Дарабоз бабамыз қолдан жасалған, әсіреленген тұлға емес



Дата25.01.2023
өлшемі47.7 Kb.
#468743
эссе


Қазақтың тарихында, жаугершілік замандарда еліне қорған, халқына пана батырлар аз болмаған. Ерен ерліктің, айтулы қаһармандықтың үлгісін көрсеткен жаужүрек батырларын елі де ардақ тұтып, бағалай білген. Уақыт көші алға жылжыған сайын олардың мәртебесі биіктемесе, еш төмендемесі анық. Мұны айтып отырған себебім, ел тәуелсіздігі үшін, азаттық үшін күрескен батырлардың ерлігін насихаттау – ұрпақ парызы. Батыр бабаларымыздың ерен ерлігін, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін біз ұмытпауымыз керек.
Дарабоз бабамыз қолдан жасалған, әсіреленген тұлға емес. Талғампаз да сабырлы тарихтың, салиқалы елдің бел баласы. Хақтың қазаққа тартқан ерекше сыйы. Қазақ әскери өнерін тиянақтаушы, ұлттық әскери стратегия мен тактиканы реформалаушы ұлы қолбасы Қаракерей Қабанбай дей алатын шығармыз. Оған ешкімнің таласы болмауға керек. Өзге елдердің даңқты қолбасыларынан Қаракерей Қабанбайдың қай еңбегі, қай жолы кем? Ұлтымыздың ұлы қолбасшысы ұлт-азаттық майданына басшылық жасады, елін басқыншылардан тазартты, әділетті соғыс жүргізді. Басқалардың жеріне де, байлығына да көз алартқан жоқ. Демек, ол – қазақ ұлысының іргесін бекіткен, ұлттық аумағымызды межелеп берген ұлы мемлекет қайраткерлерінің бірі.
Ерасыл есімімен дүниеге келіп, ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер халықтың берген бағасы деуге де болады. Ерен ерлігімен халқын сүйсінте білген әр қолбасшы, әрі батыр бабамыз өз еліне, өз жеріне көз алартқан жауға еш мойымай 16 жасында қарсы шығып, ерлігін паш ете білді. Сол жасынан өмірден өткенінше қылышын қынабына салмаған ерлік иесі бола білді.Батыр бабамыздың ерлігі, әр қазақтың есінде мәңгі сақталуы керек. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпей «Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» деп бағаласа, әйгілі ғалым Құрбанғали Халид: «Шығыстың бес тарихы» деген еңбегінде: «Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар – Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Еспембет батыр, Матай Шөнкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақбантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиын Малайсары батыр және басқалар. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқақ атақ, абырой алған болса да, олардың батырлығынан өресі биігі Қабанбай батыр еді», – деп жазып қалдырған. 
Сөзімді қорыта келе, батыр бабамыз ел ісіне араласқан қайраткер, өз елінің патриоты болғандығы бізге үлгі. Қазіргі таңда біз, өсіп келе жатқан жас өркен, батыр бабамыздың ерен ерлігін насихаттап, келешек ұрпақтың есіне қалдыруымыз керек. Қаракерей Қабанбайдың тұлғасын, өнегелі қасиеттерін тарих, әдебиет, киноөнері арқылы кеңінен насихаттау алда тұрған келелі істердің бірі деп ойлаймын. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды ардақтауға үлкен бетбұрыс жасауды негіздеді. Олай болса, рухани негізіміз болып табылатын асыл дүниелерімізді қадірлей білсек, бұл болашағымыздың жарқын болуы үшін жасалған нақты қадамға айналар еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет