Қадірменді қала тұрғындары,
ардақты ағайын!
«Дамыған қоғам – бұл біліммен қаруланған, әл-ауқаты жақсы және тату-тәтті өмір сүретін халық» деді Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуын саралаған Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер - халықтың барынша бақуатты өмір сүруін көздейтін бағыттар. Ендігі басты міндет – дамыған қоғамға жету жолында ел болып етек-жеңді түріп, еңбекті еселей беру.
Өткен жылы берекелі тірлігі мен жетістіктерін Елбасы атымен байланыстыратын біртұтас қазақ елі 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесін алғаш рет атап ӨТСЕ, әлемдік «ЭКСПО 2017» көрмесін өткізу мәртебесіне ие болды.
Құрметті жерлестер! Жыл басталар тұста бас қосып, Өздеріңізді болашақтың жоспар-жобасымен таныстыру бүгінгі күні игі дәстүрге айналды.
Қазақ елінің тағылымды тарихында бабаларымыз ел мен ер тағдыры сыналар сәтте бас қосып, кеңес құрған. Тілеуқор көңілдің ақ ниетін сезініп, ағайынның ақ батасы алған. Бүгін біз сол жақсы дәстүрдің ізімен жиналып отырмыз. Бүгін бізді осы салтанатты сарайға ортақ ниет, ортақ мақсат жинап отыр. Ол – келешектің қамы, болашақтың баяны.
Сондықтан ұлттың ұясындай, қазақылықтың қиясындай болған киелі мекен, ел бесігіне айналған, еңбегінен берекелі несібесін тауып, ынтымағы мен ырысы артқан – Қызылорда шаһарының бүгінгі тынысымен таныстырып, келешегінен хабардар етуге рұқсат етіңіздер!
Бүгінгі есепті кездесуге дейін қалаға қарасты ауылдық округтер, кент, мөлтек аудандар бойынша 14 кездесу өткізілді. Әрбір кездесуде тұрғындарды толғандыратын мәселелер ортаға салынып, оны шешудің дұрыс бағыты әрі тиімді жолдары талқыланды.
Ал, өткен жылы есепті кездесуде тұрғындардың білдірген ұсыныстары бойынша жалпы Қызылорда қаласында 3 млрд 677 млн теңге қаржының жұмыстары жүрді.
Уақыт озғанымен, тіршілік тоқтамайды. Қаланың дамуындағы тағы бір серпінді жыл тарих қойнауына енді. Қала халқы үшін бүгін бітуі тиіс жұмысты, тұрғындардың күнделікті сұранысын, қажеттіліктерін ертеңгі күнге қалдыруға болмайды. Бұл әрине барлығына да белгілі жәйт. Дегенмен де мезгілді барынша ұтымды пайдаланып, қажетімізге қарай уақытты да өзімізге жұмыс жасатуға ұмтылып жатырмыз. Нәтижесі де жоқ емес.
2012 жыл қаланың даму тарихында тыңға түрен салған жаңа жобалардың бастау алуымен ерекше жыл болды.
Ел экономикасының тұрақты өсуі нәтижесінде қаланың қаржы тайқазаны 28,0 млрд.ты құрады. Оның ішінде әлеуметтік салаға 10,0 млрд астам қаржы салынса, тұрғын-үй коммуналдық саласында 10,0 млрд астам қаржының жұмыстары жүрді.
Қалада әлеуметтік саланы қаржыландыру үлесі – 46 пайыз болса, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және құрылыс саласы – 47,7 пайыз. Яғни әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаржы соңғы бес жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты.
Жыл басынан бері қаланың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трл. 043 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 100,5 пайызды құрады.
Осы орайда, 2012 жылы Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2 жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ: «Алтын Қамба Агроөнеркәсіп комбинатының «Сауда логистикалық орталық және көкөніс сақтайтын қойма құрылысы» жобасы. Қуаттылығы – 3250 тонна көкөніс сақтауға мүмкіндігі бар қойманың бүгінде көкөніс және азық-түліқ өнімдерін сатуға арналған 12 «Алтын бақ» сауда павильондары іске қосылды.
Сондай-ақ, «КАИС Сервис» серіктестігінің тәулігіне 100 тонна материал өндіретін битум зауытын іске қосу арқылы жаңадан 30 жұмыс орны ашылды.
Біздің қаламыз - өзіне қарасты ауылдық округтерімен және ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерімен ерекшеленетін бірден–бір қала. 2012 жылы 3257,6 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға өсті. Қала дихандарының еңбегімен 11 мың тонна картоп, 11 мың тонна көкөніс, 8 мың тонна бақша өнімдері жиналды.
Қала бойынша төрт түліктің барлық түрлерінен өсім бар. 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында барлығы 212 бас аналық сиыр мен 19 асыл тұқымды бұқалар сатып алынды.
«Нан - дастархан құты». Нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда облыс бойынша оператор болып белгіленген «Аль-Асад» серіктестігі қалаға 5678 тонна ұн тасымалдауды ұйымдастырып, қала наубайханаларына арзан бағамен ұсынып отыр.
Қазіргі таңда облыс орталығында 1 бөлке нан 40 теңгеден сатылып келеді.
Сондай-ақ, жыл бойы қала халқын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ететін 41 жылыжай бар. Аталған жылыжайлардан өткен жылы 60,0 тонна көкөніс өнімі өндіріліп, халыққа ұсынылды. Бұған қосымша 120 жылыжай құрылысы сәуір айында аяқталады деп күтілуде.
«Үйі жоқтың, күйі жоқ» екені айтпаса да түсінікті. 2012 жылдың толайым жетістіктерінің бірі облыс орталығында тұрғын үй құрылысын салуда нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мәселен, 2005-2012 жылдар аралығында облыс орталығында 53 тұрғын үй салынып, 2247 отбасы баспаналы болды.
2012 жылы қала бойынша барлығы 414 пәтер өз иелерін тапты. Атап айтқанда, арендалық 114 және 100 ипотекалық пәтерлер салынып пайдалануға берілді. Бұған қоса, 50 пәтерлік медицина қызметкерлеріне және 30 пәтерлік мемлекеттік қызметшілер үйі, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 60 пәтерлік үй және 65 пәтерлік және 47 орындық жатақханасы бар «Жастар үйі» құрылысы аяқталды.
Ал, биыл қалада тұрғын үй құрылысы үш есеге артпақ. «Самұрық Қазына жылжымайтын мүлік» қоры және «Тұрғын үй ипотекалық құрылысы» корпорациясы тарапынан 3 жылда 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, «Арай» мөлтек ауданынан 2013-2015 жылдар аралығында 100 көпқабатты тұрғын үй салатын боламыз.
Осы орайда, жоспарланған 100 тұрғын үйдің 30-ның құрылысы биыл басталмақ. Жоғарыда аталған жобадан бөлек 2013 жылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында қаланың Сұлтан Бейбарыс көшесінен жас отбасылар үшін 270 пәтерлік үй құрылысы және 100 пәтерлік ипотекалық 2 үй, кезекте тұрған азаматтар үшін 180 пәтерлік 8 тұрғын үй құрылысы жүреді. Бұған қоса, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 60 пәтерлік үй құрылысы да аяқталады. Яғни үстіміздегі жылы 21 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 984 пәтер өз иелерін табатын болады. Бір жылда 984 пәтер пайдалануға беру қала тарихында болмаған жағдай.
Қалада тұрғын үйлерді салумен қатар, 30-40 жылдан бері жөндеу көрмеген үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары да жүруде.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған, 2020 жылға дейінгі тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы қалалықтар арасында кең қолдауға ие. Осы орайда, өткен жылы 812 млн теңге қаржы қаралып, 35 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы қалада 600-ден астам көпқабатты үйлердің 80 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2020 жылдарға дейінгі бағдарлама аясында ескірген көп қабатты үйлерді 70 пайызға дейін жаңарту жоспарымыз бар.
Сонымен қатар, қалада 21 тұрғын үй апатты жағдайда. Бұл тұрғын үй қорының 3 пайызын құрайды деген сөз. Олар бойынша 100-ден астам пәтер бар. Мәселен, Титов мөлтек ауданында пашыннан салынған 11 үй тек қайта салуды қажет етеді. Ал, Қайнарбаев көшесі 1а үй ағымдағы жылы тұрғын тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өтетін болады. Осы күрмеуі қиын мәселенің бір шешімі табылуы тиіс.
Қаланың инженерлік-инфрақұрылымы қала дамуының өзегі болып қала бермек.
Осы ретте, өткен жылы көптеген жұмыстар атқардық. Мәселен, 2008-2013 жылдар аралығында 9,3 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсап, ұзындығы 280 шақырым болатын 292 көше қайта жөндеуден өтті.
Нәтижесінде асфальттанған және жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 70 пайыздан асып отыр.
Қазіргі уақытта қала бойынша жалпы ұзындығы 612 км болатын 765 көше бар, оның ішінде асфальттанғаны - 535, тас жол – 138 және қара жолдың үлесі 92.
Қала аумағында жаңа мөлтек аудандардың бой көтеруіне орай, көшелер осыдан 5 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 2,5 есеге көбейсе, асфальттанған көшелердің саны 3 есеге, тас жолды көше саны 38 пайызға артты.
Ал, 2013 жылы қалада 43 көше, ауылдарда 8 көше жөндеуден өткізіледі. Бұған қоса биылғы жылдың ақжолтай хабарының бірі облыс басшысының ықпалымен ұзындығы 5 шақырым болатын Әл Фараби көшесі 500 млн қаржыға асфальттанады. Халық қоныстанғалы бері жөндеу жүргізілмеген көшеде мыңдаған қызылордалық бірқатар қиындықпен өмір сүріп келген болатын.
Сондай-ақ, соңғы екі жылда (2010-2012) аулаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынып, 1 жарым млрдтеңгеден астам қаржыға барлығы 254 ауланың 206-на немесе 81 пайызына жөндеу жүргізілді.
2013 жылдың жоспарында 37 ауланы күрделі жөндеуден өткізу бар. Осы жұмыстарды атқару арқылы біз қаладағы аулаішілік жолдарды жөндеуді 95 пайызға аяқтаймыз.
Қала келбетінің тағы бір сәні –қаланы түнгі жарықтандыру. Қалада соңғы екі жылда түнгі жарық 100 көшегежетті. 2013 жылы 28 көшені жарықтандырамыз. Ал, қаланың жаңа мөлтек аудандарын сапалы жарықпен қамтамасыз ету мақсатында соңғы 4 жылда 158,9 шақырым электр желілері тартылды.
Адам тіршілігінің негізі - ауыз су. Мемлекеттік «Таза су» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында 2007-2012жылдар аралығында қалада 196 шақырым ескі ауыз су жүйелері қайта жаңғыртудан өткізілсе, инженерлік-инфрақұрылымды дамыту шеңберінде жаңадан 112 шақырым ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп, орталықтандырылған ауыз суға қосылды.
Айта кету керек, қала бойынша ауыз су жүйесі 529 шақырымды құраса, бүгінде оның 308 шақырымы яғни 60 пайызыжаңғырған. Тұрғындарды сапалы, әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында №2 су сүзгіш станциясы салынып, №1 су сүзгіш станциясы күрделі жөндеуден өтті.
Оған қоса, қала ішіндегі кәріз су жүйелері 281 шақырымды құраса, оның 132 шақырымы, яғни 47 пайызы қайта жаңғыртылды. КНС ғимараттары 47 пайызға жөнделді. Жуық арада Қызылжарма жер асты су кенішінің де игілігін көретін боламыз.
Сондай-ақ, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Тасбөгет, Белкөл кенттерінің ауыз жүйелері қайта жаңғыртылса, Абай, Ақсуат, Қараөзек, Айнакөл, Ақжарма елді мекендерінің ауыз су жүйесін жаңғырту басталады.
Жоғарыдағы аталған жұмыстардың барлығына 13,6 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Өздеріңіз байқап отырғандай, жыл сайын коммуналдық саладағы инженерлік жүйені жаңғырту арқылы - ауыз су, кәріз су, жарық, жол, өжіре ахауларына қатысты тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдар 50 пайызға дейін төмендеген.
Газдандыру Елбасымыздың 2004 жылғы Қызылорда қаласын газдандыру тапсырмасы аясында қала бүгінде 90 пайызға газдандырылды. 2012 жылы да жоба өз жалғасын тауып, қалада 220 шақырым газ құбырлары жүргізілді.
Сонымен қатар, 2014 жылы «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры құрылысының аяқталуына орай, қалаға қарасты ауылдық округтерге газ жүргізу қолға алынатын болады.
Қадірменді жерлестер!
Осы атқарылып отырған жұмыстардың барлығы да, болашақ ұрпағымыз үшін. Білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелей білсек бұл біздің басты жетістігіміз.
Өркениет көшіне ілескен көрікті де, еңселі шаһар болу үшін алда талай істер атқарылуы керек. Бүгінге дейін істелген жұмыстар осы жоспарлардың бір белесі ғана.
Осы межелі жұмыстарды атқаруда білікті мамандардың әлеуеті өте қажет. Қалада техникалық мамандықтар, құрылысшы, дәнекерлеуші, білікті жобалаушылар, инженелерге, медицина мамандарына сұраныс жоғары.
Қазіргі уақытта жастар мамандық таңдауға гуманитарлық салаға көптеп бет бұрып жатыр. Жыл сайын жүздеп оқу орнын бітіріп жатқан қаржыгерлер, экономистер, заңгерлер жұмысқа орналасып кетуі мүмкін емес.
Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еңбектің маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Еңбек – қуаныш, жалқаулық - айырылмас азап» дейді ұлы Абай.
Еңбектің көзін тапқан,байлықтың өзін табады. Біз құрылысшы болудан қашпауымыз керек. Кез келген адам бір саланы толықтай игеріп, білікті маман болуға ұмтылуы тиіс.
Тәжрибелі мамандарға сұраныс қашанда жоғары. Біз өзіміздің білімді мамандарымызды өсіру арқылы еліміздегі гастербайтерлерді еңбек нарығынан ысыра аламыз. Біз «Нәпақаға» қанағат ету психологиясынан арылуымыз қажет. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар, бұл тек күнкөріс көзі.
Және осы мәселелерді біз жастарымыздың бойына сіңіре білуіміз қажет деп есептеймін.
Мемлекет осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында қайта даярлау курстарын ұйымдастыруда. Өзіңнің бейімділігіне келетін кез-келген мамандықты оқып, қайта мамандық алуыңызға мүмкіндіктер бар. Аталған бағдарламамен ауылдағы кәсіпкерлікті несиелендіру аясында 2011 жылы 12 ауылдық кәсіпкер несие алса, 2012 жылы олардың саны 50 азаматқа жетіп отыр.
Ал, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша әлеуеті төмен ауылдардан 60 отбасы қала орталығына көшірілді. 2013 жылы да бағдарлама өз жалғасын табады.
«Білім - бақтың жібермейтін қазығы» дейді Мұхтар Әуезов. Білімге салынған инвестиция, болашаққа салынған – инвестиция.
Қаладағы білім ошақтарының материалдық техникалық базасын нығайту күн тәртібінен түскен емес. Жуырда «Қазақ-Түрік» лицейінің жаңа ғимараты бой көтерсе, биылғы жылдан бастап «Назарбаев» зияткерлік мектебі дарынды балаларға өз есігін айқара ашпақ.
Сонымен бірге, 2013 жылы 1 балабақша пен 4 мектеп пайдалануға беріледі.
Атап айтқанда «Наурыз» мөлтек ауданында 300 орындық, Түркістан көшесінде 1200 орындық, «Бірқазан» елді-мекенінде 50 орындық, «Досан» ауылында 100 орындық мектептің және Шанхайда 140 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Айта кету керек, Бірқазан мен Досан ауылдарындағы жаңа мектеп жанынан шағын орталықтар ашылатын болады.
Сондай-ақ, 2013 жылы Қорқыт ата көшесінің бойында 900 орындық мектеп және Қызылжарма ауылдық округінде 280 орындық балабақша салатын боламыз.
2011 жылы қала мектептері ҰБТ қорытындысымен 4 орынға тұрақтаса, 2012 жылы қала мектебінің түлектері 69,1 баллмен облыс бойынша алдыңғы орынға шықты.
Биылғы оқу жылында 1-ші сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту көрсеткіші – 100 пайызды құрап, қажетті деп танылған 9 мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Жыл көлемінде химия және биология пәндерінен өткен олимпиадада қала мұғалімдерінің білімі мен білігі озық шығып, қала ұстаздары қомақты қаржылай сыйлықтар еншіледі.
Спорт – ел намысы. Қазақ дүниетанымында намыстан биік ештеңе жоқ.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Сыр спортының саңлақтары елдің мерейін үстем етті. Біздіңжерлестеріміз 2 дүркін олимпиада чемпионы, толағай тұлға Илия Ильин және қыздар арасында олимпиаданың қола жүлдегері Марина Вольнова еліміздің мәртебесін асқақтатып, рухын көтерді. Мыңдаған Сырбойылық ұландардың жүректеріне өшпес шырақ жақты. Нәтижесінде өскелең ұрпақ бойында спортқа деген қызығушылық артып келеді.
Осы ретте, спортқа бейімі бар сырбойылық ұландарға қолдау көрсету, рухы мықты салауатты ұлт қалыптастыру мақсатында қаланың Есенов көшесі бойында жалпы құны 4 млрдтан астам теңгені құрайтын «спорт қалашығы» бой көтеруде.
Спорт қалашығындағы алғашқы нысан «Нұрсәт» теннис корты өз жұмысын бастады. Бұған қосымша, хоккей алаңы, мұз айдыны кешені, аквапарк секілді 12 нысан таяу болашақта қалалықтарға қызмет көрсететін болады.
Биылғы жылдың шілде айында «Мұз аренасы» спорттық-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарымызда бар. Бүгінде мұз айдынының жабдықтары дайындалу үстінде.
Сонымен қатар, мақтанышымыз Илья Ильин атындағы ауыр атлатика мектебін салу жоспарымызда бар.
Қалада соңғы төрт жылда 117 балалар және спорт алаңдары салынып, жалпы ауланың 63 пайызын қамтып отыр. 2013 жылы тағы 23 ойын алаңын салатын боламыз.
Нәтижесінде, спортпен айналысушылар, 2008 жылы жалпы халық санының 7,1 пайызын құраса, бұл көрсеткіш бес жыл ішінде 3,1 есеге көбейіп, 2012 жылы халықтың 22 пайызын құрап отыр.
Сұлу Сырдың сағасы ежелден-ақ ән мен бидің мекені, қазақтың ұлттық өнерінің айшықты ордасы. Сыр өңірінің бас қаласының мәдени мұрасын дамыту мен сақтау назарымызда.
2012 жылы мәдениет саласының бюджеті 399,3 млн теңгені құрап, 2010 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Мәдени нысандарымызды жаңғырту мақсатында қаланың Махамбет, Қызылжарма ауылдарында 150 орындық екі клуб құрылысы жүруде және Қараөзек ауылының клубы үйі күрделі жөндеуден өтті.
Өткен жылы, қалалық паркті одан әрі жандандыруды жалғастырдық. Соңғы екі жылда демалыс орталығына 9 және кәсіпкерлер есебінен 45 жай және соңғы үлгідегі экстремалды аттракциондар орнатылып, жұмыс жасауда.
Сондай-ақ, облыс орталығының жаңа мөлтек ауданы «Астананы» одан әрі жетілдіру және аталған ауданда 8000-ға жуық мектеп жасындағы балалар қоныстанғанын ескере отырып, «Сыр ана» стелласы маңында 8,5 га жерге қалалық парк салу жоспарымызда бар.
Қазіргі жастар озық ойлы, интеллектуалды, жігерлі, талапшыл. Алайда кейбір, жастар арасында кең етек алып отырған интернет желісінде күн ұзақ ойындар ойнау, м агент пайдалану, даңғаза музыка тыңдау белең алып бара жатқаны қынжылыс тудырады.
«Жас кезде алған білім тасқа жазғанмен бірдей, есейгенде алған білім мұзға жазғанмен бірдей». Болашағым жарқын болсын деген әрбір жас өзіне пайдалы іспен айналысуы керек деп есептеймін.
2012 жылы түрлі салаларда еселі еңбек етіп жеңіске жеткен, озық ойлы жастарға қала әкімінің «Самғау» сыйлығы тағайындалды.
Жастар саясатын жүзеге асыру, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша 2009 жылдан бері жалпы құны 38 млн теңгені құрайтын 79 жоба жүзеге асырылды.
2012 жылы жастар мен үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға 10 млн 667 мың теңге бөлініп, 2010 жылмен салыстырғанда22 пайызға артқан.
Қала сәулеті. Өткен жылы қаланың сәулеттік келбетіне жаңа көрік беретін архитектуралық нысандар салынды. Оның ішінде, дария бойын жағалай қоныстанған дүйім елдің қасиетті Сыр анаға деген ұлық құрметтің белгісі «Сыр-Ана» кешені.
Сонымен қатар, аймақтың тағы бір ерекшелігін айқындайтын кешен «Сыр сүлейлері» аллеясы ашылды. Балқы базар, Тұрмағанбет, Нұртуған, Нартай секілді жыр жауһары дүлділдерінің бейнесі орнатылған аллея қала тұрғындарының рухани-демалыс орнына айналды.
Сондай-ақ, аймақтың зиялы қауымына арналған «Шығармашылық» үйінің құрылысы жүруде. Бірлігіміздің нышаны ретінде«Достық» үйінің құрылысы басталатын болады.
Биылғы жылдан бастап, қазақтың ғұлама, ақыны Абай Құнанбайұлының аллеясы да халық игілігіне беріледі. Бұл кешен ұлы ақынның қара сөздері жазылған арнайы қабырғалардың орнатылуымен ерекшеленбек.
Сонымен бірге, өткен жылы кәсіпкерлердің бас қосатын «Бастау» бизнес орталығы да бой көтерді. Европалық стандарттағы бұл нысан қаладағы ең биік ғимарат болып тұр.
Сондай-ақ, бүгінде «Жан Рос» серіктестігі қалада евро-стандарттағы бизнес орталықтың және «Қызылорда отын» мекемесі бес жұлдызды қонақ үй құрылысын жүргізуде.
Ардақты ағайын!
Халқымыз «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген. Бұл жетістіктеріміздің барлығыда біздің уыздай ұйыған ауызбіршілігіміздің арқасы. Елде тыныштық болмаса, қалыпты өмір сүру өз ырғағынан жаңылатыны да белгілі.
Заңдылық пен Конституциялық тәртіп сақталмай, экономикалық және әлеуметтік берекесіздік орын алған жерде, адам мен азаматтардың іргелі құқықтары қамтамасыз етілмейді. Сондықтан қала әкімдігіне қарасты құрылымдарда сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу басты назарда.
Осы орайда, қаланың тыныштығы бәрінен де маңызды. Қалада орын алатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 116 бейнекамараларды орнату өз нәтижесін беруде.
Атап өтерлігі, көп қабатты тұрғын үйлердің подъездеріне кодтық құлыптар орнатылмауы пәтер ұрлығының өсуіне әсер етіп отыр. Ал, подъезд есіктері құлыпталатын тұрғын үйлерде ұрлық фактілері мүлдем тіркелмеген. Сондықтан, тұрғындардың кіре беріс есіктердің құлыптаулы болуын қамтамасыз еткені жөн деп есептейтмін.
Қоғамдық көлік. Жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып, қала бойынша үлкен проблемаға айналған көлік қатынасы мәселесі – қала әкімдігінің басты назарында. Қоғамдық көлікпен қамтамасыз етудегі басты мәселе – бұл саланың нарық талаптарына сәйкес бәсекелестік орта болып есептелуі.
Сондықтан жолаушы тасымалымен айналысатын жекеменшік компаниялар жұмысына қолданыстағы заңдылықтар бойынша қол ұшын беру мақсатында тендер жарияланған болатын.
Алайда тендерді жеңіп алған «Көлік-Сервис» мекемесі өз міндеттемелерін дұрыс орындамағаны үшін, жосықсыз деп танылып, жасалған келісім шарт біржақты бұзылды.
Қазіргі таңда 100 пайыз мемлекеттік кәсіпорын құруға тиісті мекемелерден келісім алынды және СПК «Байқоңыр» мекемесі арқылы 200 үлкен сыйымдылықтағы автобустарды алып келу мәселесі пысықталуда. Қаладағы қоғамдық көлік саласы түбегейлі қайта қарауды қажет етеді. Біз бұл жұмыстарды да жүзеге асыратын боламыз.
Жер мәселесі Бүгінгі таңда қала аумағынан жер учаскесін алу үшін барлығы – 38 962 азамат өтініш білдірген. Азаматтардың өтініштері 2005 жылдың маусым айына дейін қаралып, өз кезегінде жер телімдері табысталған.
Өтініштердің көбею себебі - алаңдардың дайын болмауына байланысты болып отыр. Жерге деген сұраныстарды қанағаттандыру үшін жаңа аумақтар дайындалуы қажет.
Осыған орай, Тасбөгет кентінің шекарасы 1000 гектарға, Белкөл кентінің шекарасы 2000 гектарға, Досан ауылының шекарасы 350 гектарға ұлғайтылды.
Сондай-ақ, өткен жылы Қызылорда-Жезқазған трассасы бойындағы 1800 гектар аумаққа топографиялық түсірілім жасалып, оның 980 гектарына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Болашақта бұл аумақта 3500 жуық қалалықтарға жер берілетін болады.
Тазалық және көгалдандыру. Туған қаламыздың тарихи маңызына тазалығы мен келбетін сай ету мақсатында атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде бүгінде облыс орталығы күл-қоқыстан біршама тазарды.
Қала 20 секторға бөлініп, 10 мердігер мекеме қала тазалығын күнделікті бақылауға алған. Сондай-ақ, таза қалада тұруға деген қалалықтардың ықыласын арттыру үшін түрлі шаралар қолданып келеді. Облыс басшысының ықпалымен биыл тағы да қала тазалайтын арнайы техникалар алу жоспарымызда бар.
Қаланы көгалдандыруда ұзындығы 50,6 км болатын 21 каналдармен 200 шақырым арық жүйелері тазаланып, ағаштарды және 27 сквер-аллеяларда гүлзарлар егіп, күтіп баптау жұмыстары жүргізілді.
Қадірменді жерлестер!
«Туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз" деген халық даналығы. Туып өскен жерді түлету, оған жанашырлықпен қарау әрбір қызылордалықтың міндеті деп білемін.
Осы ретте, Қаланың бас жоспарын жүзеге асыру мен таяу болашақтағы дамуына қатысты бірнеше жоспарларымыз бар.
Бас жоспарға сәйкес біз облыс орталығының сәулеттік дамуының бірінші кезегін жүзеге асырып, 2013 жылдан бастау алатын Қызылорда қаласын сол жағалауға дамыту кезеңіне қадам басып келеміз. Қызылорда қаласының бас жоспарының негізгі идеясы қаланы сол жағалауға қарай дамыту.
Алайда жаңа қаланы салу үшін жол керек, көпір керек. Бұл мәселеге біз жан-жақты зерделенген, түйінделген дайындықпен кірісіп те кеттік.
Қаланы сол жағалауға дамыту мақсатында қолға алынған бірінші жоба - Мұратбаев көшесінен дарияның арғы бетіне өтетін аспалы көпір құрылысы болса, екінші жоба - ұзындығы шамамен 15 шақырым болатын төрт жолақты айналма жол салу. Айналма жол бойынан 205 га аумақты қамтитын жаңа «Арай» мөлтек ауданы қалыптасып, 100 көпқабатты тұрғын үйлер мен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтермек.
Қала ішіндегі көлік кептелісін азайтып, су тасқынынан қорғайтын қорғаныс бөгеті бола алатын, әрі қала көркіне көрік қосатын 4 жолақты айналма жол қаланы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолымен тікелей байланыстырады, әрі қаланың индустриалды жүрегі саналатын өндірістік алаңмен жалғасып жатыр.
Қазіргі таңда айналма жол бойынан жергілікті кәсіпкерлер тарапынан нақты 2 жоба құрылысы қолға алынуда. Атап айтқанда: «Мелиоратор» серіктестігінің спорттық-сауықтыру кешені және «Энергия» ЖШС-нің «Инновациялық-медициналық технологиялар институтының» құрылысы.
Бүгінде қаламызда 25 мыңға жуық кәсіпкер өз несібесін бизнес саласынан тауып жүр. Облыс орталығының инвестициялық тартымдылығын арттыру, кіші және орта бизнеске серпін беру біздің басты жұмысымыз.
Осы орайда, қалада өндіріс орындарын шоғырландыру мақсатында индустриалдық аймақ салу басталды. Индустриялдық аймақтың 760 га, өңдірістік алаңның 40 га жер көлемдері белгіленіп, қажетті инфрақұрылым желілері жеткізілуде.
Сондай-ақ, жылу орталықтарының стратегиялық мерзімінің аяқталуына орай, осы аймақта 200 га жерге жаңа жылу электр орталығын салу көзделуде.
Индустриялды аймаққа кәсіпкерлер өндіріс заттарын тасымалдайтын ұзындығы 14,5 шақырым айналма жол құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге, 11-разъезде теміржол торабының құрылысын салу межеленуде. Осы ретте, өз кәсібі мен өндірісін ашамын деушілерге аталған аймақтардан жер телімдері берілетін болады.
Болашақта бұл аймақта «Фабрика красок» зауытын, «Геофармның» Кірпіш зауытын салу жоспарлануда.
Біз, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы қаланың 30-40 жылға даму жоспарын айқындап алдық.
2025 жылға дейінгі облыс орталығының бас құжатына сәйкес, қаланы сол жағалауға қарай дамыту үшін көлемі 2 220 га құрайтын бұл аймақта болашақта 150 000 астам халық қоныстанады деген болжам бар.
Бүгінде қала 8 660 га жерге орналасқан болса, 2025 жылға дейін оның аумағы 2 есеге ұлғаяды.
Ал, 2050 жылға дейін Қызылорда қаласының тұрғындарының саны 500 мың шамасында болады.
Сыр өзені бойында жағалау туризмін дамыту бойынша да жоспарларымыз бар.
Бұл біріншіден, облысымыздың үстінен Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының салынуына орай, осы күре жол бойында туризмді дамыту жөніндегі Елбасымыздың тапсырмасы болса, екіншіден, кәсіпкерлікті дамыту, үшіншіден, қаланың жаңа келбетін қалыптастыру.
Алдағы уақытта, көлемі жобамен 58 га болатын Сыр-Ана Стелласы орналасқан қарама-қарсы дария жағалауын, жағалау туризмі аймағы ретінде игеру көзделіп отыр.
Сырдария өзені бойында жағалау туризмін дамыту үшін жергілікті атқарушы органдар, инженерлік-инфрақұрылым желілерін жеткізуге барынша ықпал жасап, ниет білдірген кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.
Айта кетерлігі, қала тұрғындарының 40 пайызын жастар, 10 пайызын кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте жастармен кәсіпкерлердің дамуына жағдай жасау мақсатында «Жастар» және «Кәсіпкерлерге» қызмет көрсету Орталықтарын салу жоспарымызда бар. Бұл мақсатқа қаржы көздері қарастырылуда.
Құрметті қауым!
Қаланың ауқымы өскен сайын жарық, жол, су жетпеген жерлердің бар екенін де білемін. Тұрғындардың өтініштерін айтатын жері де, талап ететіні де әкімдік.
Өткен жылы қала әкімдігіне жеке және заңды тұлғалардан 10 838 өтініш қабылданған. Ал, қала әкімдігінің ресми веб-сайтындағы /www.kyzylorda.kz/ менің жеке блогыма 644 сауал келіп түсті.
Түскен өтініштердің 46 пайызы жерге, 20 пайызы коммуналдық шаруашылық, ал 10 пайызы тұрғын үй мәселелері бойынша болып отыр.
Қадірменді жерлестер! Бұл цифрлардың барлығы да қаланы дамытумен қатар, атқарылатын міндеттердің одан да ауқымды екенін көрсетеді.
Қиын сәттерде төзімінен айнымаған, бүгінгі күнге күпірлік етпей, шүкірлік еткен ағайынға айтар алғыс мол.
Өткен жылы бар мүмкіндікті пайдаланып, келер күнді жақсы етпек ниетте жұмыс жасадық.
Биыл да жүзеге асуы тиіс жұмыстар легі Алаштың асқақ азаматы Әлихан Бөкейханның «Әр ұрпақ өзіне арналар жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Олай болмағанда болашаққа аса көп жүк қалдырамыз» деген сөзімен астасып жатыр.
Сөздің түйіні – енді жерде, Елбасы саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, өнімді еңбек ету, өз мүмкiндiгiмiздi толығымен пайдаланып, Қызылорда қаласын айшықты ордаға, озық өндiрiстiң ошағына, жаңа дәуiрдiң салтанаты жарасқан қаласы ету Сiз бен бiздiң мiндетiмiз деп білемін.
Ықылас қойып, тыңдағандарыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |