УӘЖДЕМЕ ТЕОРИЯСЫНЫҢ СӨЗЖАСАМДАҒЫ ОРНЫ
Шойбекова Ғ.Б.
Филология ғылымдарының кандидаты, қауымд. профессор м.а.
Ермекова Т.Н.
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Тілді, оның уәжділік сипатын қарастырумен қатар әлемнің тілдік бейнесін диахронды түрде зерделеуге тура келеді. Себебі тілдің тарихи сипаты адамның болмысымен, танымымен, санасымен, ойлауымен, практикалық тәжірибелерімен тығыз байланысты. Адамның қалыптасу тарихы әлемді практикалық игеру, танып-білу болып табылады. Ал танып-білу абстрактілі ойлауды туғызады. Абстрактілі ойлау түрлі ерекшеліктер мен қасиеттерге бай заттар мен құбылыстардың жинақталған образы болып саналады. Онда әлемді қабылдаудың ұғымдық сипаттары жатыр. Әлемнің шындық болмысы тілмен осылай байланысқа түседі. Әлемнің тілдік бейнесі деген атауға ие болған санадағы шындық болмыс белгілі бір табиғи заңдылыққа негізделіп қалыптасады. Шындық болмыс пен субъективті ойлау осы даму заңдылықтарына сүйенеді. Адам әлем бейнесін сөзге айналдырғанда екі түрлі нәрсенің басын қосады: бірінші, адамзат баласына ортақ шындық болмыс, екінші өз ұлтына тән ұлттық болмыс. Бұл екеуі сөз тудыруға әсер етеді. Адам баласымен қарым-қатынасқа түспей тұрған әлем бейнесі ол нағыз әлемнің шындық болмысы, ал ол қарым-қатынасқа түскеннен кейін адамзат миымен, санасымен, танымымен байланысып, екіншілік сипатқа ие болады. Сөйтіп әлемнің тілдік бейнесін құрайды. Демек, әлем бейнесі, әлемнің тілдік бейнесі, әлемнің ұлттық тілдік бейнесі деген ұғымдардың барлығы осымен айқындалады. Әлемнің тілдік бейнесі – сөз тудырудағы ең алғашқы, сонымен бірге, феномендік құбылыс. Әлемнің тілдік бейнесі – кез келген атаудың уәжделуіндегі тілдік заңдылық.
Тілдегі туынды сөздер, әсіресе, семантикалық тәсіл арқылы дамыған туынды сөздер әлемнің тілдік бейнесімен тығыз байланыста деп қараймыз. Туынды сөздердің мағынасын зерттеу проблемасы осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Мұны, біріншіден, туынды сөздер тілдік жүйенің мазмұндық жағынан байып, толыға түскенінен және мазмұндық жақтан баю мәселелері сөзжасамдық тұрғыдан зерттелу қажеттігінен байқауға болады. Сол себепті семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды атаулардың сөзжасамдық тұрғыдан қарастырылуы бүгінгі тіл біліміміздің негізгі мәселелеріне айналып отыр. Туынды сөздерді семантикалық талдау ғана тіл жүйесіндегі ерекше бірлік екенін анықтауға көмектеседі. Семантика сөздің өмір сүру фазаларын: мағынасының кеңеюін, тарылуын, себептерін, ерекшеліктерін, атаудың туындауындағы маңызын т.б. анықтайды. Осыны ескере отырып, осы тарауда түрлі сөздіктерді пайдаланып, сөз мағынасын, уәжділігін ашуға ұмтыламыз. Семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздің мағынасын сөз еткенде олардың бір-бірін уәждеу жолдарын сипаттап көрсетуге ұмтыламыз.
Мағыналық жақтан дамып, екі атауға ие болуын адамзат баласының әлемді қабылдауымен байланыстыруға болады. Туынды сөздердің мағынасын талдау арқылы тілдің сөздік құрамын саралауға барамыз. Осыны ескеріп бұл тарауда мынадай нәрселерді қарастырамыз:
– уәжделген сөздердің мағыналық құрылымының түзілуіндегі ерекшеліктер мен негізгі көріністер;
– сөздердің уәжделуіндегі адамзат танымының ролін анықтау;
– сөзжасамдық процестегі семантикалық өзгерістер;
– сөздердің бір-бірін уәждеудегі түрлі ерекшеліктеріне тоқталу.
Семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздердің мағыналық құрылымын қарастырғанда қайсысы уәждеуші, қайсысы уәжделуші тұлға екендігін анықтау қызметі ерекше. Екі тілдік бірліктің (туынды сөз және сол туынды сөзді жасауға негіз болған бірлік) біреуі деривацияның қайнар бұлағы – уәждеуші бірлік болса, екіншісі – деривацияның нәтижесі – уәжделген бірлік саналады.
Сөздердің уәжделіп, жаңа сөз тудыруға қабілеті жайлы көптен бері сөз болып келеді. Уәждеме туралы түсінік ежелгі философтардан бастау алады. Ежелгі грек философы Платон “бейне атауы”, “атау идеясы” деген ұғымдарды қалыптастырды. Кейінірек бұл ұғымдар “сөздің ішкі формасы” деген жалпы атауға ие болып, уәждеме теориясының негізгі белгілеріне айналды. Фердинанд де Соссюр сөздердің еркін негізделген немесе белгілі бір сөздің қасиетіне, қызметіне, сапасына, санына, түріне т.б. байланысты “қатыстық” негізделу ережелерін ескере отырып, тілде сөздердің тұлғалық, мағыналық өзгеру сипатына тоқталды. Ономасиологияда және синхронды сөзжасамда уәждеме ғылыми ұғымдардың негізгісіне айналды. Сөйтіп бұл құбылыс сөзжасамның негізі ретінде қарала бастады. Семантикалық тәсіл негізінде жасалған сөздердің уәжделу құбылысын зерттеудің өзектілігін мынадан байқауымызға болады.
1. Ф. де Соссюр айтқандай “сөздер бір-бірінің тууына негіз болмайынша, тілдің дамуы мүмкін емес” [1, 165 б.].
2. Тілдік таңбалардың бірін-бірі уәждеуінде сөзжасамдық процестердің атқаратын қызметі зор.
3. Уәжділіктің ерекше құбылысы саналатын уәжділік қатынастар синонимдік, антонимдік жүйелермен ортақ қасиетке ие. Себебі олардың мағыналық қырлары бір-бірімен байланысты.
4. Семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер арасында уәжділік қатынас жүргенмен олардың ішкі мағынасы мен қызметінде айырмашылықпен қоса ұқсастықтар да болады. Уәждеуші сөз уәжделген сөздің семантикасына, қолдану жағдайына әсер етеді.
Уәждеме теориясы ономасиология ғылымында номинация теориясымен тығыз байланысты. Себебі жаңа атау туғызуда бұл құбылыстың алар орны ерекше. Номинация – көпқырлы құбылыс. Ол сөзжасамның аясында қарастырылатын уәждеме теориясымен астасып жатыр.
Уәждеуші тұлға мен уәжделуші тұлғаның мағыналарын бір-бірінен ажыратып қарастыра отырып, оларды бір-бірінен бөлшектеуге болмайды Олар бір-біріне тәуелді бола отырып, жеке дара мағыналы сөздер жасайды. Осы тәуелділік пен еркін, азат мағыналардың арасында жүрген процесті сөжасамдық процесс деп атаймыз да, осы процестің жүруіне негіз болған мағыналарды сөзжасамдық мағыналар деп аталады. Семантикалық тәсіл нәтижесінде жасалған туынды сөз – шындық болмыстың, белгілі бір тілдік таңбаның нәтижесінде пайда болған ерекше мағыналық құрылымға ие, уәжделген сөз.
Орыс ғалымы Д.Н. Шмелев уәжділіктің анықтамасын былай береді: “Мотивированность… полная или частичная выводимость значения сложного целого из значений частей этого целого” [2, с. 101]. Ал сөзжасамдағы уәждеме теориясын арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырған ғалым И.С. Улуханов сөзжасамдық уәждемеде, кем дегенде, екі сөздің уәждемелік қарым-қатынасқа түсетіндігін айта келіп: а) екі сөз де бір түбірден тарайтындығын, ә) бір сөздің мағынасы екіншісіне толық немесе жартылай енетіндігін жазады [3, 7 б.].
Семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздердің мағыналық құрылымындағы негізгі ерекшеліктерді анықтауда оның тілдік талдау барысында ашылған түрлі семаларының орны ерекше. Туынды сөздің алғашқы номинативті мағынасы өзге мағыналарға нұсқаушылық қызмет атқарады. Мұндай белгіден біз екі түрлі нәрсені:
– тілдік талдауға қатысып отырған сөздердің бір түбірге қатысты екендігін;
– тілдік талдауға қатысып отырған кез келген сөздің шындық болмысқа қатысты екендігін айқындауымызға болады.
Сөздерді мағыналық тұрғыдан талдау туынды сөзге уәждеме заңдылығы арқылы талдау деген сөз.
Сөздің уәжделуі оның құрылымдық-семантикалық ерекшелігіне, ал сөздің дыбыстық жамылғысы оның лексикалық және құрылымдық қарым-қатынасына негізделеді. Орыс ғалымы О.И. Блинова сөздің негізделуін мынадай сызба бойынша түсіндіреді:
Дыбыстық жамылғы
Негіздемелік пішін
Негіздемелік мағына
Лексикалық мағына [4, 16 б.].
Тілдегі сөзге берілген анықтамаларда дыбыс бен мағынаның бірлігінен тұратындығы айтылып жүр. О.И. Блинованың сөздердің уәжделуін айқындаудағы түсіндірмесі осыған жақын. Ең бірінші, сөз дыбыстық жамылғыдан тұрады, екінші, дыбыстық жамылғы белгілі бір пішінді қалыптастырады, пішінге сөзжасамдық мағына тән болады деп есептейміз, одан лексикалық мағына туындайды.
Қазақ тіл білімі ғылымында уәждеме жайлы жазылған еңбектер, зерттеулер көп емес. Терминнің түрліше аталуы оның зерттеу жағы жетіспей жатқандығын көрсетеді. Мысалы мотивация, уәждеме, негіздеме, себептілік деген терминдер жарыса қолданылып жүр. Соңғы кезде ғалымдар уәждеме терминіне тоқталғанмен, қолдану барысында бірізділік байқалмайды.
Төл тіл білімімізде өсімдік атаулары, олардың зерттелуі, лексикалық құрамы, морфологиялық құрылысы, лексика-грамматикалық және семантикалық ерекшеліктері, сондай-ақ түсіндірме сөздіктерде берілу жолдары толық сипатталып көрсетілген еңбек ғалым Б. Қалиевтің “Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары” деп аталатын зерттеуі. Автор атаудың пайда болу мерзіміне, ерекшелігіне байланысты мынадай ой айтады: “Халық тарихы тым ертеден (көне дәуірден) басталатындығы мәлім. Ендеше “мына атау бірінші шықты”, “ана атау екінші шықты” деу үшін сол халықпен бірге туып, бірге жасасып, әр сөздің шығу тарихына жылнама жазу керек. Сонда ғана біз жоғарғы сұраққа дәл жауап бере алған болар едік. Бұл, әрине, ешкімнің қолынан келмейтін нәрсе. Сондықтан біз ең байырғы өсімдік атауы не ағаш пен бұтаның, не жеміс пен жидектің, болмаса астық тұқымдастарының біреуінің атауы болуы мүмкін деп жобалаймыз” [5, 5 б.]. Ғалымның пікіріне біз де қосыламыз. Себебі ғылымда біріншілік, екіншілік атауға қатысты түрлі болжамдар болғанмен, олардың жүріп өткен жолдарына тек тарих қана куәлік ете алады. Зерттеуші еңбекте өзгелердің өсімдік атаулары туралы көзқарастарына өзіндік дәлелдерін келтіріп, олардың жасалу жолдарына, уәжділігіне танымдық, тілдік тұрғыдан талдап, сипаттама береді. Бір өсімдік атауына түрлі атаудың берілуін автор өсетін орны, жеріне қарай жолжелкен, сужапырақ деп аталса, оны ненің жейтіндігіне байланысты бақажапырақ, тартаржапырақ аталынатынын сөз ете келіп: “…өсімдікке әр түрлі ат қойылып, тілімізде өсімдік атауларына байланысты синоним сөздердің немесе лексикалық варианттардың көп болу себебі оған ат қою кезіндегі таңдалынған мотивемдеріне байланысты” екендігін айтады [5, 49 б.]. Бұдан халық заттарға ат қойып, айдар тағуда олардың түрлі белгілеріне, қасиеттеріне, сынына, сапасына, қимылына, санына, қызметіне және т.б. уәждеріне байланыстылығын байқаймыз.
Семантика саласын арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырып жүрген профессор А.Б. Салқынбай уәждеме теориясының сөзжасамдағы қызметін анықтай келіп, кез келген жаңа мағыналы сөздің туындауына қажеттіліктің, себептіліктің, негізділіктің ролінің ерекше екенін сөз етеді. Түрлі тілдік деректер уәждеменің зерттеу нысанының ауқымды екенін дәлелдейді. Онда түбірлік уәждеме, негіздік негіздеме, жүйелі негіздеме, жүйесіз негіздеме деп уәжделу жолдарына қарай бөліп қарастыруды ұсынады [6, 70 б.]. Ал жоғарғы оқу орнына арналған “Қазақ тілі сөзжасамы” атты еңбекте “Уәждеме – туынды атаудың семантикалық және құрылымдық жағынан өзін құраушы сыңарларының мағынасына негізделуі; номинациялық атаудың мағынасы құрамындағы себепші негіз бен сөз тудырушы тұлғалардың мағынасы арқылы ерекше мәнге ие”сөздерді қарастыратын сөзжасамдық теория екендігін атап өтіп, кей жеке тіл білімінде сөзжасамдық уәждеме саласы жеке сала ретінде танылып жүргендігін айтып өтеді [7, 97 б.].
Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздердің уәжділігін қарастырған Б.Қ. Қасым туынды сөздердің уәждемесін зерттеуді үш тұрғыдан қарастырады. Біріншіден, оны шындық болмыстың бейнесі ретінде қарастырса, екінші, лексикалық уәжделу тұрғысынан; үшінші, шындық болмысты ұғым, түсінікпен сәйкестендіріп үлгілеу арқылы сөзжасамдық уәжделу жолымен қарастыруды қажет деп санайды. Сонымен қатар уәждеме заңдылығын кешенді түрде: уәждеменің онтологиялық қызметін, семантикалық қызметін, қолданыс әрекетін, лексика жүйесіне қатыстылығын ашып көрсетеді [8, 97 б.].
Уәждеме теориясы жөнінде кандидаттық диссертация негізінде жазылған Ұ. Әділбаеваның, М. Сәрсембаеваның, Ж. Әкімішеваның еңбектерін атап өтуімізге болады.
Тіліміздегі өсімдік атауының уәжділігі жайында жазылған Ұ. Әділбаеваның зерттеу жұмысында уәж, уәжділік теориясы туралы, олардың термин ретіндегі ролін, орнын, өзге ғылым салаларындағы уәжділіктің ұғымдық сипаттарын, сөзжасаммен байланысын, номинация теориясымен арақатынасын өсімдік атауларын негізге ала отырып жазған. Өсімдік атауларына байланысты уәжділікті төрт түрге бөліп қарастырады:
– дыбыстық уәжділік,
– морфологиялық-синтетикалық уәжділік,
– синтаксистік-аналитикалық уәжділік,
– лексика-семантикалық уәжділік [9, 11 б.].
Зерттеуші сөзжасам тәсілдерінің негізінде осындай төрт түрге бөліп алып, уәжділікке мынадай анықтама береді: “Уәжділік – лексикологияның сөз бен заттың арасындағы ат беру сәтіндегі байланысын зерттейтін бөлімі”. Уәжділік сөздердің жасалуындағы, атау мәніне көшудегі заңдылық деп есептелсе, лексикологияда олар тек дайын болған қалпынан кейін зерттеу нысаны бола алады. Ал уәжділікте сөздің жасалу процесі қарастырылады да, сөзжасамның нысанына енеді. Осы секілді пікір Ж. Әкімішеваның “Ою-өрнек атауларының уәждемесі және таңбалық табиғаты (линвомәдени аспект)” атты зерттеуінде кездеседі: “Уәждеме – ат қою сәтіндегі сөз бен зат арасындағы байланысты қарастыруды мақсат ететін, сонымен қатар тілдің белгілі бір даму кезеңіндегі сөз уәжінің жағдайын, табиғатын қарастыратын лексикологияның бір саласы” [10, 18 б.]. Автордың өзі зат пен атау байланысы ғалымдар зерттеуінде шашырандылық сипатта екендігін айтып өтеді: мотивировка, мотивировкалау, мотивация, мотивациялау, негіздеме, дәлелдеме, уәждеме деген терминдермен араласып келіп жататындығын сөз етеді. Дұрысы, “ мотивированность ” – уәжділік, ал “мотивация” – уәждеме деп атаған жөн. Себебі бүгінгі лингвистикада, сонымен қатар тіл бірліктерін зерттеудегі терминдердің алатын орындары осыны талап етіп отыр деген тұжырым жасаймыз.
Ғылымда танылған:
– толық уәжділік;
– жартылай уәжділік;
– жүйелі уәжділік;
– жүйесіз уәжділік секілді бөлу арқылы жүйелеу барлық зерттеушілер еңбектерінде бар.
Жоғарыдағы орыс тіл білімінде, қазақ тіл білімінде уәждемеге берілген анықтамаларды саралап, тұжырымдағанда: уәждеме – әлемнің тілдік бейнесін қалыптастыратын, тіліміздегі барлық сөздердің алғашқыда танымдық уәжделу арқылы, кейіннен тілдік (фонетика-семантикалық, семантикалық, синтетика-семантикалық, аналитика-семантикалық) уәжделу арқылы туындайтын мағыналары нәтижесінде адамзат баласының тілдік қажеттілігін қанағаттандыратын заңдылық деп тануымызға болады [11].
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Ф. де Соссюр. Труды по языкознанию. – Москва: Прогресс, 1974. – 695 с.
2 Шмелев Д.Н. Проблемы семантического анализа лексики. – Москва: Наука, 1973. – 280 с.
3 Улуханов И.С. Словообразовательная семантика в русском языке и принципы ее описания. – Москва: Наука, 1977. – 255 с.
4 Блинова О.И. Явление мотивации слов. – Томск: Изд. Томского ун-та, 1984. – 191 с.
5 Қалиев Б. Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары. Алматы: Ғылым, 1988. 159 б.
6 Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект). – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 309 б.
7 Салқынбай А.Б. Қазақ тілі сөзжасамы. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 271 б.
8 Қасым Б.Қ. Сөзжасам: Семантика. Уәждеме. – Алматы: АлМУ, 2003. – 167 б.
9 Әділбаева Ұ. Қазақ тіліндегі өсімдік атауларының уәжділігі: Филол. ғыл. канд. дис.: 10.02.02. – Алматы: ҚазМҰУ, 2001. – 121 б.
10 Әкімішева Ж. Ою-өрнек атауларының уәждемесі және таңбалық табиғаты (лингвомәдени аспект): Филол. ғыл. канд. дис.: 10.02.19. – Алматы: ҚазҰУ, 2004. – 120 б.
11 Туынды сөздердің мағыналық ерекшелігі мен уәжділігі (семантикалық тәсіл): Филол. ғыл. канд. дис.: 10.02.02. – Алматы: ҚазМҰУ, 2006. – 134 б.
Достарыңызбен бөлісу: |