Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқығына ие болу қағидасын бекiту туралы



Дата23.02.2016
өлшемі71.81 Kb.
#3688
Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқығына ие болу қағидасын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 28 қыркүйектегi № 1103 Қаулысы


"Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 9 қарашадағы № 533-534 (26926)


      «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқығына ие болу қағидасы бекiтiлсiн.
      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) «Мүлiктi жеке меншiктен мемлекеттiк меншiкке ерiктi және өтеусiз беру ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1371 қаулысының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 50, 632-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1371 қаулысына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 25 ақпандағы № 124 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 18, 142-құжат);
      3) «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 18 шiлдедегi № 820 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстердiң 14-тармағы.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                           К. Мәсiмов

Қазақстан Республикасы 


Үкiметiнiң      
2011 жылғы 28 қыркүйектегi
№ 1103 қаулысымен   
бекiтiлген     

Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқығына ие болу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқығына ие болу қағидасы (бұдан әрi – Қағида) сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқығына ие болуын ретке келтiру мақсатында әзiрлендi және тиiстi тәртiптi айқындайды.


      2. Мемлекетке сыйға тарту шарты бойынша мүлiк құқығын беру туралы шешiмдi мүлiктiң меншiк иесi қабылдайды және заңнамада белгiленген тәртiппен ресiмделуi тиiс.
      Cыйға тарту шарты бойынша мемлекетке берiлетiн мүлiктiң меншiк иелерi жеке тұлғалар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар болып табылады.

2. Сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке мүлiк құқығын беру тәртiбi

      3. Мемлекеттiк меншiкке берiлетiн мүлiктiң меншiк иесi сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке мүлiк құқығын беру туралы ұсыныспен мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органға не оның аумақтық бөлiмшесiне (бұдан әрi – Аумақтық бөлiмше) не облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына (бұдан әрi – жергiлiктi атқарушы органдар) өтiнiш жасайды.


      Аумақтық бөлiмше мүлiктiң меншiк иесiнiң өтiнiшi түскен кезде үш жұмыс күнi iшiнде аталған өтiнiштi мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органға жiбередi.
      4. Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе жергiлiктi атқарушы органдар мүлiктiң меншiк иесiнiң өтiнiш алған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде сыйға тарту шарты бойынша мүлiк құқығын мемлекеттiк меншiкке алуының қажеттiгi туралы қорытынды ұсыну үшiн орталық атқарушы органдарды немесе жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға жергiлiктi атқарушы органдар уәкiлеттiк берген жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарды (бұдан әрi – мемлекеттiк органдар) сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке мүлiк құқығын беру жөнiндегi қолда бар ұсыныс туралы хабардар етедi.
      5. Мемлекеттiк органдар тиiстi ұсынысты алған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқықтарына ие болу қажеттiлiгi (қажетiнiң жоқтығы) туралы қорытынды дайындайды және мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе жергiлiктi атқарушы органдарға жiбередi.
      6. Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттiң мүлiк құқықтарына ие болу қажеттiгi мәселесiн қарау кезiндегi негiзгi өлшемдер:
      1) мүлiктi мемлекеттiк меншiкке қабылдаудың экономикалық орындылығы;
      2) мүлiктi мемлекеттiк меншiкке қабылдағаннан кейiнгi мақсаты мен пайдаланылуы;
      3) берiлетiн мүлiктiң қаржылық қамтамасыз етiлуi болып табылады.
      Мемлекеттiк органның қорытындысында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүлiк тиiстiлiгiнiң белгiленген нормативтерi мен лимиттерiн ескере отырып, көрсетiлген мүлiктi бекiтiп беру көзделетiн мемлекеттiк мекеме немесе мемлекеттiк кәсiпорын (бұдан әрi – мемлекеттiк заңды тұлға), сондай-ақ қабылданатын мүлiктi ұстау және пайдалану бойынша қаржы шығындары көрсетiлуi тиiс.
      Құқығы сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке берiлетiн мүлiктiң меншiк иесiнiң аталған мүлiктi беру үшiн нақты мемлекеттiк заңды тұлғаны айқындауы мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе жергiлiктi атқарушы органдардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылмайды.
      7. Мүлiк республикалық немесе коммуналдық меншiкке қабылданады.
      Орынды болған жағдайда республикалық меншiкке берiлетiн мемлекеттiк емес заңды және жеке тұлғалардың мүлкi бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешiмдi мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган қабылдайды.
      Бұл ретте егер мемлекеттiк емес заңды және жеке тұлғалар мүлкiнiң құны айлық есептiк көрсеткiштiң 30000 еселенген мөлшерiнен асқан жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң келiсiмi қажет.
      Коммуналдық меншiкке берiлетiн мемлекеттiк емес заңды және жеке тұлғалардың мүлкi бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
      Сыйға тарту шарты бойынша мүлiктi болашақта мемлекеттiк меншiкке қабылдау туралы шешiм осы Қағиданың 3-тарауында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып қабылданады.
      8. Жеке тұлғалардың мүлкiн бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Ақша мен бағалы қағаздар бағалаушыны тартпастан, номиналы бойынша бағаланады.
      9. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлер мүлкiнiң құны теңгерiмнен үзiндi көшiрмемен немесе бағалаушы жасайтын бағалау туралы есеппен расталады.
      10. Осы Қағиданың 7, 19-тармақтарында көзделген шешiм қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк жиырма күннен аспайтын мерзiмде мемлекеттiк меншiкке берiлетiн мүлiктiң меншiк иесi мен мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган не оның аумақтық бөлiмшесi немесе жергiлiктi атқарушы органдар арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес сыйға тарту шарты жасалады.
      Сыйға тарту шарты сыйға тарту шарты тараптарының әрқайсысы үшiн бiрдей заң күшi бар екi данадан қазақ және орыс тiлдерiнде төрт данада жасалады.
      11. Мүлiктi мемлекеттiк меншiкке қабылдау кезiнде сыйға тарту шартында белгiленген мерзiмде қабылдау-беру актiсi (беру актiсi) ресiмделедi.
      12. Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеу жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Заңнамалық актiлерде көрсетiлген жағдайлардан басқа жылжымалы мүлiкке құқықтарды тiркеу талап етiлмейдi.
      13. Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе жергiлiктi атқарушы органдар құқығын мемлекет сыйға тарту шарты бойынша иеленген мүлiктi есепке алуды Мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың тiзiлiмiне ол туралы мәлiметтердi енгiзу жолымен жүргiзедi.
      14. Бағалы қағаздар нарығының объектiлерiн беру мен тiркеу осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешiм қабылданғаннан кейiн не меншiк иесiнiң болашақта мүлiк құқығын мемлекеттiк меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шартында белгiленген күн басталғаннан кейiн бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес жүргiзiледi.
      15. Ақша түрiндегi мүлiк тиiстi бюджеттiң кiрiсiне есептеледi. Шетел валютасы осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешiм қабылданған күнi не меншiк иесiнiң болашақта мүлiк құқығын мемлекеттiк меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын шартта белгiленген беру күнi айқындалған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша тиiстi бюджеттiң кiрiсiне есептеледi.
      Бюджетке салықтық емес түсiмдер болып табылатын көрсетiлген ақшалай қаражатты тиiстi бюджетке аударуды меншiк иесi осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешiм қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк жиырма күн iшiнде мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық мемлекеттiк орган бекiтетiн Бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманың тиiстi кодтарына жүргiзедi. Меншiк иесiнiң болашақта мүлiк құқығын мемлекеттiк меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шарты бойынша ақшалай қаражатты аудару сыйға тарту шартында белгiленген мерзiмде жүзеге асырылады.
      16. Сыйға тарту шартының негiзiнде жер учаскелерiн жеке меншiктен мемлекеттiк меншiкке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      17. Мүлiктi жеке меншiктен мемлекеттiк меншiк құрамына жалпы пайдалы мақсаттарда беру (қайырмалдық) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 516-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      18. Мемлекеттiк органдар мүлiктi мемлекеттiк меншiкке қабылдау қажеттiгiнiң жоқ екендiгi туралы қорытындылар ұсынған жағдайда, мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе жергiлiктi атқарушы органдар мүлiктiң меншiк иесiне мүлiктi мемлекеттiк меншiкке қабылдаудан бас тартуды жазбаша түрде жiбередi.

3. Сыйға тарту шарты бойынша болашақта мемлекетке мүлiк
құқығын беру тәртiбiнiң ерекшелiктерi

      19. Орынды болған жағдайда меншiк иесiнiң мүлiк құқығын болашақта республикалық меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешiмдi мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган қабылдайды.


      Бұл ретте, егер мемлекеттiк емес заңды және жеке тұлғалар мүлкiнiң құны айлық есептiк көрсеткiштiң 30 000 еселенген мөлшерiнен асқан жағдайда, меншiк иесiнiң мүлiк құқығын болашақта республикалық меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шартын жасасуға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң келiсiмi қажет.
      Меншiк иесiнiң мүлiк құқығын болашақта коммуналдық меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
      20. Меншiк иесiнiң мүлiк құқығын болашақта мемлекеттiк меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шарты осы Қағиданың 10-тармағына сәйкес жасалады.
      Меншiк иесiнiң мүлiк құқығын болашақта мемлекеттiк меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шартында мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның не оның аумақтық бөлiмшесiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның сыйлық мемлекетке берiлгенге дейiн кез келген уақытта одан бас тарту құқығы көрсетiледi.
      21. Меншiк иесiнiң мүлiк құқығын болашақта мемлекеттiк меншiкке өтеусiз беру уәдесiн қамтитын сыйға тарту шартында белгiленген мүлiк құқығын меншiк иесi мемлекетке iс жүзiнде берген күнге дейiн кемiнде күнтiзбелiк 30 күн бұрын мемлекеттiк меншiк жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе жергiлiктi атқарушы органдар мүлiктiң меншiк иесiнен мүлiктiң құны туралы және үшiншi тұлғалардың мүлiкке құқығын жоқ екендiгi туралы мәлiметтердi сұратады.
      22. Мемлекет мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе жергiлiктi атқарушы органдар мүлiктiң құны туралы және үшiншi тұлғалардың мүлiкке құқығының жоқ екендiгi туралы мәлiметтердi алған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде мемлекеттiң осы мүлiк құқығына ие болу қажеттiгi туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растауды ұсыну үшiн мүлiк туралы құжаттарды мемлекеттiк органдарға жолдайды.
      23. Құжаттарды алған күннен бастап күнтiзбелiк 10 күн iшiнде мемлекеттiк орган мемлекеттiң мүлiк құқығына ие болу қажеттiгi туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растауды мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе жергiлiктi атқарушы органдарға жолдайды.
      24. Мемлекеттiк орган мүлiктi мемлекеттiк меншiкке қабылдау қажеттiгi туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растауды ұсынған кезде растауды алған сәттен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде мүлiктi қабылдау-беру актiсi (беру актiсi) ресiмделедi.
      Егер мемлекеттiк орган мүлiктi мемлекеттiк меншiкке қабылдау қажеттiгi туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растамаған жағдайда, мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган не оның аумақтық бөлiмшесi немесе жергiлiктi атқарушы орган сыйдан бас тартады және бас тартуды жазбаша нысанда ресiмдейдi. Егер сыйға тарту шарты тiркелген болса, сыйдан бас тарту да мемлекеттiк тiркелуге жатады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет