Бастауыш сынып оқушыларын психологиялық – педагогикалық диагностикалау әдістері
Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық-педагогикалық сипаты Қазіргі уақытта бастауыш мектептің оқыту кезеңіне сәйкес келетін кіші мектеп оқушыларының жас шамасы 6-7 жастан 9-11 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде мектептегі жүйелі оқыту мүмкіндігін қамтамасыз ететін баланың әрі қарайғы дене және психофизиологиялық дамуы жүзеге асады.
Мектептегі оқыту бастамасы бала дамуындағы әлеуметтік жағдайды түбірімен өзгеріске әкеледі. Ол «қоғамдық» субьект болып табылады және әлеуметтік мәні бар міндеттерге ие болады, оған қоғамдық баға алады. Кіші мектеп жасында қоршаған адамдармен жаңа қарым-қатынас түрі қалыптаса бастайды.
Кіші мектеп жасында оқу әрекеті жетекші болып табылады. Ол осы жас сатысындағы балалар психикасы дамуында болып жатқан маңызды өзгерістерді анықтайды. Оқу әрекеті шеңберінде кіші мектеп оқушыларының дамуындағы айтарлықтай жетістіктермен сипатталатын психологиялық жаңа өзгерістер қалыптасады және келесі жас сатысының дамуын қамтамасыз ететін іргетасы болып табылады. Бірте-бірте бірінші сыныпта соншалықты күшті болған оқу әрекетіне деген ұмтылысы төмендей бастайды. Бұл оқуға деген қызығушылықтың төмендеуімен байланысты. Оқу әрекетінде баланың қызығушылығын төмендетпеу үшін жаңа ерекше мәнді мәселелерге назар аудару қажет.
Ең алдымен әр ұлттың, әр халықтың дәстүрлі ойлау машығы, қабылдау ерешеліктері болатынын ескерген жөн. Осы орайда, алғашқы ғылыми психо-педагогикалық еңбектердің авторларының бірі М.Жұмабаев: «Жаратылыстану құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиіс»,- деген еді.
Бүгінгі таңда халқымыздың өмірі, тұрмыс-салты, кәсібі мүлде өзгерді. Алайда ұлттық ойлау машығымыз, дүниені қабылдау ерекшеліктеріміз тіліміз арқылы сақталып қалды. Қазіргі қазақ мектептері оқыту үрдісінде ана тіліміздің өзіндік ерекшелігін ескеруі тиіс.
Ғұлама ғалым Х.Досмұхамедұлы тіл, сөйлеу –адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін айтады. «Тіл-жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт-жойылған жұрт. Мектеп пен баланың тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл-шатасқан тіл».
Тіл – ойдың жемісі. Бала тілінің таза, ойының жетік болуына баса назар аудару қажет. Л.С.Выготскийдің пікірінше, мектепте оқытудың басталуымен ойлау баланың саналы әрекетінің орталығына ығысады. Ғылыми білімді меңгеру барысында жүзеге асатын сөздік-логикалық, пайымдап ойлаудың дамуы басқа да танымдық процестерді құрады.
Кіші мектеп жасында зейіннің дамуы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды, оның барлық қасиеті қарқынды даму үстінде болады: әсіресе зейіннің көлемі (2,1 есе) тез ұлғаяды, оның тұрақтылығы артады, зейіннің бөліну дағдысы дамиды. 9-10 жасында балалар зейінін ұзақ сақтауға қабілетті болады және берілген бағдарламаны ерікті орындайды.
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың зейіні тұрақсыз болатыны белгілі. Қабылдауға қиын көрседе, ұзақ сонар әңгімеден немесе жұмыстан бала зейіні тез шаршайды. Оны шаршатпай, баланың сабақтағы тапсырмаға зейінін ұзағырақ аударуға бірте-бірте тәрбиелеу бастауыш мектептің алғашқы кезеңіндегі қиын міндеттердің бірі. Бұған кезінде қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын жазған алғашқы авторлардың бірі М.Жұмабаевта егжей-тегжейлі тоқталып, «Абай дегеніміз сыртқы дүниедегі бір затқа, яки ішіміздегі бір жан көрінісімізге – ойға, ішкі сезімге, қайратқа жанның көнуі, нүктеленуі»,-деп жазды.
Автор оқушыларда зейін дамуы үшін әсердің күшті, жеке, жаңа болуын, жаңа алынған білім мен ескі білімнің байланысын және оның болашақ терең білімге даярлану түрінде болуын талап ете отырып, оқу жүйесінің сабақтастығына мұқият зер салады. «Жаңа алынатын білім мен ескі білімнің қатынасы болсын. Біз өзіміздің таныстарымыз, яки туыстарымыз туралы сөз естісек, құлақты түріп тыңдай қаламыз. Егер жат кісілер туралы сөз болса, тыңдамаймыз. Міне, балаға білім бергенде жақыннан алысқа таныс сөздерді алып, дыбыстарға ажырату керек... Ол кейбір оқушылардың зейіні болмау себептерін дененің һәм сезімнің шаршауынан, сезімнің толқып тұруынан, бейғамдықтан көреді.
Сондықтан оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ балаларды тыңдай білуге, одан тапсырмаларды дәл орындап жүруге үйрету керек. Сабақтарда пайдаланатын ойын элементтерін, іс-әрекеттің нәтижелі түрлерін, іс-әрекет формаларын жиі өзгерту балалар зейінін шаршатпай, бірті-бірте тұрақтылыққа тәрбиелеуге көмектеседі. М.Жұмабаев еңбегінде айтылған бұл ғылыми тұжырымдар әлі күнге өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Кіші мектеп жасында барлық басқа психикалық процесстері секілді есте сақтау қабілеті де айтарлықтай өзгеріске төзеді. Өйткені бала есі біртіндеп ерікті сипатқа ие болады.
Естің және есте сақтау механизмінің физиологиялық және психикалық ерекшеліктері бастауыш мектеп кезеңіндегі оқу үрдісін ұйымдастырғанда мықтап ескерілуі қажет. Онсыз баланың сөйлеу (жазу) дағдысының орнықты, сөздік қорының мол болуы мүмкін емес.
Мектепке жаңа келген баланың есте сақтау қабілетін дамыту ісінде Ж.Аймауытов осы мақсатқа қажетті төмендегідей шарттарды үнемі ескеріп отыруды талап етеді:
1. Түсіндірілген білімді немесе дағдыны балалар толық, дәл және айқын ұғынғанша қайталап пысықтау.
2. Меңгертілетін ұғымның балалар есінде қалатындай әсерлі болуы. Мысалы, оқушыларға жаңа сөздің мағынасын түсіндіру барсында оқыс оқиғаны, әдемі ойыншықты, әсерлі суретті т.б. пайдалану қажет.
3. Жаттау жұмыстары балалардың есте сақтау қабілетін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Алайда, мағынасын түсінбей атүсті түсініп жаттау, жаттаған өлең, жұмбақ т.б. бөліктерінің арасындағы логикалық байланысқа мән бермеу күткендегідей нәтижеге қол жеткізбейтінін көрсетті.
4. Естің көру есі және есту есі болатыны белгілі. Сауат ашу кезінде балалар есінің осы екі түрін дамытуға да назар аударып отыруы қажет. Әйтпесе, естің, бір жақты дамуы кейін балалардың ауызекі тілі мен жазу тілі арасында елеулі алшақтықтар пайда болатынын көрсетті.
5. Үйретілген ұғымдар мен дағдылардың жүйелі, бір-бірімен байланысты болуы да оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытуға оң ықпал жасайды. Әсіресе, сөз мағыналарын салыстыру, ұқсастыру, балалардың бұрыннан білетін сөздерімен байланыстыру әдістері сол сөздерді оқушылардың есінде қалдыруға мүмкіндік беретіні анықталды.
«Психология-педагогикалық диагностиканы талдау және қорытындылау әдісі»
Достарыңызбен бөлісу: |