Бертай Есмаханұлы Төкеев.
Тойың тойға ұлассын...
Шымкент-2006жыл
Ау, әлеумет, жарандар!
Бәрің мұнда қараңдар!
Екі жүрек жұптасып,
Болашаққа нық басып,
Босағаны аттады,
Бірге бақыт тапқалы!
Бәріңіз мұнда келіңіз!
Тамаша тойды көріңіз!
Столға отырғызу.
Жас жұбайларды шақыру
Ассалаумағалайкүм жиналған көп!
Бұл тойға сіздерменен келіппін дөп.
Болып тұр жұрт көрмеген бір ұлы той,
Таң қалып қарағандай жер менен көк!
Сағынып жеткен құстай алтын көлін,
Жыр болып алдыңызда төгілемін!
Сақтаған әдет ғұрпын, ата салтын,
Халқыма сәлем бере иілемін!!!
Алатаудың басында мәңгі бақи қар болар,
Жақсы адамның бойында қайрат, намыс, ар болар.
Көңілді көкке көтерер қуаныш , бақыт, ажары,
Қандай ғана тамаша, балалы үйдің базары!!!
Қане достар шырқалсын екі жастың «Жар-жары»!
Тойды ашу: Қарияға сөз беру
Ауыл бар ма ақсақалсыз, ағасыз,
Оның әрбір сөзіне айтқан нанасыз.
Сөз берейік қарияға төрдегі,
Тағылымнан зор ғибрат табасыз...
Төгілген тері,
Еңбектің ері!
Қырандай қайсар,
Қайтпайтын кері,
Батырдың өзі,
Оңтүстік төрі!
Аңыз ғой көкем,
Әлі де сері!!!
Бастайық тойды көтеріп көңіл аспанын,
Бұл да бір өмір өтіп кететін қас қағым.
Күмбірлеп күйлер, шарықтап әндер, би болсын,
Бір кісідей боп өткізейік тойды жастарым.
Уа халайық Сіздер үшін бәрі де!
Дастарханы , осы тойдың сәні де!
Ынтымаққа бастайтын да осы той!
Сыйластық қой тіршіліктің мәні де!
Нағашыларға сөз беру:
Өмірде ер жігіттің бағы ашылар,
Ойлайтын оны әркез тағасы бар.
Жиенге қамқор болған, қорған болған,
Сөз кезегі Сіздерде нағашылар!
Билету:
Билеңіздер жалындап нағашылар!
Бұл өмірде алтындай бағасы бар!
Бидегі бар сыйлықты жеңіп алса,
Нағашыға кім екен таласы бар?!
Құдаларға сөз беру:
Деген сөз бар ғой құдалық болар мың жылдық!
Деген де бар ғой күйеу болар жүз жылдық!
Құдаларға құрметтеп бір сөз берсек,
Той сәнденіп, өмір күліп, әсем өтер түн жылжып...
Құдалар біздің асылдар,
Құдаға құрмет шашу бар.
Құдалармыз мәңгілік!
Өтсе де сан мың ғасырлар...
Құдалар біздің алтындай,
Жүреді ылғи жарқылдай.
Қонақ болып келгенде,
Жайып сал бәрін тартынбай...
Биге шақыру: Құдаларға:
Билеңіздер құдай қосқан құдалар!
Қазақ едік бірін-бірі ұға алар.
«Қызы бардың назы бар» да деген бар,
Не айтсаңыз құдалармыз құп алар.
Құдашаларға:
Билеңіздер құдашалар аспанға ұшып қалықтап,
Өзіңізге жұп таңдаңыз өнерлісін анықтап.
Жалындаған жігіттер бар тек ортада билейтін,
Ау жігіттер ұят болмасын құдашадан қалып қап.
Ата –анасына сөз беру:
Әкелерге:
Ұштасаң талабыңды қаламұштай,
Түседі жүрген сайын жол алыстай.
Өмірде әкелердің орны бөлек,
Ұл-қызын баулитұғын бала құстай.
Еркелеп мойнына артса ақ білегін,
Перзенті елжіретер ет жүрегін.
Қосылған екі жасқа айтады енді,
Әкелер тебіреніп ақ тілегін.
Аналарға:
Күнде той бола бермес дәл осындай,
Тыншылмас көңіл бақыт жолы ашылмай.
Өмірде саған жақын адам болмас,
Төрт бөлген түн ұйқысын анашыңдай.
Дәм жазса талай тойға кез келеміз,
Күн сайын өркендейміз , өзгереміз.
Ұл-қыздың бақыты үшін ғұмыр кешкен,
---------------------- анамызға сөз береміз!
«Ана» деген бет пердесі жарықтың!
«Ана» деген бет бейнесі халықтың!
Ертеңіне жол ашатын осылар,
Ұлылықтың, даналықтың, алыптың!
* * *
Той түні қандай, әдемі бақтай саялы!
Жас жұбайларға жұлдыздар құшақ жаяды!
Қолымыздан келсе жас отауға тірек боп,
Жүрейік достар алақанға салып аялы!!!
Ағайын, туыс, құдалар келді жан жақтан,
Бұлбұлым сайрап естілді ғажап ән бақтан.
Бауырмал халқым басымыз міне қосылды,
Бізбенен жүрсін «Ынтымақ», «Бірлік»- ардақты ән!
Жиендерге:
Жиендерге жақсы сөз келді,
Заман мынау өзгерді.
Кеше тұлпар мінсеңіз,
Джип мінетін кез келді!!!
Билеңіздер тәтті жиендер!
Сыйлықтың бәрін иемдер.
Биде де қамқор болайық!
Құлап қалмасын , сүйеңдер!!!
Бөлелерге:
Өмірде жақын бөлелер,
Шапағат нұрын себелер!
Бөлелер тойдың сәні ғой,
Кезек те келді сөз берер...
Билеңіздер жаны жайсаң бөлелер!
Кім бар биде бөлелерге теңелер?!
Нағыз сұлу сүмбіл шашты аруды,
Нағыз бөле дөңгелетіп жөнелер!
Әпкелерге:
Не тапса да өзі жемей інісіне ап келген,
Шынын айтсақ жезделерге әпкелермен бақ келген!
Жыл құсындай бізден алыс кетсе де,
Туысты ойлап, сағынышпен оралады көктеммен,
Айналайын бауырмашыл, айналайын әпкемнен!!!
Әпкелер, әпкелер!
Күн шуағын сепкендер!
Жан мейірімін төккендер!
Көктемдер, көктеңдер!
Күйеу балалар мен жезделерге:
Күйеу балдар сызылды-ау,
Ала қашты-ау қызымды – ау.
Шай қайнатып жүруші ед,
Төрге шығып бұзылды-ау,
Ішіп алса кей жезде,
Әдеті бар ызыңдау,
Құлағынан тартайық,
Өсіп қалған ұзындау...
Билеңіздер күйеу балдар, жезделер,
Әлі-ақ сенің «душман» атың өзгерер.
Әлі-ақ сені ардақтайтын кез келер,
Әлі-ақ саған бірінші қып сөз берер!!!
Билеңіздер уа халайық шаңдатып,
Қуанышта қалсыншы бір таң да атып.
Арылыңыз уайым ойдан ағайын,
Күліңіздер рахатқа сан батып!!!
Қаншама еңбек, қаншама уайым той жасау,
Әдемілеп өткізерміз құдайым өзі қолдаса-ау.
Рұқсат болмай үстелден түрегеп кетпеңіз,
Той иесін, өзіңізді сыйламастық болмас-ау
Сөзді қысқарту:
Жүректен шыққан тілектің бәрі ақ тілек,
Бәріміз келдік жастарға бақыт, бақ тілеп.
Ажары тойдың ән, би, күй, әзіл емес пе?
Ренжімеңіздер асаба сөзден қақты деп.
Әнге , биге шақыру:
Жастықтың жалыны бар бойыңызда,
Ән айту сіздіңдағы ойыңызда.
Ән айтып ортамызда би билеңіз,
Жеңгеме жалтақтауды қойыңыз да.
Шын дарын мұндай тойда шетте қалмас,
Қынаптан суырылар шын ақ алмас.
Құдамен құрдастардай билеп жүрсек,
Ешкім де бұған сірә мін таға алмас.
Тойды қыздыру:
Күнде той бола бермес дәл осындай,
Билейік бір атаның баласындай.
Мөлдіреп құдашалар күтіп отыр,
Жігіттер ортаға шық қаласың ба –ай?!
Көңіл қандай, өмір қандай бидегі?!
Жанға шуақ ұялатты күй легі.
Аспанға ұшып, қалықтап бір билеңіз,
Ұмытпаңыз жеңгемізді үйдегі!!!
Ән айтқызу:
Ақ тілекпен сөйледіңіз тамаша!
Өмір әсем, той да мынау жаңаша!
Өтініш бар, тек сіздерді қинау жоқ,
Ән салыңыз көңіліңіз қаласа!!!
Тойды қыздыру:
Жастықтың бірге шалқып тасқынымен,
Жолықсын қариялар жас күнімен!
Ал жастар жалындасын осы тойда,
Көрінсін өнерімен, басқа үнімен!
Осы тойда тынысты бір кең алып,
Ән күйлерден ерекше бір рең алып.
Армансыз боп, көңілді бір көтеріп,
Ойнап, күліп қайтыңыздар демалып!!!
Асқақтата ән төгілсе, жанды ерітер күй болар,
Насихатты сөз тыңдасақ жанға азық сый болар.
Қонақтарды жақын етер, сыйлас етер, дос етер,
Мың бұралған , жалындаған ортадағы би болар...
Су кеткенмен арнада тас қалады!
Орындалсын әркезде жас талабы!
Ынтымақ, бірлік, бақыт, сыйластықтар,
Болашақ осы тойдан басталады!!!
Бұлақтай мөлдіреп бір қарайсыздар,
Жүздеріңіз нұрға толы арайсыздар.
Әр айтқан сөздеріме құлақ түріп,
Қол соғып қойсаңыздар жарайсыздар!
Жастық шақ мәңгілікке тұрса ән сап,
Кәрілік, уайым, қайғы жүрсе алшақ!
Ата-ана, туған –туыс, бәрі аман боп,
Шіркін-ай қартаймайтын жас боп қалсақ!
Тойды қыздыру:
О жастар болашағым сенде үміт!
Жалында, темірді үз, тасты да үгіт!
Бұйырып тұрған қыздан құр қалады,
Дәл қазір болбыраған жасық жігіт...
Қол созамыз биік алыс арманға,
Биік бізде ой өріс те, талғам да!
Тату тәтті сыйласайық өмірде,
Айта жүрер «Сіз, біз» қалар жалғанда!
Билету:
Осы биде нағыз жігіт көрінер,
Ортамызда ару қыздар, серілер!
Осы тойдың нағыз сыйы жігітке,
Ару қыздың жүрегінен берілер...
Би басталды, тұрып қалу болмасын!
Уа жігіттер, ару қыздар тоңбасын!
Аз өмірде ойнап, күліп , сыйласшы,
Қадірлейтін жаныңда жүр жолдасың!
Сері жігіт өнерлісің жан-жақты,
Ару қыздар сенен көзін алмапты.
Жан анаң да күтіп жүр бір тойыңды,
Келін таңда жан анаңа ардақты!!!
Өнер көрсеткендерге:
О. құдаша жақын тұршы, еріп кетер қармысың?
Әлде өзің қол жетпеген биік шынар талмысың?
Жүректерге жылу беріп, қуанышқа бөледің,
Өнеріңе рахмет, шексіз менің алғысым!!!
Ағарып атқан таңым-ай,
Ауырып кетті жаным-ай.
Есіміңді айтшы құдаша,
Өлетін болдым ауырмай...
Бар әніңізді тыңдар едік уақыт бізде таршылық,
Ата-анаңыз туған екен өзіңізді әнші қып.
Ауылымызда ылғи дағы тойдың сәні болыңыз,
Күміс көмей әнші болса, тыңдар құлақ баршылық!!!
Бүгін өнер өрге өрлейтін күн!
Қуаныш жүректе кернейтін күн!
Уайымға көңіл бөлмейтін күн!
Бәрін ұмытып қолды сермейтін күн!
Директорлар би билеп терлейтін күн!
Бір-бірін ұғатын күн!
Көңілден шығатын күн!
Сынбайтындар сынатын күн!
Тынбайтындар тынатын күн!
Әзілмен түйрейтін күн!
Бір-біріне қамқор болып сүйрейтін күн!
Көңіл ерекше өсетін күн!
Көп мәселені шешетін күн!
Мақтан тұта бөсетін күн!
Есті бірде біліп, бірде білмей, өшетін күн!
Құдайдың нұры жауатын күн!
Жақсылыққа көңіл ауатын күн!
Бір-бірін достар табатын күн!
Ақ тілектер ағын боп ағатын күн!
Ұлылыққа жетелер күн!
Үміттер өтелер күн!
Достар қауышатын күн!
Жақсы мен жайсаң табысатын күн!
Дарындар шаттанатын күн!
Тышқандар мақтанатын күн!
Туыстар мәз мейрам болып,
Орынбасарлар бақ табатын күн!
Ән мен күй төгілетін күн!
Балалық шаққа шегінетін күн!
Көңіл семіретін күн!
Ерекше көрінетін күн!
Ер Манас пен Күләндә арудың тойы. 09.10.1997жыл.
Достықтың туы желбіреп,
Ағайын туыс елжіреп!
Той әкелді ауылға,
Манас батыр ержүрек!
Қостұраның қыраны,
Сұлу қыздар ұраны!
Күләнда ару қасында,
Жанының сөнбес шырағы!
Күләнданың жыр әні,
Өмірде зәм-зәм бұлағы.
Сыры мол жұмбақ бар әлем,
Махаббаттан тұрады!
Манасты көріп сұлулар,
Есінен танып құлады.
Өзегін өртеп өкініш,
Дуалға басын ұрады.
Өнердің көп қой ғажабы,
Болса да небір азабы.
Қиындыққа мән бермей,
Сыры мол сурет жазады.
Күй толып бүгін кеудеге,
Қуаныш сыйлап елге де.
Мәз-мейрам боп аға да,
Нұр шашады жеңге де!
Жүректің қылын дөп басып,
Той жетті бізге қыр асып.
Ордабасы мен Қостұра,
Тұрғандай түнде сырласып.
Дәл тиіп сезім пернеге,
Той думан тауда, белде де!
Жарасар бүгін «Нағыз той,
Ер Манас тойы» деуге де.
Манас келген осы жаққа сұранып,
Күләндадай аруына гүл алып.
Содан бері мектебіңіз гүлденіп,
Көркем болып келе жатыр құралып.
Асыл досқа арналады жыр жинақ,
Өлең жаздым шабыт шіркін мың қинап.
Күләнда ару әдебімен көрікті,
Ер Манас жүр өнерімен нұр сыйлап.
Бүгін Манас бауырмашыл ініңіз,
Күләнда ару қызыңыздай гүліңіз!
«Қырықтың бірі Қыдыр» деген сөз де бар,
Осы жерде Қыдыр жүр деп біліңіз!!!
Мәртебесі биіктесін шың болып!
Шуақ шашып жайнап жүрсін күн болып!
Бақытты боп Ер Манас пен Күләндә,
Балдарымен өсе берсін мың болып!!!
Екеуінің тойын басқарып, арнау арнаған едім, бүгін бәрі көрген түс сияқты... 2003жылы 7-маусым күні екеуі бірдей жол апатынан қайтыс болды. Жалған өмір-ай... Өмірде тек жақсылық жасап, сыйласып, жылы сөз айтып үлгеріп қалу керек екен деген ой түйдім...
Достарыңызбен бөлісу: |