БЕРЛИНДЕ ЖЕҢІС КҮНІНЕ ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылының тумасы Бәдигүл Әлімжанқызы 1941 жылы Аягөз қаласындағы №8 орта мектебінің 8-ші сыныбын бітірген соң сол қаладағы теміржол депосына жұмысқа түседі. 1942 жылы аудандық әскери комиссариат Алматыға «Су құбыры жөндеу цехының» курсына оқуға жібереді. Курстан соң өзі сұранып майданға аттанады. Бір топ жастар Алматыдан эшелонмен жау басын алып талқандаған Украинада Дон қаласында жұмысқа кіріседі. Соғыс жүріп жатыр. Жау бомбасынан аман қалған 30 қыз алғы шептегі 1-Белорусь майданына келіп қосылады. Бәдигүл мұнда байланысшы болып істейді. Майдандас құрбылары Анна Кабовская, Шеголихина Лилия, Фоменко Мария т.б. Радио-телеграф байланыс бастығы майор Гумаченконың басшылығымен соғыста жеңіс күнін жақындатуға өлімге бас тігіп, жан аямадың-дейді Бәдигүл апа сол бір ауыр күндерді еске алып. Белоруссияның Могилев қаласын босатуда жау самолеті үш сағат бомбалап талай боздақ оққа ұшты. Бәдигүл байланысшы болғандықтан үнемі алғы шепте болады. 1945 жылдың 25 сәуірінде Дрезден қаласы арқылы Берлинге енеді. Жеңіс күнін Рейхстаг жанында қарсы алады. Жауынгерлерді командир генерал Борисов жеңіс күнімен құттықтайды. Бәдигүл апа 1946 жылы соғыс зардабынан қатты сырқаттанып, елге оралады. Содан еңбекке 1947 жылы кірісуге шамасы келеді. Елдегі әке-шешесі жалғыз ұлдары Сәмет Сталинград түбінде қаза болып, хабар келгенде уайымдап ауруға ұшыраған. Бәдигүл аман оралғанына қууанып, ауылдас азамат Сүлейменов Қазезге ұзатады. Марат, Жұмағайша атты екі немере сүйіп, қуанышқа бөленеді. Қазір Марат теміржолшы, Жұмағайша-медбике. Семей қаласында тұрады. Олар аналары Бәдигүлдің Отан соғысындағы ерлігін мақтан етеді. Мақтанса мақтанарындай. 7-8 Ұлы жеңістің атаулы жылдары медальдары және «ҚСРО маршалы Г. Жуковтың», «Соғыс ардагері» медалімен марапатталған. Оның үстіне қазақ қыздары ішінде алғашқылардың бірі болып, Германия жерінде Берлин қаласында Жеңіс күнін қуанышпен қарсы алған қыз Бәдигүл. Сондықтан да Бәдигүлдей қазақ қыздары бүкіл қазақ жұртшылығының мақтанышы десе де болады.
Мәуітқазы Зүкенов, ардагер журналист.
Достарыңызбен бөлісу: |