Бұл түсініктен біз Қондыбай, Қанай кедей ауылдың адамдары екен, Семейден онша қашық тұрмайтын ауыл екен, жерін мал жаюға жалдап күн көретін адамдар екен деп ұғар едік» дейді. Бұл арада Бейсембаев өзінің ақын сөзін дұрыс түсінбейтінін, байыбына барып ұға алмайтынын көрсетіп отыр. Абайдың, жалпы ақын-жазушының көркем шығармасында сөз қолдану тәсілін Бейсембаев ұқпағандықтан Абайдың: «Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін» деген сөзін тура мағынасында түсініп, Абайдың «Қондыбай, Қанай» деген сөздерді ауыспалы мағынада қолданғанын ұға алмаған. Сондықтан «Қондыбай», «Қанай» деген сөзге Абай жинағында: «Жерін малға жалдайтын кедей ауыл» деп дұрыс түсіндірме берілсе, оны ұға алмаған Бейсембаев өз бетімен бұрыс кетіп, «Қондыбай мен Қанайдың кім екенін, олардың ата-мекен, қоныс-қыстау, жаз-жайлау, өзен, өлкесін анық ашып түсіндіріп бере алмаған» деп елді кінәлап алып, қарақұрықтатып келіп, өзін-өзі мадақтап: «Көп жыл бойы архивтермен жұмыс істеуіміздің арқасында Омбы мен Қазақстанның архив мекемелерінде Қондыбай-Қанай өміріне, ел-жұртына, сол уақытта атқарған қоғамдық қызметтеріне байланысты архив деректерін тауып алдық. Енді соны баяндаймыз. 1842 жылғы архивте Қанайды 52 жаста деп жазылған. Сонда 1790 жылы туған. Қанай 1840 жылдан Чога (жаға) уақ елінің болыс болған...» деп, оған уақтың Қондыбай Қозыбаев деген адамын қосып алып, осы екеуі туралы архив мағлұматтарын тізе береді. Бұл екі адамның да Абайдың «Қыс» өлеңінде аталатын Қанай мен Қондыбай деген сөздерге ешбір қатынасы жоқ. Бейсембаев айтып отырған уақ елінің тарихы бізге ертеден мәлім, Коншиннің еңбектерінде жазылып жарияланған.
Бейсембаев Абай өлеңіндегі Қанай мен Қондыбайдың кім екенін ашып бермек болып, қайдағы бір шиырға түсіп кетіп адасқан. «Қанай... жаға уақ елінің болысы» деп отырған адамның дәл есімі Қанай емес, Қонай, «жаға» деп отырғаны – Шоға. Шәкәрім шежіресінде: «Біздің білгеніміз мұндағы Уақ аталары: Сарман, Шоға...» деп айқын жазылған.
Біз бұл арада Уақтың шежіресін баяндамақ емеспіз. Бейсембаевтың өзі қалай мақтанса да, ғылыми-зерттеу мәселесінде дәрменсіздігін, дәрменсіз болатыны – даярлығы жоқтығын көріп отырып, айтпауға дәтіміз шыдамады.
Уақтың белгілі басшы адамы әрі батыры – Қонайдың атын бұрмалап әкеп «Қанай» деп, Абай өлеңіндегі Қанаймен байланыстырамын деу бос әурешілік, ақылға қонбайтын нәрсе. Амал қанша, қисынсызды қиыстырам деп әуреленген Бейсембаев, ауа жайлған мақаласын қорыта келіп: «Абай Уақ елінің Қондыбай, Қанай (?!) атты атақты ел билеушілерін ертеден білгендіктен қатты қыста тебіні мол шұрайлы жерлері көп екенін ескеріп, сол елдің жеріне апарып, соныға малды жайып күзетіңдер, қайрат көрсет, қамалын бұз деп күш, қуат, жігер бере сөйлейді. Қар тепкенге қажымас қайран жылқыны ит (қасқырды айтады, әрине) жегенше Қондыбай мен Қанай елінің барша кедейі жесін деген азаматтық үні естіледі» дейді Бейсембаев. Оқырман жұртшылық өз қорытындысын жасай жатар.
Бейсембаевтың осындай мақалаларын бірнеше рет қайталап, газетке жариялап отыратын әдеті бар екен, газет те қайталап баса береді екен. Мысалы, осы мақаланың бір нұсқасы 1990 жылы (ақпанның 2-сі) жарияланыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |