Дала қоңырауы. «Ы.Алтынсарин»
Адамның бала күннен армандап, аңсары ауған бір саласы, яғни мамандығы болады. Ол өзін соған бағыттап, білім-білігін жұмсайды. Сондай мамандықтың бірі ұстаз болу. Әу баста ниет білдірген жас талаптың барлығы дерлік оның тұтқасын ұстап кете алмайды. Оған себеп біріншіден, аяулы да ардақты мамандықтың адам көзін ашудағы қиын тұстарына төтеп бере алмауы болса, екіншіден, аса табандылықтың кем болуы дер едік. Өз басым осы қиындықтарды жеңдім деп ойлаймын. Сөйтіп ұстаз болдым. Бұл жолды таңдап, ғұмырымды берген аяулы мамандық иесі болып, зейнетке шыққан маған оған бет бұруыма сөз жоқ, тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ұрпаққа қалдырған тәлім-тәрбиеге толы өсиеттері мен ғибратты мысалдарына сусындауымның әсері мол болды десем, жаңсақтық бола қоймас. Оған мен бітірген, мен ғана емес қазақтың менмін деген талай марқасқалары білім алған ұлы ұстаздың өз қолымен тұрғызған білім ошағын қоссаңыз, мұғалім болуымның заңдылық екенін айтпай-ақ түсінесіз. Осы тұрғыда ұлы ағартушы тұрғызған мектептің түлегі ретінде және сол бабамыздың биыл туғанына 170 жыл толуына орай мектеп тарихы мен тұңғыш дала қоңырауы иесінің мектептер ашуы жайындағы аз-кем білгенімді оқырманмен бөліссем деп отырмын. Орынборда 1850 жылы алғаш ашылған қазақ-орыс мектебіне оқуға түскен Ы.Алтынсарин келе-келе Шығысты зерттеуші ғалым, профессор В.В.Григорьевтің көмегімен оның бай кітапханасынан сусындайды. Сол жерде туған халқының өнер-білімнен, оқу-ағарту ісінен кенде қалғанын біліп, алған ілімін халқына пайдалану ниетіне кіріседі. Бойында жоғары ағартушылық ынта туады. 1860 жылы Орал сыртындағы қазақтар үшін мектеп ашу ұйғарылып, Ы.Алтынсарин Орынбор облыстық басқармасының шешімімен Торғайға келіп, өзі армандаған мақсатты ісіне кірісуді бастайды. Әрине, бұл өте қиын шаруа болса да халқының болашағы үшін тәуекелге бел байлайды. Мектеп ашуға өкімет тарапынан қаражат кешіктіріледі. Жергілікті билік түрлі сылтау айтып, жәрдем көрсетуден бас тартады. Осындай қиындыққа кезіккен Ыбырай ұстаз ойынан қайтпайды. Тың жерден түрен тартып, дән сепкен диқандай қазақ даласына білімнің алғашқы нәрін себуге белсене кіріседі. Білімге сусаған қарапайым халық бұл маңызды бастаманы қуана қарсы алады. Торғайдағы нағашысы, әйгілі Шеген би әулетімен Ыбырай мақсатына қызмет етсе, игілікті іс бастаған немересіне қолдау білдірген Балқожа би де беретін көмегін аямайды. «Балаң мектептің іргетасын көтеріп жатыр», дегенді естіген ол кісі үйірлі жылқыны айдатып, 500 шақырымдай жердегі Аманқарағайдан бөренелер тиетіп жіберіп жатыпты дейді білетіндер. Әйтсе де мектептің құрылыс жұмыстары өте баяу жүріп, ол 3-4 жылға созылады. Ұлы ұстаз мектеп үйінің әр кірпішін өз қолымен қалап, көп қиындықтардан соң мақсатына жетеді. Сөйтіп 1864 жылы Торғай қаласында алғашқы қазақ мектебі бой көтереді. Бұл білім ұясын Ыбырай баба сол кездегі озық педагогика үрдісі негізіне құра отырып, жаңа оқыту жүйесімен жұмыс істеуге талпыныс жасайды. Оқуды ана тілінде жүргізіп, оқыту әдістерін оқушының ынта мен қызығушылығына бағыттай отырып, тәрбиелей оқытуды жоспарлайды. Алғашқы оқулықты өзі құрастырып, өзі сабақ жүргізеді. Оның бірінші бетіне бәрімізге белгілі: Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық, – деп бүкіл қазақ даласын білімге шақырады. Бұл қанатты сөздер жас ұрпақ санасына мәңгілік ұран болып сақталып қалғаны анық. Жас ұстаз мектепте бала оқыта жүріп, қазақ даласында басқа да жаңа мектептер ашумен шұғылданады. 1876 жылы Петербург, Қазан қалаларына барып орыстың ағартушылық жүйесін, сонымен бірге ондағы озық ойлы педагогтар еңбектерін зерттейді. Осыдан кейін қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. Алғашқы оқулықтан соң Ыбырай баба алдыңғы қатарлы орыс педагогтарының оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, екі төл оқу құралы – «Қазақ хрестоматиясы» мен «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралын» бастырып шығарады. 1879 жылы Ы.Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметіне кең жол ашады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде жаңа мектептердің ашылуына тікелей мұрындық болса, 1-2 сыныптық орыс-қазақ мектептерін ашып, оларды оқулықтармен қамтамасыз етуді де назардан тыс қалдырмайды. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебін өмірге әкеліп, бұл қазақ жерінде техникалық білім беретін оқу орны ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ 1887 жылы Ырғыздағы ашылған қыздар мектебі де үлкен қуанышты жаңалықтың жаршысындай болды. Мектептер саны артып, ойлаған арман-тілегі орындала бастаған ағартушыға енді жаңа мектептерге жаңаша тәлім-тәрбие беріп оқытатын мұғалімдер қажет еді. Сол себептен де Ор қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебінің негізі қалануы да заңдылық-тын. Бұл 1881 жыл еді. Осындай игі істерді ұстаз аз ғұмырында көптеп істеуге барын салды. Торғайда Ыбекең ашқан мектептен қоғам қайраткерлері, ғалым-ұстаздар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов білім алды. Ал ұлы ұстаздың жанкешті еңбектері біз сөз етіп, отырған мектеп түлектерінің бірі, атақты ақын Ғафу Қайырбеков «Дала қоңырауы» поэмасында:
Жүз жыл бұрын дәл осындай дана адам,
Тұңғыш рет мектеп ашып даладан.
Осы отырған кластардың бөлмесін,
Әр кірпішін қамқор қолмен қалаған.
Сол данышпан сені әкелген ен шетке,
Ұлы мұра қалдырдым деп кетпек пе?
Қызығамын сенің тұңғыш үніңе.
Достарыңызбен бөлісу: |