Источник: ИС ПАРАГРАФ, 13.09.2012 11:20:05
Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының алуы тиіс кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түскен кірістерге жатқызу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 100 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының алуы тиіс кірістерді Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түскен кірістерге жатқызу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы
|
Г. Марченко
|
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Министр Б.Жәмішев
2012 жылғы 16 наурыз
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 100 қаулысымен
бекітілді
Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иемденетін банктің еншілес ұйымының алуы тиіс кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түскен кірістерге жатқызу
қағидалары
1. Осы Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иемденетін банктің еншілес ұйымының алуы тиіс кірістерін Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түскен кірістерге жатқызу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі - Салық кодексі) сәйкес әзірленді және бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иемденетін екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарының (бұдан әрі - Ұйым) алуы тиіс кірістерін «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңында (бұдан әрі - Банктер туралы заң) рұқсат етілген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түскен кірістерге жатқызу тәртібін белгілейді.
2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Ұйымның негізгі қызметі - бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерінің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған қызметі;
2) Ұйымның негізгі емес қызметі - негізгі қызметіне қатысты емес өзге қызметі;
3) негізгі қызметі бойынша активтер - болашақта экономикалық пайда алу күтілетін, өткен оқиғалар нәтижесінде Ұйым бақылайтын ресурстар;
4) Ұйымның кірістері - есепті кезең ішінде активтердің әкелінуі немесе өсуі немесе капиталға қатысушы тұлғалардың жарналарына байланысты ұлғаюдан өзгеше капиталдың ұлғаюына әкелетін міндеттемелердің азаюы нысанындағы экономикалық пайданың өсуі.
3. Ұйымның негізгі қызметі:
1) бас банктің күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтарын сатып алу;
2) сатып алынған күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша кепілге қойылған мүлікті өндіріп алу нәтижесінде бас банктің меншігіне өткен жылжымайтын мүлікті және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілеріне меншік құқығын сатып алу;
3) заңды тұлғалардың акцияларын және (немесе) жарғылық капиталдағы үлестерін сатып алынған күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша кепіл (кеңшілік жасау немесе қамтамасыз ету ақысы) ретінде қабылдаған жағдайда оларды сатып алу;
4) кепіл, өзге де қамтамасыз ету ретінде болған немесе бас банктен сатып алынған күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтары бойынша бас тарту төлемі түрінде алынған мүлікті өндіріп алу нәтижесінде оның меншігіне өткен жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мүлікті жалға беру немесе осындай мүлікті ақылы уақытша пайдаланудың өзге де нысанын пайдалану;
5) күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту бойынша іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде сатып алынған (алынған) меншікті мүлікті өткізу;
6) күмәнді және үмітсіз активтерді өткізу;
7) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының «Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иемденетін еншілес ұйымның қызметі қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 24 ақпандағы № 86 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7541 тіркелген) (бұдан әрі - Қағидалар) талаптарына сәйкес келетін күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарында (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) көрсетілген іс-шараларды іске асыру шеңберінде қарыз беру;
8) күмәнді және үмітсіз активтерді, сондай-ақ меншікті мүлікті лизингке (оның ішінде - қаржылық), жалға немесе мүлікті ақылы уақытша пайдаланудың өзге нысанына табыс ету;
9) күмәнді және үмітсіз активтерді секьюритизациялау бойынша операциялар жүргізу;
10) жер учаскелері және (немесе) аяқталмаған құрылыс объектілері түріндегі күмәнді және үмітсіз активтер бойынша жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысына, құрылысын аяқтауға және (немесе) пайдалануға қосуға бағытталған қызметті жүзеге асыру;
11) берешекті өтеу нәтижесінде алынған уақытша бос ақшаны Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктердегі салымдарға (депозиттерге) орналастыру;
12) Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында белгіленген тәртіппен күмәнді және үмітсіз талаптар бойынша кепілге салынған мүлікті өткізу;
13) банктердің, басқа қаржы ұйымдарының, тәуелсіз бағалаушы компаниялардың, кәсіби сарапшылардың және халықаралық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың күмәнді және үмітсіз активтерді бағалау, сенімгерлік басқару, қайта құрылымдау және құнын қалпына келтіру (арттыру) жөніндегі қызметтерін сатып алу;
14) бас банктің немесе бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарының кепіліндегі акцияларды және (немесе) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алу, басқару және (немесе) өткізу;
15) осы тармақтың 14) тармақшасында көрсетілген акциялар және (немесе) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестері бойынша дивидендтерді алу;
16) бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдары көрсетілген Қағидаларда және бас банк Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетіне ұсынған күмәнді және үмітсіз активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген күмәнді және үмітсіз активтер ретінде сатып алатын мүлікпен және (немесе) мүліктік кешенмен байланысты тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді (лицензияланған қызмет түрлерін қоса алғанда) өндіру және өткізу.
4. Ұйым бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдары алуы тиіс кірістерді жатқызуды мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
1) Ұйымның уәкілетті органы:
Ұйымның негізгі қызметіне байланысты активтердің ішкі тізілімін жүргізуді;
негізгі қызметі бойынша активтердің сапасын жақсарту мақсатында Қағидаларға сәйкес жүргізілетін операциялардың түрлерін, сондай-ақ операция немесе оқиға жасалуының және оны жасауға құқығының құжаттамалық куәлігі болып табылатын бастапқы құжаттардың тізбесі мен түрлерін;
Ұйымның негізгі қызметі бойынша активтердің сапасын жақсарту жөніндегі операцияларды жүргізуден Ұйым алатын кірістердің түрлерін;
олармен операциялар жүргізуден алынатын активтер мен кірістерді Ұйымның бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінде көрсету шарттарын көздейтін ішкі құжатты бекітеді;
2) Ұйым активтердің ішкі тізілімінде көрсетілген активтерді қалыптастыруды және олардың Қағидалардың талаптарына сәйкес келуі бойынша ай сайынғы тексеруді қамтамасыз етеді;
3) Ұйым операция немесе оқиға жасалуының және оны жасауға құқығының құжаттамалық куәлігі болып табылатын бастапқы құжаттардың негізінде бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінде негізгі қызметі бойынша активтермен жасалатын операциялардан есептелген кірістерді Ұйым негізгі емес қызметі шеңберінде жүргізілетін операциялардан алатын кірістерден бөлек есепке алады.
5. Ұйым негізгі қызметі бойынша активтердің тізілімін, негізінде аталған активтермен операциялар жүргізілген бастапқы құжаттарды, сондай-ақ негізгі қызметі бойынша активтер бойынша алынған кірістер туралы және бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесіндегі мәліметтерді Ұйымның жұмыс істеген кезеңі бойы сақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |