Батырбек датқа кесенесі



Дата23.05.2022
өлшемі16.14 Kb.
#458542
Батырбек датқа кесенесі


Батырбек датқа кесенесі
Батырбек датқа (шамамен 1795 – 1885) кесенесі Жуалы ауданы, Күреңбел ауылынан батысқа қарай 7 шақырым, Қоңыртөбе ауылынан солтүстік-батыста 3 шақырым жерде орналасқан.
Батырбек Рысбекұлының қабірінің үстіне тұрғызылған кесене Қаратау мен Боралдай жоталарының арасындағы тауаралық алқаптың ортасында орналасқан. Кесене шағын төбенің үстінде, алты қырлы етіп күйдірілген кесектен өрілген. Қабырғаларының ұзындығы 2,8 м, биіктігі 6 м, төбесі алты қырлы метал күмбезбен жабылған.
Қилы заманда халқына пана болған тарихи түлғалардың бірі Батырбек датқа жоңғар шапқыншылығында ерекше ерлігімен көзге түскен, алты алашты ерлігіне тәнті еткен Рысбек батырдың үлкен ұлы.
Халық жадында қоқандықтарға қарсы халықтың мүддесін қорғаған жауынгер әрі шебер саясаткер, ислам дініне, салт-дәстүрге өте берік, еліне, халқына шын берілген кемеңгер тұлға ретінде танылған.
Батырбек Рысбекұлы ел, ру арасында аса беделді тұлға ретінде қалыптасып, өңірдегі қоқан билігі үстемдік құрып тұрған шақта «датқа» деген шен иеленіп, ел басқару ісіне араласқан.
Батырбек Рысбекұлы Оңтүстік өңірлердегі Байзақ, Шоқай, Сапақ сынды беделді ел басқарған тұлғалармен замандас, ру басыларының қатарында болды. Өз заманындағы саяси-әлеуметтік мәселелерге қызу араласып, халық тағдырына ара түскен қоғам қайраткері ретінде де ел аузында айтылып жүрген аңыз әңгімелердің желісіне арқау болған кейіпкерге айналған. Есімі сол заманның шындығын суреттеген аузы дуалы атақты ақындар жырынан да орын алып, сөз болуы тегін болмаса керек. Шөже, Сүйінбай, Майлықожа, Мәделіқожа жырларында суреттелген Батырбек датқа бейнесін танып-бағалауы соның мысалы болып табылады. Орыс генералы Черняев: «Бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт дәстүріне өте берік. Орыстарды жат дінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда оңтүстік өңірде халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды» – деп мінездеме берген.
Батырбек датқа Сайрам, Талас аудандарында сәулетті мешіт – медресе салдырған. Түлкібасы, Жуалы, Талас аудандарында суармалы егіншілікті, диханшылықты дамытуда каналдар қаздырып, тоғандар салдырған.
Кеңес өкіметінің тұсында Батырбек датқаның басына Т.Рысқұлов, Қ.Қошмамбетов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Б.Момышұлы, А.Асқаров, Д.Қонаев т.б. қайраткерлеріміз келіп зиярат еткен.
Пайдаланған әдебиеттер.

  1. Байдалиев Д.Д.. Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы. Тараз, 2007, 108 б.

  2. Байдалиев Д.Ж, Байдалиев Д.Д. Жуалы-батырлар мекені. Тараз: Формат-Принт, 2018, 89б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет