1.3.2.6. Газды зерттеу үшін жинау тәсілдері
Алынатын газдарды жинау тәсілдері олардың қасиетімен анықталады. Егер газдың аз мөлшері ғана керек болса, онда сынауыққа жинауға болады. Егер газды біршама уақыт сақтау керек болса, онда сынауықты жақсы таңдап алынған тығынмен жабады. Газ тәрізді заттармен жұмыс істегенде диаметрі 2, 3 және 4 мм болатын әртүрлі иілген бірнеше түтіктердің жиынтығы болуы керек. Сонымен бірге каучук түтіктермен аспапқа жалғастыруға болатын қысқа, әртүрлі иілген түтіктер болғаны жөн. Барлық түтіктердің ұштары балқытылған болуы керек.
1.Газды ауаны ығыстырып шығару арқылы жинау. Газ алуға арналған құтыны немесе сынауықты тұрғыға орнатады. Газ шығатын түтіктің ұшын газқабылдағыш сынауықтың түбіне дейін түсіреді. Егер газдың тығыздығы шамамен ауаның тығыздығына тең немесе одан үлкен болса, онда тесігі жоғары қаратылып тігінен қойылған ашық сынауыққа жинайды. ("Оттек" тақырыбындағы суретті қараңдар). Егер газ ауадан жеңіл болса, газқабылдағыш сынауықты төмен қаратып ұстайды (немесе тұрғыға орнатады).
2.Газды су үстінде жинау. Газды су үстінде жинау үшін астауша қажет. Мұндай астауша ретінде кішкене ғана кристалдандырғыш, кәрлен тостаған немесе ұқсас басқа ыдыс қолдануға болады. Газ жинайтын сынауықты сумен толтырып, тесігін саусақпен жауып, түбін жоғары қаратып суы бар астаушаға салады.
Судың астында сынауықты ақырын ашып, оның ішіндегі су төгілмейтіндей етіп қояды. Реакциялық ыдыстан барлық ауа бөлінетін газбен ығыстырылғанда, газ шығатын түтіктің ұшын суға салып, газқабылдағыш сынауықтың тесігінің астына әкеледі ("Оттек" тақырыбындағы суретті қараңдар). Сынауықты газбен толтырып, оны судың астында саусақпен немесе тығынмен жауып, астаушадан шығарып алады.
Егер газды қыздыру арқылы алатын болса, онда газ шығатын түтіктің ұшын газқабылдағыш толған соң дереу астаушадан шығарады, себебі аспап суығанда оған су тартылуы мүмкін. Егер бөлінетін газдың түсі мен иісін немесе оның жануын белгілеу керек болса, онда газды бөлек ыдысқа жинау қажет емес. Газдың түсі сынауық шынысы арқылы көрінеді, ал иісін қолды жеңіл желпу арқылы газ ағынын өздеріңе қарай бағыттап білуге болады (1-суретті қараңдар).
Қажет болған жағдайда газды шайғыш шынысауыттағы сумен немесе қандай да болмасын кептіргіш толтырылған сәйкес келетін ерітіндімен тазалайды және кептіреді. Бұл шынысауыттарды газ алатын аппарат пен газ қабылдағыштың арасына орналастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |