Батыс сібір жазығЫ



бет1/2
Дата22.04.2024
өлшемі18.39 Kb.
#499462
  1   2
Батыс сібір, Каспий маңы ойпаты


БАТЫС СІБІР ЖАЗЫҒЫ
Қазақстанның азғана қиыр солтүстік бөлігін Батыс Сібір жазығы алып жатыр. Ол оңтүстігінде көтеріңкі Сарыарқа жазығымен шектескен. Батысы Орал сырты үстіртіне дейін, шығысы Алтай тауына дейін ені 200-250 км, Ертіс бойында 300 км-ге дейін, 1400 км ұзындықта жіңішке белдеу түрінде созылып жатыр. Территория батысында Орал тауы, шығысында Алтай тауымен қоршалып, солтүстіктен оңтүстікке қарай ашық болуы оның климатының, табиғат кешенінің ерекшелігін анықтайды.
Қазақстан жерінде Батыс Сібір климаты шұғыл континенттігімен көзге түседі. Ол географиялық орнымен және жер бедерімен байланысты. Қыста солтүстіктен арктикалық ауа массасының, ал жазда Орта Азиядан келетін құрғақ континенттік ауа массасының еркін енуімен анықталады. Сол сияқты қыста Сібір антициклонының әсері күшті байқалады. Сондықтан атмосфералық жауын-шашынның (350 мм шамасында) 60%-ке жуығы жаз айларында түседі.
Жазы біршама ыстық, шілденің орташа температурасы 4-18-20° аралығында байқалады. Ал қыс едәуір суық және созылмалы, қалың қарлы болып келеді. Қаңтардың орташа температурасы -17°-19° шамасында. Бірақ, -30°-35° аязды күндер жиі болады. Қыста континенттік арктикалық ауаның енуімен байланысты аязды күндер әдетте үскірікті және бұрқасынды болып келеді. Ал жазда Орта Азиядан келетін ыстық, әрі құрғақ ауа атмосфералық қуаңшылықтың орнауына себеп болады.
Өзендері мен көлдері. Батыс Сібірдің Қазақстан жеріндегі өзен торабынан Тобыл мен Есіл ағып шығады және Ертіс өзені ағып өтеді. Бұлардан басқа тұйық көлдерге құятын немесе сағасыз, жазға қарай өз араналарында тартылып қалатын Шағалалы, Сілеті, Шідерті тағы сол сияқты бір қатар ұсақ өзендер кездеседі. Бұлардың барлығы дерлік (Ертістен басқасы) қар суынан қоректенетіндіктен (90%), көктемде тасиды. Мысалы, Есіл өзені тасыған кезде оның деңгейі 5 м-ден 10 м-ге дейін көтеріліп, 8-10 километрлік жайылмасы су астында қалады. Судың арнасынан шығып кетуі де болып тұрады. Мұнда көлдер де көп. Олардың ішіндегі ірілері Құсмұрын, Шағалалытеңіз, Сілетітеңіз, Теке және Қызылқан. Бұлардың ішінде Шағалалатеңізден басқасы және толып жатқан ұсақ көлдердің көбісі ащы болып саналады. Жер асты суының қоры да мол. Судың қай түрінің болмасын қолданылуы нашар. Келешекте егістікті және көкөністі жерлерді суландыру мақсатымен Есіл өзенінің бойында бірнеше бөгендер тұрғызу көзделіп отыр.
Орманды дала зонасының өсімдік жамылғысы, Қазақстан жерінде өз ерекшеліктерімен сипатталады. Мұнда орман шоқтарының ауданы кішілеу, далалық түрлері басым. Сондықтан құрғаққа төзімді түрлі шөптесін өсімдіктер нашар қордаланған қара топырақта дамыған. Далалық өсімдіктерден кең тарағандары қызғылт сабақты боз, жұмыр түпті бетеге, бұралған жер сабақты бидайық және т. б. Шалғын қарабас пен қылтықсыз арпабас та кең тараған. Бұлармен аралас ашық-жасыл шатыр гүлді сәбізшөп және басқа жұпар иісті гүлдер өседі. Сары гүлді беде мен көк түсті бұршақ тұқымдастары кездеседі. Орман шоқтары негізінен қайың мен көктеректен түзілген. Жалпы Қазақстан жеріндегі орман шоқтары қайың ағаштарының басымдылығымен ерекшеленеді.
Сүтқоректілерден кемірушілер кең тараған. Атап айтқанда, сұртышқан, дала ала қоржыны, жер қояны (қосаяқтардың ішіндегі ең ірісі), жоңғар аламаны, қызыл жақ сарышұнақ сияқты тұрақты жануарлары бар. Жыртқыштардан кең тарағаны қасқыр, түлкі және дала күзені. Бұл жерден тайганың байырғы түрлері сасық күзен мен ақ тышқандарды да кездестіруге болады.
Топырақ жамылғысында оңтүстік қара топырақ пен лёсс тәріздес саздық үстінде дамыған қоңыр күрең топырақ басым. Өсімдік жамылғысы түрлі шөптесінді-бозды және боздыбетегелі топтардан түзілген. Өзен аңғарларындағы аллювийлі сор және сортаң топырақта сор шөп, ылғал қалағыш түрлі шөптесін аралас қалың қамыс өседі. Қолаттар бойымен және қырқа арасындағы ойпаңдарда қарағай шоқтары, кей жерлерінде қайың және тал аралас қарағайлы ормандар кездеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет