Батыс Қазақстан аймағында 2008 жылы 26 сәуірде болған Шалқар жерсілкінісі туралы Әлқуат Нұрмағамбетов



Дата25.02.2016
өлшемі63.38 Kb.
#22060


«ҚазҰТУ хабаршысы, 2009 ж.
Батыс Қазақстан аймағында 2008 жылы 26 сәуірде

болған Шалқар жерсілкінісі туралы
Әлқуат Нұрмағамбетов

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Алматы қ.
2008 жылы 26 сәуірде Батыс Қазақстан облысында ірі жерсілкінісі болды. Оның эпицентрі Орал қаласынан 80 км оңтүстік-шығыста, Шалқар көлінің шығыс жағында орналасқан. Әлемдік сейсмикалық станциялар жүйесі мағлұматтары бойынша: уақыты t0=19 сағ.14 м.50 сек. (жергілікті уақытпен); координаталары =50,56 с.е., = 51,82 ш.б.; ошақ тереңдігі Н  5 км; магнитудасы mb=5,3 (MS=4,6) (1-сурет). Эпицентрге жақын орналасқан Теректі ауданы Рыбцех ауылында сілкініс күші шамамен 6 баллға жеткен.

1-сурет


Жерсілкінісі эпицентрінің орналасуы

(крест – сілкініс эпицентрі)

Қазақстанның ресми сейсмикалық аудандау картасы бойынша (2-сурет) Батыс Қазақстан аймағының сейсмикалық потенциалы төмен, жергілікті сілкініс ошақтарының күші жер бетінде 4-5 баллға дейін, ошақтары сырт жерде орналасқан сілкіністердің жаңғырығы 5 баллдан аспайды деген қағида орныққан. Бұған дәлел ретінде осы күнге дейін бұл аймақта тіркелген ірі жергілікті сілкіністер ошағының жоқтығы болды.

Дегенмен, бұл өлкеде кішігірім әлсіз сілкіністердің болып тұратыны жайлы деректер, кейінгі кезде кейбір ғылыми мақалаларда, айтылып жүр (мәселен, [1]). Бұл мақаланың авторлары әлемдік сейсмикалық бюллетендерді талдау нәтижесінде, Батыс Қазақстан жерінде болған бірнеше жерсілкіну эпицентрлерін тапқан. Жиналған деректерді талдай келе, олар бұл аймақта жерсілкіну қауіптілігі барлығын және оны жан-жақты зерттеу қажеттілігін атап көрсетті.


2-сурет


Қазақстанның ресми сейсмикалық аудандау картасының фрагменті
Айта кететін жәйт, Кеңес үкіметі кезінде жан-жақты сейсмологиялық зерттеулер тек қана жерсілкіну қауіптілігі жоғары орогендік белдемдерде жүргізілді. Ал, жерсілкіну қауіптілігі төмен, платформалық аймақтарға, өкінішке орай, аса көңіл бөлінбеді. Дегенмен, ірі жерсілкіністері платформалық аймақтарда (сиректе болса) болып тұратыны белгілі. Тек ХХ ғасырда ғана, Орта Азияда орналасқан Тұран тақтасында, магнитудасы М=6,5-7,8 бірнеше апатты жерсілкінулер болды. Кейінгі 25-30 жылда жерсілкіну қауіптілігі төмен деп саналатын Орталық Қазақстанда бірнеше жерасты дүмпулері болып өтті [2].

2008 жылдың 26 сәуірінде Шалқар көлі маңында болған 6 баллдық жерсілкінісі, бұл кездейсоқ құбылыс емес. Кейбір ақпараттық құралдар жерсілкінісін Каспий маңы ойпатындағы қарқынды игеріліп жатқан мұнай-газ кенорындары әсерінен болған техногендік жерсілкінісі деп жазды. Бұл тұрғыдан сейсмолог-мамандар арасында да осындай көзқарастар бар екендігін айта кеткен жөн: «... Батыс Қазақстан облысында болған жерсілкінуі Шалқар көлінен 140 км солтүстік-шағыста орналасқан Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенорнында жүргізіліп жатқан жұмыстармен байланысты. Өйткені, Қарашығанақ кенорны мен Шалқар көлі бір жарылымның бойында орналасқан ...» деген пікірлер айтылды («Литер» газеті, 2008 жыл 7 мамыр).

Дегенмен, мұндай көзқарасты қолдамайтын фактілер бар. Алдымен айта кететін жәйт, бұл кейінгі 30 жыл шамасында осы ауданда болған үшінші жерсілкінісі болып табылады (1-кесте). Алдыңғы екі жерсілкінісінің эпицентрлері де (1976 және 1989 жылдары) осы ауданда орналасқан.

Енді жерсілкіну эпицентрі орналасқан Шалқар көліне келсек, ол Орал бассейніндегі ірі ішкі су қоймасы болып саналады. Геологиялық тұрғыдан ол Каспий маңы ойпаты мен Төменгі Орал бор үстірті шекарасындағы тұзды массивтің ортасындағы, ұзындығы 18 км ені 15 км қазаншұңқырда орналасқан. Көлдің солтүстігінде және оңтүстігінде биіктігі 80 м, мұнара тәрізді Сантас және Сасай таулары орналасқан. Бұл таулар тұзды күмбездің көтеріңкі ернеуі (борты) болып саналады. Сасай тауының іргесі қалың тұзды қатқабаттан тұрады, ал оның төңірегінде дөңгелек пішінді сумен толған карст воронкалары кездеседі [4,5].

1 кесте.

Шалқар сілкінісі аумағында болған ертеректегі сілкіністер тізімі



Күні,айы,

жылы


Уақыты

Ендік,

N


Бойлық,

E


Магнитуда,

m b



Деректер көзі







26.06.1976

11:02:04.0

50.33°

51.02°

3.8

ISC




14.05.1989

11:46:56.0

50.87°

51.38°

4.5

ISC, NEIC



Шалқар көлінің пайда болу тарихы әлі күнге дейін ғалымдарды таңдандыруда. Оның деңгейі Каспий теңізі деңгейімен синхронды өзгеріп отырады. Бұл деген Шалқар көлі мен Каспий теңізі акваториясын қосатын, тектоникалық жарылым арқылы таралатын, жерасты жарықшақ суы бар екендігінің дәлелі [5].

Каспий маңы ойпатында басқа да ірі көлдер бар екені белгілі, мәселен, Басқұншақ, Эльтон, Индер. Эльтон және Индер көлдері ертеден тұз шығаратын кенорны болып саналады. Бұл көлдердің тегі карстық процесстермен байланысты, яғни қазаншұқырдың пайда болуы жер бетіне жақын орналасқан тез еритін таужыныстарға (әктас, гипс, тас тұзы және т.б.) байланысты. Жер қойнауындағы тез еритін таужыныстарды кескілеген тектоникалық жарылымдар немесе олардың бір-бірімен қиылысқан жерлерінде жерасты суының таралуынан карстық қуыстар пайда болады. Мұндай қазаншұқырлардың сыртқы пішіні дөңгелек және ондағы судың минералдылық деңгейі жоғары болады. Бұл әлемдік практикада белгілі құбылыс.

Шалқар жерсілкінісінің эпицентрі Каспий маңы ойпатының солтүстік беткейінде орналасқан, мұнда шөгінді таужыныстар тысының (тыс – чехол) қалыңдығы (кристаллдық фундаментке дейін) 15-18 км-ге жетеді. Тыстың ерекшеліктерінің бірі – оның құрамында тұзасты және тұзүсті құрылымдық-формациялық комплекстерге бөлетін, қалыңдығы 3-4 км-ге дейін тұзды қатқабаттың болуы [6]. 26 сәуірдегі жерсілкіну эпицентрі тұзды күмбездің жер бетіне шығатын жеріне сәйкес келеді.

Аймақтың геологиялық-тектоникалық карталары бойынша, Шалқар көлі мен Қарашығанақ кенорнын қосатын тікелей тектоникалық жарылым жоқ. Геолог А.Великановтың деректері бойынша [3], ғарыштық түсірілімді бажайлау нәтижесінде табылған ірі тектоникалық жырылым, Шалқар көлі арқылы солтүстік-шағысқа бағытталған, ол Қарашығанақ кенорнынан солтүстік-батысында 20 км қашықтықта өтеді. Кішігірім, жер бетіне жақын орналасқан тектоникалық жарылымдар болса, олар әр бағытта таралып, Шалқар көлінде бір-бірімен түйісетінін көреміз (3 - сурет).

3-сурет


Шалқар көлі маңындағы ғарыштық түсірілім бойынша

анықталған кішігірім жарылымдар схемасы [3].

Үшбұрыш – Қарашығанақ кенорны

Бұған қосымша, Б. А. Соловьёвтің [6] деректері бойынша, Шалқар көлі мен Қарашығанақ кенорны жоғарыда аталған тектоникалық жарылыммен бөлінген әр түрлі карбонаттық массивтерде орналасқан.

Сонымен, жоғарыда келтірілген деректерді тұжырымдай келе, 2008 жылы 26 сәуірде Шалқар көлі маңында болған жерсілкінісі, осы ауданда жүріп жатқан табиғи карстық процесспен байланысты. 3-4 км тереңдікте, кішігірім тектоникалық жарылымдар қиылысында орналасқан, тез еритін таужыныстар арқылы таралатын жерасты суы карстық қуыс (үңгір) туындатады, оның төбесіндегі таужыныстар қатқабаттары құлап, жер бетінде сілкініс тудырады. Міне, жерсілкінісі болуының басты себебі осы болуы ықтимал.

А.Великанов [3] сонымен қатар, тұзды қатқабатта жүріп жатқан белсенді тұзды диапиризм процессі, яғни иілімді (пластичный) тастұзы қабаты тұзды күмбезге және диапир қатпарларына айналуы да жерсілкінісіне себеп болу ықтималдығын айтады. Мұндай күш көзі, осы аймақта (Каспий маңы ойпатында) жүріп жатқан метаморфизм процессіне байланысты болуы ықтимал деп көрсетеді.



ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Н.Н. Михайлова, А.И. Неделков, И.Н. Соколова, Г.С. Султанова. О сейсмической опасности Западного Казахстана. Мониторинг ядерных испытаний и их последствий.// Четвертая Международная конференция, Боровое, 14 - 18 августа 2006 г., тез. докл. - Курчатов: НЯЦ РК, 2006. - С. 80 – 81.

  2. Михайлова Н.Н., Неделков А.И., Соколова И.Н., Султанова Г.С. Новые данные о сейсмичности Западного Казахстана.// Седьмые геофизические чтения им. Федынского В.В. тез. докл. - 2005.

  3. Михайлова Н.Н., Великанов А.Е. К вопросу о природе Шалкарского землетрясения в Западном Казахстане 26 преля 2008 г. Тез. док. на V Межд. конф. «Мониторинг ядерных испытаний и их последствий». 2008.С.78-81.

  4. Шевченко, К. Шалкарский контраст: Озеро Шалкар / К. Шевченко // Пульс. - 6 июля 2006. - С. 7.

  5. Киянский, В. Шалкар – Брат Каспия / В. Киянский // Приуралье. - 10 марта 1994.

  6. Соловьев, Б. А. Этапы эволюции и нефтегазоносность осадочного чехла Прикаспийской впадины / Соловьев Б. А. // Геология нефти и газа, 1992. - № 08





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет