Байсанов, С.
Академик Арыстанұлының аспирантымын / С. Байсанов // Орталық Қазақстан. - 2013. - 12 желтоқсан (№216-217). - (Академик Ебіней Бөкетовтің қайтыс болғанына - 30 жыл).
Ғылымдағы еңбегімен ғаламға есімі танылған ұлы тұлға Ебіней Арыстанұлы Бөкетовпен 1976 жылы таныстым. Мәскеу болат және балқыма институтын 1974 жылы тәмамдаған соң, еңбек жолымды елімізде бастадым. Қазіргі Ж.Әбішев атындағы химия-металлургия институтының «ферроқорытпалар» зертханасына орналастым. Ол уақытта түсті металлургия саласы едәуір дамып, қара металлургия саласында тежелу байқалғаны рас. Зертхана меңгерушісі – Төкен Ғабдулин болатын. Міне, осы Төкен ағамыз «Сен барып, аспирантураға оқуға түс. Ебіней Арыстанұлы жетекшің болады. Ол кісі қазір ферроқорытпаны, қара металлургия саласын зерттеуге бет бұрды», – деп, маған дер кезінде Е.Бөкетовтен тәлім алу қажеттігін айтты.
Ебіней ағамызбен екі айдай уақыт бойы бастамамызды егжей-тегжей талқыладық. Тақырып таңдап, марганец ферроқорытпаларын зерттеуге бел будық. Қазақстанда екі ғана ферроқорытпалар зауыты – Ақсу қаласында орналасқан дүние жүзіндегі ең үлкен ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе қаласындағы соғыс жылдары салынған зауыт жұмыс жасап тұрған-ды. Екі өндіріс ошағы да, негізінен, кремний және хром металдарын балқытатын. Ал, Қазақстанның жерасты марганец кенішіне өте бай. Осы орайда, отандық ғылымның алдында екі міндет – стандартты марганец ферроқорытпаларын игеріп, технологиясын жасау және темірлі марганец кеніштерін игеру болды. Ебіней Арыстанұлы бізге осыны айқындап көрсетті. «Марганецті өңдеу ісін алға жылжытыңдар» деп тапсырма да берді. Менің алдымда бір аспиранты болды. Ол – Қарқаралы ауданының тумасы Мағауия Толымбеков еді, біздің институттың директоры Марат Толымбековтің ағасы. Қара металлургия саласынан Ебіней ағаның бірінші аспиранты. Екеуіміз де марганец саласынан кандидаттық диссертация қорғадық. Осылайша, Е.Бөкетовтің бастамасымен елімізде марганец кеніштерін игеру жүйелі жолға қойылды. Қазіргі күні Ақсу ферроқорытпа зауытында №1 цех 200 мың тоннадан астам марганец өндіреді. «Мына жұмысты аяқсыз қалдырмаңдар. Ертең мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлес қосатын өндіріс саласының келешегі зор болмақ» деп сырқаттанып жүргенінде де сырласып отыратын бізбен. Және де тағы бір бастаманы – қолданылған көмірдің күлінен металл алуды алға тартты. Көмірдің үш сортының күлінің құрамында кремний, аллюминий бар екенін дәлелдеуге тырысты. Бірнеше жылдарға созылған зерттеулердің нәтижесінде бұл ісіміз де өз жемісін берді. 1995 жылы Екібастұз зауытында цех ашылса, Павлодардағы трактор зауыты кешенінде де ферроқорытпа зауыты үш үлкен пешпен жұмыс жасамақ. Әзірге бір пеш іске қосылды. Қаламыздың 3-ЖЭС-інде индустриалдық парк құрылып жатыр. Темір жол тартылып, подстансасы орнатылды, дирекциясы құрылды. Осылайша, Қарағанды кешенді ферроқорытпалар зауытының құрылысын салу келер жылы белсенді түрде атқарылатын болады. Мұнда Сарадыр және Қарағанды шахталарының көмірлері пайдаланылады. Биыл тіптен, Қырғызстанның Ташкөмір кеніші жанында осы технологиямен металл өңдеу қолға алынды. Міне, осынша игі бастамалардың бастауында Ебіней ағамыздың еңбектері жатыр. Өте дәлдікті қажет ететін салада 28 жыл бойы 14 реакцияның түзілу әдісіне зерттеу жүргіздік. «Қазақстан металы» деген патентті өнім алдық. Бұл да – Ебіней ағамыздың тапсырмасының нәтижесі.
1962 жылы Алматының политехникалық универститетінің проректоры болып қызмет атқарып жүргенінде Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен Қарағандыға ауысады. «Қазақстанның бел ортасында үлкен ғылыми мекеме құру ойымызда бар. Бірақ, кадр тапшы» деп Қ.Сәтбаев Ебіней ағаға сенім білдірген. Сенімді ақтап, 10 жылдың ішінде химия-металлургия институты іргесінде халықаралық деңгейдегі тәжірибелі мамандар, ғалымдар әзірледі. Институттың ісін ілгерілетті. Ал, 1972 жылы Қарағандыда осы білікті мамандардың шоғырын топтастырып, жастарға білім беретін екінші мемлекеттік оқу орнын ашу қажеттігі туындады. Сондықтан, ХМИ-дің жұмысын алға бастырған Ебіней Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университетіне ректор болып келді. Бұл жоғары оқу орнының да негізін қалап, 10 жыл бойы білікті басшысы болды. Кейін ХМИ-ге қайта қызметке жіберіліп, «металлургия балқымалары» зертханасы меңгерушісіне 25 ғалымның жасырын дауысы арқылы сайланды.
Ебіней Бөкетовтей білікті ғалымнан тәлім алғанымыз – зор мақтаныш, әрине. Ғылымдағы көрегендігі ерекше болған халық адамының есімі мен еңбегі еш ұмытылмайды. Тек, Қазақстан ғана емес, Ресей, Украина ғалымдары да Е.Бөкетовтің ғылымдағы еңбегін ерекше бағалайды. Мысалға, Украина Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, 60-тан астам ғылыми кітаптың авторы М.Гасиктің академияға мүшелікке өтуіне де әдеби тілімен пікір жазған Ебіней Бөкетовтің беделі зор рөл атқарған көрінеді.
Марқұмның ізі болып соңында екі қызы қалды. Үлкен қызы Ақсұлу да әке жолын қуып, сирек металдар ғылымының докторы атанды. Ебіней марқұмның қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай берілетін ертеңгі асқа да осы Ақсұлу қызы мұрындық болып отыр.
Сайлау БАЙСАНОВ,
ҚР ҰҒА академигі, Е.Бөкетовтің шәкірті,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары Ұлттық академиясының академигі,
ХМИ-дің зертхана меңгерушісі.
Биыл көрнекті ғалым Ебіней Бөкетовтің өмірден озғанына – 30 жыл. Ордалы «Орталығымызда» ұлт мақтанышына арнайы бет ұйымдастырдық. Мұнда мұнарадай тұлғаның өнегелі өмір жолын өңір жұртына тағы бір паш еттік.
Ебіней Арыстанұлының «Канада көріністері» атты жазбасы – беттің басты мақаласы. Өйткені, бұл мақаланың түпнұсқасы редакцияның мұрағатында сақталып, газет тігінділерінің өткеннен сыр шертер тағылымды беттеріне айналған екен. Бүгін біз тәуелсіз Қазақстан алдында тұрған 2017 жылғы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі қарсаңында және ғұлама ғалымның өмірден озғанына 30 жыл толуына орай Е.Бөкетовтің 1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО» көрмесі туралы жолжазбасын ұсынып отырмыз.
Сегіз мың шақырым
ілгерілемекпіз бе, елу жылға
шегінбекпіз бе?..
Мен, еліміз социалистік өмір құра бастағанда туып, капиталистік өмірді көрмей өскен адаммын. Тірі капиталистердің еліне барып, оларды көру деген маған бір миллион жыл бұрын өлген ихтиозавр мен мамонтты тірідей көрген сияқты таңсық. Сондықтан да, жоғарғы жақтан «Канадаға барасың» деген хабар келгенде, мен әрі қуандым да, әр түрлі ойларға түстім. Өйткені, Канада Москвадан сегіз мың шақырым, ол – Америка материгінің солтүстігі. Канада – капиталистік елдердің ішінде Құрама Штаттардан кейінгі бай елдердің бірі болып есептеледі.
Кең жерде (біздің елден кейінгі жері мол ел осы Канада) жиырма-ақ миллион халық тұрады. Халқының аздығына қарамастан Құрама Штаттардан кейін мысты, алюминийді көп қорытатын осы Канада, уран кенін көптеп шығаратын осы Канада, бидайды көп сататын осы Канада, Капиталистік молшылықты, капиталистік үйлесімділікті (гармония) дәріптейтін жалдамалыларға Канада жағдайы табылмайтын мысал сияқты, өйткені, мұнда тіпті миллионерлердің қанауына, ұлтшылдардың езуі мен тепкісіне шыдамай ереуіл жасап жатқан негрлер де жоқ. Демек, Канаданың түпкілікті халықтары ирокездер мен эскимостардың азаматтық құқы жоқ, олардың өздерін бейнебір аң сияқты «Резервация» деп аталатын ерекше бөлінген жерлерде ұстайтынын, жылдан-жылға сол халықтардың саны азая беретінін естуші едік. Тіпті, Канада халқының көпшілігі ағылшындар бәлкім аздау француздарға тізесін батырып, бұл кейінгілер қазірдің өзінде осы жағдайға наразылығын білдіруде екенін білетін едік.
ТУ-114 самолетінің біркелкі гуілінің ырғағымен қалғып-шұлғып келе жатқанда осындай бір естегілер миға келіп, қайда бара жатырмыз – ілгері ме, кейін бе? Мына күннің көзі де баяу еңкейеді, себебі біз оның соңынан қалмай келеміз, Москвадан Монреальға дейін самолет 10 сағат ұшады, арасындағы уақыт айырымы – 7 сағат. Ең қызығы – 8 мың шақырым ілгері ұшып, елу жыл кейінге түсетініміз болды-ау! Өйткені, капиталистердің тұрмысы, дүниеге көзқарасы, қарым-қатынасы, ішкі сыры өзгерген жоқ бұл – біздің кешегіміз. Демек, сабыр, сабыр... Және де біздің негізгі мақсатымыз халықаралық көрмені көру, содан өзімізге пайдалы жерін ескеру, өзге таңсық нәрселер, мысалы капиталистер, екінші қатардағы мақсат, бара көрейік. Атлант мұхитының үстінде келеміз, бұл жай қиялдағы топшылау, әйтпесе ешбір тұрған Атлант айдыны жоқ, киті, тағы сол сияқтылары көрінер емес. Биіктік – 10 мың шақырым, астымыз – ауыл-ауыл, үйме-жүйме болып тұтасқан бұлт.
Бірінші көріністер
Біз Монреальдың аэропортына келіп түстік. Қағаздарымыздың дұрыстығын тексеруге көп уақыт кеткен жоқ, уақытша келгенімізге қолхатты ағылшын тілінде жазып беруге көмектесіп жүрген бір-екі жігіт, көрмедегі еліміздің жігіттері екен, қарсы алуға келіпті. Шыға автобусқа міндік, өзіміздің сондағы жолдастар – қаланың, жүру-тұрудың жағдайын айта бастады. Көзіміз терезеде. Көптеген жеңіл машина – мерседес, шевроле, форд, тағы-тағылар. Жолда мыңдаған машинасы бар бір алаң көрдік: көрмеге келгендердің машинасын қоятын алаң екен, олар осы араға машинасын қаңтарып, әрі қарай қала көлігімен баратын көрінеді. Көзге түскен нәрсе – көшеде адам аз, машина көп, көпшілігі ағылып жатқан машинаның ішінде сияқты. Бізді қарсы алған адамдар қаламен таныстырып келеді. Монреаль Канаданың ең үлкен қаласы, мұнда екі миллион алты жүз мың халық тұрады, соның сексен проценті француздар. Монреаль – Канаданың Квебек деген негізінен, Француздар отарланған провинциясына жатады. Капиталистің аты капиталист, көрмеге келушілердің көптігін пайдаланып, мұндағылар қонақ үйлердің бағасын тым жоғары ұшырып жіберген. Сондықтан, қонақ үйлер қалада жетіспей жатыр. Осыған байланысты сіздер үшін біздің павильон екі үй жалдап, дайындап қойды: бірі – Санта Катарина (ізгі Катарина) көшесінде, бірі – Бадра көшесінде, соған барып түсесіздер, тамақты сол үйлердің жанында жалдап қойған рестораннан ішесіздер. Келіп, түстік. Әрбір екі адамға – бір бөлме. Бөлмелері жайлы. «Лувр» рестораны деген жарқылдаған маңдайшасына қарап, тамақтанудың бір зор мекемесі ме деп барсақ, жұпыны ғана асхана, бірақ тазалығы күшті, тамақтары аса дәмді емес сияқты, дегенмен, бәрі қағаздалған, қағаздарының бетінде тартымды шимайлары бар. Асының суық болуға тиістісі мұздай суық, ыстық болуға тиістісі тіл тигізбейтін ыстық. Ауасы – қоңыржай, әдейілеген желдеткіші бар сияқты. Біздің түскен көшеміз Монреальдің ортасын кесіп өтетін, ұзақ көше дүкендері бар (ойын-сауықты асхана), таверна сияқтылары көп көше екен, жарқ-жарқ, бейберекет, қызылды-жасылды жарысқан, сөніп-жанып жыпылықтаған реклама. Бүгінге осы жетер деп, көшеде біраз жүріп, жатып қалдық.
Қос аралдағы кереметтер
Монреаль қаласы Канаданың түстік көлдерін мұхитпен қосып, кең жайылған Санта Лаврентия өзенінің бойында орнаған. Көрме үшін жер іздеген кезде біреулер қаланың шығыс жағындағы өзеннің Санта Елена атты аралын нұсқапты, есептесе бұл аралға көрме сыяр емес, ал, жанындағы Нотр-Дам (Құдай ана) аралы жер сиқы жоқ сыйдиғар жартас. Осы жартастың айналасына жер тасып үйіп, тіпті Санта Еленадан кем емес арал жасаған. Міне, осы екі аралға (Нотр-Дамы жасанды арал) 62 ел өз көрмелерін орнатқан, оның үстіне 6 интернационалдық көрме павильондары бар. Бұл павильондардың тақырыбы атынан білінеді: «Адам – тоқшылыққа себепкер», «Адам – ғылыми зерттеуші», «Адам және өндіріс», «Адам және оның денсаулығы», «Адам – молшылық иесі», «Адам және қоғам». Міне, осылардың бәрін біз алдын-ала қолымызға берілген көрме жөніндегі кітапшалардан біліп алдық. Оның үстіне білгеніміз – көрмеге барушыларға түсінік беруге арналған кітапшада көрме басшысы Пьер Дюпюн әрбірімізді көрмеге баруға шақыра отырып: «Сіздерді, әрбіріңізді жақсы қыз-келіншек ертіп баруға тиісті еді, бірақ оған мүмкіншілігіміз жоқ, сондықтан кешірім сұрап, осы кітапшаны жолдас етіп, көрмені аралауды өтінеміз» – деп сыпайыгерлік еткенін оқыдық. Міне, осындай алдын-ала алған мәліметтеріміз бар, біз көрмеге беттедік. Алғы мақсат – өзіміздің Советтік көрмені көріп аралау.
Көрме ғибрат алып, үйренбек үшін Көрмеге кіре бергенде сол жақта үрген қуықтай торсыйған үлкен шар – Құрама Штаттар көрмесі. Бұл – Санта Елена аралы. Көпірден өтсе – Нотр-Дам аралы. Құрама Штаттар көрмесінің дәл қарсысында біздің елдің көрмесі. Павильонның алдыңғы кірер есікке қарай жоғарылата салған төбесі халқымыздың келешекке самғауына дайындалған алаңды елестетеді. Павильонның кең есігінің алдында топтала иіріліп, ағылып жатқан халық. Кезектің ұзындығы жарты шақырым десе өтірік болмас, АҚШ павильонына қарасақ, жұрт ағылысы жұпынылау: көлденеңі жұқарақ, ұзындығы қысқарақ. Басқа көрініп тұрған павильондардың алдындағы халық тіпті аз. Осының өзінен-ақ біздің павильонға келуге жұрт әбден таңсық екенін байқадық. Таңсық болмай қайтсін! Павильонда Совет елінің өмірін, тұрмысын, мәдениетін толық елестететін он мың экспонат бар екен. Бұл экспонаттарды кейбіреулер жұбату үшін емес, үйрету үшін, жеңіл күлдіріп шығару үшін емес, ойландыру үшін, тәңірін ұмыттырып, адам өз тағдырына өзі тәңірі деп сендіріп, үгіттеу үшін деп кеміткісі келгенін естідік. Шынында да біздің павильон адамды жақсылыққа жігерлендіруге, сәулетті болашаққа беттеуге, өз тағдырына өзі ие болуына шақыруға арналған павильон. Біздің павильон жер адамдыкі екенін, жер үстінде дам баласы тту болса, жер қойнының байлығы адамға жеткілікті екенін мұқият дәлелдейді. Бірақ, ол үшін адамның бар жігерін долларды қуалауға беттетпеу керек, адамды алдау-арбауға салып, біріне-бірін қастастырмау керек. Міне, біздің павильонның осындай пәк, таза адамгершілік тақырыптарға арналған экспонаттары кірушілердің көзін көп нәрсеге ашуда. Сондықтан да, біздің павильонға халық ағыны таңнан кешке дейін бір тоқталмайды. Халықтың ең сүйікті павильоны, бұл көрмеде. Біздің павильон.
Көрмені ұйымдастырған адамдардың алдына қойған мақсаты тамаша-ақ. Ол «Жер анамның игілігі үшін» екенін дәлелдеп көрсету, жерді адамның игілігіне пайдаланудың адал жолдары мен тәсілдеріне, елдер бірі мен біріне сырласып, үйрену, бірінен-бірі ғибрат алу. Совет павильоны осы ізгі міндетті мұқият берік ұстаған. Осындай жағдайды басқа социалистік елдердің көрмелерінен де байқадық. Мысалы, Чехословакия павильонында «Өндіріс дамуының симфониясы» – деп аталған бөлімінде қазіргі техника мен индустрияны халық игілігіне тиімді пайдаланудың келелі-келелі мәселелері көтерілген.
АҚШ көрмесіндегі «тамашалар»
Біз капиталистік елдердің де павильондарының өзгешеліктерімен қызыға таныстық. Мысалы, ағылшын елі атом электростанцияларын орнатудың, болат пен құрыш құюдың жетістіктерін жақсы көрсеткен. Космос зерттеу мәселелеріндегі жаңалықтарын келушілердің алдына салған. Италия автомобиль шығарудың қазіргі уақыттағы тиімді әдістерін, су электростанцияларын орнатуда пайдаланатын тәсілдерін көрсеткен. Италияның атақты адамдарының портрет галереясында сол елдің белгілі басшы коммунисі Грамшидің суретін көріп, қуанып қалдық. Франция павильонында көңілге қонған «Ранс» деген 240 мың киловаттық электростанциясының макеті. Бұл станция мұхиттың жағалауындағы толқынының күшін электр тоғына айналдыратын көрінеді. Сонымен қатар, бұл елдердің техникалық жетістіктерін көрсетуде бір өзгешеліктері байқалады. Ол – адамның игілігін аз әңгіме ету, техниканы техника үшін, өндірісті өндіріс үшін ғана жасап жатқан сияқты, кейбір павильондарда, мысал, Канада жасаған «Прогресс» павильонында: Адамның барлық мақсаты ақша үнемдеу болу керек» - деп дәріптейтін көрінеді. Не айтарсыз бұған?!
Біз Құрама Штаттар павильонына асыға бардық. Дегенмен де, ол ең бай капиталист елі, империализмнің басшысы, ұраншысы, сыртынан тамаша шардың ішін көзбен көруге асықтық. Жіңішке, бірақ кісі сиятын эскалатормен ең биігіне шықтық. Обалы не керек, космос зерттеу жөніндегі АҚШ-тың жетістіктері айтарлықтай-ақ. Жасанды спутниктер мен АҚШ космонавтары ұшқан кемелерді көрдік, айдың бетіне адам жіберудің 1970 жылға мегзелген жобасын көрдік. Енді, төмен түсе мүлдем басқа дүниеге шомып кеткен сияқты болдық. Кино көрсетіп жатыр: сүйісу мен атысу: атысу мен сүйісу. Бір жақ толы киноартист әйелдердің суреті. Ескі автомобиль тұр – атақты киножұлдыз әйел осы автомобильге мініп киноға түсіпті-мыс. Енді бір жерде атышулы артист-әйелдердің картоннан қиған бейнелері ілініпті. Абыройлары әзер жабулы. Мұны неге картоннан қиған десе, әйелдің денесі сұлу болу үшін бөксесі, белі, кеудесінің өзара мөлшері қандай болуын дәлелдемек екен. Мысалы, Мэрилин Монро дейтін артистканың бұл мүшелерінің мөлшері дюйм есебімен (бір дюйм 1,5 см) мынадай: 37, 5-23, 5-37, 5, ал Элизабет Тейлордың мүшелері бәлкім қыпшалау 36, 0-22, 0-36, 0. Мұндай ғалматты тек АҚШ павильонында көруге болады. Жас адамдаржоғарыдан төмен түскен соң салдыр-гүлдір, сүйіс, өлім, төс пен бел арасында бағанағы көрген космос әсерлерін мүлдем ұмытып кетерліктей жағдай бар. Жобасы, павильонның өзі де соны мақсат еткен сияқты. Диаметрі 80 метр шардың іші бос деуге болады. Мүлдем көңіліміз қалып шықтық. Мұндай «көрме» кімге арналған, нені мақсат етеді? Адамның болашағы мен тағдырын ойлауды ұмыттыру ма? Олай болса АҚШ көрмесіндегі «тамашалар» өз міндетін орындап-ақ тұрған сияқты.
Лабиринттен шығар
жол бар ма?
Көрмеде «Адам, оның планетасы және космос» деп аталатын павильон бар. Бұл павильонға кіре берісте жанып тұрған цифрлар секунд сайын өзгеріп тұрады. Бұл өзгеріс – адам баласының өсімін көрсетпек. Жерде секунд сайын екі сәби пайда болады екен. Канаданың халқы 90 секундта бір адамға көбейеді екен. Монреальда бір адам 8 минут 15 секундта пайда болады екен. «Адам – тоқшылыққа себепкер» атты павильонда кірер есік пен шығар есігінің тұсында жанып тұрған жарнамалар жерде әрбір минутта тамақ тілейтін 140 ауыз пайда болатынын ескертеді. Адам саны жер үстінде бейбіт өмір тұсында осылай өсе бермек. Бірақ, бұл қызық жайт осы павильондарды құрушылардың топшылауы бойынша жаңа адамның жер үстіне пайда болғаны онша қуаныш емес сияқты.Олардың пікірінше бұл тіпті апат болуы мүмкін. Оған себеп – жер үстіндегі адам баласының тең жартысы дерлік ашығуда. Бұл пікірді бейнелеу үшін екі фотосурет тұр, бірі – алуан түрлі тәтті тамаққа толы дастарқанның басында месқарын біреу отыр, екіншісі – құр сүйегі қалған қыз бала кастрюльден өз ыдысына көже-қатық құйып алып жатыр. Жобасы, осыдан шығатын пікір қоректік қарекет жер үстінде бір адамға жетпей жатқанда, жаңа адамның пайда болуы аштықты күшейте түспек. Жер әлі кең екені жөнінде ондағы байлық ескілікті қоғам құрылысының кесапатынан адамды мешеу етіп, дұрыс пайдаланылмай жатқаны жөнінде бірде-бір сөз жоқ. Қысқасы, адамды «көбейе берме, алдыңда сені аштық күтіп тұр» деп қорқытпақ.
Цифрлар көрушіні осылай қорқытса, адамды жабырқатудың басқа жолдары да кең қолданылған сияқты. Біз «Лабиринт» деп аталатын павильонда болдық. Бұл павильон – алға қойған мақсатты, көркем бейнелеу техникасы жағынан тамаша павильондардың бірі. Бірақ, сол мақсаты адам қуанарлық, адамды жігерлендірерлік, қуаттандырарлық мақсат емес, қорқытарлық тіпті үрейлендірерлік мақсат. Өмір – лабиринт, ішіне кірсе шыға алмайтын шытырман, адам баласы сол шытырманға оралып, қапаста өмір сүрген бір байғұс, ол байғұстың өмірге не үшін келіп кететіні белгісіз. Міне, осы құрдым философияны екі үлкен экраннан – бірі тұсында, бірі аяғыңның астында – адамның жабайы, тағы кезінен осы уақытқа дейінгі өмірін бейнелеу арқылы, одан кейін жер шарының көптеген нүктелерінен әдейі сұрыптап алынған кадрлар арқылы көрсетеді. Оның үстіне келушілер адамның жүйке тамырын шымырлататын дыбыс пен бояу эффектілері бар залдан өтеді. Қысқасы, нервісі осалдау адамдар лабиринттен шыққанда, бүйткен өмірі құрысын, – деп шығады. Адамды осындай пессимистік пікірге келтіруге қанша қаражат, қанша адамның білімі мен тапқыштығы жұмсалғанына қынжылмасқа болмады. Капитализмнің ішкі сарайы мен пиғылын түзеу қиын екенін, олар өз идеологиясын дәріптеуге өте епті екенін біз осы павильоннан көрдік. «Өмірдің шырмауынан, лабиринтінен жарыққа, сәулетті дүниеге шығуға болмайды... «Адам, кеудеңді көтерме, осыған көн, жақсыны іздеме!» – бұл көріністердің ғақлия тұжырымы осы. Бірақ, адамның жақсыға ұмтылуға жаралған табиғаты мұндай тұжырымға көнсін бе, сондықтан, халық сәулетті өмір жолын мегзеп тұрған біздің павильонымызға, басқа социалистік елдердің павильондарын көруге ұмтылады. Осыны біз көзімізбен көрдік.
Бұл не? Неге жорысаң сол!
Әрбір ел өзінің өндіріс, шаруашылық техника жетістігімен қатар мәдениетін, искусствосын көрсетуге тырысқан. Мұның өзі заңды да, өйткені мәдениет пен искусство адамның, халықтың рухани байлығын бейнелейді. Мысалы, Италия, Франция, тағы басқа елдердің павильондарында атақты суретшілер мен мүсіншілердің мәңгі ескірмейтін еңбектері көрсетілген. Осылармен қатар искусство шығармалары деп қойылған экспонаттар ішінде бізге түсініксіз заттар да көп кездесті. Мұндай заттар капиталистік елдер көрмелерінде көп-ақ. Санта Елена аралындағы паркте мүсіндер алаңы бар. Бұл алаңда әрбір елден бір-бірден 50 мүсін қойылған. Ғажап шығармалардың арасында тіпті, бір қызықтары кездеседі. Мысалы, біз даңқты Пикассоның Франция павильонында басқа жерлерде де жақсы-жақсы суреттерін көрдік. Бірақ, сол Пикассо мүсіндер алаңында адамды бейнелеу үшін былай еткен. Шамасы бір метрлік ұзын темір бұл денесі, екі басында жіңішкерек екі-екіден төрт темір аяқ, қолы, қысқа сомдау темір мойын мен бас. Аяқ, қол, бас дегенімізге шегеден тікенек жапсырылған – бұл шаш пен дененің түгі. Осындай тікенекті темірді адамның бейнесі деп, қазіргі мүсіншіліктің жеткен шыңы деп мүсіндер алаңына қойған. Бұған не айтарсыз?! Тіпті, ұлы Пикассоның өзі адам баласын осылай бейнелесе, адамнан садаға кетпей ме! Жай сом темірден құйып, орнатып қойған ешбір дүниежүзілік затқа ұқсамайтын мүсіндер бұл алаңда да бар, жалпы көрменің әр жерінде кездесе береді. Мысалы, осындай бір сом темір АҚШ павильонының алдында тұр. «Бұл не?» «Осының өзі шешек атайын деп келе жатқан гүл емес пе?!» – деп күлістік. Жоқ, – деді жанымыздағы бір жолдас, – Бұл меніңше, сиыр, өйткені, ана бір-екі шошайғаны мүйіз ғой. – Қойшы, сиырға ұқсайтын ешбір жері жоқ. – Ойбай-ау, капиталистік өмірдің талқысы сиыр екеш сиыр да бұрап-бұрап осылай еткен емес пе? Тіпті, сиыр болмаса, не екенін айтып берші! Шынын айтса, мұндай искусствоның мәнінің өзі сол – неге жорысаң, сол бола береді. Осындай түсініксіз суреттер мен мүсіндерді авторлары кейде «түсімде көрдім» деп те дәлелдейтіні болады екен. Менің есіме біздің халқымыздың мақалы түсті. Түс – түлкінің нәжісі, неге жорысаң сол болады. Сол сияқты жаңа «модерн» искусство дегеніңіздің ғаламаты – не деп атасаң, сол бола беретін көрінеді. Демек, бұл суреттер мен мүсіндер адамды белгілі бір бағыттағы ойға түсіріп, әйтпесе, қуантып, көңілін көтерерлік емес. Тек, басты шайқап өту. Бұл не деп миың шатаса берсе, мұндай «искусство» өзінің шын міндетін орындаған сияқты. Капиталистік «искусствоға» тән ғаламаттардың бірі – осы.
Ебіней БӨКЕТОВ,
академик.
(Жалғасы келесі санда).
Достарыңызбен бөлісу: |