Бұл реформа Ресейде крепостниктік құқының жойылуымен және бірқатар буржуазиялық реформалардың қабылдануымен тұстас келді. Капиталистік қатынастардың ұлт аймақтарға таралуы да осы кезден басталды. Ресейде капитализм дамуының екі жағы болды. Ол кең өріс ала бастады.
ХІХ ғасырдың орта шенінде іске асырылған сот, земство, халық ағарту және басқа да реформалар Ресейдің құрамында дамыған шығыстағы ұлттық аймақтарға әсер етпей қоймады. Патшалы Ресейдіқ ұлттық аймақтарды шикізат қоры және көзі ретінде сақтау саясаты Қазақстанды да қамтиды.
Негізінде екі генерал-губернаторлыққа бағындырылған (Орынбор, Батыс Сібір) қазақ елін билеп-төстеуді өзгерту ісі патша үкіметінің отаршылдық саясатымен тығыз байланысты еді. 1822 жылғы "Сібір қазақтарының жарғысы" мен 1824 жылғы "Орынбор қазақтарының жарғысы" жақа капиталистік қарым-қатынастар өрістей бастаған кезде өлкенің шаруашылық даму талабына сай болмады
XIX ғасырдың 60-жылдарында қазақтардың басқару жүйесін өзгерту үшін статс-секретарь И. И. Бутков басқарған комиссия құрылды. Комиссия бүкіл қазақ даласын екі облысқа — орталығы Торғай өңірінде болған — Батыс, орталығы Сергиопольде немесе Қарқаралыда ұйымдастыру көзделген Шығыс облыстарға бөлуді ұсынды. Комиссия ұсыныстары Орынбор генерал-губернаторы А. П. Безакқа тапсырылды. 1864 жылы 29-қыркүйек күні А. П. Безак Орынбор қазақтарының облыстық басқармасынан қажетті мәліметтер жинастыруды талап етті. 1865 жылы А. П. Безактық отставкаға шығуына байланысты онық орнына жаңа губернатор Н. А. Крыжановский тағайындалды. И. И. Бутков комиссиясының пікірлері мен ұсыныстары қабылданбады. Қазақ өлкесін басқару ісін өзгертуді дайындау Ішкі істер министрлігі кеңесінің мүшесі Гирс басқарған "Дала комиссиясына" жүктелді. Комиссия мүшелігіне Бас штабтан полковник А. К. Гейнс, Орынбор өлкесінен полковник К. К. Гутковский, Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан капитан А. П. Проценко енді. 1865 жылдың 5 маусымындағы II Александр патшаның әмірі бойынша қазақ жерін зерттеп білу сұрақтары дайындалды. Әкімшілік басқарудың жақа жүйесіне сай келетін мәселелердің көпшілігі сонда қамтылған еді: өзіндік ауыртпалықтар, жерді иеленудің түрлері, сот істері, ағарту ісі, алым-салық, діни мәселелер, т. б. Алайда реформаны әзірлеуде бұқаралық көпшіліктің көңілі ескерілмеді. Ғалым Шоқан Уәлиханов Қазақстанды билеуді халықтың өзін-өзі басқару негіздерінде қайта құруды талап еткен еді. Қазақ жерінде реформаны тезірек іске асыруды көздеген комиссия ат төбеліндей феодалдық тап өкілдерімен ақылдасып, мәліметтерді солардан жи-нады. Батыс Сібір генерал-губернаторлығында комиссия ірі бай Мұса Шорманұлынан, билеуші сұлтан Шыңғыс Уәлиханұлынан, Орынбор өлкесінде билеуші аға сұлтан Сейдәліұлынан, тағы да басқа халық мүдделерінен алшақ тұрған шонжар, ауқатты ақсүйектерден жиналған мәліметтерге сенім артты.
Гирстың басшылығымен, құрамында Баллюзек, Л. Мейер, А. П. Проценко болған комиссия Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын, В. Д. Дандевиль, А. К. Гейнс және басқалар енген комиссия Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөнінде реформа жобасын дайындады. 1867 жылы шілденің 11-інде II Алек-сандр патша "Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы ережені", 1868 жылғы қазанның 21-інде "Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы уақытша ережені" бекітті.
Бүкіл қазақ жері үш генерал-губернаторлыққа бөлінді: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір. Азаматтық және әскери билікті қолдарына шоғырландырған генерал-губернаторлықтар жеке облыстарға бөлінді. Орынбор және Торғай облыстары Орынбор генерал-губернаторлығына, Жетісу, Сырдария облыстары Түркістан генерал-губернаторлығына, Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір генерал-губернаторлығына біріктірілді. 1872 жылдан бұрынғы Бөкей хандығының жері Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау приставтығы 1870 жылдан Кавказ әскери округінің басқаруына, кейіннен Закаспий облысына енгізілді. Әскери және азаматтық биліктің генерал-губернатор қолында шоғырлануы 1867—1868 жылдардағы реформаның бір түйінді жері болды. Ал Түркістан генерал-губернаторлығына, сонымен қатар Қытай және Иран сияқты елдермен дипломатиялық келіссөз жүргізуге де рұқсат берілді.
Облыс басында тұрған әскери губернатор сонымен қатар сол облыстағы қазақ әскерінің үкімет тағайындаған (наказной) атаманы болып есептелді. Әскери губернатор жанында іс жүргізумен айналысатын облыстық басқармалар ұйымдастырылды. Ол үш бөлімнен тұрды: шаруашылық, сот және жарлықты іске асыру. Облыстық басқарма істерін қадағалау вице-губернаторларға тапсырылды. Облыстық басқарма төрағасының жанында арнайы кеңесшілер болды. (1)
Облыстар уездерге бөлінді. Сырдария облысында: Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент, Ходжент және Жизақ; Батыс Қазақстан облысында Орал, Атырау, Калмыков, Жем (Темір); Торғай облысында Елек, Қостанай, Ырғыз және Торғай; Ақмола облысында — Көкшетау, Омбы, Петро-павл, реформа қабылдағаннан кейін бір жылдан сон, орталығы Атбасарда Сарысу уезі; Семей облысында — Баянауыл, Зайсан, Көкпекті, Қарқаралы (кейіннен Павлодар, Өскемен уездері); Жетісу облысында Сергиополь, Қапал, Верный, Ыстықкөл және Тоқмақ уездері.
Генерал-губернаторлар тағайындап отырған уезд бастықтарына көмекші екі кісінің біреуі жергілікті шонжар топ өкілдерінен алынды. Уезд бастықтарына полиция да, әскери бөлімдері де, уездегі мекемелер де, бекіністер де бағынды. Уездер территориялық принципке негізделген болыстарға, ал болыстар 100—200 шаңырақтан тұратын ауылдарға бөлінді. Ірі ақсүйек-терден іріктеп алынатын болыс және ауылнайлар патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатына тірек болды. Шыңғыстың тұқымдары — сұлтандар үкіметтен өмірлік зейнетақымен қамтамасыз етіліп, ауыртпалықтар мен салықтардан босатылды. Реформаның таптық мазмұнын, отаршылдық бағытын осыдан да көруге болады.
Сырдарияның отырықшы елді мекендерінде полициялық және басқару билігі ақсақалдар қолына берілді. Облыстық әскери-губернаторлар бекіткен ақсақалдар сайлаушылар жиындарында үш жылға сайланатын. Ауылдық және болыстық старшындар сияқты(2) ақсақалдарға да олардың билік көрінісі ретінде қоладан құйылған белгі және мөр тапсырылатын. Ақсақалдарды сайлау болыстарды сайлау сияқты күреспен, ру аралық таласпен өтетін.
1867—1868 жылдардағы реформалар арқылы әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Ашық таптық сипаты бар сот мекемелері патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүргізу құралы болды. Сырдария облысында қазылар соты сақталынса да, әскери-уездік соттардың дау-жанжалдарды шешудегі рөлі басым еді. Алайда сот істеріндегі өзгерістердің бір айта кететін жайы — ол ескі шариғаттық патриархалдық-феодалдық салттардың күнделікті өмірге әсеріне шек қойды. Әрбір болыста төрттен сегізге дейін (шаңырақ санына қарай) билер сайлайтын еді. Шын мәнінде, әскери губернаторлар бекіткен билер мен қазылар соттары патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық сот жүйесінің төменгі буыны болды. Уездік және әскери соттар бұқараны қанауды үдетті. 1861 жылғы крепостниктік құқыны жою жөніндегі заң сияқты 1867—1868 жылдардағы реформалар қоғамның түбірлі қайшылықтарын шеше алмады. Реформа арқылы отарлық басқару, билік нығайтылды. Халықты бағынышты жағдайда ұстайтын, үстем таптың саясатын бұлжытпай орындайтын әскери әміршілер Қазақстанда да өз күшіне енді.
"Ереже-реформа" Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында белді орын алды. Өлкенің табиғи байлықтарын игеруге қолайлы жағдайлар қалыптасты. Әлеуметтік, шаруашылық өмірге ентелеп ене бастаған капиталистік құбылыстар бай патриархалды қарым-қатынастардың қауымды артқа тартатын түбірін әлсіретті. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақтардың да күнделікті өмірінде қалыптасқан өзгерістер аз емес. Ауыл тұрғындарының өз арасында таптық жіктелудің салдары, мысалы, жатақшылықтың қалыптаса бастағанынан, яғни кедейленген қазақтардың қалаларға, оның алғашқы өндіріс орындарына тартыла бастағанынан да көрініп қалады. Осы реформа салдарының куәсі болған Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты алдыңғы қатарлы ойшылдар оның теріс жақтарын өз шығармаларында талай мысқылдаған еді.
2. 1868 - 1869 жылдардағы Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістер.
Әкімшілік-басқару реформалары жекелеген маңызына қарамастан, қазақ даласында отаршылдык езгіні тереңдетті. Жаңа бекіністер салуға көшпелі шаруалардың жері тартып алынды, салықтар көбейіп, патша шенеуніктері мен отаршылдық басқару қызметіне көшкен феодалдық топтар қысымы бұқараның онсыз да ауыр жағдайын шиеленістірді. Өсімқорлық саудамен айналыса бастаған ақсүйектер күнкөрісінің барысы еңбекшілерге әкімшілік басқару жағынан қысымды үдетті. Мал-жайымен көшпелі өмір сүрген кедейлерге "Уакытша Ереженің" жерді пайдаланудағы жаңа кағидалары тіпті қолайсыз еді. Қазақ даласы бойынша барлығына міндетті (әрине, ауқаттыларды қоспағанда) шаңырақ салығы енгізілді. 1 сомнан 3 сомға дейін өсірілген бұл салық әсіресе әлеуметтік корғансыз жандарға тіпті ауыр еді. Земство салығын қосқанда 3 сом 50 тиынға көтерілген салық қазақ шаруаларының басым көпшілігін ауыр жағдайға душар етті. Патша үкіметінің осы салықты бай мен кедейге бірдей дәрежеде төлетуге шешім қабылдағанын ескерсек, шаруалар халінің мүшкіл болғанына көз жеткізу қиын емес. (3)
Жерді патша үкіметінің мемлекеттік меншігі деп жариялап, оны аумақтық негізде пайдалану ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділердің көзқарасына жат болды. Қыстау мен жаздық коныстардың әр түрлі әкімшілік-аумақтық басқару органдары қарамағында қалуы рулар арасын шиеленістірді. Патша үкіметі отарлық саясатының осындай және басқа ауыртпалықтары 1868 - 1869 жылдары Орал мен Торғай облыстарын, 1870 жылы Маңғыстауды қамтыған казақ шаруалары күресінің тұтануына себепші болды.(4)
1868 жылдың желтоқсан айы мен 1869 жылдың қазан айы аралығындағы Орал мен Торғай өңіріндегі көтерілістер отаршылдыққа карсы бағытталды. Айта кететін бір жайт, бұл халық қозғалысын басқарғандар өз артықшылықтарынан, ежелгі жеңілдіктерінен айырылған ру басылар еді. Олардың басым көпшілігі халықтың ашу-ызасын өз мүдделеріне ұтымды пайдаланып, ел мұқтаждығына селқос қарады.
Қаруланған казақ шаруалары патша үкіметінің отарлық саясатына, әлеуметтік қысымына қарсы бас көтерді. Әлсіз ұйымдасқан жасақтар патшаның жазалаушы бөлімдеріне тайынбай қарсы шықты. Мысалы, 1869 жылы мамырдың 6-сы күні Орынбор шебінен жіберілген, фон Штемпель басқарған 200 атты және бір рота жаяу әскерден тұратын топқа Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі Жамансай көлі маңында көтерілісшілердің 20 мың қолы шабуыл жасады. Жеті күн бойы шаруа жасақтары қоршауында қалған жазалаушылардың жағдайы мүшкілденіп, азық-түлігі және жемшөбі таусылған олар әскери шепке кайтып кетуге мәжбүр болды. (5)
Бұл көтерілістің сонымен қатар антифеодалдық сипаты да бар. 1869 жылдың наурыз, маусым айларында көтерілісшілер феодалдық топтарға қарсы 41 рет шабуыл жасады, оған жалпы саны 3 мың көтерілісші қатысты.
Торғай және Орал облыстарындағы бұқаралық сипат алған көтеріліс жергілікті отаршыл басқару жүйесін және Петербург сарайын шошындырды.
Орал облысындағы азаттық күресті жаншуға бірқатар ірі әскери күш жіберілді. Подполковник Рукин, граф Комаровский және генерал-губернатор Н.А.Веревкин бастаған мұздай қаруланған жазалаушылар қазақ ауылдарын оқтың астына алып, қолға түскендерді аяусыз жазалады. Көтерілістің жеке құрамаларына басшылық еткен сұлтан Хангали Арсланұлы, билер Дәуіт Асауұлы, Мұңайтпасұлы, молдалар Рысқұлұлы, Досұлы, т.б. солқылдақтықтың салдарынан шаруалардың үмітін ақтамады. Нашар қаруланған, араларында ауыз бірлік болмаған, түпкі мақсаттарын жете түсінбеген Орал, Торғай шаруаларының қозғалысы жеңіліске, ұшырады. Маңғыстау түбегіндегі көтерілістің басты себебі де Орал, Торғай облыстарындағы қозғалыстармен мазмұндас және 1867-1868 жылдардағы "Уақытша Ереженің" қатал отаршыл талаптарымен байланысты еді. "Ережелерді" іске асырудағы алғашқы адамдардың өзі-ақ түбек тұрғындарының негізгі тобы — адайлықтардың қарсылығын туғызды. 40 мыңға жуық шаңырақтан тұратын адай елі екі жылдың ішінде 160 мың сом салық төлеуге тиісті еді.
Көтеріліске түрткі болған — патша жазалаушыларының адайлықтар көшіп-қонып жүрген аймақтарға жақындауы болды. 1870 жылғы наурыздың ортасында Маңғыстау өлкесінің приставы подполковник Рукин құрамында 36 казак, 4 офицер, тілмаш Бекметұлы, би Майұлы және 60 адамы бар топпен "Ережеге" қарсылық ретінде ел түкпіріне көшуге бел байлаған адайлықтарды күшпен тоқтатуға тырысты. Бозащы түбегінің маңайында бақташылар - Досан Тәжіұлы, Иса Тіленбайұлы бастаған 200-ге жуық қазақтар жазалаушыларға тұтқиылдан тап берді.
Шаруалар қоршауында калған жазалаушылар ұйымдасқан қарсылық көрсете алмады. Жазалаушылар талқандалды, подполковник Рукин атылып өлді. Жеңіс көшпелілерді рухтандырып, бүкіл Маңғыстауды азаттық қозғалыс жалыны шарпыды. Көтерілісшілерді басқа да әлеуметтік топтар қолдады, Николаевск станицасы мен Александровск форты слободкасының балық аулау кәсіпшілігіндегі ауқаттылардан тартып алынған қайықтардан өзінше "флотилия" құрған көтерілісшілер тобы он мыңға жетті.
1870 жылғы сәуір айының 5-і күні қазақ шаруалары мен жалдамалы жұмысшылар тобы Александровск фортына шабуыл жасады. Форттың сыртындағы бірнеше маяк (бекініске ұқсас бақылау пункті) өртелді. Әскери гарнизонның азық-түлігі сақталған төменгі бекініс орны талқандалды, саудагерлердің үй-жайын от шарпыды. Тек патша өкілдерінің зеңбіректерді іске қосуы ғана көтерілісшілерді шегінуге мәжбүр етті.
Маңғыстаудағы көтеріліс Орынбор мен Оралдың отаршыл билеушілерін шошындырды. Орыс әскерінің бас штабында үрей туды. Бұл кезде Ирандағы ағылшын әскерінің күшеюіне байланысты, патша үкіметі өзінің оңтүстік шекарасын қауіпсіздендіру мақсатында Хиуа хандығына қарсы жорыққа әзірленіп жатқан. Осыған орай Красноводск маңайында ірі әскер тобы шоғырланған еді. Маңғыстаудағы көтеріліс осы күштің тылында қалды. Көтерілісті жаныштау Кавказ билеушісіне жүктелді. 1870 жылдың мамыр айында Кавказдан Маңғыстауға Апшерон полкінің батальоны екі атқыштар ротасы, шептік батальонның бірнеше ротасы, Терек қазақтарының 2 ротасы .және 4 зеңбірек жеткізілді. Бұл осал қаруланған көшпелі қазақтарға зор кауіп еді. (6)
Көтеріліс аяусыз жанышталды. Үш ай бойы патша әскері Маңғыстаудан кетпеді. Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский әскери министр Милютиннің "бұларды келістіріп жазалау" керек деген нұсқауына сай көтерілісшілерді кудалаудан аянған жок.
Осы жеңіліске байланысты қозғалыстың басшылары И.Тіленбайұлы, Д.Тәжіұлы, И.Көлұлы және басқалар 3000-ға жуық шаңырақты ертіп, жазалаушылардан ығысқан бойы Хиуа хандығына өтіп кетті.
Маңғыстаудағы көтерілісте антифеодалдық сипат әлсіз болды. Оның себебі адайлықтардың өзге аймақтардан алшақ орналасуына байланысты олардың арасында рулық-патриархаттык құбылыс әлі де болса күшін мейлінше сақтап қалған еді. Көтерілістің Орал, Торғай өлкелеріндегі қозғалыстан бір ерекшелігі - қазақ жалдама жұмысшылары тұңғыш рет күреске белсене қатысты. Көтерілістің жеңілуі халықтың жағдайын бұрынғыдан да шиеленістіре түсті. Кавказ әкімшілігінің талап етуімен Маңғыстау қазақтарынан 57 901 сом қосымша салық жиналды; адайлықтар соғыс шығыны ретінде өкіметке 90 мың қой өткізуге міндеттелді
Достарыңызбен бөлісу: |