Астана ақшамы. 2011. №75. 6 шілде Қожабеков Ғ. Астанаға Лондоннан алтын әкелсем



Дата12.07.2016
өлшемі38 Kb.
#195399
Астана ақшамы. – 2011. - №75. – 6 шілде

Қожабеков Ғ.


Астанаға Лондоннан алтын әкелсем....

Данияр ЕЛЕУСIНОВ,


халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңiмпазы:


Олимпиада!.. Спорт әлемiнiң ең басты, ең мәртебелi бәйгесi. Сондықтан да Олимпиада чемпионы атағы мәңгiлiк саналады. Түптеп айтқанда, Олимпиада чемпионы болу, бұл – бақыт!

Осындай бақытқа қол жеткiзудi өмiрлiк мақсаты етiп қойған қазақ баласының бiрi - боксшы Данияр Елеусiнов (Қазақ агротехникалық университетінің студенті) Астана қаласындағы №54 мектептiң түлегi бала кезiнен шаршы алаңға арбалып өстi. Даниярдың ел намысын қорғайтын саңлақ болып өсуiне ең алдымен отбасындағы өнеге өрiс бердi. Әкесi Марат Елеусiнов кезiнде боксшы болған, кейiннен бапкерлiкке кiрiстi. «Бұлақ көрсең – көзiн аш» дегендей, шаршы алаңның шаңын қаққан Марат Тәлiпұлы екi ұлын да боксқа баулыды. Бокстың әлiппесiнен бастап, әлi күнге дейiн бар бiлгенiн жiлiктеп үйретiп келедi. Әке-бапкердiң есiл еңбегi елеулi-ақ. Бүгiнгi таңда Даниярдың өзi де, ағасы Дәурен де Қазақстан ұлттық құрамасындағы негiзгi боксшылар қатарында жүр.

Бүгiнде Қазақстан спортының басшылары үлкен сенiм артып отырған Данияр Елеусiнов биыл ғана 20 жасқа толды. Нағыз ержүрек жiгiттерге ғана бағынатын бокс үшiн бұл өте жас мөлшер. Солай дегенiмiзбен астаналық тастүлектiң есiмi әлемдiк бокста едәуiр танылып-ақ қалған. Атап айтқанда, жасөспiрiмдер арасындағы республика бiрiншiлiктерiнде бiрнеше рет қатарынан жеңiмпаз атанған Даниярдың 2006 жылы әлем чемпионатына жолы түстi. Ол он алты жаста едi. Шетелге бiрiншi рет шыққан арманы асқақ қазақ баласы Мексика төрiнде керемет шеберлiгiмен көзге түстi. Ол жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионатының алтын медалiне ие болады. Бұл жеңiс киiктiң асығындай өрiмдей баланың болашаққа деген сенiмiн нығайта түстi. Араға бiр жыл салып, Елеусiнов жастар арасындағы әлем бiрiншiлiгiне аттанды. Бұл кезде астаналық боксшыны әлемдiк бокс мамандары едәуiр танып қалған. Сондықтан да Даниярға қарсы мықты боксшылардың iрiктелiп келгенi белгiлi болды. Күндiз-түнi жүйелi жаттыққан Данияр бұл жарыста да ел сенiмiн ақтай бiлдi. Финалға дейiн керемет өнер көрсеттi. Алайда, соңғы алтын жүлде үшiн болған шешушi ааста бағы тайып кеттi. Сол жекпе-жектi көрген қазақстандық мамандар «Данияр төрешiлердiң көпе-көрiнеу шешiмiнiң «құрбаны» болды. Шындап келгенде бiздiң боксшы әлем чемпионы атануы керек едi» деген пiкiрлерiн естiдiк. Спорт болған соң мұндай әдiлетсiз әрекеттердiң болатынын бұрыннан да бiлетiнбiз. Бiрақ жыл санап, ай санап шеберлiгi толысып, тек жеңiске ғана жету үшiн шелектеп тер төгiп жүрген жас Даниярдың осындай ақтық айқаста әдiлетсiздiкке тап болғанына күйзелдiк.



Данияр Елеусiнов табиғатынан табанды әрi намысқой спортшы екенiн бiлемiз. Әкесi Марат пен Қазақстанның чемпионы, спорт шеберi болып қалған ағасы Дәуреннiң жан-жақты қолдауымен сол бiр өзектi өртеген жекпе-жектi тез ұмытып, алдағы жарыстарға дайындығын күшейте бердi. Спортшы үшiн жанкештi еңбек нәтижесiн бермей қоймайтыны анық. Осы орайда, Даниярдың 18 жасында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, нағыз жеңiске деген жiгерiн көрдiк. 2010 жылы Қазақстан чемпионаты елордамыз Астанада өттi. «Дәулет» спорт комбинатында керiлген шаршы алаңға елiмiздегi ең мықты боксшылардың бәрi келдi. Данияр өзiнен үлкен шеберлiгi өскен белгiлi боксшылар Мерей Ақшалов, Ержан Мұсафиров, Әдiлет Егiзеков сынды боксшылармен айқасатын болды. Ат шаптырым сарайдың iшi күн сайын жанкүйерге толы... Көпшiлiктiң күткенiндей 64 келi салмақта финалға Данияр Елеусiнов шықты. Қарсыласы халықаралық дәрежедегi спорт шеберi Егiзеков. Керемет бокс болды. Алма-кезек шабуылмен өткен бұл жекпе-жекте Данияр Елеусiнов жеңiске жеттi. Бұл жеңiс астаналық боксшыға күш-қайрат қосты. Сенiмiн серпiдi.
2010 жылы Данияр тағы бiр үлкен халықаралық жарысқа аттанды. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Данияр Елеусiнов Қытайда өткен ХVI Азия ойындарына ел намысын қорғады. Жас боксшыға бұл нағыз сынақ болғаны белгiлi. Алайда, астаналық тастүлек Қытайға тастүйiн дайындалып барды. Ол өзiнiң жастығына қарамай, сенiм артқан бапкерлердiң үмiтiн абыроймен ақтап келудi ойлады.
...Гуанчжоу. Азия ойындарының финалы. 64 келi салмақтағы боксшылар шақырылды. Шаршы алаңның қызыл бұрышында Олимпиада ойындарына қатысқан, әлем бiрiншiлiгiнде жүлде алған Үндiстан боксшысы Сантош Кумар. Көк бұрышта қазақ баласы Данияр Елеусiнов. Алтын үшiн жекпе-жек басталды. Бар қазақтың үмiтiн арқалап шыққан астаналық боксшы айқасты бiрден шабуылмен бастады. Алғашқы қос соққысы Кумардың шықшытына шырт еттi. Сол-ақ екен Данияр тағы екi рет дәл соққы жасады. Қарсыласын қорғануға үлгертпеген қазақ боксшысы үш раунд бойы үздiксiз шабуылда болды. Гонг! Есеп 16:1! Диктор дауысы саңқ-саңқ етедi. «Жеңiске жеткен Данияр Елеусiнов. Қазақстан. Астана». Осылайша астаналық халықаралық дәрежедегi спорт шеберi Данияр Елеусiнов Азияның байрақты жарысында чемпион атанды. Бұл жеңiстi әлемнiң екi дүркiн чемпионы Серiк Сәпиев сәттi жалғастырды.
Алаш жұртын қуанышқа бөлеп, алтын алып келген Данияр Елеусiновке Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов елорда төрiнен пәтер сыйлады. Бұл жас боксшы үшiн нағыз қолдау, нағыз қамқорлық және жеңiске деген жiгер қосқан қуанышты сәт болды.
Данияр Елеусiнов биыл екiншi рет ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында бағын сынады. Тағы да сол бiрiнен-бiрi өткен қарсыластар. Бұл бiрiншiлiкте бес жекпе-жек өткiзген астаналық Данияр Елеусiнов тағы да жеңiс тұғырының ең биiк сатысына көтерiлдi. Чемпионаттың қорытындысында Данияр Елеусiнов «Үздiк боксшы» сыйлығын да жеңiп алды. Финалдан кейiн Данияр Елеусiновтi әңгiмеге тартқан едiк: «Бұрын менi үлкен боксшылар соншалық елемейтiн едi. Қазiр маған қарсы шығатын боксшылар ерекше дайындалады. Соның бiр дәлелi биылғы чемпионаттың финалы өте қиын болды. Қарсыласым Әлiбеков өте мықты боксшылардың бiрi. Дегенмен, мен жеңiске жеттiм. Мен үшiн тағы бiр қуанышты жағдай - менiң ағам Дәурен де финалға шықты. Сондай-ақ Қазақстан чемпионатында Астана қаласының құрамасы командалық бiрiншi орынды жеңiп алды. Бiздiң қаладан мен және Вася Левит чемпион атандық. Ағам Дәурен Елеусiнов, Бақытжан Қожабеков, Данияр Төлегенов күмiс жүлдегер, Азамат Белгiбаев қола жүлдегер атанды».
Ел намысын арқалаған елордалық Данияр Елеусiнов бүгiнде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Украинада өтiп жатқан халықаралық турнирге қатысуда. Биылғы жылдың басты бәсекесi Бакуда өтетiн әлем чемпионаты болмақ. Бұл байрақты жарыста 2012 жылы Лондонда өтетiн жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялар да сарапқа салынады. Демек, бұл жарыстың мәртебесi де, маңызы да ерекше. Өйткенi, бұл астаналық жас боксшы Данияр Елеусiновтiң асқақ арманы Олимпиада шыңына апаратын баспалдақ болмақ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет