«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығына өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 3, 36-құжат; № 38, 405-құжат; № 43, 481-құжат; 2009 ж., № 33, 309-құжат; 2010 ж.,№ 45, 402-құжат; 2011 ж., №47, 630-құжат; 2012 ж., №36, 476-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген Жарлықпен бекітілген Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын өткізу ережелерінде:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі, Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы – конкурстың ұйымдастырушылары (бұдан әрі – ұйымдастырушылар) болып табылады.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1) Конкурс жыл сайын осы ережелердің 13-тармағында көрсетілген номинациялар бойынша өңірлік және республикалық деңгейлерде екі кезеңде өткізіледі.
Конкурстың өңірлік және республикалық кезеңдеріне қатысу тегін болып табылады.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Конкурстың лауреаты атағына үміткерлер материалдарды осы ережелерге сәйкес ресімдейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына қағаз және электронды жеткізгіштерде ұсынады.»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Конкурсқа қатысуға:
1) өз қызметін кемінде үш жыл жүзеге асыратын;
2) таратылу сатысында емес, банкрот деп танылмаған;
3) еңбек заңнамасының жойылмаған бұзушылықтары, соның ішінде қызметкерлерге жалақы және басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ;
4) қызметкерлермен ұжымдық еңбек даулары болмаған;
5) Қазақстан Республикасының аумағында саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдауға бағытталмаған әлеуметтік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыратын;
6) конкурсқа қатысу өтінімінде дәйекті мәліметтерді, сондай-ақ құжаттарды толық көлемде ұсынған үміткерлер жіберіледі.»;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Конкурсты өткізу мерзімдері:
қаңтар – конкурстың басталуы туралы хабарлау;
жыл сайын 1 шілдеге дейін – жергілікті атқарушы органдар өтінімдер қабылдайды;
жыл сайын 1 қазанға дейін – жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссиялардың алдын ала жасаған қорытындыларын және конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін бір данада жолдайды;
желтоқсан – қорытындылар шығару, жеңімпаздарды марапаттау.»;
9-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:
«9-1. Жергілікті атқарушы орган:
1) конкурсты өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарының жобасын әзірлейді және бекітеді;
2) конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін бағалау үшін құрамына облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктерінің өкілдері кіретін сараптамалық жұмыс тобын құрады;
3) конкурстың ұйымдастырылу тәртібі туралы ұйымдарды ақпараттандыруды ұйымдастырады.»;
10-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер жергілікті атқарушы органға материалдарды екі данада ұсынады, оларда:»;
мынадай мазмұндағы 11-1, 11-2 және 11-3-тармақтармен толықтырылсын:
«11-1. Жергілікті атқарушы орган конкурсқа қатысуға өтінімдерде үміткерлер келтірген мәліметтердің дәйектілігін растайтын ақпараттарды тиісті мемлекеттік органдардан сұратады және үміткерлерді осы ережелердің 6-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкестігінің мәніне тексереді;
Үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкессіздіктер анықталған кезде, конкурсқа қатысуға өтінімінің қабылданбағаны туралы хабарлама жолданады.
11-2. Сараптамалық жұмыс топтары осы ережелердің 11-тармағында көрсетілген критерийлер негізінде үміткерлердің өтінімдерін бағалауды жүргізеді және сараптамалық қорытынды дайындайды.
11-3. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссиялар сараптамалық жұмыс топтарының қорытындысы негізінде облыс бойынша алдын ала қорытынды дайындайды.»;
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссиялардың алдын ала қорытындыларын қараған соң түпкілікті қорытынды жасайды, оны және үміткерлердің материалдарын Комиссияның қарауына ұсынады.»
13-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай мазмұнда жазылсын:
«1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын».
Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіби даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады;
«2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын»
Бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін, еңбек жағдайын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады.»;
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Конкурстың өту кезеңдерін, оған қатысушылардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі жеткен жетістіктерін, жеңімпаздарды марапаттаудың рәсімдерін, сондай-ақ лауреаттар тізімін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ықпалымен мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жүзеге асырылады.»;
мынадай мазмұндағы 16-1, 16-2 және 16-3-тармақтармен толықтырылсын:
«16-1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары конкурстың өңірлік кезеңін өткізу және конкурстың республикалық кезеңіне қатысуға ұсынылатын үміткерлердің тізімін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етеді.
16-2. Ұйымдастырушылар және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары конкурс жеңімпаздарының үлгісінде әлеуметтік жауапкершіліктің үздік тәжірибелерін таратуды ұйымдастырады.
16-3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары конкурс лауреаттарын марапаттау салтанаты өткеннен кейін конкурс жеңімпаздарын келесі марапаттау салтанаты өткізілгенге дейін имидждік ілгерілетуді ұйымдастырады.»;
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«17. Конкурс лауреаттары бұл атақ берілгеннен кейін үш жыл бойы конкурс эмблемасын жарнамалық мақсаттарда пайдалану құқығын иеленеді. Белгілі бір номинация бойынша конкурс лауреаты атағын алғаннан кейін екі жыл ішінде оны алуға қайталап ұсынуға жол берілмейді.».
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2014 жылғы
№
Достарыңызбен бөлісу: |