Билжанова мадина алимбаевна қҰМКӨл мұнай-газ кешеніндегі антропоэкологиялық жағдай



Дата21.06.2016
өлшемі215.94 Kb.
#151851
түріРеферат
ӘОЖ 553.981.2:553.982:502.55(574.54) Қолжазба құқығында


БИЛЖАНОВА МАДИНА АЛИМБАЕВНА



ҚҰМКӨЛ МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІНДЕГІ АНТРОПОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ

6M060800 – Экология мамандығы бойынша жаратылыстану ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қызылорда, 2012 ж.


Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Жаратылыстану факультеті «Биология, география және экология» кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші:

биология ғылымдарының докторы, профессор




С.Ж.Ибадуллаева



















Ресми оппонент:

медицина ғылымдарының докторы, профессор



К.Т.Төлеутаев







Магистрлік диссертацияны қорғау 2012 жылдың «6» маусымда сағат 1400-де Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің № 9 оқу ғимаратының (Амангелді көшесі №66) № 202 дәрісханасында қорғалады.

Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында (К.Байсейітова көшесі № 100) танысуға болады.

Мемлекеттік Аттестаттау

комиссиясының хатшысы: Ж.Ж.Ізбасарова




КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан өнеркәсібі дамуының басты бағыты – кен байлықтарымызды игеру, оның ішінде айрықша басымдылық мұнай мен газға берілген. Пайдасымен бірге мұнай және газ өндірудің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерлері де аз емес. Мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу көлемдерінің үздіксіз дамуынан Арысқұм кен орыны және тағы басқа мұнай газ кен орындарын игеретін Қызылорда облысының экологиялық жағдайының нашарлауы белең алуда. Жерге төгілген мұнай қалдықтары мен алаулы оттықтар төңірегіндегі топырақты барынша ластауда, ол өз кезегінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне ғана емес, адамдардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіруде.

Мұнай-газ өндіруді баю мен пайда табу көзі ретінде қарамай, шамалы табысқа бола оларды жыртқыштықпен жұмсап, табиғи ортаны адамдар мен барлық тіршілік үшін зиянды қалдықтармен ластауға болмайтынына бүгінде көз жетті. Осыған орай, соңғы жылдары Республикамызда, жақын және алыс шетелдерде қоршаған ортаны қорғау мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Казіргі кезде шектен тыс ластанған аймақтардың жағдайын бақылау, қоршаған орта сапасына баға беру, келешегіне болжам жасау және табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Сонымен қатар, қазір күн тәртібінде Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру мәселесі тұр.

Қазіргі кезде, экологиялық қауіпсіздік жалғыз біздің Республикамыз үшін емес дүние жүзі жұртшылығының назарын аударып отырған ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Табиғи ортада экологиялық дағдарыстың неғұрлым қауіпті көріністері белең алған: кейбір аймақтарда топырақтың тозуы, су ресурстарының тартылуы, ластануы, техногендік шөлейттену, тірі табиғаттың генетикалық қорының бүлінуі, тіршілікке қатер төндіретін қауіпті улы қалдықтардың қордалануы. Еліміздегі осындай экологиялық дағдарысқа химия, мұнай, металлургия, отын өнеркәсіптерінің жедел және мөлшерден тыс дамуы үлкен әсерін тигізуде.

Осындай атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан мұнай – газ кешендерінде, оның ішінде Қызылорда облысындағы Арысқұм кен орны аймағында табиғи ортаның жай-күйі сын көтермейді, әсіресе экологиялық мониторинг жүргізу, оның нәтижелерін жылдам өңдеу және дер кезінде табиғатты қорғау шаралары осы күнгі талаптарға сай жүргізілмей отыр.

Арал өңіріндегі экологиялық жағдай әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, себебі өткен ғасырдың 60-жылдарында басталған перманентті кризистің әсерінен шөлдену, тұздану, топырақ жамылғысының деградациясы, топырақтың және су көздерінің өндірістік, ауыл шаруашылық қалдықтарымен ластануы, Байқоңыр космодромының орналасуына байланысты факторлардың әсерлері әлі де толық тоқталған жоқ.

Қызылорда облысы территориясында көптеген жылдар бойы жүргізілген мониторинг кей жағдайда топырақтағы, судағы, аймақтағы өсімдіктер және жануар денесіндегі ауыр металдардың тұздары, пестицидтер, гербицидтер, гидразиннің әртүрлі туындылары сияқты токсиканттардың шектеулі рауалы концентрациядан біршама жоғары екенін көрсетті. Экологиялық дағдарыс зонасы жағдайларында тұрақты өмір сүріп жатқан адамдарда организмнің гомеостазын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын негізгі мүшелер мен мүшелер жүйесінде тіпті патологиялық ауытқуларға дейін баратын функциональдық өзгерістер анықталған.

Бұл аймақтағы Құмкөл, Арысқұм және басқа кен орындарында мұнай-газды өнеркәсіптік игеруде қоршаған ортаға қосымша әсер етуде. Ал әдеби мәліметтер мұнай мен газды игеруге байланысты факторлардың жақын жатқан аймақтардың экологиясы мен адам денсаулығына да кері әсер етіп жатқанын көрсетеді.

Дегенмен, мұнай игеру аймақтарындағы экологиялық жағдайға мониторинг жасау, мұнай өнімдері мен ауыр металдар тұздарының топырақта, суда, өсімдікте жиналуы және оның Арал өңірі тұрғындары мен мұнайшылар организмінің маңызды тіршілік функциясын атқаратын жүйелеріне әсері әлі де маңызды болып отыр.

Осы айтылғандар «Құмкөл мұнай-газ кешеніндегі антропоэкологиялық жағдай» тақырыбындағы зерттеу жұмысын жүргізуге негіз болды.



Диссертацияның мақсаты: Арал өңіріндегі мұнай кен орындарындағы қоршаған ортаның ластануын және оның Жалағаш ауданы тұрғындары мен Арысқұм кен орны мұнайшыларының қан және кардио-респираторлық жүйесінің функциональдық көрсеткіштеріне талдау жасау

Диссертациялық жұмыстың міндеттері: Алға қойылған мақсатқа сәйкес келесі міндеттер айқындалды:

1. Жалағаш ауданы тұрғындары мен Арысқұм кен орны мұнайшыларының қанның клеткалық құрамына талдау жасау

2. Жалағаш ауданы тұрғындары мен Арысқұм кен орны мұнайшыларының кардио-гемодинамикалық көрсеткіштерін зерттеу.

3. Жалағаш ауданы тұрғындары мен Арысқұм кен орны мұнайшыларының тыныс алу жүйесі көрсеткіштерін талдау



Ғылыми жаңалығы: 2010-2011 жылдар аралығында жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қызылорда облысы тұрғындарының Арысқұм кен орны мұнайшыларына қарағанда Жалағаш ауданы тұрғындарының қан көрсеткіштерінің жоғарылау болғаны анықталды.

Сонымен қатар қан және кардиореспираторлық жүйе көрсеткіштерінің белсенділігінде маусымдық өзгерістер байқалды.



Диссертацияның теориялық және практикалық құндылығы: алынған мәліметтер Қызылорда облысының мұнай кен өндіру аймағындағы экологиялық жағдайға салыстырмалы баға беруге және қан жүйесі мен кардио-респираторлық жүйе көрсеткіштеріне экстремалды факторлардың тигізетін дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтерді аймақтағы экологиялық ахуалды қалпына келтіру және тұрғындардың аурушаңдығын төмендету үшін жасалатын іс-шараларға пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі мәселелер:

  1. Қызылорда облысы Арысқұм кен орнындағы қоршаған ортаның жыл сайын күшейіп келе жатқан ластануы осы аймақ тұрғындарының организміне тигізіп жатқан әсерінің жалғасып жатқанын көрсетеді.

  2. Жалағаш ауданы тұрғындары мен Арысқұм кен орны мұнайшыларының қанының клеткалық құрамы және кардио-респираторлық жүйенің белсенділігі жыл мезгілдеріне және аймақтың ластану деңгейімен байланысты.

  3. Мұнайшылардың қан және кардио-респираторлық жүйесі жай-күйін көрсететін көрсеткіштер Жалағаш ауданы тұрғындарына қарағанда «нормадан» төмен болған.

  4. Зерттелген көрсеткіштер 2010-2011 жылдары маусымдық өзгерістерге тәуелді болып, Арал өңірінің қолайсыз экологиялық жағдайларының тұрғындарға әсері бар екені байқалды.

Диссертациялық жұмыстың сыннан өтуі және жарық көруі. Жұмыстың негізгі мазмұны мен қорытындылары 4 ғылыми басылым бетінде жарық көрді және талқыланды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Биология, география және экология кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды (Қызылорда, 2012 ж).

Диссертациялық жұмыстың көлемі мен құрылымы. Диссертация материалдары 82 бет көлемінде ұсынылды. Диссертациялық жұмыс: кіріспеден, 6 тараудан, материалдар мен зерттеу әдістерінен, қорытындыдан және 71 пайдаланылған әдебиеттерден тұрады. Жұмыста 22 сурет және 10 кесте көрсетілген.

2 Материал және зерттеу әдістері
2010-2011 жылдары Қызылорда облысындағы «ПетроҚазақстанҚұмкөлресорсиз» АҚ, Арысқұм кен орнындағы топыраққа, әртүрлі су көздеріне, атмосфералық ауаның жер бетіне жақын қабаттарына және экологиялық жағдайына жыл сайынғы мониторинг жүргізілді. Алынған мәліметтер мұнайшылар мен кен орны жақын орналасқан Қызылорда облысы Жалағаш ауданы тұрғындарының қан клеткалары мөлшері және кардио-респираторлық жүйесінің көрсеткіштерімен салыстырылды. Сонымен қатар, Арысқұм кен орны топырағындағы токсиканттардың мөлшеріне және мұнайшылар мен Қызылорда облысы Жалағаш ауданы тұрғындарының қан клеткалары мөлшері және кардио-респираторлық жүйесінің көрсеткіштеріне маусымдық мониторинг жүргізілді.

Топырақтың мұнай өнімдерімен ластануын сипаттау үшін ұңғымадан 200м қашықтықта орналасқан нүктелерден 4 жеке сынамалар алынды. Топырақтан сынама алу, оларды сақтау, тасымалдау және талдауға дайындау ГОСТ 17.4.4.02-84 талаптарына сәйкес жүргізілді. Сынама алу тереңдігі- 0,5м.

Топырақтағы мұнай өнімдерінің мөлшерін анықтау «Хром 5» хромотографының шыны капиллярында газсұйықтық хромотография әдісімен жүргізілді.

Кен орнындағы мұнайшылар негізінен Қызылорда облысының тұрғындары. Біз зерттеуге алған контингенттің бойының ұзындығы мен дене салмағын анықтадық.

Кардио-респираторлық жүйенің көрсеткіштерін тіркеу және мұнайшылардан қан алу вахталық жұмыс басталардың алдында жүргізілді. Көрсеткіштерді анықтау таңертең, ашқарынға жүргізілді. Кардио-респираторлық жүйенің жағдайын стандартты әдістермен анықталатын тыныс алу жиілігі (ТЖ), систолалық артерия қысымы (САҚ), диастолалық артерия қысымы (ДАҚ) көрсеткіштеріне қарап анықтадық. Сонымен бірге, тамыр лүпілі (ТЛ) анықталды.

П-300 спирографының көмегімен өкпенің тіршілік сиымдылығы (ӨТС), тыныс алу жиілігі (ТЖ) сияқты сыртқы тыныс алу көрсеткіштерін анықтадық. Қандағы эритроциттер, лейкоциттер мен тромбоциттердің санын стандартты лабораториялық әдістермен анықтадық [68]. Қандағы гемоглобиннің концентрациясын ацетонциангидринді трансформациялаушы реактивті қолдану арқылы анықтадық [69]. Қан сынамаларын талдау облыстық диагностикалық орталығында жүргізілді.

Барлығы 1496 қан және 200 топырақ сынамалары талданды. Алынған мәліметтер Microsoft Excel бағдарламасының көмегімен статистикалық өңделді.
2.1 Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнай кен орны жұмысшылары қанының клеткалық құрамы мен кардио-респираторлық жүйесінің мониторингі
2010-2011 жылдар аралығында жүргізілген зерттеулер кезінде мұнайшылар мен жергілікті тұрғындардың қанының клеткалық құрамының өзгерісін анықтадық.

Қанның клеткалық құрамын зерттеу жұмыстары Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанының клеткалық құрамында айқын айырмашылық бар екенін көрсетті (1-сурет).



1-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы эритроциттердің мөлшері (×1012/л)
Бұл кезде Арысқұм кен орны мұнайшыларының қанындағы эритроцит мөлшері әуел бастан –ақ төмен болып (4,34×1012/л), өзгеріске аз ұшырады. Жалағаш ауданында тұрақты өмір сүріп жатқан адамдардың эритроцит мөлшері 2 жыл ішінде физиологиялық норманың төменгі шегіне (4,2×1012/л) жақындай отырып 4,5×1012/л –ге жоғары болды. Қандағы эритроциттердің санының өзгерісімен қатар гемоглобин концентрациясы да өзгеріске ұшырады, мұнайшылардың қанындағы гемоглобин референтті шамадан (120-160 г/л) 131,0 г/л-ге төмендесе, Жалағаш ауданы тұрғындары көрсеткіштері 132,0 г/л тең болды (2-сурет).

2-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы гемоглобин мөлшері (г/л)
Зерттелінушілердің қанындағы лейкоцит мөлшері керісінше жоғары болды, бұл мұнайшылар организмінің физиологиялық функцияларының ширығып тұрғанын көрсетеді. Арысқұм кен орны мұнайшыларының көрсеткіштері (5,42-5,72)×109/л Жалағаш ауданы тұрғындарына қарағанда төмендеу болды (референтті шама - 4,5-9,0×109/л) (3-сурет).

3-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы лейкоциттердің мөлшері (×109/л)
Осылайша, қан жүйесі жай-күйі көрсеткіштерінің қорытындысын талдауға кіріскенде, тіркелген көрсеткіштердің мұнайшыларда 2 жыл ішінде біртіндеп төмендегенін көруге болады. Ал осы аймаққа тән экстремалды факторлардың әсеріне үнемі ұшырап отырған жергілікті тұрғындарда тіркелген көрсеткіштер физиологиялық норманың төменгі шегінде болып, 2 жыл ішінде қатты өзгеріске ұшырамағанын байқадық. Бұл мұнайшылардың параметрлерінің өзгерісі көп жағдайда кен орындарындағы экологиялық жағдайға тәуелділігі жайлы ой түюге мүмкіндік береді.

Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы эритроциттер, лейкоциттер, гемоглобин мөлшерінің өзгеру сипатын анықтаған соң, осы параметрлердің маусымдық өзгерісін анықтауға кірістік.

Зерттеу кезінде мұнайшылар мен жергілікті тұрғындардың қан клеткалары ұқсас өзгерді; минимальды шама көктемде, максимальды мөлшер күзде байқалды. Осындай динамика гемоглобин, лейкоцит және тромбоцит мөлшеріне де қатысты болды.

2010 жылдың барлық мезгілдерінде жүргізілген бақылаулар мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы эритроцит деңгейі күзде сәйкесінше (4,13±0,13)×1012/л және (4,23±0,18)×1012/л-ге тең, яғни, мұнайшылардың эритроцит мөлшері жалағаштықтардың эритроцит мөлшерінен төмен болғанын көрсетті. Қыста мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы эритроцит мөлшері (4,06±0,14)×1012/л және (4,12±0,14)×1012/л-ге тең болды. Көктемде Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы эритроцит мөлшері сәйкесінше (4,13±0,14)×1012/л және (4,02±0,12)×1012/л болды. Осы мезгілдегі зерттелінушілердің қанындағы эритроцит санын салыстырмалы талдасақ, жалағаштық тұрғындарының эритроцит мөлшері мұнайшылардың эритроцит санынан жоғары болды. Жүргізілген зерттеулерде жаз айларындағы мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы эритроцит мөлшері көктеммен салыстырғанда көтеріліп, сәйкесінше ең жоғары деңгейға (4,14±0,13)×1012/л және (4,25±0,13)×1012/л жетті. Осы мезгілде жылдың басқа мезгілдерінде сияқты Жалағаш тұрғындарының қызыл қан қызыл клеткаларының саны мұнайшылардың көрсеткіштерінен жоғары болды (5- сурет).




4-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы эритроцит мөлшерінің 2010 жылғы маусымдық (×1012/л) өзгерісі
Осылайша, алынған мәліметтер Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы эритроцит саны жыл мезгілдеріне тәуелділігін көрсетті: ең жоғары шамасы – жаз-күз, ал ең төмен деңгейі – қыс-көктем мезгілде байқалды.

Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы эритроциттер мөлшерінің жыл мезгілдері бойынша өзгерісіне параллель қандағы гемоглобин концентрациясы да өзгерді.

Мәселен, күзде мұнайшылар мен Жалағаш ауданында тұратын ерлердің қанындағы гемоглобин концентрациясы сәйкесінше 120,1±4,9 г/л және 121,2±5,0 г/л тең болды. Қыс мезгілінде мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы гемоглобин мөлшері күзгі көрсеткішке қарағанда төмендеп, сәйкесінше 110,4±4,4 г/л және 111,5±4,8 г/л болды. Көктемде Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы гемоглобин мөлшері қыспен салыстырғанда жоғарылап 115,6±5,0 г/л, ал мұнайшыларда керісінше төмендеп, 109,2±4,2 г/л-ді көрсетті. Осы мезгілдегі мұнайшылар мен жалағаш тұрғындарының қанындағы гемоглобин мөлшерін салыстыра талдасақ, Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы гемоглобин мөлшері мұнайшыларға қарағанда жоғары болды. Зерттелген екі топтың қанындағы гемоглобин мөлшері көктемгі көрсеткішпен салыстырғанда жазда жоғарылап, сәйкесінше 115,6±5,0 г/л және 118,0±4,9 г/л-ге тең болды. Жылдың осы мезгіліндегі жергілікті тұрғындардың қанындағы гемоглобин концентрациясы мұнайшылардың гемоглобин концентрациясынан жоғары болды. Алынған мәліметтерге сәйкес мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы гемоглобин деңгейінің маусымдық өзгерістері анықталып, сонымен бірге жылдың барлық мезгілдері Жалағаш ауданында тұратын ерлердің қанындағы гемоглобин мөлшері мұнайшылар көрсеткіштерімен салыстырғанда жоғары болды (6-сурет).

5-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы гемоглобин концентрациясының (г/л) 2010 жылғы маусымдық өзгерісі


Зерттелінген мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының қанындағы лейкоциттердің маусымдық өзгерісінің сипаты мүлде басқаша болды.

Мәселен, күзде мұнайшылар мен Жалағаш ауданында тұратын ерлердің қанындағы ақ клеткалар саны (5,76±0,19)× 109/л және (5,67±0,21)×109/л -ге тең болды. Мұнайшылардың лейкоцит мөлшері Жалағаш ауданы тұрғындарының лейкоцит мөлшерінен жоғары болды. Қыста зерттелінген мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының лейкоциттер мөлшері төмендеп, сәйкесінше (5,51±0,18)×109/л және (5,49±0,19)×109/л -ді көрсетті. Осы кезде мұнайшылардың қанындағы лейкоцит мөлшері Жалағаш ауданында тұратын ерлердің қанындағы лейкоцит мөлшерінен жоғары болды. Көктемде қыс мезгілімен салыстырғанда мұнайшылардың лейкоцит мөлшері жоғарылып (5,53±0,19)×109/л тең болса, ал Жалағаш ауданы тұрғындарының лейкоцит мөлшері төмендеп, (5,42±0,17)×109/л-ге жетті. Жылдың осы мезгіліндегі мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының лейкоцит мөлшерін салыстырсақ, онда мұнайшылар қанындағы лейкоцит мөлшері Жалағаш ауданы лейкоцит мөлшерінен артық болды. Екі аймақ зерттелінушілерінің қанындағы лейкоцит мөлшері жаз мезгілінде сәйкесінше (5,52±0,19)×109/л және (5,48±0,19)×109/л- ге тең болып, осы мезгілде мұнайшылардың қанындағы лейкоцит мөлшері Жалағаш ауданы тұрғындары көрсеткішінен жоғары болды (7-сурет).




6-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың қанындағы лейкоцит мөлшерінің (×109/л) 2010 жылғы маусымдық өзгерісі
Осылайша, жүргізілген зерттеулер екі топ зерттелінушілерінің қанындағы лейкоцит мөлшері күз мезгілінде максимальды болғандығын көрсетті.

2011 жылдың барлық мезгілдерінде жүргізілген бақылаулар да осындай динамика көрсетті.

Зерттеулердің келесі кезеңінде кардио-гемодинамиканың жылдық және маусымдық өзгерістерін анықтадық, оның нәтижесінде жергілікті тұрғындарға (110мм сын. бағ.) қарағанда Арысқұм кен орны мұнайшыларының систолалық қысымы (112 мм сын. бағ.) жоғары екенін байқалды. Диастолалық қысым деңгейі де осындай динамика (74 және 71 мм сын. бағ) көрсетті (7,8-суреттер).

7-сурет. Мұнайшылардың қан (систолалық, диастолалық) қысымы

8-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындарының қан (систолалық, диастолалық) қысымы.
Жүргізілген зерттеулерде 2010 жылы систолалық артериялық қысымның зерттелінушілердің екі тобында да жыл маусымдарына тәуелділігі және максимальды шама жазда, минималды шама қыста болатындығы анықталды.

Мұнайшылар және жалағаштықтардың САҚ күзде 113±3 мм сын.бағ. және 111±2 мм сын.бағ тең болғанын көрсетті, яғни көрсеткіш мұнайшыларда жоғары болды. Қыста САҚ мұнайшыларда да, Жалағаш тұрғындарында да төмендеп, тиісінше 110±2 мм сын.бағ. және 109±2 мм сын. бағ тең болды. Бұл кезде мұнайшылардың көрсеткіші жалағаш тұрғындарынан жоғары болды. Көктемде мұнайшылар мен жалағаш тұрғындарының САҚ көрсеткіші қысқа қарағанда жоғарылап, 111±3 мм сын.бағ. және 110±2 мм сын. бағ тең болса да, күзбен салыстырғанда төмен болды. Осы мезгілдегі САҚ көрсеткішін салыстырмалы талдау мұнайшылардағы көрсеткіш жалағаш тұрғындарының көрсеткішінен жоғары болғанын көрсетті. Жазда көктемге қарағанда зерттелінушілердің екі тобында да САҚ жоғарылай бастағаны тіркеліп, тиісінше 115±3 мм сын.бағ. және 112±2 мм сын.бағ тең болып, күздегі көрсеткіштерден жоғары болды. Жылдың осы мезгілінде басқа маусымдардағы секілді мұнайшылардың көрсеткіші жалағаш ауданы тұрғындарының САҚ-нан жоғары болғаны анықталды (9 сурет).

Осылайша, алынған мәліметтер зерттелінушілердің САҚ-ның жыл мезгілдеріне тәуелділігін және максимальды шама жазда, минимальды шама қыста тіркелгенін көрсетті.

9-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың систолалық артериалық қысымының (мм сын. бағ.) 2010 жылғы маусымдық өзгерістері
Мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының САҚ көлемінің өзгерісімен қатар ДАҚ көлемі де өзгерді. Мәселен, күзде мұнайшылар мен жалағаштықтардың ДАҚ-ы 74±5 сын.бағ. және 72±4 мм сын. бағ. тең болды және мұнайшылардың көрсеткіші жалағаш ауданы тұрғындары көрсеткіштерінен жоғары болды (10-сурет).

10-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың диастолалық артериалық қысымының (мм сын. бағ.) 2010 жылғы маусымдық өзгерістері
Қыста зерттелінушілердің ДАҚ-ы төмендеп, тиісінше 71±4 мм сын.бағ. және 70±4 мм сын.бағ тең болды. Осы кездегі мұнайшылардың көрсеткіштері жалағаштықтар көрсеткішінен жоғары болды. Көктемде мұнайшылар мен жалағаштықтардың ДАҚ-ы жоғарылап, тиісінше 75±4 сын.бағ. және 71±4 мм сын. тең болды. Көктемдегі ДАҚ-ның шамасын салыстырмалы талдау мұнайшылардың көрсеткіші жалағаштықтардың көрсеткішінен жоғары болғанын көрсетті. Жазда зерттелінген екі топта да ДАҚ көктемгі шамаға қарағанда жоғарылап, 76±5 мм сын.бағ. және 74±4 мм сын. бағ. тең максимальды шамаға жетті. Жаздағы ДАҚ шамасы күздегі шамадан жоғары болды. Осы кездегі мұнайшылардың көрсеткіші жалағаштықтар көрсеткішінен жоғары болды (11-сурет).

Алынған зерттеулерге сәйкес зерттелінушілердегі ДАҚ жыл мезгілдеріне тәуелді екені және мұнайшылардың көрсеткіштері барлық мезгілде де жалағаштықтар көрсеткішінен жоғары болғаны анықталды.

2011 жылы жүргізілген зерттеулерде де систолалық артериялық қысымның зерттелінушілердің екі тобында да жыл маусымдарына тәуелділігі және максимальды шама жазда, минималды шама қыста болатындығы анықталды.

Осындай динамика тамыр лүпіліне де тән болды. Зерттелген 2010 жылы мұнайшылардың тамыр лүпілі минутына 73, ал жалағаштық тұрғындарда 70 соғу болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш тиісінше 75 және 70 соғуды көрсетті (11-сурет).



11-сурет. Жалағаш ауданы тұрғындары мен мұнайшылардың тамыр лүпілі көрсеткіші.
Жүргізілген зерттеулер Жалағаштық тұрғындар өкпесінің тіршілік сиымдылығы 3145±132-ден 3267±115 мл аралығында болып, мұнайшылардың шамасынан (2824±126-ден 2977±121 мл дейін) жоғары болғанын көрсетті (12-сурет).

12-сурет. Арысқұм кен орны мұнайшылары мен Жалағаш ауданы тұрғындарының өкпесінің тіршілік сиымдылығы шамасы


Алынған мәліметтер тыныс алудың тіркелген көрсеткіштерінің маусымдық өзгерістері бар (айқын емес) екенін көрсетті. Алынған мәліметтер кен орындарындағы жағдайдың, сонымен бірге онда жұмыс істейтін мұнайшылардың организмінің тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі параметрлердің де жылдан-жылға нашарлап келе жатқанын көрсетеді. Бұл анықталған өзгерістерді коррекциялау жолдары мен құралдарын іздеу туралы мәселе көтереді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар жасалды:

  1. Арысқұм кен орны топырағындағы мұнай өнімдерінің мөлшерін экологиялық бағалау, аймақтағы экологиялық жағдайдың жылдан-жылға нашарлап келе жатқанын көрсетті.

  2. Мұнайшылар мен кен орнына жақын аймақ тұрғындарының қан клеткалары мен кардиореспираторлық жүйесіне 2010-2011 жылдары жүргізілген мониторинг тіркелген көрсеткіштердің жергілікті тұрғындармен салыстырғанда мұнайшыларда физиологиялық норманың төменгі шегіне жақын төмендеуін анықтады, ал жергілікті тұрғындарда тіркелген көрсеткіштер жоғары екендігі анықталды.

  3. Мұнайшылар мен жергілікті тұрғындардың қан клеткалары мөлшері мен кардио-респираторлық жүйесінің белсенділігінің маусымдық өзгерістері анықталды.

  4. 2010-2011 жылдарда жүргізілген зерттеу нәтижесінде топырақтың ластану деңгейі мен Арысқұм кен орны мұнайшыларының кардиореспираторлық жүйесі, қан клеткалары арасында корреляциялық тәуелділік бар екені анықталды.

Осы тұжырымдардың және зерттеу жұмыстарының нәтижесінде келесі ұсыныстар беріледі:

    • Зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып антропоэкологиялық жағдайды жақсарту барысында өңірдегі мұнай өндірілетін кен орындарында топырақ жамылғысының ластану деңгейін, атмосфералық ауа құрамын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуі қажет.

    • Мұнай өндіру барысында қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерлердің әлі де зерттелуі қажет.

    • Кен орында ұзақ уақыт жұмыс жасайтын мұнайшылардың ағзасында кардиореспираторлық жүйесінің функционалдық өзгерістері байқалған. Ағзадағы жүйелер көрсеткіштерінің қалыпты жағдайда қызмет жасауын қамтамасыз ету үшін үлкен іс-шаралар жасау қажет. Солардың бірі болып мұнайшыларға түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ұсыну жатады.

Толық орындалған жұмысты бағалау. Диссертациялық жұмысқа қойылған мақсат пен міндеттер толығымен орындалды.

Нақты пайдаланылған мәліметтерді өңдеп ұсыну. Жүргізілген зерттеулерде анықталғанды, Қызылорда облысының экологиялық мониторинг және тұрғындар денсаулығын қорғау мәселелерін шешуге қолдануға болады. Сонымен қатар мұнай-газ өндіру кешендерінде мұнайшылардың функционалдық көрсеткіштерін қалпына келтіруде қолданылуы мүмкін.

Диссертация бойынша жарияланған еңбектер тізімі


  1. Билжанова М., Ибадуллаева С.Ж. Атмосфералық ауа құрамының ластануы және оны қорғау шаралары // Тәуелсіздік жылдарындағы Арал өңірінің әлеуметтік-экологиялық проблемаларын зерттеудің жаңа басым бағыттары республ. Ғылыми-практикалық конф. Қызылорда, 2011ж

  2. Билжанова М. Құмкөл кен орнының физикалық-географиялық сипаттамасы және зерттелу тарихы «Жас ғалым» жинағы. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ баспасы. 2012.

  3. М.Билжанова, С.Ж.Ибадуллаева, Г.Р.Оңғарбаева. Құмкөл кен орнындағы мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының кардиогемодинамика көрсеткіштерінің маусымдық өзгерістері // «Арал өңірінде ауыл шаруашылығының орнықты дамуының көкжиегі: проблемалары, ғылыми ізденістер, шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Қызылорда, 2012

  4. С.Ж.Ибадуллаева, М.Билжанова, А.Б.Мусафирова, О.Өмірзақов. Құмкөл кен орнындағы мұнайшылар мен Жалағаш ауданы тұрғындарының тыныс алу және қан айналу жүйесі көрсеткіштері. // «Арал өңірінде ауыл шаруашылығының орнықты дамуының көкжиегі: проблемалары, ғылыми ізденістер, шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Қызылорда, 2012 ж


Әдебиеттер тізімі

    1. Нұрпейісова М.Б., Алматова Б.Г. «Қоршаған ортаны қорғау мәселесі» // Материалы междунар. Научно-практической конференции, посвящают 25-летию КазГАСА, Алматы, 31 октября 2005г. С. 192-195

    2. Нұрпейісова М.Б., Алматова Б.Г. Мұнай-газ игерудің экологиялық мәселелері // Промышленность Казахстана, №1, 2007.- С.118-123

    3. Асенов А.Р. Экологическая обстановкая в районах нефтепромыслов в Приаралье // Современные проблемы экологии и устойчивое развитие общества: Мат-лы международн.конф. – Алматы, 2010. – С.47-49.

    4. Берденкулова А., Ибадуллаева С.Ж., Колбай И.С., Бахтиярова Ш.К., Тлеулиев К.Д., Сактапбергенова Г. Сезонные различния содержания ряда химических элементов в почвах Кызылординской области // Физиологические основы здорового образа жизни: Международ. научно-практич.конф., посвящ. 60-летию Института физиологии человека и животных ЦБИ МОН РК. - Алматы, 2005. - С.32-33

    5. Асенов А.Р., Саданов А.К. Колбай И.С. Содержание тяжелых металлов и нефтепродуктов в почвах нефтепромыслов в Приаралье // Ізденістер, нәтижелер - Исследования, результаты. – 2010. - № 3(047). – С.132-135.


РЕЗЮМЕ
Билжанова Мадина Алимбаевна
Антропоэкологическое состояние нефтегазового комплекса Кумколь
6М060800 –Экология
Объект исследования. Антропоэкологическое состояние месторождения Кумколь и состояние кардиореспираторной системы жителей Жалагашского района и нефтяников.

Цель исследования. Изучение антропоэкологического состояния месторождения Арыскум. Изучение и анализ функционального состояния кардиореспираторной системы жителей Жалагашского района и нефтяников.

Методы исследования. Изучение состава почвы проводилось с использованием газо-жидкостного хроматографа «Хром 5». Для изучения функциональных показателей кардиореспиратеорной системы использовались стандартные лабораторные методы, в том числе для определения гемоглобина ацетонциангидриновый реактив. Изучение функции респираторной системы проводилось с использованием спирографа П-300.

Результаты исследования. Согласно поставленной цели и задачам были проведены экспериментальные работы и получены следующие результаты.

1. Выявлено содержание нефтепродуктов в почвах на нефтепромысле Арыскум Кызылординской области, что показало ежегодное ухудшение экологического состояния в регионе.

2. Проведенный мониторинг содержания клеток крови и состояния кардио-респираторной системы у нефтяников и жителей прилегающих регионов Приаралья в течение 2010-2011 гг. выявил ухудшение регистрируемых параметров с приближением их к нижней границе физиологической нормы в большей степени у нефтяников по сравнению с жителями Жалагашского района, хотя у последних практически все показатели изначально находились у нижней границы физиологической нормы.

3. Выявлена сезонная зависимость в течение 2010-2011 гг. параметров кардиореспираторной системы и картины крови у нефтяников на месторождении Арыскум и жителей Жалагашского района.

4. Выявлена корреляционная зависимость между изменением в течение 2010-2011 гг. уровня загрязнения почвы и основных параметров кардиореспираторной системы и системы крови у нефтяников на месторождении Арыскум и жителей Жалагашского района.

Апробация работы. Работа рассмотрена на заседании кафедры «Биологии, географии и экологии» Кызылординского государственного университета имени Коркыт Ата и опубликовано 4 статьи.

Внедрение результатов исследований. Результаты полученных исследовании могут быть использованы для решения экологических проблем Кызылординской области. Жүргізілген зерттеулерде анықталғаны, Қызылорда облысының экологиялық мониторинг және қоршаған орта қорғау мәселелерін шешуге қолдануға болады.

Практическая значимость работы. Полученные результаты дают возможность оценить экологическое состояние в районах нефтедобычи Кызылординской области и влияние экстремальных факторов на показателей кардиореспираторной системы. Полученные результаты можно использовать для улучшения экологического состояния и снижения заболеваемости жителей.

SUMMARY
Bilzhanova Madina Alimbaevna
Anthropoecological state oil and gas industry Kumkol
6M060800-Ecology
The object of the study. Anthropoecological Kumkol state and condition of the cardiorespiratory system Zhalagash area residents and oil.

The aim of the study. The study of anthropological status Aryskum. Study and analysis of the functional state of cardio-respiratory system Zhalagash area residents and oil.

Research methods. Studying the composition of the soil was carried out using gas-liquid chromatograph "Chrom 5". To study the functional parameters kardiorespirateornoy system using standard laboratory methods, including the determination of hemoglobin atsetontsiangidrinovy ​​reagent. The study of respiratory function was performed using the spirograph P-300.

The results of the study. According to the goal and objectives of the experiments were conducted with the following results.

1. Oil content was found in soils at the oilfield Aryskum Kyzylorda region, which showed an annual deterioration of ecological status in the region.

2. The monitoring of the content of the blood cells and state of cardio-respiratory system in the oil industry and residents of neighboring regions of the Aral Sea during 2010-2011. revealed a deterioration of the recorded parameters with the approach of the lower boundary of the physiological norm to a greater extent in oil as compared with residents of the district Zhalagash, although the latter almost all indicators were initially at the lower boundary of the physiological norm.

3. Revealed seasonal dependence during 2010-2011. cardiorespiratory parameters and blood picture in the field of oil and Aryskum residents Zhalagash area.



4. A correlation between the change during 2010-2011. pollution of soil and the main parameters of the cardiorespiratory system and the blood on the field of oil and Aryskum residents Zhalagash area.

Testing of work. The work discussed at a meeting of the Department of "Biology, Geography and Ecology" Kyzylorda State University named after Korkyt Ata and published four articles.

Implementation of research results. The results obtained by the study can be used to solve the environmental problems of Kyzylorda region. Zhүrgіzіlgen zertteulerde anyқtalғany, Қyzylorda oblysynyң ekologiyalyқ monitoring zhane қorshaғan ort қorғau mәselelerіn sheshuge қoldanuғa Bolado.

The practical significance of the work. The results obtained make it possible to assess the ecological status of oil-producing regions in the Kyzylorda region and the influence of extreme factors on indicators of cardio-respiratory system. The results can be used to improve environmental conditions and reduce the incidence of residents.











Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет