Баспасөз хабарламасы
2 қазан, 2015 жыл Атырау қаласы
2015 жылдың 2 қазанында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешендегі тәжірибелік-өнеркәсіптік жүріс барысында жаңа өнім – параксилолдың алуынуына орай ресми шара өтті.
Шараға ҚР энергетика министрлігі, «Самұрық - Қазына» ҰӘАҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ»АҚ, «ҚазМұнайГаз - өңдеу-маркетинг» АҚ-ынан өкілдер қатысты.
Ароматикалық көмірсутектер шығару кешені Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев бекіткен мұнай-газ саласының шикізаттық емес секторын – өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялы өнеркәсіптерді дамыту мақсатындағы ҚР 2003-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму стратегиясы, сондай-ақ 2004 жылы ел Үкіметі бекіткен ҚР Мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасы аясында салынды.
Қосылған құны жоғары экспорттық мұнай-химия өнімдерін шығаруға мүмкіндік беретін көмірсутек шикізатын терең өңдеуге арналған әлемдік дәрежедегі мұнай химия кешендерін құру мақсатында ҚР Үкіметі 2006 жылы Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешендерін қалыптастыру және тұңғыш қазақстандық мұнай-химия кешенін құру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітіп, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ – на Атырау мұнай өңдеу зауытындағы бензол өндірісі жобасын уақытылы іске асыруды міндеттеді.
АКШ кешенінің жобасын «SinopecEngineering» (ҚХР) компаниясы «түбегейлі тапсыру» шартымен жүзеге асырды. 2010 жылы «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен «АМӨЗ» ЖШС арасында «АКШ кешені құрылысы» жобасын жүзеге асыру үшін қаржы-несиелік келісімге қол қойылды. Технологиялар лицензиары әлемдік мұнай өңдеу өндірістері саласындағы үздік компаниялардың бірі – француздық «Axens» компаниясы. Кешен құрылысы 2014 жылы аяқталды.
Кешенді екі мақсатта пайдалануға болады: жоғары октанды тауарлық бензинді (АИ-92, АИ – 95, АИ – 98) дайындауға қажетті жоғары октанды компонент өндірісін жолға қоятын отындық нұсқа және мұнай химиясы үшін базалық шикізат ретінде қолданылатын ароматикалық көмірсутектер - 133 мың тонна/жыл бензол және 496 мың тонна/жыл параксилол өндіруге мүмкіндік беретін мұнай-химия нұсқасы. 2015 жылдың 3 шілдесінде бензолдың алғашқы партиясы алынды. Бүгінде зауыт бензолдың өнеркәсіптік партиясын шығаруға дайын. Бензол мен параксилол – мұнай өңдеудің жоғары сұранысқа ие өнімдері, олар мұнай – химия саласының алуан түрлі өнімдерін, соның ішінде капрондар, пластикалық массалар, пластикалық талшықтар алуда қолданылады. Сонымен қатар, бұл шикізаттардың бояу, ауыл шаруашылығына қажетті улы химикаттар, құрылысқа қажетті фенолформальдегидті шайыр өндірісінде, жиһаз шығаруда және дәрілік препараттар мен еріткіштер өндірісінде де маңызы зор.
Жоба аясында АКШ кешенінің қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға мүмкіндік беретін бірқатар іс-шаралар қарастырылған. Технологиялық процестер кешенді түрде автоматтандырылды, бұл өз кезегінде жабдықтардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді. Процестерді басқаруды ұйымдастыру микропроцессорлық техника және бақылау мен автоматиканың электронды құралдары базасында іске асырылды. Жабдықтар мен құбырлар және олардың бөлшектерінің материалдары ортаның агрессивтілігін, процесс өлшемдері мен пайдалану шарттары ескеріле отырып, сәтті таңдалды. Алынған ароматикалық өнімдер (ауыр және жеңіл рафинат, ксилолдар қоспасының, С9+ ароматикалық көмірсутектердің риформаты, толуол және парадиэтилбензол, бензол және параксилол, бензин компоненттері) «Ультрафлоут» қалқымалы алюминий көпірлермен, «Ультрасил» тығыздағыш қақпағымен және азотты «жастықшалармен» жарақталған. Параксилол құю процесі автоматтандырылған, ол арнайы темір жол эстакадасында жүргізіледі, ал құю кезінде бөлінетін параксилол буы рекуперациялау блогына жіберіледі. Апатты жағдай орын алса, құю жүйесі автоматты түрде тоқтайды.
Орнатылған сорғылар, компрессорлар, трансформаторлар мен желдету жүйелеріндегі шу деңгейі нормативтік талаптарға сәйкес келеді. Бүлкілді ағындарды болдырмау үшін құбырлардағы сұйықтықты араластырудың ең тиімді жылдамдығы таңдап алынды.
Қоршаған ортаны зиянды әсерлерден қорғаудың негізгі жолдарының бірі - әр жұмысшының жеке жауапкершілігі мен оның технологиялық тәртіпті сақтауы.
Санитарлық-қорғаныш аумағын көгалдандыру жұмыстарының да өндірістің зиянды әсерін бәсеңдетуде атқарар ролі орасан. Бұл орайда оқшаулау және сүзу қызметін атқаратын көшеттерден кезең-кезеңімен орман жолағын жүргізу көзделген. Көшеттердің 50 пайызын аталған кәсіпорынның қоршаған ортаға шығарындыларына мейлінше төзімді ағаш түрлері қамтымақ. Жалпы көгалдандыру аумағы 322 гектарды құрайды.
АКШ жобасының құрылысына 3800 адам қатысса, кешен пайдалануға берілгеннен соң 277 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Анықтама:
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС:
99,5% үлестің иесі «ҚазМунайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ.
«ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ - «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ 100% еншілес ұйымы.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ - көмірсутектерді барлау, өндіру және тасымалдау бойынша қазақстандық ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ 100% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына» тиесілі.
Достарыңызбен бөлісу: |