«болса да өзі мерген аз атады »



Дата15.06.2016
өлшемі54.5 Kb.
#136181
«БОЛСА ДА ӨЗІ МЕРГЕН АЗ АТАДЫ...»

Әдетте, адаммен тез шүйіркелесіп, көңіліңнің кілтін оңай таба білетін адамның жан сырына үңілу оңай сияқты көрінеді. Бірақ бұл сыртынан пішілген тон іспетті үстірт пікір. Ондай жандардың шын сыры көңілдің терең қатпарында жатады.

Өзінен гөрі өзгенің жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға бейім келеді. Ескеріп-елеп жатса, сый көрсетсе, тасып кетпейді. Тасада қалса, тағы да реніш тұтпайды. Бірақ өзінің мұратына берік. Тайсақтамайды. Қызыл қайыңның безіндей шымыр да жеңіл, ешкімге өкпе-базына да артпайды, салмақ та салмайды. Және сені еркінсітіп билеп-төстеуге де ерік бермейді. Қазақша ұғыммен айтсақ, мысы басып тұрады.

Кейде жымиып айтқан жылы сөзі де сені сынай қарағандай сыңай танытатыны тағы бар. Ер жігіттің өр мінезін ұнататын, мәрттікті сүйсініп әңгімелейтін, кейде «тыңдашы» деп қойып, сөзді түбірлеп түсіндіретін мінезіне қарағанда, ой өзегінің тіні қатты емеспе екен, бар мінезін ішінде сақтап, ашуы мен адуынын ақылына жеңдіріп, бой тастап жүр емес пе екен деп те қаласың. Алғашқы алған бағыты мен айтқан сөзінен жаңылдыру қиын. Сондай биязы сөзінің астарында кесімді пікір, шешімді ұстаным жатқанын аңғарасың. Достары да оның бұл мінезімен есептесетін сияқты.

Қазақтар мұндай азаматты «біртоға» десе керек еді. Бірақ ол ұғым да келбетін пішіп, тігісін жатқыза алмайды. Өйткені ішін сыртқа шірей итеріп тұрған жан қуаты мен рух күші, зерде жігері тығыз да нығыз. Басым мінезі қайсы? Тап басып айту қиын. Әлде осындай қасиеттердің жиынтықтала біткен тумысы шығар. Мүмкін.

Қысқасы, азды-көпті араласқан жиырма бес жылдың ішінде жазушы Кеңес Юсуповтың осы қалыптан танғанын өз басым байқағаным жоқ.

Өмірдің сан қиысында сынға түскен шағын көрсем де, ала жіпті аттағанын, не жолда жатқан суыртпақты елеусіз қалдырғанын аңғармаппын. Тіршіліктегі қандыкөйлек досының кім екенін білмеймін, бірақ дұшпанкөзді бола қойған да жоқ.

Қашан да таза, қашан да қарапайым, қашан да зиялы, қашан да қатты жаңғақ сияқты шымыр. Тіршіліктегі тұрмысы қилы-қилы мұқтаждықтан арылмаса да шағынғанын да байқамайсың. Бұл бітім табиғи бітім бе, жоқ, жетім тіршілік пен жат аралас ортада өскендіктен де бойына жүре сіңірген дағдысы ма, оны ажыратып айта алмаймын. Сырты осындай шымыр да ширақ, жұмыр жанды көрінгенімен де, ішінде бір алаңның жүргенін анық сезінесің.

Ол алаңның қыжылы не? Өзіне өкпелі ме, өмірге ренішті ме, жоқ, өнеріне өкініш арта ма?

Бір адамның тіршіліктегі тиесілі сыбағасына татитын ырыздығы бар, пендешілік тәубасы діліне біткен адамның оған наз арта қоятындай жөні жоқ. Жеке басына келсек, өз қатырының алды дегізетіндей ғұмыр кешті. Кілтипан сол баяғы «сөз өнерінің дертінде» болса керек.

Жігіт ағасы кезінде Кеңес ағамыз туралы: түбі бір үлкен кетікті бүтіндейтін кірпіш екенін біледі. Қаланса да сол арадан қайтып саңлау қалдырмайтындай боп бекуі үшін аңысын ұзақ аңдып, іштей тастүйін сайланып жүргені анық. Оны өзі де жасырмайды. Бірақ қашан, қай уақытта? Оны ешкім тағы да айта алмайды. Тек үлкен бір құдіретті адамның тапсырма беруін күтіп жүргендей. Кеңес ағамыздың көкірегінде бізге беймәлім бір шымырлаған мазасыздық сол шығар – деп жорамалдайтынмын.

Одан кейінгі он жыл мерзім әр отбасы үшін алаңға толы болды. Кеңес ағамыз сияқты жанұясына ықтиятты адам үшін бұл да бір үлкен сын. Ұл ержетіп, қыз бойжетіп, құтты ұясын табар кездегі қарбалас әдепті әке үшін үлкен әбігер кекені де түсінікті. Сондықтан да «бойын буған сөз дерті» бойын құрыстырып жүруі ықтимал ғой деп жорамалдайтынмын. Оның үстіне тәуелсіз елінің ресми, кеңселік тілін қалыптастырып, тігісін жатқызу да мойын бұруға мүмкіндік бермегенін көзіммен көріп жүрдім.

Аударманың азабы мен рахатын тел емген тәржімашыға, ғылыми дәрежеге лайық еңбегі сіңгенін айтып, диссертация қорғауға ұсыныс жасаған академик Рымғали Нұрғалиұлының бопсасына көнгендей ыңғай танытқанымен, төстабандап тартыншақтаған жылдары, осы ағамыз жалқау емес пе өзі – деген де ой қылт етіп жүрді.

Бірақ, сөзден жеріп кетті деген ой қаперіме кірген де емес. Аз әңгімеде көп пікір білдіргеніне қарап, қарап жүрмегенін аңғаратынмын. Шіркін, осы ағамызға тілін алдыратын бір күштіні тауып, қалам қуаты барында жазуға отырғызып қойса ғой – деп қиялдайтынмын.

Күткенім – күтпеген жерден алдымнан шықты. Қанша қормал болса да кітап алмаспайтын, ой бөліспейтін жазушы болмайды. Сондай алыс-беріс тұсында: «Көзіңнің қиығын бір салып шығарсың», – деген қолтаңбасы бар үш томдық басылым қолыма түсе қалды. Әуелі асығыс, содан кейін байыппен танысып шыққанда түсінгенім, бұл үш кітап – Кеңес Юсуповтың кейінгі жиырма жыл бойы ақыл-ойын сарыққан, түйсігі мен төзім талшықтарын шүйкелеген, қазақ әдебиетінде қалыптасқан әдеби тәжірибесі мол, теориялық тұрғыдан тиянақталған, барақта шығармашылық көркем ой ретінде жүйеленбеген аударма мәселесіне арналған екен.

Бұл – аударма мен аудармашының шығармашылық психологиясы мен көркем түйсігі барынша кең қамтылған, әлем әдебиетіндегі осы саладағы кейінгі үш жүз жылдық тәжірибе барынша іріктеліп берілген, қазақ әдебиетіндегі осы тақырыпқа қалам тартылған теориялық-тәжірибелік қағидаттар мен ізденістердің таңдамалы тұжырымдары тоғысқан, ең соңында әдеби тілге тікелей талыс боп тартылатын ресми кеңсе аудармасы туралы авторлық монграфиямен тиянақталған энциклопедиялық деңгейдегі авторлық басылым болып шығыпты.

Иә, авторлық басылым!

Сан тараулы аударма саласының түйткілдері мен түйіндерін былай қойғанда, көркем аударманың ұстанымдарының өзі көркем көзқараспен астасып жатқан өзекті де өтіл, ішкі кілтипандары көп әрі шетін мәселе. Әсіресе, ұлттық және діни танымдарды, кәсіби және дәстүрлі атауларды, емеуірін мен астарлы ұғымдарды қамтитын ұлттық көркем ойлау жүйесін етене әрі шендестіре, ұғынықты да сіңімді жеткізудегі ішкі түйсік пен сөздің «дәмін тұщыну» үрімі аса күрделі құбылыс.

Туындының түпнұсқадағы ашылмаған астары көркем аударма арқылы жарқырап, тереңдеп, астарлы мағынаға, автордың өзіне аңғарылмаған мәнге ие болған шығармалар көп.

Осы жинақта Борхестің «Мың бір түннің» оннан астам сәтті аудармасын айта келіп, соның ішіндегі түпнұсқаны барынша еркін, барынша босаң аударылған Галланның тәржімасы бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленіп келе жатқанын тәмсіл етеді. Тура осындай пікірді «Мың бір түннің» қазақша аудармасы жөнінде де айтуға болады. Түпнұсқа барынша толық, барынша дәл ме дәл, аудармасы барынша мәнерлі де анық Қалтай Мұхамеджановтың аудармасынан көрі халық Қалмахан Әбдіқадыровтың еркін тәржімасын сүйіп оқиды.

Өйткені, Борхес дәл тауып айтқандай, «оқырман «Мың бір түн» туралы ойға батқанда, нақ о сы аударма жайында ой толғайды... Өзімен оңаша қалған талай жанды рахатқа батырып, таңдай қақтырған да сол» Галлан мен Қалмаханның аудармасы. Біз одан сол заманның «жүрекке жылы тиер дәмін алғандай боламыз». Егерде бұл аудармаларға мәтіндік салыстырулар жасаса, оны мүлдем іске асырғысыз етіп сынауға болар еді. Алайда табиғилығы мен «тілдік тұщындыруы» арқылы түпнұсқаның деңгейіндегі әсерге бөлейді.

Халықтық қарапайым табиғи талғамды танытқан кездейсоқ алынған «кездейсоқ мысалды» салыстыра отырып айтарымыз, осындай «жұмбақ құбылыстардың құпиясын» ашатын аударма туралы сонау Шатобрианнан бастап Әбдіғазиевке дейінгі ғұламалардың мақалаларын таңдап кіргізуінде, сол сөз өнеріне деген авторлық, яғни, мәтібі аудармашы Кеңес Юсуповтың, Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» сияқты әлемдегі құрылымы ең күрделі, әфсана мен аңыздың, шындық пен қияли өмірдің, кеше мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің аражігін ажыратып болмайтын, тігісі теріс, астары жат шығарманы аударған азап иесінің көзқарасы пен ұстанымы жатыр.

Бұл – аудармашы Кеңестің көркем ойлау жүйесін жүйелеп берген көпшілік қолды басылым немесе Кеңес Юсуповтың аударма туралы көркемдік ұстанымы. Демек, авторлық басылым. Ал авторлық басылымға ие болуға әркім құштар болғанымен, әркімнің ондай қақы иесі болуға құқығы жоқ. Ондай құзыр, әрине, аударма саласында, Кеңес Юсупов те бар.

Ер жігітің кемел кезінде айтылатын жомарт теңеулерге жүгінбей, аударма қақында пікір суыртпақтап қана сөз тартқанымыз, мүмкін, алғысөз орайындағы алғауда тосын көрінетін де шығар. Алайда ой орамы иіріліп барып осыған алып келді. Өйткені, дәл қазір табандап тоқтаған осы үш кітап – оның шығармашылық өмірінің бір саласының қорытындысы. Оған тек «Жүз жылдық жалғыздықты» аудару барысындағы тәжірибесін сабақтайтын дербес эссе ғана қосылуы мүмкін. Егер ондай еңбек өмірге келе қалған жағдайда (ал оны жазбауға аудармашы К.Юсуповтың қақысы да жоқ), бұл ұзақ жылдар бойы қазақ сөз өнерінің көркем ойына талғажау туынды (иә, туынды) болатынына сенімім кәміл.

Бұл тілекті кім білдірсе де Кеңес Юсуповты көз алдына елестеткенде және аз да саз шығармаларын оқығанда арзан сырғытпадан бойын тарта отыратыны анық. Қазақ қаламгерлерінің арасында шығармасының мінезі оның иесіне тартқан саяқ жазушының бірі де осы ағамыз. Қанша рет асқақтау сөйлеуге оқталсаң да «сабыр, сабыр» деп өзіңе жымия қарап тоқтау салғандай болады.

Жазғаны әлі Одаққа мүше болмаған жас таланттың жариялап үлгерген дүниелерінен аз Кеңес Юсуповты ешкім де еріншек немесе қалам қуаты кайтқан деп айта алмайды. Ол сирек жазбайды, күн сайын қолынан қаламы түспейді. Бірақ әуелі өзін, содан кейін сөзін шымырлатқанның үстіне шымырлата береді.

Балталық темірден – біз, астаулық ағаштан – ұршықтың сабын шығаратын кірпияз зергердің мінезі бар. Олақтық емес. Себебі, ол соншама мол дүниені игергенде мынау балтаға лайық не балтаның сабы шығатын нәрсе екен деп қарамайды, керісінше соның бойындағы қорытпаларды қалай ажыратып тебен шығарсам екен деп қиналады.

Азаптың азабы. Азапты сатып алған деген осы шығар. Онсыз тағы да көңілі көншімейді.

Мәселе, өзіңде жоқты іздеп, тырмысуда емес, артығын жона білуде. Аламан бәйгеде үстіне қалыңқы шан тисе кірпиязданып қалатын, өйтіп алған бәйгеден гөрі бойын таза ұстағанын қош көретін жүйріктер болады. Кеңес ағамыз да сол сияқты. Бәйге үшін, абырой үшін аласапыранға ермейді. Өзінің көкірегіндегі әбден иі қана шыңдалған шындықты шымырлатып жеткізу үшін қалам ұстайды. Өзін өзі қатты тежеп, тиесілі сыбағасынан қағылса да сол мінезінен әзірше жазған жоқ.

Мұндай мінез біз білетін жазушының ішінде екі-ақ адамда бар. Бірі – Кеңес, екіншісі – Төлен Әбдіков. Іс басында отырғанын пайдаланып пікірімізге қиянат жасамас деп ойлаймыз. Шындық солай. Түбінде бір айтылуға тиісті ғой.

Менің ойымша осы жасқа келгенше Кеңес Юсуповтың да естіп отырған алғашқы жылы сөздерінің бірі. Тұңғыш кітабы шығар шықпастан творчестволық портрет күтіп жүрген не оны әлдеқашан шығартып қойған бауырларының өжеттігіне сүйінем. Шіркін, кішіпейілділіктің кейде өстіп сызылып жүріп кешігіп қалатынына налимын. Дегенмен, әркімнің маңдайына жазылғаннан артық сыйдың өзі де рәсуа олжа ғой.

Елуді еңсергенше шығарған «Ақиқат сапары» мен «Қарашадағы көктем» атты екі жинақтың жалпы көлемі жиырма баспа табақтан аспайды. Алайда баспасөзде ең алғаш жарық көрген «Бәдәуи» мен «Желқайық» әңгімесі ізетті оқырманның көңілінде. Қабылқақ – Бәдәуи, Қабылқақ – Ләухилардың шағын әлемі бір күнгі тірліктегі бір мінезімен-ақ үлкен философиялық емеуірін тастайды.

Өзен кемесінің капитаны Тұрсын мен жас теңізші Ғазиздің арасындағы үміт жібінің өзі («Қарашадағы көктем») өлшеулі тірліктің тініне құрылған. Тақырыптың өзі қатпар-қатпар оқиғаға лайық болғанымен жазушы оның сыртқы жалған қабыршағын сылып, кәдімгі тіршілік қалпына түсіріп, сол арқылы адам өміріне кешігіп келетін қуаныштың дәмін сезіндіреді.

Қарбалас жылдардың қарсаңында жалт ете қалған «Көрші-көрші», «Адал нан» атты әңгімелерінде Кеңес Юсупов бұрынғы ізденісін одан бетер тереңдетіп, бір күнгі көңіл-күй, мінез арқылы халықтық құлықты ашуға ден қойыпты. Артық сөз, кесек оқиға жоқ. Өзі жиі айтатын интеллектуальды прозаға мүлдем бейіл бергені байқалады. Ұстаз тұтатын К. Паустовскийдің бойындағы романтика Кеңес ағамыздың жүрегінен әлі өшпепті.

Бұл әлі шығармашылық арыны басылмаған, ұлы аламан бәйгеге қатысуды армандап, қара терін ғана алып жүрген жастық буырқаныстың барын байқатады. Кім том-том таңдамалысымен, кім он беттік әңгімесімен ел есінде қалады, оны ашып айту қиын.

Ал Кеңес Юсуповқа келетін болсақ, өзінің жетінші атасы айтқан мына сөзге лайық іс бітіреді деп ойлаймын. Үлкен әкесі:

Болсам да өзім мерген аз атамын,

Шүрегей үйрек емес, қаз атамын, –

деген екен бір құрдасына.

Сол сияқты, өзге бір адам, мысалы өзіміз апыр-топырын шығарып бір демалыста тәржімалап тастайтын Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» шығармасын екі жыл аударған Кеңес ағамыздың нысанасын ұзақ тандап, қиуын тауып бір-ақ рет ататын машығы барын ескерсек, шындық туралы шымыр сөзін келер күндердің сыбағасына қалдырып жүргенін аңғару қиын емес.

Адырнадағы оқ атылмай қалмайды. Тек түлеуінен жаңылмасын дейміз. Үлкен тілек осы.

Тіршіліктің жанталасқан жалды толқыны жағада қалып, жалғанмен жағаласқан ой толқынымен бетпе-бет келген толымсал тұста, кешегі «жел қайықтың» бүгінгі керімсал кемеге айналатынына сенемін.


Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет