Орындаған: Амирганлинов Айбек Тобы



Дата12.10.2019
өлшемі49.95 Kb.
#447173
айбек эт-я

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті



СӨЖ

Тақырыбы: XX ғасырда Шығыс Қазақстан облысынан шыққан қоғам қайраткерлері – Жақып Ақбаев



Орындаған: Амирганлинов Айбек

Тобы: ИЯ-713

Тексерген: Мухамеджанова Р.Ж.

2019 жыл


Семей қаласы

Жақып Ақбаев (1876-1934)



Жақып Ақбаев (1876 ж., 7.11 Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылы (кей деректерде №4) Төңіректас -1934 ж. Алматы) – Алаш қозғалысының көшбасшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі, ұлт зиялысы, қазақтың тұңғыш құқық магистрі. 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы орыс-қазақ мектеп-интернатына қабылданады. Омбы және Томск гимназияларын бітірген. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1903 жылы алтын медальмен бітіріп, қазақтың тұңғыш “право магистрі” деген атақты иеленеді. 1903-1905 жылы Омбы сот палатасында, округтык сотта қызмет етеді. 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі төңкеріс саяси белсенділігіне қозғау салып, митингілерге және жиналыстарға қатысып, сөз сөйлейді. Омбыдағы, Петропавлдағы, Семейдегі, Павлодардағы, Баянауыл мен Қарқаралыдағы наразылық шерулеріне қатысып, отаршылдық жүйеге қарсы күрес жүргізе жүріп, Омбыда шығатын “Степной край” газетіне мақалаларын жариялайды. 1905 жылы шілдеде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде “Алаш” көсемдерінің бастамасымен өткен қазақ сиезінде Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтармен бірге шаруаларды көшіріп әкетуді тоқтату, қазақтардың діни басқармасын ұйымдастыру, цензураны жою, ресми іс қағаздарын қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік Думаға шақыру жөніндегі талаптар қойылып, қоныстандыру саясатының озбырлығы айтылған, отаршылдық езгіге қарсы наразылықтағы 145 мың адамның қолы қойылған “Қарқаралы петициясын” ұйымдастырады. Ол туралы жазушы М.Әуезов: «1905 жылы Қарқаралыда Ақаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқы атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған сөздер: бірінші жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылдардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын мүфтиге қаратуды сұраған. Петицияны тілек қылған ірі мәселелер осы» – деп жазады.

1907-1927 жылы Семей, Сырдария, округтік губерниялық соттарында лауазымды қызметтер атқарып, еліне адал қызмет етуге бар күш-қайратын жұмсаған ол қоғамдық саяси жұмыстарды ұйымдастырушыларының алдыңғы қатарында болды. 1907 жылдан Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болып, далалы өлкені ғылымның сан-саласына зерттеу ісіне өз үлесін қосқан алғашқы қазақ зиялыларының қатарында Ж.Ақбаевтың есімі де құрметпен аталады. Патшаның жергілікті әкімшілігі қайраткерді «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деген айыппен, 1906 жылдың 11 қаңтарында тұтқындап, Семей түрмесіне қамайды. Ж.Ақбаев түрмеде отырып, Санкт-Петербург университетінің профессоры, белгілі заңгер Л.И.Петражицкийге бірінші болып қазақ өлкесінің дербес автономия алу мәселесі жөнінде хат жолдайды. Ғылыми диссертациялық шығармашылық жұмысын Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі ретінде «Запискилерінің…» 1907 жылғы 3-ші басылымына “Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов” деген атпен жариялайды.
Айдауда жүрсе де саяси күресін әсте тоқтатпаған Ақбаев бүркеншік атпен “Айқап” журналына мақалаларын жолдап, жариялатып отырған.

1917 жылы «Алаш» партиясын, “Алашорда” үкіметін ұйымдастырушы қайраткерлердің қатарында және осы жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен Бүкілқазақтық сиезге қатысып, оның басшы құрамында болады. 5-13 желтоқсанда өткен Орынбордағы 2-бүкілқазақ сиезінде “Алашорда” үкіметінің мүшелігіне еніп, онда 26,5 мың адамнан құралған тұрақты әскер құру идеясын көтереді. Сондай-ақ, үш алаш полкін құруға басшылық жасайды, олардың екеуі Семейде, үшіншісі Торғайда орналасады.


Ғалым ретінде мемлекеттік құрылысты белгілеуде, Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкіметін құруда, Алашорда автономиясының шекарасын анықтауда Ж.Ақбаев басты рөл атқарды. 1918 жылы Қарқаралыдағы қазақ комитетін басқарды. Ол қазақ халқының тәуелсіз ел болуы үшін күресті, сондықтан да, Ресейдегі төрт өкімет: патшалық (1905-17), Уақытша үкімет (1917), Колчак (1918-19) және Кеңестер (1920-34) тарапынан үздіксіз қуғын-сүргін көрді. Қарқаралы, Семей, Омбы, Алматы түрмелеріне қамалып, әлденеше рет (1908, 1910, 1929) жер аударылады.

Ақбаев тәуелсіздікке бейбіт жолмен, заңды, конституциялық жолмен жетуді көздеп, сол үшін күресті. Алаш автономиясын сақтап қалу мақсатында ақ казактарға қарсы қарулы көтеріліске басшылық жасағаны үшін Колчактың әскери-дала соты 1919 жылдың 7 шілдесінде “әскери-казак диктатурасын құлатып, Совет өкіметін орнату үшін халықты көтеріліске шақырды, атамандардың жауы” деген айыппен ату жазасына кеседі. Дегенмен, 1919 жылы ақ казактар толық жеңіліске ұшырап, Қазақстан арқылы Қытайға қаша бастайды. Корпус командирі Березовский мен Сібір үкіметінің төрғасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша аталмыш үкім күшін жойып, Ж.Ақбаев қамаудан босатылады.

1920 жылдың қыркүйегінен Семей губревкомының әділет бөліміне басшылық жасап, губерниялық сот-тергеу учаскесін құрады. 1920 жылдың сәуір айынан Семей кеңестік халық сотының мүшесі болып, 1921-1922 ж. халық ағарту бөлімінде қазақ ауыз әдебиеті шығармаларын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болады. 1925 жылы Семей губерниялық атқару комитетінде, халық сотында түрлі қызметтермен айналысады. 1926-1927 жж. Семей губерниялық соты жанындағы адвокаттар алқасы мүшесінің міндетін атқарады. 1927 жылы 23 қаңтарда Семей техникумында ғылыми конференция өткізіліп, Ақбаев географиялық қоғамның мүшесі ретінде қазақтардың шығу тегі туралы көлемді баяндама жасады. «Қазақтардың шығу тегі» туралы еңбегінде қазақ мемлекетінің саяси және құқықтық жақтарын көрсетуге тырысып, қазақ мемлекетінің пайда болуы, қалыптасуы, даму және ыдырау тарихын зерттеген. Бұл ғалымның соңғы еңбектерінің бірі.

1928 жылы Голощекиндік саяси айыптаулардан аулақ болу мақсатында Ж.Ақбаев елден тысқары кетіп, Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Көп ұзамай бұл қызметтен шеттетіліп, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосында тұрып, ғылыми-шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Елден жырақта болса да, 1930 ж. 14-қыркүйекте ОГПУ (Біріккен Меммлекеттік саяси Басқарма) жендеттері Кеңес үкіметіне, Коммунистік жүйеге жүргізген қарсы әрекеті, Алашордашы болғаны үшін Ж.Ақбаевты тұтқындап, абақтыға қамайды. 1932 жылдың сәуір айында Воронеж облысына 5 жылға жер аударылады. Айдаудағы ауыр азаптан денсаулығы әбден нашарлаған соң, рақымшылық жасалып, мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге рұқсат алады. Қазақтардың отбасы-неке құқығын зерттеп, мерзімді баспасөзде публицистикалық материалдар жариялаған, сан алуан талант иесі, энциклопедиялық білімі бар ғалым 1934 жылы 4 шілдеде өмірден өтеді.

Ж.Ақбаев Қазақстан Жоғарғы сотының 1958 жылғы 28 ақпанындағы шешімімен толық ақталды. Қарағандыдағы әділеттілік алаңына және Ақтоғай ауданында көше атына есімі берілді. 1998 жылы алаштың үш арысы Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов, Ә.Ермековке ескерткіш орнатылды.

Әдебиеттер:



1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Әнес Ғ., Смағұлова С. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.25-26.
2. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.22-23.
3. Дулатбеков Н. Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері. – Алматы: «Таймас» баспасы, 2013. – Б.13-44.
4. Жириндинова Қ. Ж.Ақбаевтың саяси-құқықтыық көзқарастары. – Өскемен: «С.Аманжолов атындағы ШҚМУ», 2013. – Б.194-201.
5. Құлмұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. – Алматы: «Атамұра», 1998. – 360 б.
***
6. Абдрахманова Ж. Жақып Ақбаев – білікті заңгер // Заң. – 2012. – № 8. – Б.34-35.
7. Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары // Абай. – 2004. – № 1. – Б.61-64
8. Белгібаев М., Әділбекқызы Ж. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі // География және табиғат. – 2004. – № 3; 4; 5;
9. Жакенов Д. Қарқаралыда білім алған Алаш арыстары // Шәкәрім. – 2014. – № 4. – Б.65-67
10. Темірбай А. Жақып Ақбаевтың дипломы табылды // Егемен Қазақстан. – 2003. – 16 желтоқсан. – Б.6

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет