Білім сапасы мен ұрпақ тәрбиесі – мемлекет саясатындағы негізгі басымдық



Дата22.02.2016
өлшемі120.19 Kb.
#1560
Білім сапасы мен ұрпақ тәрбиесі – мемлекет саясатындағы негізгі басымдық

(Қызылорда облысының білім беру жүйесі туралы талдау материал)


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ««Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласындағы басты міндеттер мен басымдықтарды саралай отырып, оқытудың тиімді жүйесін құру, ғылыми-зерттеулерді әлемдік деңгейге шығару мен ғылымның инновациялық үдеріске тікелей қосылуына қол жеткізу жолдарын белгілеп берді. Өйткені білімді ұрпақ – мемлекет тірегі.

Қызылорда облысында 847 білім беру ұйымы оның ішінде, 470 мектепке дейінгі білім мекемесі, 292 жалпы білім беру ұйымы 8 кешкі мектеп, 37 техникалық және кәсіптік білім мекемесі, 20 қосымша білім беру ұйымы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, жастар үйі, 17 арнайы білім беру ұйымы жұмыс жасайды.

Білім саласына облыста бөлінген қаржы көлемі 2012 жылы 32761,8 млн. теңге болатын болса, 2013 жылы 58270,9 млн. теңгені құрады. Биылғы жылы 12 мектеп, 6 балабақша салынып, пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 8 білім беру мекемесі пайдалануға берілетін болады. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап 3 ауысымда оқитын мектептер мәселесі шешілді. Апатты жағдайдағы мектептер саны нақты әрекеттің нәтижесінде азайып келеді.

2012-2013 оқу жылының аяғында облыс мектептерінің күрделі жөндеуіне жергілікті бюджеттен 499,1 млн.теңге бөлініп, игерілді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында 372,0 млн. теңге қаржы қаралды.

Оқушыларға сапалы білім берудің маңызды құрамдас бөлігі білім беру ұйымдарының жаңа технологиялық құрылғылармен қамтамасыз етілуі. Үстіміздегі оқу жылы жергілікті бюджеттен жаңартылған үлгідегі пәндік кабинеттермен қамтамасыз етуге 122,9 млн. теңге қаржы бөлінді.

Сонымен бірге, облыстағы білім беру ұйымдарында толыққанды ақпараттық орта құру жұмыстары жүргізіліп келеді. 2012 жылы 1 компьютерге 14 оқушыдан келсе, үстіміздегі оқу жылында 1 компьютерге 12 оқушыдан келеді.

Білім беру ұйымдарына электронды оқыту жүйесін енгізу жұмыстары басталып, 30 мекемеде (25-мектеп, 5-колледж) эксперимент ретінде енгізілді. Үстіміздегі оқу жылында аталған жұмыстар жалғастырылып, 22 білім беру ұйымында электронды оқыту жүйесі енгізілетін болады (РБ).

Осы бағытта планшеттік технологиямен оқыту жүйесі облыста 3 мектепте енгізілсе, ІPAD сыныбы 2 мектепте ашылып отыр.

2008 жылдан бастап, Назарбаев зияткерлік мектептері жобасы білім кеңістігіне енді. Мұғалімдердің жаңа буынын қалыптастырып, оқушылардың өздігінен білім алуына бағытталған осы инновациялық жоба елімізде қарқынды жүзеге асырылып, барлық білім ордаларына озат тәжірибесін таратуды жүзеге асыруда, облысымызда екі Назарбаев базалық мектебі құрылды. Биылғы оқу жылы көптен күткен Сыр өңірінің облыс орталығында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылғалы отыр.

Облысымызда педагог кәсібін, олардың озық тәжірибелері мен жетістіктерін насихаттау мақсатында биыл педагогикалық қызметте жоғары жетістіктері бар бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне облыс әкімінің сыйақысы 10 номинация бойынша тағайындалғалы отыр. Бұл мақсатта бюджеттен 40,0 млн. теңге қаржы бөлінді.

Үстіміздегі жылы «Өрлеу» біліктілік арттыру институты, педагогикалық шеберлік орталығында 3 айлық деңгейлік оқыту бағдарламасы бойынша облыстың 922 педагог қызметкерлері біліктілік арттыру курстарына қамтылды.

2013 жылғы аттестация қорытындысымен - бүгінгі күні жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің саны 8262 адамға жетіп, 6,1 % артты.



Педагог кадрлар

Күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі жоғары білімді педагогтар олардың жалпы санының 90,3% -ын құрайды, аяқталмаған жоғары– 1,1%, орта кәсіптік білімі бар мұғалімдер - 8,6 %,. Облыс мектептерінде жоғары санатты мұғалімдер - 694 (3,8%), бірінші санатты мұғалімдер 6461 (35,4 %), екінші санатты – 5834 (32%), санаты жоқ мұғалімдер – 5241 (28,8%).

Білім беруді 2020 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасында мақсатты индикатор белгіленген – жоғары және бірінші санатты жоғары білікті педагог қызметкерлердің үлесі олардың жалпы санының 39,25 %-ын құрайды.

Жалпы орта білімді педагог кадрлардың сапалық құрамын салыстырмалы талдау бойынша Қызылорда облысындағы жоғары білікті санаттағы педагогтар үлесінің көрсеткіші 3,8% құрап отыр.


Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту

Баланың ерте жастан өмірге бейімделуі, ой-өрісінің дамуы, өзара қарым-қатынасқа дайындығы мектепке дейінгі мекемелерде қалыптасады. Сондықтан да балаларды бала бақшалармен қамтамасыз етудің рөлі ерекше. Бұл мәселе облысымыздағы мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясындағы шешіліп келеді. 2013 жылы 1175 орындық 20 балабақша ашылды. Қазіргі кезде облыс бойынша 470 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 30910 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 1-6 жастағы балалардың қамтылуы - 39,8% (республика бойынша – 48,2%), ал 3-6 жастағы балалардың қамтылуы - 79 % (республика бойынша – 71,5%) құрап отыр.

1-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейінің төмен болуы бөбекжай топтардың аз болуы. Облыс бойынша міндетті мектепалды даярлықпен 16608 бала қамтылып, ол 100%-ды құрады (республика бойынша - 94%). Мектепке дейінгі ұйымнан орын алу кезегінде бүгінгі күні 24560 бала тұр.

Облыстағы мектепке дейінгі білім ұйымдарында 3718 педагог маман жұмыс жасайды. Сандық құрамның ұлғаюы балабақша мен шағын орталықтың пайдалануға берілуінің есебінен іске асырылуда.

Облыстағы қайтарылатын 26 бұрынғы балабақша ғимаратының қазіргі таңда 7-і қайтарылды.
Жалпы орта білім беру

Білім берудің қолжетімділігі әлеуметтік-бағдарға сай өсіп-өркендеген қоғамның маңызды сипаттамаларының бірі болып табылады. Облыстағы азаматтардың тегін жалпы білім беруге құқығы білім беру ұйымдарының тармақталған желісімен қамтамасыз етіледі: лицейлер, гимназиялар, мектеп-интернаттар, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептер және мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары.

290 мемлекеттік күндізгі жалпыға білім беру мектептерінде 125 729 (98,7%) оқушы оқытылуда, оның ішінде:

- 259-ында (89,3%) – оқыту қазақ тілінде (100794 оқушы (92,1%);

- 4-уінде (1,4%) – орыс тілінде жүргізіледі ( 2 826 оқушы);

- 27 мектепте (9,3%) аралас тілдерде жүргізіледі (22 109 оқушы (17,5%), оның ішінде қазақ тілінде – 15 121 оқушы (68,4%), орыс тілінде – 6 988 оқушы (31,6).

Мемлекеттік емес мектептердің оқушылар саны 164 адамды құрайды (0,1%), олар негізінен қала тұрғындары болып отыр.

2012 жылы облыстың бірінші сыныптарындағы шәкірттердің саны 521 адамға артты (2011 жылы -12 918, 2012 жылы -13 439).

Ұлты қазақ балаларды ана тілінде оқытумен қамту 92,2%-ды құрады (республика бойынша - 80,9%).

56 қала мектептерінде (19,2%) – 47 038 мың бала (37,4%), 234 ауылдық мектептерде (80,1%) 78 691 мың бала (62,6%) оқытылуда.

Білім беруді дамытудың 2020 жылға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында шағын жиынтықталған мектептердің мәселесін шешу тірек мектептерінің (ресурстық орталықтардың) желісін дамытып-өрістету арқылы жүргізілуде. Облыста шағын жиынтықталған мектептердің 36 бірлігіне (12,1%) осы тектес мекемелердің екі бірлігі жұмыс істеуде. Сонымен бір мезгілде, республикада ресурс орталықтарының желісін дамытудың күшейтілген жұмыстары жүргізілуде және 2012 жылы олардың саны 33 бірлікке ұлғайды (2011 жыл - 26, 2012 жыл – 59 бірлік).

Бүгінгі күні әрбір педагогтың алдына қойған міндет – оқушылардың қоғамда толыққанды қызмет жасауы үшін қажетті білім мен дағдыны алуын қамтамасыз ету.

2013 жылы 7755 оқушы жалпы орта мектептерді бітіріп, оның ішінде тестілуге 5040-ы (64,9 %) қатысты. Орташа балл көрсеткіші 73,4-ті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 балға өскен (64,0). «Алтын белгі» иегерлері саны да көбейіп, 65 түлек ақтап шықты.

Білім сапасы өткен жылмен салыстырғанда көтерілген. Шекті балдан өтпеген бала саны биыл - 681(13,5%) болса, өткен жылы 2255 (37%) болатын. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2012 жылы грантты 1035 бітіруші иеленген, үстіміздегі жылы ол 1174 құрап отыр. Осы бағытта облыстық бюджеттен жоғары оқу орындарына түсуге бітірушілерге қосымша 100 грант бөлінді.

Аймағымыздағы білім саясатын жүргізуде дарынды балалармен жұмыс мәселелері маңызды орынға ие.

Ағымдағы жылы облыстан 45 оқушы Халықаралық, республикалық олимпиада мен ғылыми жоба конкурстардың жеңімпазы атанса, 64 дарынды оқушы республикалық түрлі олимпиада және байқауларға қатысып, 52- сі жүлделі орындарды иеленді.

Бүгінгі күні, облыста жетім және ата-насының қамқорлығынсыз қалған 1041 бала бар, оның 844-і отбасы тәрбиесінде болса, Балалар үйінде 56, Жастар үйінде 16-23 жас аралығындағы 41 бала тәрбиеленуде.

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту мақсатында облыста 2012 жылдың қараша айында «Жастар үйі» тұрғын үй ғимараты қолданысқа берілді. Көпқабатты ғимараттың І-қабатына жасөспірімдерді бейімдеу орталығының жатақханасы орналасса, ІІ-V қабатындағы бір бөлмелі 65 пәтерлерге 23-29 жас аралығындағы балалар үйінің түлектері орналастырылды.

Бүгінгі күні Жастар үйінің 40 пәтерінде 57 жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар орналастырылған.

Біздің мемлекетімізде Заң арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын қалыпқа келтіру жұмыстарын қамтамасыз ететін құзырлы жүйе қалыптасқан.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қамтамасыз ету барысында ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылымдарға қолжетімдігін қаматамасыз ету жұмыстары бірінші кезекте атқарылады. Соның ішінде, білім беру ұйымдарында балалардың білім алуға мүмкіндіктерінің болуы, өмір талабы.

2012 жылы облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда есепте тұрған балалардың саны 4 038 адамды құрады. Оқытылатын мүгедек балалардың саны 2 378 адамды құрайды, олардың арасындағы 803-і жеке бағдарлама бойынша - үйде, 273-і арнайы мектеп-интернаттарда оқытылады.

Облыстың арнайы білім беру ұйымдарында 168 педагог, оның ішінде 78-і мұғалім (94,9%-ының жоғары білімі, 5,1%-ының – орта кәсіптік білімі бар); 67-сі тәрбиеші (91%-ының жоғары білімі, 9,0%-ының орта кәсіптік білімі бар) жұмыс жасауда.

Инклюзивті оқыту оқытуға жағдай жасаған ұйымдардың үлесі 0,3%-ды құрайды, тек Сырдария ауданындағы №36 орта мектепте экспериментті түрде оқытылуда.

2012 жылы облыстың жалпы білім беру ұйымдарында кедергісіз аймақ жасаған мектептердің саны мектептердің жалпы санының 63,4% (184) құрайды (республика бойынша - 23%).

Барлық үйден оқытылатын балалар қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасап, 2011 жылдан бастап, республикалық бюджеттен қаржы қаралып, үйден оқытылатын оқушыларға техникалық-бағдарламалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні облыс бойынша 268 бала осы құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Оқушыларды білім беру ұйымына қауіпсіз тасып жеткізуді ұйымдастыру мектептегі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі шешімдерінің бірі болып табылады. Балаларды мектепке тасымалдау облыс бойынша мектептері жоқ елді мекендерде тұратын, және қаланың шет аймағынан тасымалдауды қажет ететін 2 352 ( 85,3 %) оқушы үшін ұйымдастырылған, әлі де 404 (14,7%) оқушы мұқтаж, олардың ішінен мектептерге өз бетінше баратындары - 10, туыстарында тұратындары – 64, пәтер жалдаушылары – 205.

Облыстағы орта білім беру ұйымдарында жалпыға міндетті оқу қорына бюджетінен әлеуметтік шығыстарына бөлінген қаржы көлемі 3%-ға жеткізілді.

Әлеуметтік күнкөрісі төмен отбасы балалары тегін ыстық тамақпен 100%-ы қамтылған және осы қор есебінен аталған санаттағы балалар киім-кешек, оқу-құрал жабдықтарымен, оқулықпен түгел қамтамасыз етіліп отыр. Осы бағытта республикада біздің облыста 1-сыныпты түгел қамту мәселесі шешілген.

Тәрбие жұмысы

Елбасы Н. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру болып табылатындығын атап өткен. Сондықтан жас жеткіншектің табиғи қабілеттерін, нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту- бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Бала қабілеті мен дарынын толық ашу тек қана бала үшін емес, ең алдымен қоғам үшін де маңызды. Мектепте білім нәрімен қаруланған ұрпақты одан әрі жетілуіне, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық шыңға жетуіне қосымша білім беру жүйесінің атқарар ролі зор.

Облыстағы қосымша білім берумен балалар мен жасөспірімдердің қамтылу үлесі 9,3% құрап отырса (респ.-22%), спорт үйірмелерімен 23%-ы ғана қамтылған.

Балалардың жазғы демалысымен үстіміздегі жылы 106 000 баланы қамтып, ол 90,0%-ды құрады.

Әлеуметтік күнкөрісі төмен, көпбалалы отбасы, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балалар тізімі жасақталып, 1000 балаға тегін жолдама берілді.

Облыстағы ірі компаниялардың жұмыс берушілері, кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлердің және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балаларының облыстан тыс тынығу-сауықтыру лагерьлеріне демалуын ұйымдастыруына өз үлестерін қосуына ықпал жасалынды. Оған 4500 бала қамтылды.

Сонымен бірге жазғы демалыс лагерьлерінде балалардың тынығып қана қоймай сауықтырылуына мән беріліп, облыстағы 9 жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалып жатқан балаға стоматалогиялық көмек ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, емхана дәрігерлерінен құрылған медициналық бригада лагерьлерде болып, 883 баланы медициналық тексеруден өткізді.

Мектеп жасындағы жеткіншектерді оқу спорттық секцияларына тарту коэффициенті 34,1%-ды құрайды, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің желісіне 12 406 бала (9,9%) қамтылған, 78 аула клубтары жұмыс істеуде.



Кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдерді құқық бұзушылыққа, қылмыстылыққа апаратын жол бұл - олардың мектеп, ата-ана тарапынан қадағалаусыз, бақылаусыз, назарынан тыс қалу жағдайларынан орын алады. Сондықтан да қылмыстылықтың, құқық бұзушылықтың алдын алудағы профилактикалық жұмыстарын ұйымдастыру және күшейту бағытында, бірінші кезекте, облыс білім беру мекемелерімен өз құзыретi шегiнде тиісті жұмыстар атқарылуы тиіс.

2013 жылғы 6 айында облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 81-ден 69-ға азайған немесе 14,8%-ға кеміген. Оған білім мекемелерінде оқитын былтыр 85 бала қатысса, үстіміздегі жылы 38 оқушы қатысып, 47 балаға азайған.

Ағымдағы жылы Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы мамандарының қатысуымен білім мекемелерінің психологтары үшін арнайы курстар өткізілді.

Бүгінгі күні облыстық бюджеттен 6,0 млн. теңге осы бағытта бөлініп отыр. Нәтижесінде қол қусырып отырмай нақты әрекетке көшу арқасында көптеген қылмыстың, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу шаралары жүзеге асты.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Облыста 37 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындары жұмыс жасайды, оның 17-сі мемлекеттік, 20-сы жекеменшік білім беру мекемелері. Оларда 2345 мұғалім қызмет атқарып, 88 мамандық бойынша 26223 студент білім алуда. Үстіміздегі оқу жылы 8199 студент оқуын аяқтап отыр.

2012 жылы облыстың техникалық және кәсіптік білім жүйесін дамыту бағытында 6 кәсіптік лицейдің оқу шеберханалары мен арнаулы пән кабинеттерін жаңа техникалармен жабдықтауға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан 150,0 млн. теңге қаржы бөлініп, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар толығымен алынып берілді. 2013 жылға республикалық бюджеттен 150,0 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.

Оқу орындарында оның ішінде 8 мемлекеттік және 5 жеке оқу орындарында жатақханамен 1725 студент қамтылған. Сырдария, Шиелі аудандарындағы колледждердің 650 орындық жатақханасы апаттық жағдайда, күрделі жөндеуді қажет етеді. Жалпы жатақханаға сұраныс 1200 орынды құрайды.

Қызылорда қаласының СПМК-70 ықшам ауданында 200 орындық жатақханасы бар 600 орындық жаңа типтегі жобалық құны – 1,9 млрд. теңге болатын кәсіптік және техникалық білім беру ұйымының құрылысын «ҚазақАтомӨнеркәсіп» Ұлттық компаниясының демеушілігімен салу мәселесі облыс әкімінің ықпалымен оң шешімін тауып отыр.

Колледждер мен өндіріс орындарының арасында қалыптасқан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қатынастары негізінде үстіміздегі жылдың мамыр, маусым айларында 7 студент пен 10 оқу өндіріс шебері Белоруссия Республикасына, 4 студент және 1 оқу өндіріс шебері Түркияға барып техникалық және кәсіптік білім беру орталықтарында біліктілік арттыру курстарынан өтіп қайтты.

Мамандар даярлау жүйесін оңтайландыру, ондағы оқу материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін шоғырландыру арқылы маман даярлаудың сапасын арттыру мақсатында облыстағы, оның ішінде Қызылорда қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін мамандықтар бағыты бойынша салаландыру жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде, оқу орындарын салаландырудың бірінші кезеңінде алдағы оқу жылына бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын 9 мамандық бойынша мемлекеттік тапсырыс қысқартылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті 13 жаңа мамандықтар бойынша білім беру қызметі жүргізілетін болады.

Облыс аумағындағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары мен ірі кәсіпорындар арысында дуальды оқыту технологиясы негізінде мамандар даярлаудағы әріптестік орнату аясында 16 меморандумдарға қол қойылды.

Жаңа 2013-2014 оқу жылы қарсаңында облыстың барлық ұстаздар қауымын «Білім күні» мерекесімен құттықтап, маңызды да жауапты қызметтеріңізде ел болашағы жас жеткіншіктерді тәрбиелеудегі еселік еңбектеріңізге табыс пен шығармашылық шабыт, сәттілік тілеймін!



Жаңа оқу жылы жаңа бастамалар мен жаңалыққа толы жыл болғай.
Облыстық білім басқармасы

басшысының міндетін атқарушы,

т.ғ.к Н. Байқадамов



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет