Өмір ЕСҚАЛИ
Шымылдығы шырайлы шығыста, асқаралы Алтай өңірінде түріліп, одан әрі қасиетті Әулиеата жерінде жалғасқан «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдауға арналған патриоттық акция Мағжан еліне жетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылған айтулы шара М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жалауын желбіретіп, Елбасымыз дәстүрлі Жолдауында белгілеп берген ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін, ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы іспетті Мәңгілік Ел идеясы татулық, достық, бірлік секілді асыл құндылықтарымызды әспеттеумен, ардақтаумен өзгеше жарасым, керемет үйлесім тапты. Еңбек ұжымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктер, жастар өкілдерінің, ардагерлердің белсене қатысуымен өткен акция барысында Мемлекет басшысының бүкілхалықтық қолдауға ие болған тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу заңғарына жетелейтін қағидаттары мен талаптары ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бері аңсаған асыл арманының шынайы келбетін танытқандай.
Алқалы форумды облыс әкімі Самат Ескендіров ашып, Президенттің сындарлы да байыпты саясатының арқасында егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ортақ мақсатқа жұдырықтай жұмылдыратын арқаулы құндылықтар қалыптасқанын, осының арқасында әлеуметтік-экономикалық жетістеріміздің, табыстарымыздың нығая түскенін жеткізді. Ендігі мақсат, Жолдауда атап өтілгендей, барлық күш-жігерімізді жұмсай отырып, «2050» Стратегиясының басты талаптарын жүзеге асыру болып табылады. Елбасы жастарға арнаған сөзінде «оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!» деген міндет қойды. Олай болса, Мәңгілік Ел болу өз қолымызда. Отанымыз – біреу. Қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім Қазақстанның болашағын баянды етуге арналған.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов өз сөзіне «Қазақстан-2050» – Елбасы негізін салып берген Мәңгілік Елге бастайтын абыройлы да мәртебелі жолдың арманнан ақиқатқа айналғанын арқау ете келіп, Ассамблеяның ХХ сессиясы «бір ел, бір халық, бір тағдыр» ұранымен өткенін, тарихтың, мәдениеттің, тілдің ортақтығы жоғары руханиятты, зайырлы мемлекет құруға кең жол ашқанын еске салды. Одан әрі Тәуелсіздігіміздің негізгі айшықты белгілерінің бірегейі саналатын жаңа елордамыздың тұрғызылып, аз ғана уақыттың ішінде төрткүл дүние төрінен ойып тұрып орын алғанын мақтанышпен жеткізді.
СҚМУ студенті Асқар Баймұқановтың жігерлі сөздері де әр жүректі толқытып, үлкен ой салғаны анық. Ол өз сөзін «Елбасымыздың сенімін үздік оқумен, жасампаз еңбекпен ақтайық!» деген көтеріңкі леппен аяқтаса, облыстық ассамблея жанындағы «Бірлік» жастар қоғамдық бірлестігінің лидері Наира Заргарян мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуге үндеді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болған дипломды маман Әлия Широжеева жастардың озық жобаларға қатысуы жайлы ой қозғады. Петропавл әскери институтының курсанты Мұрат Ерзат бостандық, азаттықты қанша аңсаса да жете алмай кеткен ата-бабаларымыздың асыл мұрат, игі тілегі орындалғанын, ұлт ретінде тұтастығымызды сақтаудың жолы өткеннен тағылым ала отырып, келешекке сеніммен қарау екенін тілге тиек етті.
Басқа да сөйлеушілер «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі бірлікке, патриотизм мен ынтымаққа жетелейтінін атап көрсетті.
Акция шеңберінде «Мәңгілік Ел» идеясына қатысты тілектер жазылған кітапқа солтүстікқазақстандықтар да ыстық ықыласты лебіздері мен қолтаңбаларын қалдырды.
Салтанатты шара ән мен билерге жалғасып, кеш шырайын аша түсті. Оның соңы мемлекеттік Әнұранның орындалуымен түйінделді.
«Мәңгілік Ел» идеясын қолдауға арналған патриоттық акцияның кезекті эстафетасын Қызылорда мен Павлодар облыстары қабылдап алды.
// Егемен Қазақстан. - 2014. - 25 ақпан
Достарыңызбен бөлісу: |