ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық өмірінде болған өзгерістер ескі қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың пайда болуымен, әсіресе, олардың ірі әкімшілік орталықтарына айналып қана қоймай, оларды мекендеген халықтың шаруашылығында және мәдени, қоғамдық өмірінде үлкен роль атқаруымен сипатталды. XX ғасырдың басында-ақ Қазақстан көп ұлтты елге айналды да, ғасыр басында Қазақстанның негізгі территориясы алты облысқа бөлінді: Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан генерал-губернаторлығына (орталығы - Ташкент қаласы), ал Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары – Дала генерал-губернаторлығының құрамына кіргізіліп, Ішкі (Бөкей) ордасының территориясы Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау Закаспий облысына қаратылды.
Осы кезеңде Ресей империясының ішкі губернияларынан көші-қон ағынының дамуы нәтижесінде Қазақстан халқының тез өскендігі де аңғарылды. Оған дәлел: Ресей империясының бірінші жалпыға бірдей санағынан кейінгі алғашқы екі онжылдықта (1897-1917 жж.) Қазақстан халқының саны 4147,7 мың адамнан 5045,2 мың адамға, яғни 25,7% көбейген. Ал, өлкенің демографиялық деректерінің табиғи өсу деңгейіне салыстырмалы талдау жасасақ, мынадай цифрларды аңғаруға болады. Өлкенің сол кездегі негізгі алты облысы бойынша 1897-1906 жылдарда жалпы алғанда бір мың адамға халықтың табиғи өсімі 11,3%, ал 1907-1916 жылдарда -15,3%; Ақмола облысы бойынша орыстар мен украиндардың үлес салмағы 1897 жылғы 33,0% 1917 жылғы 55,7% дейін өскен де, осы екі онжылдық ішінде халықтың табиғи өсімі 38,9% болған. Ал, қазақтары басым облыстарда табиғи өсімнің едәуір төмен болғандығы көрінеді: Жетісуда - 25,7%, Сырдарияда - 25,6%, Оралда – 20%, Семейде - 15,6%. Сөйтіп, Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың басында орыстардың, украиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің империяның ішкі аймақтарынан жаппай қоныс аударуының қатты әсер еткендігін аңғаруға болады.
Ал, жалпы алғанда, XX ғасырдың басында қазақтар, орыстар, украиндар бүкіл өлке халқының 87%-ынан 95%-ына дейін құрады да, өлкеде бұлардан басқа татарлар, өзбектер, дүнгендер, мордвалар және басқа да ұлт өкілдері қоныстанды.
Ерекше назар аударатын тағы бір жайт - ол өлке тұрғындарының 90%-ынан астамының ауылдық жерлерде қоныстануы еді. Олардың негізгі кәсібі ежелден келе жатқан мал шаруашылығы болатын. Сонымен қатар, XX ғасырдың басында егіншілік халықтың көп бөлігінің негізгі кәсібіне айналды. Қоныс аударған орыс шаруаларынан басқа, егіншілікпен жергілікті қазақтар да айналысты. 1897 жылғы санақ бойынша, өлке халқының 55,4%-ы егіншілікпен шұғылданған.
Сонымен, XX ғ. басындағы Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық ахуалға талдау жасаған кезде, жалпы өлкедегі патшаның отарлау саясатының кең белең алғандығын еркін аңғаруға болады: біріншіден, өлкедегі халықтың көп ұлтты құрамының қалыптасу үрдісі күшейе түсті; екіншіден, байырғы халықтың үлес салмағы кеміді де, келімсек халықтың, негізінен алғанда, орыстар мен украиндардың үлесі өсті; үшіншіден, қалалар мен олардағы халықтың біршама өсуі байқалып, оның құрамында метрополияның басқа аймақтарынан келген қоныс аударушылар мен отаршылдық әкімшілік пен кәсіпкерлікке байланысты әлеуметтік жіктер мен топтардың басымдылығы толық аңғарылады.
XX ғасырдың басында Ресей патшалығының отары ретіндегі Қазақстанда негізінен өнеркәсіптің екі саласы, яғни тау-кен өндірісі мен кен-зауыт өнеркәсібі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өнімдерін ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жатқызылды. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі түсті металдар мен темірдің бай кен орындарын пайдаланып жатқан Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. Бірақ, ғасыр басында мыс, алтын, темір жөне басқа қазба байлықтарын шығаратын еліміздің тау-кен кәсіпорындары, негізінен, шетелдік акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мысалы, 1904 жылы Лондонда пайда болған Спаск мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спаск-Успенск мыс кені мен заводын, Саран-Қарағанды тас көмір кенін және рудниктерін түгелдей сатып алып, пайдаланды.
Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол пайдаланылды. Өндірілген көмір темір жолмен және су жолдарымен Ресейдің Пермь губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да қалаларына жеткізіліп отырды.
Осы кезеңде Батыс Қазақстан өңірі мен Орал-Ембі аймағында мұнай шығару өнеркәсібі де біршама дамыды. Бірақ, ол кәсіпорындар толығымен шетел капиталистерінің билігінде қала берді. Тек, І912-1914 жылдардың өзінде ғана ағылшын капиталистеріне қарасты "Батыс-Орал мұнай қоғамы", "Орал-Ембі қоғамы", "Солтүстік Каспий мұнай компаниясы" өлкенің арзан жұмысшы күшін пайдаланып, бәсекелестіктің болмауына байланысты мұнайдың мол бай кен орындарын жыртқыштықпен пайдалана отыра, өздеріне өлшеусіз, ұшан-теңіз пайда әкеліп жатты.
Осындай себептерге байланысты, Қазақстанның кен өнеркәсібі бұл кезеңде жергілікті капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан бастап шетелге кетіп жатты. Осының бәрі кен өнеркәсібінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті.
Өлке өнеркәсібінің біршама өсу жолын тұтас алып қарастырар болсақ, мұнда ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындардың атап айтсақ, теріден былғары жасайтын, май шыжғыратын, сабын қайнататын, арақ, спирт шығаратын, май шайқайтын және т.б. кәсіпорындардың белгілі дәрежеде роль атқарғандығы байқалды.
XX ғасырдың басында да Қазақстанның орталық аудандарының капиталистік өнеркәсібінің шикізат көзіне, сондай-ақ өнім өткізу рыногына айналуында темір жолдардың салынуы маңызды роль атқарды. Өйткені, олар бір мезгілде артта қалған отар аудандарына, ең алдымен Орта Азия мен Сібірге Ресей капитализмінің ену құралына айналған болатын. Ал, шын мәнінде, Орта Азия мен Қазақстанды Ресейдің экономикалық игеруі осы аумақтардың терең түкпіріне темір жолдар салудан басталған еді. Темір жол желілері Қазақстан аумағында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басынан ірі темір жолының салынуына байланысты тартыла басталды. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі ірі Сібір темір жол желісі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент жолы болды. Сөйтіп, ғасыр басында одан кейін Троицк, Алтай және Жетісу темір жолдарын салу жұмыстары дами түсті. Әрине, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде жол қатынастарының дамуы маңызды рөл атқарды. Әсіресе, олар сауданың өркендеуіне өз ықпалын тигізді. Бұл темір жолдар өлкені Ресейдің өнеркәсіп орталықтарымен байланыстырып, оны жалпыресейлік экономикалық нарыққа тартты. Қазақстанның әр түрлі өнеркәсіп шикізаттары, мал шаруашылығы өнімдері, мал, астық сыртқа шығарылып, өлкеге фабрика-завод бұйымдары, тағы да басқа қажетті тауарлар әкелінді. Сонымен қатар, қазақ даласында пайда болған темір жол станцияларына сол кезеңде халықтың біршама көп шоғырлануына байланысты олар өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өмірінің ошақтарына айнала бастағанын көреміз. Осы кезеңде ірі темір жол станцияларындағы халықтың саны бірнеше мың адамға жетті. Мысалы, 1916 жылы Орынбор станциясында - 9720, Ақтөбеде - 3263, Шалқарда - 5300, Қазалыда - 3600, Перовскіде - 1852, Түркістанда - 2984 адам тұрды. 1906-07 жылдары Петропавл (Қызылжар) станциясындағы тұрғындардың саны 3 мыңнан асқан.
Сөйтіп, осы кезеңде өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы, су жолдарының пайдалана бастауы - Қазақстанда жалпы жұмысшы табын қалыптастырудың бірден-бір әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалауға себеп болды. Өлкедегі мұндай өзгерістер ғасыр басында одан әрі дами түсті. Мысалы, 1913 жылғы өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың адамға дейін жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда 51 мың жұмысшы еңбек еткен 675 фабрика-заводтың кәсіпорындары болды да, ол жұмысшылардың 28 мыңға жуығы ірі өнеркәсіп орындарында істеді. Тек теміржол мен су жолдарында 25 мыңнан астам жұмысшы еңбекпен қамтылды. Ал, бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жұмысшылар саны ірі өнеркәсіп орындары мен транспортта өсе түсті. Сөйтіп, 1917 жылғы Қазан төңкерісі тұсында Қазақстандағы жұмысшылардың жалпы саны 90 мыңға жетті.
Бірақ, жергілікті қазақ жұмысшылары көбінесе маусымдық жұмыстарға ғана тартылып, кәсіби мамандықтарының болмауынан тұрақты жұмыстармен қамтылмады. Тұрақты жұмыспен тек темір жол желілері мен тау-кен өндіріс орындары ғана біршама қамтамасыз ете алды. Сөйтіп, өлкедегі тау-кен өндірісі, завод кәсіпорындары мен транспортта ғана жұмысшылардың шоғырлануы жоғары болды.
Соған қарамастан, әлеуметтік тұрғыдан өлкенің өнеркәсіп жұмысшыларының жағдайы Ресейдің өнеркәсібі дамыған аудандарымен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Оған кәсіпорын қожайындарының өктемдігімен белгіленген жұмыс күнінің ұзақтығы себеп болды. Мысалы, Ембінің мұнай кәсіпорындарында 12 сағатқа дейін, алтын өндірілетін кен орындарда 10-12 сағат, тұз өндірілетін кәсіпшіліктерде 14-16 сағатқа дейін созылды. Міне, осындай әлеуметтік теңсіздіктердің басымдылығын көрген және кәсіп иелерінің өздеріне алалаушылық жасап, құқықтарынан айыру шараларын басынан өткізген қазақ жұмысшылары ерекше ауыр жағдайда болды. Осының бәрі күрделеніп келіп, қазақ жұмысшыларын өздерінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайларын жақсарту мақсатындағы күреске итермеледі.
Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-07 жылдарда өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық және саяси дамуы дәрежесінің салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді. Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты. Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді. Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді.
Қазақ даласында осы жылдары Ресейдегі революциялық процестердің жалпы барысымен тығыз байланысты жұмысшылардың бірқатар саяси және экономикалық толқулары болып өтті. Оларға 1905 жылдың желтоқсанында Успенск мыс руднигіндегі, 1907 жылдың маусым айында Спасск мыс қорыту зауытындағы, Қарағанды кендеріндегі, сондай-ақ, Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай және басқа да қалалардың кәсіпорындарындағы өткен ереуілдерді жатқызуға болады.
Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. cаяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә. Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді". Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: "Патша үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды болмаған құбылыстар байқалуда" – делінген. Қазақ даласында байқалған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендерінде қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар әзірленді. Осылайша қазақ даласындағы саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс ала бастады. Қазақтардың орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоқы жасалуына наразылық білдірілді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге земство енгізу сұралды.
Отарлық тәуелдіктегі қазақ елінің мұң-мұқтажын білдірген петицияларды жазып, оны тиісті орындарына тапсыру ісі 1905 ж. көктем айларында-ақ қолға алынған болатын. Мәселен, 1905 ж. сәуірдің 2-інде Ақмола қаласындағы Халфин деген қазақ саудагерінің үйінде жиылыс өтіп, Петерборға барып петиция тапсыру үшін арнайы делегация сайлап жіберу мәселесі қарастырылған. Ақмола қаласында өткен осы жиылысқа әкімшілік орындарында тілмаштық қызмет атқарған Серкебаев, Кенжебаев және Сатыбалдиндер басшылық жасаған.
Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып дайындау ісінің басында негізінен сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, жаңадан қалыптасып, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция өкілдері тұрды. Ол жөнінде М. Дулатов: "1905 жылдан бері қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдікпен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары cенімсіз болып қалды”, - деп жазды.
1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы петиция туралы және оны дайындап, көптеген адамдарға қолдатудағы Ахмет Байтұрсыновтың ерекше еңбегін жоғары бағалаған М.Әуезов 1923 жылы жазған “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа да оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген.
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.
1917 жылы 28 ақпанда М.В.Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруді өз қолына алғанын мәлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды. Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін белгілеген Декларация да осы күні жарияланды. Онда:“Азаматтар! Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен әскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды. Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады”, - деп князь Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл кабинет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс және т.б. істер бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз және баспасөз бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни және сословиялық шектеушіліктерді жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полицияны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бағындыруды және т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа алатынын мәлімдеді.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.
Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның түпкір-түпкірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық әкелген Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алладан өтініп, жаңа үкіметке адал қызмет етуге серт берді. Ресей тарихында бірінші рет діни нанымдық, нәсілдік кемсітушілік жойылды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының мәні де осында болатын.
Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: “Сары әскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді”, - деп жазды.
Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабар жер-жерлерге жетісімен түрлі әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала бастайды. Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары: азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық құрама (коалициялық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды. 1917 жылдың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару комитеттері құрыла бастады. Мәселен, 3 наурызда Көкшетауда, 4 наурызда Қызылжарда, 5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық ұйымдардың атқару комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі әлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл халықтың демократиялық басқару дәстүріне құлшына араласқанын аңғартады.
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет билік орындарын құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. Осыған байланысты жергілікті басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда ұйымдастыруда өзгерістер бола бастайды. Наурыз және сәуір айлары ішінде ескі әскери губернаторлық, уездік, болыстық және ауылнайлық басқару жүйелері жойылып, келмеске кетті. Олардың орнына Уақытша үкіметтің облыстық және уездік комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық және ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер және олардың атқару орындары қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында бұларға қосымша облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті және басқа осы сияқты басқару орындары құрылады.
Батыс майдан штабы жанынан земскі және қалалық одақтардың бұратана бөлімін басқарып жүрген Ә.Бөкейханов 20 наурыз күні Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалды. Қазақ елі патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір өкілінің империяның әкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық деңгейді қойғанда, тіпті уезд бастығы дәрежесінде қызмет жасамағандығы мәлім. Империяның басқару жүйесінде қазақтар болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге тиісті емес еді. Бұл тұрғыдан Ә. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші қазақ болатын.
1917 жылы наурыз айы ішінде Орал облыстық комиссары болып Бизянов бекітілді. Ақмола мен Семей облыстары қарайтын Дала өлкелік комиссарлығына мемлекеттік кеңес мүшесі И.Лаптев жіберілді.
1917 жылы сәуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түркістан өлкесінде нақты тәртіп орнатып, күнделікті туындап отыратын мәселелерді сол жерде шешіп, өлкені басқару үшін Түркістан уақытша комитеті құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік Дума мүшесі Н.Н.Щепкин, бірінші Дума мүшесі Ә.Бөкейханов, екінші Дума мүшесі М.Тынышпаев, үшінші Дума мүшелері С.Мақсудов, В.С.Елпатовский, А.А.Липовский, П.И.Преображенский, О.А.Шкапский және генерал-майор А.Дәулетшин енді. Комитеттің төрағасы болып Н.Н.Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу, Закаспий облыстарында және Хиуа мен Бұқара хандықтарындағы орыс поселкелеріне Түркістан комитеті Уақытша үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды.
Ә.Бөкейханов Түркістан комитеті құрамына енгенімен, Торғай облыстық комиссары ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса алмады. Торғай облыстық комиссары Ә.Бөкейханов өз қызметінде жергілікті жердің салт-дәстүрін, ерекшеліктерін білетін азаматтарды, әсіресе, қазақтың зиялы азаматтарын мемлекеттік басқару орындарына тағайындауды басшылыққа алды. Оның ұсынуы бойынша, Қостанай уездік комиссары болып бірінші және екінші мемлекеттік Думалардың мүшесі Ахмет Бірімжанов, Торғай уездік комиссары болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл округтік сотының мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді.
Қазақ облыстарында болыстық комитеттердің құрылуы барысында да баяғыша болыстыққа таласқандай таласып, ескі әдетке салған жағдайлар да кездесіп тұрды. Ол жөнінде “Қазақ” газетінде: “Көкшетау уезі Айыртау болысы сайлауында зор талас болды. Председательдікке сайланған Ысқақ Баймұрат баласы қонақасына көп қой, бір ту бие сойып, 3 мың сом ақша шығарып, үлкен партия жасап барып сайланып шықты. Махмұд төре Уәлиханов сайлауды бұзуға жол іздеп Көкшетауға келді” - делінген.
1917 жылы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің шешіміне сәйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан, Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық комитеттерді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С.Досжанов, И.Ермұратов, Ж.Кенжебаев, Е.Өтемісов және т.б. құралған комиссия келіп 3 маусымға дейін 14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің құрылуының басы-қасында болды.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Әлібеков); 11-наурызында - Семейде (төрағасы - Р.Мәрсеков); Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев); наурыздың аяғында - Верныйда (төрағасы - И.Жайнақов) құрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері "Қазақ" газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық және басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің органдарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ә.Бөкейханов - Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша (эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары болды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ә.Кенесарин, Р.Мәрсеков, тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы - И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір-5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы - А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мәселесін, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде "Алаш" қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |