалық ойдағы балапандар мұны сезбеді де, білмеді де...

* * *

Алыптық анадан десек барлық жақсылықтардың бастауы,тынымсыз тіршіліктің кәусар бұлағы, арманның ажары, бақыттың базары, өмірдің ғажабы-анамыздан бастау алмақ... Жанымен беріліп, жүрегімен жылап, өмірін арнап, арымен жанбақ, болмысымен өмірлік салмақты көтеретін, әрбір сәті үміт пен уайымнан тұрар қайран қағілез ананың алдында әр пенде мәңгілік қарыздар. Ана алдындағы парызын былай қойғанда, асыл ананың бір түн ұйқысынан қалғанының өзін саналы тіршілік иелері бүкіл ғұмырымен өтей алмас та... Жалғанмен жамалып, тұрлаусыз тірлікпен қамалып жүріп,ананы жырақта жанын елжіретіп, жанарын мөлдіретіп, жабыққан сәтінде жебеу, шаршаған сәтінде демеу, қамыққан сәтінде қамал бола алмай, күйкі тірліктің көзсіз көлеңкесінде қалып, кейін налып, сағынып, уақытқа, тағдырға бағынып, тәңірге шағынып, зарығып, аңсайтынымыз тағы бар...

Құрметтер кезде таба алмай, ертеңге деген үмітпен, арманмен өзімізді және алдай, уақыт дүлей ағынға қарсы аға алмай, шыныдағы сусыған құмдай өмір бір-біріне ауыса берер...
Дүниеде адамға ең қымбат өмір мен денсаулық болса, оны сыйлаған әке мен ананың қатар құрметтелуі, бүкіл адамзаттың санасында салиқалылығымен сақталып,перизаттығымен, парасаттылығымен пайымдалуы, жүректерінің ең төрінде сәбилік сезімімен,аяулы арымен ардақталуы - өшпес заңдылық , бұлжымас қағида, айнымас ақиқат, әлемді әрлендірер әділеттілік болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгілік қала бермек!!!

* * *

Қойшы ауылға сағына жеткен Серітайдың кластастары Болат, Бәкір, Әкім, Серік,Қараборан, Еріш. Жұман қызғалтаққа қарық болардай, қозықұйрыққа тоярдай асыға жеткен. Бәкірдің әкесі Мәлік көке көп жылғы еңбекқор, адал ісімен асуды алған сол кездегі алдыңғы қатарлы шопан болатын. Алыстан ашыға, шөлдей жеткен олар үйге кіре айран сүтті сыңғытқан, тапа нанды сындыра жеп, тұтастай қылғытқан. Қарындары тойып, біраз төңіректі шолған олар қызғалтақ та таба алмады, қозықұйрықтың қарасын да көрмеген. Іштері әбден пысып, бір-бірін келеке етіп мазақтап, әзілдеуден де жалығып, енді не істерін білмеген. Сол кезде Бәкір атып шығып үйіне қарай зуылдаған. Әкесінің ескі мылтығы есіне түсіп, достарына өзінің қандай мерген екенін көрсеткісі келіп, кілемнің үстінде ілулі тұрған жерінен секіре жетіп, сыртқа ала жөнелген. Әкесінің тығып жүретін оқ қоятын жерін де тауып, бір оқты әзер тапқан. Сырттан бөтелкелер іздестіріп, зорға дегенде тауып қырлы жерге қатар қойып, артқа қарай әскерше қадымдап санап, «Атудың көкесін көрсетем сендерге» деп тер аққан мұрны пышылдап, басындағы сағат сияқты көрінетін белгісімен күнге шағылысып, бірден жерге жата қалып нысананы көздеген. Мылтықты күнде көріп жүрмеген жүгермектер бірден тына қалып, бірі екі қолымен құлағын жауып бітесе, енді біреуі ұзын жамылғысының ішіне кіріп құлақтарын қымтаған. Мылқау үнсіздіктен далада бозторғайдың сайрауы мен мұрындарының пышылы ғана естілер. Іштері пысқан олар: «Атсай ,атсай» деп әлек. Бір көзін қысып алған Бәкір әбден көздей-көздей көзі талып, шүріппені басып қалды. Сұмдық құлақ тұндырар дауыс шығар деп ойлаған ол аң-таң болып, қайта мылтықтың шаппасын қайырып тағы басқан. Мылтық атылмақ түгілі, мыңқ етпеген. Ақақалап күлген достар жүгіре жетіп,мазақтап, енді шалдың баласы Серік мылтықты өз қолына алып, бөтелкелерді ол да атып көрген. Мылтықтың атылмайтынына әбден көзі жеткен ол өткенде ғана революция туралы кино көргені есіне түсіп, « Жолдас Шатырбаев Бәкір, мылтықты атылады деп өтірік айтқаның үшін міндетті түрде атыласың» деп оны дәл көздеп атқанда мылтық тағы шық ете қалды. Кластастар қарқылдай күліп, қирай құлап, күле-күле ішектері түйіле жаздаған. « Солдат Шалабаев Әкім кеңірдегіңіз шли қатты өсіп, жуандап кеткен екен, сол үшін ату жазасына кесілдіңіз»-деп маңғаздана сөйлеп, оған да бағыттап , шүріппені баса салған. Тағы қыран топан күлкіге қарық болған олар жер бауырлай ақақалаған. «Қатардағы жауынгер Мырзақұлов Болатбек, сіз шли көп тақылдағаныңыз үшін әрине атыласыз» -деп мылтықты бір қолмен бағыттап атқанда тағы мылтық үнсіз қалған. Көздерінен жас шыға күлген олар жерде жатып, түкке әлдері келмей сықылықтай күліп,бір-бірін сұқ саусағымен нұсқап, мәз мейрам. Алға шыққан Серік мылтықты далаға қарай бағыттап: «Отан үшін алға» -деп шүріппені басып қалғанда мылтық гүрс етіп, құлақтары тұнып,шошып кетіп, бірден өн бойына қорқыныш ұялап, мылтықты тастай салған. Барлығы күлкісін тия алмай қала жаздап, беті аузы түтіннен қап-қара болған Серік достарына жыламсырай қараған. Ай балалық-ай...

* * *

Бірінші мамырдың келуі бүкіл ауылдағы балаға қуаныш еді. Тоғай бойы қуалай аққан Бөріжар өзені басынан аяғына дейін адамдарға толатын да, оны қызықтап қарағыш балалар да тыным таппай безек қағып күні бойы тоғай аралап, бір алтын тауып алатындай сол жаққа қарай ағылатын. Әсіресе қаладан көліктерімен келген жандар бірі балық аулап, бірі суға түсе салып қышбақа аулауға кірісетін. Енді бірі ошақ жасап, түтін түтетіп, бар өнерін ас әзірлеуге салатын. Тоғайға қармағымен келіп, күні бойы телміріп, өзеннен көз алмай ұстаған ұсақ балығына қуанған жанға ауыл адамдары аяушылықпен қарап, оншақты қойын бағып жүргеніне мәз боп: «Орекеңдер қайтсін енді, қаладағы қара түтіннен қашып шығып, ұсақ балыққа алданады да»-деп күлетін. Ал шындығында жұмысынан шаршағанда, қаланың шуынан бір сәт арылып үлкен үйі мен демалыс саяжайын тастап, банкідегі ақшасы бір бөлек көбейіп, өсіп жатқан асығы түгел жандардың отбасымен жап-жаңа машиналарымен келіп, жан рахатын жасап жүргендерін қайдан білсін қазекең.

Тоғай іші ду-ду әңгіме, шаттана шыққан дауыстар мен сыңғырлаған күлкіге толып, адамзаттың табиғатпен бірге реңі кіре түсуші еді. Серітай да достарынан қалмай жалаң аяқ жалаң бас үйінен жүгіре шығып, тоғайдың ең бір қалың тұсына жеткен. Қаладан жеткен үлкен автобус ыңырана қозғалып, өзен жанындағы алаңқайға тоқтап, ішінен суырыла шыққан жастар өзенге қарай жүгіре лап қойған. Өзенге нәр берген мөлдір бұлаққа таңырқай қарап, бірі жата қалып сімірсе, бірі қолындағы ыдыстарын сумен толтыра салып, қанғанша көтере ішкен. Басқа тілдегі сөздерге таңдана қараған қара домалақтар басқа елдің адамдарын көргендей оыс қыздардың жанынан айналсоқтап кете алмай қалған. Бұл қаладан саяхатқа келген студент жастар еді. Біреулері дастархан жайып, ас мәзіріне кіріссе, енді біреулері айнала тұра қалып, волейбол добымен ойынға кіріскен. Домалақ шеңбер ұзара түсіп, ойынға қыздар да кірісті. Қатты соғылған доп алысқа кетсе жүгіріп барып алып келгеніне мәз олар ойынға беріле қызықтаған. Серітайға шынында бір жылы тартып, жымия қараған ұзын бойлы сұңғақ сұлу қыз ерекше жақын көрінген. Балалық бал көңілі алабұртып, күні бойы көз алмай қарап, допты тек сол қызға ғана жеткізіп беріп, жанынан ұзап шыға алмаған. Көкорай шалғында жата қалып, тамсана талықсып, тамақ ішуді де ұмытқан. Табиғаттың тартымы мен бұрала аққан ерке өзеннің ағысы үндесіп, топ ағаш самал желмен тербеле көңілге күй қосып, қызу ойын шабытқа шабыт қосып, тым желпіндіріп жіберген. Тоғайдың ажырық өскен алаңы табанды қытықтап, сұлулықтың сиқыры сүріндіріп, айнала қоршаған жарлар мерейіңді өсіріп, жердегі жұмақта жүргендей әсер қалдырар. Гүлдеген жиденің аңқыған жұпары даладан самалмен жеткен жусанның иісімен араласып бас айналдырар еді.

Көңілді күлкімен, шабытты шайқаған күн де батып, ойынның қызығына тоймаған жастар қайтуға жиналған. Серітай да достарымен амалсыз шетке бөлініп, әсіресе ұзын шашты сұлу қыздың кеткенін қаламаған. Студент қыз мейірлене жымия түсіп, аялы алақанымен Серітайдың басын сипай,күн бойы бірге болған бүлдіршінмен жылы қоштасқан. Тез жиналған жастар автобусқа тез-тез мініп, кешіккендері жүгіре жетіп, ентелей еніп, жүріп бара жатқанында ашық тұрған есіктерден тез-тез мініп үлгерген. Кішкене бала аяулы жанға тартылып қалғандай, титімдей жүрегі дүрсілдеп, қимай, қия алмай, бір кезде шыдай алмай автобустың артынан шаң қалдырған жолмен қол бұлғай, беймәлім қимастықпен, жанарында жас тола жүгіріп бара жатты.

* * *

Бала көңілі бұлақтай мөлдір, таза, жаны жараланғыш, аңқау, алданғыш та. Сезімге берілгіш жан сәби қиялымен қауышып, өзіне қанат бітіріп, арманының асылымен асқар тау биіктерге шығар. Өмірден қай орынды алып, қай жолды таңдары бала кезінен-ақ әрекеттенуінен, содан-ақ белгілі. Сондықтан да өз қабілетін кей бала аша алмай кейде сотқарлығымен, кейде өзімен - өзі қалып тұйықтығымен көрсетер.Өмірдегі өз орнын іздеп табу әрекеті оның былдырлаған сұрақтарынан, тынымсыз қимылдарынан көрінер. Сондықтан бәрінен шектеп тастауға да болмайды. Айтқанының бәрін орындап, ерке , көкірек етуге де болмас.

Жарық дүниені көріп, сезгеннен бастап сәби барлық әсерді қабылдап, нәтижесінде өзінің болмысын қалыптастырар.Бала жаны бәрін жылы қабылдағыш, әсерленгіш, жараланғыш та. Балаға байыппен қарап, сенім арта сөйлеп, мақтап, жақсы істерін мадақтап, ақылдаса, кеңесе сөйлескен жөн. Әрбір сәтте оның өз ортасына керектігін сезіндіре түсу керек. Кішкене тапсырмалардан бастап, үлкен жауапкершілікті істерге қарай бағыттаса өзіне деген сенімі ұлғая түсер. Баланың әрбір уақытын күнделікті пайдалы істерге бөліп, денсаулығын нығайтуға, ой өрісін дамытуға, білімді етуге бағыттау қажет! Сонда ғана болашағымыз бақытты, бағытымыз айқын болмақ!

* * *

Шаңқай түс. Шыжыған шілде. Сол бір кезеңде барлық үй терезелерін қымтап , қараңғылап түсте демалуға көшетін. Тек ұйықтамайтын әрбір үйдің жалтырбастары.Бірақ оларды барлық үйдің үлкендері басынан күн өтеді деп қинап, үйде әзер ұстайтын. Серітай да осы сәтте достарын аңсап, көргісі келіп, көрші үй жаққа қарай алып ұшып келген. Ол кезде ортадағы дәу арықтан өтетін су жоғары жақтан ағып, ауылды аралай төменгі шөлдікке жететін. Ұрыспай таласпай сол бір арық суды бәрі кезек кезегімен жығып алып, бау бақшасын, егінін, жоңыршқасын суғарып, өзеннен бірге жүзіп келер тайдай тулаған сап-сары семіз сазандарға қарық болушы еді. Арық жағалай өскен құшақ жетпес қара талдар жайқалып, бау бақшадағы жеміс ағаштарына қонған бал аралар ызыңдап, маужырап тұрған ауылдың бау бақшасындағы қауын әңгелектердің иісі мұрынды жарып әкететіндей еді. Сондай ыстық күнде аяқтарын жолдағы топыраққа күйдіре, беларусъ тракторының ізін салып жеткен Серітай қаймыға қарап, судың жағасындағы дәрет алып отырған Әпей атаға дауысы қарлыға шыққан.

  • Ата, Серік бар ма?

Жан-жағына алақтай қараған қария ақ таяғына жармасып, бір нәрселерді аузы жыбырлай сөйлеп,кіжіне сілтеп қалғанда зуылдай қашқан балақай аспанда қалықтап келе жатқан ақ таяқтан әзер дегенде қашып құтылған. Сол жүгіргеннен жүгіріп Дәулеттің есік алдына тоқтаған. Ол жерде де үлкен таудай қара кісі тұрғанын көріп, артқа шегініңкіреп барып, бар дауысымен айқайлаған:

-Ата , Дәулетті шақырып жіберіңізші!!!

Өмірбек ата бүкіл денесімен бұрылғанда кішкентай балақайға тау қозғалғандай болып көрініп,түрі түтігіп кетіп, ашудан тісін шықырлатып, малақта қадаулы тұрған бесақаны суырып алып, сілтеп қалғанда, қоянша ырғып қашқан Серітайдың тұрған жеріне бесақа қадалып қалған. Жанұшыра безілдеп қашқан ол: «Енді келмеспін,бұл жерді желкемнің шұқыры көрсін» деп, ыстық топырақты жолмен аяғын күйдіре,аспанға секіре, шаңды бұрқырата жүгіріп, өзі тұратын Тойтөбесінен бір-ақ шығатын.Бірақ ертесіне бәрін ұмытып кететін бүлдіршін қайтадан шарбақтың ар жағынан түк болмағандай досын іздеп келіп,бар дауысымен айқайлап шақырып тұратын...

* * *

Жаңбыр төпелей жауып тұрған кез еді, қайдан келгені белгісіз Құлтай көке мотороллермен ызғыта айдап, топ баланы соңына ерте жүгіртіп, бүкіл халайықты таң-тамаша еткен. Ол кезде ауылды жерде мұндай дауысы сызыла шығатын мотор арқылы жүретін көлік тіптен жоқ. Алғашқы күннен бастап оған деген ынтызарлығы артқан бүкіл ауылдың баласы оны бір сипап өтіп, ол шіркінге қызықтап, бір мінуге күні бойы кезек күтіп тұратын.Кеңестік дәуірдің сол мықты темірі-ай.Күні бойы бір тыным таппайды-ау. Кезек Кененбайға келіп, мотороллермен құйғыта жөнелгенде кішкентайлар аузын ашып, үлкендер тыпырши кезегін шыдамсыздана күткен. Келісім шарт бойынша әр бала қыр жағалай бір айналу керек. Көз ұшында кетіп бара жатқан оның сайға қарай омақаса құлағанын, жалт етіп жоқ болғанын байқап көріп тұрған ауылдың бүкіл баласы ентіге жүгіре жеткен. Мұрнымен жерді сүзе, топырақтың шаңын шығара құлаған Кенекең қолында рулі қалып, көзін шаңнан әрең ашып не болғанын білмей дел-сал боп қалған. Үш жүздің басы қосылғанда Абылай хан әскерімен өткен деген аңыз айтылар сай өте терең. Балалар елең етіп сай түбіне жалт қарағанда әбден қорлық көрген алдыңғы майысқан дөңгелектің сайдан қырға көтеріле келіп, дөңгелеп бір орнында дөңгелей айналып, сұлап жатқанын көріп, көздері мөлиген. Күні бойы тынбайтын мотороллердің шыдас бермей сынып кеткеніне сенбейтіндей бәрі. Сөйтіп топ бала үйлеріне қимай-қимай әрең қайтып, ертесіне мотороллер қайта құрастырылып, енді велосипед болды. Серітай ол кезде өте кішкентай, нәзік болатын, отырып айдауға аяғы жетпейтін, ал велосипедтің ортасына кіріп айдаса қайта-қайта құлап, еңіреп, боздап, аяғын жаралап, үйге аңырап жететін. Сондықтан өзінен бес жас үлкен бауырмал, еңбекқор Болтай ағасынан бір елі қалмай, ата анасының қолдауына сеніп, велосипедтің алдына отырып алатын. Күні бойы мініп жүрсе де ыңылдап, «Каташка етші»-деп қайталаудан бір жалықпайтын. Е ойынға кете алмай,құрдастарымен суға да шомыла алмай, тағы да велосипедімен інісін тастай алмай талай қызықтан қалған болмысы берік, шыдамды, момын қайран ағасы іштей зығырданы қайнаса да көніп, ата анасының айтқанынан шықпай шыдап бағатын.Велосипедпен қыдыру жаз бойы жалғасатын.

Бір күні Абылай сайдың жанында велосипедтен күні бойы түспей жылай берген інісіне тағы да жалынғандай болып, түсуін сұранған. Ескі әдетінше ыңылдауын бастаса болды велосипед сырғып кете беретініне сенімді Серітай бұл жолы да ыңырсуын тереңнен бастап, көзін тарс жұмып, басын шайқап, келіспеген пішінмен баяғы әуеніне салған.Ыңылдақ әуенін ұзағынан қайырған сайын велосипедпен ұзақтау жүретін еді. Сол сәтте «Шыдамның да шегі бар»-дегендей «Бар өзің айдай бер, ақымағың кім?»- деп Болтай ағасы бар күшімен қырдан терең сайға ышқына итеріп жіберіп, артына да бұрылмай үйге кетіп қалған. Серітайжан көзін ашып қалғанда әсем әуені сап тиылып, сұмдық мұндай жылдамдықты көрмеген ол көзі шарасынан шығып, тоқтатудың амалын іздеген. Баламысың деген, көзді ашып жұмғанша тіке терең сайға зуылдап кетіп бара жатқан велосипедтің алдыңғы дөңгелегіне аяғын тығып қалса тоқтар деген үміт пен сенімі оны осы әрекетке апарған.Сол сәтте алдыңғы дөңгелек бірден тоқтап, артқы жағы бірден көтеріле төбесінде айналып,көзі шарасынан шыға тіке ұшқан ол бетімен жерге сырылып, ерні жырылып сайдың етегіне дейін аунап, допша дөңгелене жеткен. Қанша шыңғырса да ешкім естімей, жылаудан өкпесі күйіп, қарны ашса да жатып алған.Бір кезде қайран анасы үй жақтан терең сайға жүгіре жетіп, бар жылы сөзін айтып, «Кім тиді саған, оны әтәт қыламыз»-деп алдап, арқасына салып әкетіп бара жатты.

Қайран қу бауыр...Бауырлыққа ешнәрсе жетпейді сірә??? Ертесіне-ақ бәрін тез ұмытқан олар бірінің артынан бірі еріп, майысқан велосипедті екеуі жабылып жүріп, қайта жөндеп,демде түзеп алатын. Ағасы алдына жақсы көрер қимас бауырын тастай қып отырғызып алатын да, көше көшені шаңғыта аралап, артынан бір топ баланы шулата ілестіріп, тағы күн бойы тынбаушы еді...

* * *

Бауырлық-ай... Бір қаннан жаралып, бір құрсақтан нәр алып, бір ата-ананың аялауында күн кешкен, ерекше жақын тілде тілдескен балалар бір-бірін сүйреп, ер жетер, қыздар бой жетер. Ес біле әсіресе қыз баласы сүйікті ата анасының қамқоршысы , сүйеніші боп, өзінен кейінгі бауырларын қанатының астына алып, тұмсықтыға шоқытпай, табандыға таптатпай өсірер. Баяғы уақытта бауырмашылдық тіптен жоғары еді. Бірінің киімін бірі киіп, бір-бірін сүйреп, тәрбиелеп, бір қара нанды бөліп жеп, ұрыспай , таласпай, әсіресе ата-анасы жұмысқа кеткенде жауапкершілігі жоғарылап, бауырын қызғыш құстай қорғап, ерте есейер еді. Барға қанағат, жоққа сабырлық жасап, ата анасымен бірге барлық нәрсеге түсіністікпен қарайтын. Көп балалы үйде жаңа киім киюде де, қалаға қыдыруда да, бәрі –бәрі кезекпен, әділдікпен шешілетін.

« Арбаның алдыңғы дөңгелектері қалай дөңгеленсе, соңғы дөңгелектер де солай қарай дөңгеленер» дегендей аға әпкелеріне қарай кішілер де сол тәрбиеге мойын ұсынып, тәртіпке бағынар еді...

Кішкене ғана қазақы үйдің тазалығы, шаруашылық жұмыстары , бәрі-бәрі бөлініп беріліп, әр бала өз тірлігімен айналысатын. Үлкендер тоғайдан су тасып, малақ тазалап,оны бір жерге үйіп, жібітіп, оны ересек балалар шелекпен тасып, тезек шәпеттеп, шөп оруға қатысса, кішкентай балалар қой қораны сыпырып, күні бойы қозысын бағып, ал одан да ең кішкентайлар кешке сиырларының құйрығынан ұстап, мәз болып өрістен айдап келе жататын еді. Спорттық ойындардан да кенде қалмайтын. Асық, Ләңгі, доп қуып,, Жеті тас, Ормандағы қоян, Мак, Жасырынбақ ойындарын ойнап, атысып, шабысып, шайқасып, күресіп қызық күнді өткізетін. Жылдың әр мезгілінде әртүрлі жұмыстармен кейде әке шешесі қатал балалардың ойынға да қолы тимейтін еді. Салт –дәстүрі сарқылмаған, ынтымағы үндескен, еңбегі мен елдігі келіскен, бауырлығы басым, ар,ұят, намысын жоғары қоятын осы Қайнар ауыл еді ғой бұл...

* * *

Ауыл маңына еңбекқор кәрістер адал бейнетімен пияз, қауын, дарбыз егіп, бүкіл ауыл әрі еңбектеніп, айлық тауып, жемісін жер еді. Дарбыз пісе бастағаннан бүкіл ауыл баласында тыным жоқ, сол дарбызға күні бойы көз тігіп, түнде топ-топ болып ұрлыққа барар еді. Кеш бата салысымен бір-біріне хабар беріп, түнделетіп Мүтіш ағайдың үйінің жанындағы сайға жиналып, бастарына қаптарын жамылған кішкентай қарақшылар ересектерге еретін. Қарауылы қызыл шарапқа мас боп, түк білмей ұйықтап қалатынын білетін кішкентай жалтырбастар еркін жүйектерді аралап,дарбыздың жегенін жеп, жемегенін жарып кете барған. Үш дарбызға місе тұтқан Серітай қабын әзер көтеріп иыққа салғанда алыстан мылтық атылып, жан дауысы шыққан біреудің даусынан шошып, алақ жұлақ еткен қасындағы Серік Дәулеттермен қалың жүгерінің ішіне жүгіре кіріп, қаша жөнелген. Сол жүгіргеннен мол жүгіріп, ұзын терең сайдың түбіне жеткенде өкпелері өшіп, құлаған. Ертесіне сұрап білгенде сандарына тұз кірген Жұмақан жан ұшырып барып қырғы арықтың суына жете отырып, әзер аман қалғанын естіген. Милицияны шақыртқан еңбекқор кәрістер акт жасатып, ұсталғандардан айып пұлын төлеткен.Содан соң ауыл балалары тыйылып,өз үйлеріндегі өсіп тұрған қауын дарбыздарын місе тұтқан. Ай балалық-ай...

* * *
Таңертеңнен баяғы әдетінше Есмахан ұстаның үйі ауыл қарияларына толы. Өздері аңсап жетер осынау шаңырақтың пейілі мен құрақ ұшар құрметі де тым бөлек боп көрінер еді. Бәріне иіле сәлем беріп, шаршауды білмес келіндері алдарынан жарқырай шығып, төрден орын беріп, бар жағдайын жасайтын. Үйдегі барын ортаға салар ақкөңіл, кеңпейілді келіні мен ерекше бауырмашыл інісіне қариялар да ризашылық сезімдерімен ақ батасын жаудырушы еді Лезде ақ самауыр буы бұрқырап қайнап, дастархан жайнап, әңгіме де қызып, келген қонақтар ерекше бір ілтипатқа бөленіп, бөлекше реңге еніп шыға келетін. Төрден орын алған Шінәлі қария соғыстан жараланып бір көзінен айырылғанын айтып, шиша көзін алып , оны шүберкпен әбден сүртіп, оны қайта орнына салғанда үйдегі кішкентайлар көздері бақырайып, түкке түсінбей сыртқа қарай зыта жөнелер еді.Есмахан ұстаның ерекше қадірлейтін соғыста бірге болған ағасы Қалтай қария байыппен сөз бастап, салмақты қалпымен әңгіме тыңдап отыратын. Дауысы ыңылдап шығар Пернебай қария Есмахан ұстаға әрі қайын аға, әрі жезделігі бар болғандықтан араларында жарасымды бір әдемі әзілдері болатын. Дауысы қарлыға жәй шығатын Қаржау қарияға адамның таңқалатыны қанша қиындық көрсе де шашы қатты, қап-қара болатын.Бүкіл ауылға қолқабысы мол тиер елгезек Мубарак қария да әңгімеге араласып, бір керемет күлкісімен арасында ерекшеленетін. Айрандай ынтымаққа ұйыған ауылдың бас көтерерлері біраздан соң шаш алдыруға келгендерін айтқан. Қазақы тамның алды күн шуаққа толы. Әбден әдетіне айналған Серітай құмғанды қолына алып,сүлгісін иығына іліп, қариялардың басына су құйып, Есмахан ұста оны қуатты қолдарымен жібітіп, өз жолымен, жасына қарай кезегімен шаш алу басталатын. Қызу әңгіме басталып, бәрі оны бір ауыздан мақұлдап, сөз бөлуді жөн көрмейтін олар бір-бірін елжірей тыңдайтын. Қонақтар келе салысымен көтерілген қазан даладағы ошақта отымен лаулап,бабымен тамақ әзірленіп, ас ішкізбей жібермейтін қонақжай, мұнтаздай таза келіндерінің шапшаң қимылын байқап, қариялар да асықпай әңгімелерін қыздыратын.Бір-бірін ұлыдай ұлықтар керемет кезең еді ол. Шымқаладан алып келген жаңа ұстарасын шығарған елгезек, бауырмал Есмаханбет ұста да өте ұқыптылықпен бар өнерін салып, аянбаушы еді. Неге екені белгісіз, жасы кіші болды ма?, Мүбарак ата соңында қалатын да , одан бұрын шашын алдырған Пернебай қария біраз әбіржитін. Өйткені әзілдері осы кезде қыза кетіп, қарияның төбесіне күйеубаласы кекал қалдырып қоятын. Бәрі күлкіге қарық болып, өзі де олармен күліп мәз боп отырғанда, айнадан өзін көрген Пернебай қария енді жылауға шақ қалып, жалынуға көшетін.Дауысы да бір ерекше сызылып, созыла шығатын. Біраз күлкіге батқан соң, жалындырып барып тілегі орындалатын. Суды дайындап тұрған Серітай бәрінің бастарына су құйып, сүлгі ұсынып, батаға қарық болатын. Лезде бір қазан кеспе көже де дайын боп, Алматай ана бәріне шын жүрегімен құрақ ұшып өз қолымен құйып беретін. Терлеп тепшіп,кесені сіміре көтере ішкен қариялар ақ баталарын жаудырып, мәз мейрам боп үйлеріне қайтатын. Үйлеріне барған соң: «Алматай келіндей кеспе көже жасай алмайсыңдар ғой, тойып келдік, ішпеймін тамағыңды» деп мақтанып, кемпірлеріне жыр қып айтар еді...

* * *
Сабақтан қайтқан Болатбек, Серік, Серітай жолдағы жоңыршқалықтан ұлу теріп, бір-біріне түйістіріп, жарысушы еді. Серік пен Серітай момын да Болатбек тақылдап қалған, еті тірі. Әсіресе шағыстыруға алдына жан салмайды. Ал төбелестіруге келгенде асқан шебер.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей Болатбектің тілін алып, ерінбей молынан жинаған ұлулары бастарына пәле екенін Серік пен Серітай қайдан білсін? Екі сорайғанның ортасында тұрған бойы пәс, тығыншықтай келген пысық Болатбек : «Әне сенікін тырнағымен сындырды» деп бәле жауып, «Қорқасың ба түртші»деп екі момынды ызаландыратын. Жәй түртіп қалғанда, «Оли, ойып жіберді ғой,сен де ұрсай»-деп шәңк ете қалған дауысқа еріп,екіншісі жұдырық жұмсап, шарт-шұрт төбелес басталатын. Топыраққа аунап, бір-бірін соғып, әбден шаршап, сілелері қатқанда барып естерін жинап, бір-бірін тұрғызып, жан –жағына қарағанда Болатбек қу жоқ болып шығатын. Ал Болатбек болса сықылықтап күліп, мазақ етіп, қантты бір тістеп қойып, терлеп тепшіп үйінде апасымен шәйін ішіп отыратын.

Бәрін кеш түсінген екі момын, « Енді төбелеспейміз»- деп уәде етіп,қол алысып, бір – бірінің үсті бастарын қағып, шашылып қалған сумкаларын алып, шаршап , сүйретіліп үйге қайтушы еді. Бірақ ертесіне-ақ екі сорайған аңқаулардың ортасында Болатбек «Қәне түртші, қорқасың ия? » деп бойы жетпесе де шағыстыруға ойы жетіп, тақылдап тұратын еді. Бір-бірін жамандыққа қимайтын Серік пен Серітай амалсыздан қолдарын жұдырықтап, намыстары жібермей тағы да лаж жоқ төбелеске көшетін..Балалық-ай десеңізші....

* * *

Енді бәрі де сағыныш... «Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ екен» деген сөздің астарын енді түсіндік.

Бәрі рас... Ата-ана барда барлық ұлдары мен қыздары бауырлықтары басым түсіп, бір-бірінің айналасынан шықпай, тапқанын ортаға сап, оны таласып , тармасып бөліп жеп, өмір бір қызық мереке мен берекеге ұласар... Көп қиындық ата-ана барда білінбес те. Қайран әке мен шеше отбасын айрандай ұйытып, бір-бірін іздетіп, алысын жақындатып, жақынын жандандырып, татулығы мен ынтымағын баянды етер. Тіршіліктің түпкі тамырын қозғап, ертеңіңді қамдатып, адамдыққа бастау берер асылдың көздері санаңда сағымға, көңіліңде мәңгілік қалар көрікті күйге айналарын кім білген? Қайсарлық пен жалын жігер, алабұртқан жастық шақ оны ойлантпас та... Өмір заңдылығы солай... Әр пенденің өзегін өртер өкініші мен ешнәрсені аңдатпас балбыратқан бақыты қатар жүрер... Қолдағы барға қанағат етіп, бастағы бақты қадірлей білгенге не жетсін шіркін?! Ия, тәрбиесі мен тағылымы мол өмір ғой бұл тоқтамайтын....




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет