Батыр бейнесі
Георгий Никитович Ковтунов 1918 жылы Орта Волга өлкесіндегі Самара облысы, Алексеевка ауданының Ореховка селосында дүниеге келген. Әкесі Шиелі станциясына темір жол қызметіне ауысқан оның балалық және жастық шағы Қазақстанда өтті.
Шиелі орталығындағы №12 (қазіргі №252) мектептің түлегі. Осы мектепте сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Георгий Ковтунов Ташкенттің Ленин атындағы біріккен әскери училищесіне, кейін Тбилиси әскери училищесінің артиллерия факультетіне түсті. 1939 жылы оны бітіріп шығып, лейтенант атағын алды, Иран шекарасында барлаушы дивизионы қарамағындағы 80 артиллериялық полкінің командирі қызметін атқарады, Георгий Ковтунов батарея командирі болып, 1941 жылы 22 қыркүйегінде Оңтүстік-Батыс майданына кіреді.
СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1944 жылғы 22 шілдедегі Жарлығы бойынша оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Жылдар өтіп жатты...
Георгий Ковтунов Отан шекарасының әр қадам жерін жан-тәнімен қорғайтын нағыз артил- лерист, ер жүрек офицер болып шықты. 1944 жылғы маусымының бас кезінде 1-Прибалтика майданының құрамындағы 6-гвардияшы армиясының әскерлері Белоруссияда ұрыс жүргізіп жатқан кезі болатын. Гитлершілер әлі де Витебск мен Полоцкіні ұстап тұрған. Ал 67-гвар- дияшы атқыштар дивизиясы осы екі қаланың арасында шабуылға шығып, өздерімен көршілес бөлімдерден ілгері озып кеткен еді. Дивизия бөлімдері Батыс Двина өзенінен шамамен 40 шақырымдай жерде тұрды. Сондықтан да, армия қолбасшысы Витебскіні қоршап алу мақсатымен дивизияның алдына өзеннен өтіп, жаудың қалқымалы көпірі мен өзеннің батыс жағалауынан плацдарм алу міндетін қойды. Бұл міндетті орындау Шляпиннің атқыштар полкінің екі батальоны мен гвардия подполковник Ковтуновтың гвардияшы Қызыл Тулы артиллерия полкіне тапсырылды.
Жаяу әскерлер мен артиллеристер орман ішімен түні бойы 40 шақырым жер жүріп, таң ата белгіленген жерге жетті. Ағаш арасынан қалқымалы көпір көрінді. Орманның сол жағынан шыққан тас жол соған барып тіреледі екен. Көпір бір шақырымдай жерде. Екі орта ашық, кө- пірдің алдыңғы жағында бекініс окоптары. Өзеннің екінші жағалауында – траншеялар. Бірақ, алда тұрған операцияға Ковтунов пен Шляпин өте жақсы әзірленді. Жалпы, Г.Ковтунов қа- тысқан ұрыстарда қарсыластың 600 солдаты мен офицері, 46 әскери жүгі бар көліктері, 14 артиллериялық және миномет батареясы, 31 пулемет, 51 қару-жарақ тиелген арба, 24 бақылау пункті жойылды, 8 жау танкісі жойылды.
... Үш дивизионның үшеуі де бір мезгілде оқ атты. Дереу тасадан шықты. Үстіне зеңбірек қойылған салдар суға түсірілді. Қол пулеметтері бар 4-6 адам отырған кішкентай салдар жағадан жылжи жөнелді. Олардың біреуінің үстінде Ковтунов бар. Ішіне жел үрленген резеңке қайықпен Шляпин де өзеннен өтті. Қалқымалы көпіріне жасалған шабуылға алданып қалған дұшпан, біздің өзеннен өтіп бара жатқан бөлімдерімізді кеш көріп, олардың жағаға шығуына кедергі жасауға шамалары келмей қалды. Судан өтіп келе жатып жараланған Георгий Ковтунов ұрысты бұрынғысынша басқара берді. Сағат он алтыға дейін плацдармның ені 2,5 километр, тереңдігі 800 метр кеңейтілді. Дөң үстіндегі елді мекен алынды.
Саперлер қалқымалы көпірін қалпына келтіріп, кешкісін қуып жеткен біздің танк және өздігінен жүретін батальондарымыз сол көпірден өтті. Броневиктен дивизия командирі, генерал- майор А.И.Баксов пен армия қолбасшысы генерал-лейтенант Чистяков шықты. Ол сол жерде командирге Шляпин мен Ковтуновты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынуға, ал ерлік көрсеткендердің бәрін ордендермен наградтау туралы ұсыныс жасауға бұйрық берді. Мұнан басқа хас батырдың кеудесінде екі “Қызыл Жұлдыз” ордені, 1-дәрежелі “Александр Невский”, “Ленин”, “Казан революциясы”, “Қызылту”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендері мен көптеген әскери медалдар жарқырайды. Жеңіс ме- рекесін 1945 жылы 9 мамырда (Прибалтика) Лиепая қаласында қарсы алды.
Артиллерия дивизиясының қолбасшысы әскери қызметін бейбіт өмірде де абыроймен жалғастырады. 1951 жылы М.В.Фрунзе әскери академиясын бітіріп, 1956 жылы осы академияда бас штаб, 1964-1983 жылы СССР Қорғаныс Минис-трінде кадр бөлімінің басшысы, 1983 жылы зейнеткерлікке шығады. Кеңес Одағының батыры, генерал-лейтенант Г.Ковтунов Витебск (Белоруссия) және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы. Батыр жерлесіміз көзі тірісінде мектебіне талай мәрте келіп кетті, кездесулер өткізді. Бүгінде №252 мектеп Г.Н.Ковтунов есімімен аталады. Ер есімін ұмытпайтын ұжым оның ерлігіне тағзым етіп түрлі шаралар өткізіп, батырдың есіміне лайықты жемісті еңбек етіп келеді. Батырымыз, 1987 жылы 7 мамырда дүние салды. Ол Мәскеудегі атақты Кунцев бауырластар зиратына жерленді. Сыр елі өз батырының есімін мәңгілікке сақтайды.
Әшім МОЛДАҚАРАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Достарыңызбен бөлісу: |